Мешіт жанындағы шырша көшеттері
Құрбан айт мейрамы қарсаңында облыс орталығындағы “Нұр ғасыр” мешітінің жанына көпжылдық шырша ағаштарының көшеттері отырғызылды. Бұл шараға мешітке келетін төрт жігіт бастамашы болып, мешіт ауласына егілетін көшеттерді өз қаржыларына Ресейден сатып алып келді.
“НұрҒасыр” мешітінің бас имамы Бауыржан Есмаханның айтуынша, имандылық үйінің жанына 114 түп ағаш отырғызудың өзіндік мәні бар. Қасиетті Құранның 114-сүресі болғандықтан, әдейі сәйкестендіріліп алынған, дейді ол.Шырша көшеттерін егуге жас балалардан бастап, еңкейген карттарға дейін атсалысты. Мешіттің жанына ағаш егу – адамзатқа, халыққа, табиғатқа, жалпы елге пайдалы, сауабы мол іс. Жас көшеттерді болашақта күтіп-баптау жұмыстарымен мешіт қызметкерлері айналысатын болады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе.
Саудиялықтар қаржыландырған аурухана
Жығылғанға – жұдырық дегендей, кешегі Семей атом полигоны аймағында қатерлі өкпе дертіне шалдыққандар азаяр емес. Өкінішке қарай, бұл дерттен жас ұрпақ та зиян шегуде. Әйтеуір, дәтке қуат дейтін жай сол, Семейде жаңадан балаларға арналған өкпе ауруларын емдейтін аурухана салынатын болды. Мұны жуырда Сауд Арабиясынан осында келген ресми өкілдер мәлімдеді.
Аталған елден осы мақсатқа деп 5 миллионнан астам еуро бөлініп отыр. Ал қалған қаржы облыстық бюджеттен бөлінбек. Сөйтіп екі жақтан бөлінген қаржыға 80 орындық алты қабатты жаңа аурухана ғимараты бой көтермек.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Семей.
Елге аустралиядан келген мамандар
Өткен аптада ауыл шаруашылығы семинарына қатысу үшін “Zero Tіll Іnternetіonal Consultіng” халықаралық консалтингтік компаниясының президенті Ян Сноу Кин мен осы компанияның басқарушы директоры Джон Бутерворф келді. Кездесулерде компанияның Қарасу ауданындағы екі жыл жүргізген зерттеу жұмыстарының негізінде аустралиялық ауыл шаруашылығы мамандарының ылғал сақтау технологиясы тәжірибесін енгізу және соған лайықты құралдарды қолдану мәселесі талқыланды.
Тараптар шетелдік мамандардың ылғал сақтау озық технологиясы мен соған сәйкес техникаларын Қостанай облысының егіс алқаптарында қолдану ырғақты және мол өнім алудың кепілі болатындығын айтты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,Қостанай.
Спортшыларға көтерме ақы төленеді
Соңғы жылдарда қарағандылық спортшылар халықаралық ірі жарыстарда көзге түсіп жүр. Тек кейінгі екі айда олар 16 медальді иеленді. Соның 13-і – алтын.
Аймақ атақ-даңқын алысқа танытушы саңлақтар облыс әкімдігінде қабылданды. Еуропа жеңімпаздары болып оралған кикбоксшы Нұрбек Тұрдиев, самбошы Айдын Дартаев өз жеңістерін облыс жұртшылығына арнайтындықтарын атады. Кездесуде жаңа жылдан бастап халықаралық деңгейдегі жарыстарда көзге түскендерге көтерме ақы төлеу тағайындалатындығы туралы хабарды спортшылар жылы қабылдады.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды облысы.
Батыр ауылындағы жаңа мектеп
Барақ батыр ауылындағы ескі мектептің тозығы жеткен соң, оны жаңарту мәселесі туындаған. Аудан әкімі А.Сейітовтің ұсынысымен, өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен жаңа мектептің құрылысы биылғы маусымда басталған еді. Енді, міне, бас-аяғы бес-алты айда жаңа мектеп пайдалануға әзір.
Оны салған – аудандық мәслихаттың депутаты, облыста кейінгі бес-алты жылда алты мектеп тұрғызған Ержан Сқақовтың “Өскемен-құрылыс” фирмасы. Аманшылық болса, енді үш-төрт күннен кейін есігін ашатын жаңа мектеп жиһаздармен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Орталау мектепте 132 бала оқуға мүмкіндік бар.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы.
Жүргізуші, жылдамдықты асырма!
Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысының жолдарында 164 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның 35-і көліктің жылдамдығын шамадан тыс асыру себепті орын алған. Батыс Қазақстан облыстық жол полициясы жол апаттарының алдын алу мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен аптадан елімізде алғашқы болып, “Жүргізуші, жылдамдықты асырма” деген ескерту жазылған арнайы белгіні орната бастады.
Ағымдағы жылдың он айы ішінде Орал мен Атыраудың арасында 20 жол апаты болып, 9 адам қаза тапқан, 22 жолаушы түрлі дене жарақатын алған. Сондықтан “Жүргізуші, жылдамдықты асырма” белгісі бірінші кезекте қайғылы жағдай жиі болатын Орал-Чапаев және Орал-Атырау жолдарының бойына қойылды. Таяу күндері республикалық маңызы бар Подстепный-Елек және Самара-Шымкент тас жолдарына да осындай белгілер орнатылмақ.
Темір ҚҰСАЙЫН,
Батыс Қазақстан облысы.
Қойды қасқырға күзеткеннің кері
Халқымызда бояушы-бояушы дегенге сақал бояйды деген сөз бар. Жуырда қаладағы автокөліктерді техникалық жөндеу стансаларының бірінде бояушы сақал бояғаннан да асып түсіп, ауладағы жөндеуге қойылған көліктердің бірін ешкімнің рұхсатынсыз мініп кетеді. Шайтан түрткен жерде іс алға басушы ма еді? Айтқандай-ақ, әлгі сабазың алысқа ұзамай жатып, екінші бір шетелдік көлікпен қақтығысып қалады.
Сонсоң бұл қайткен дейсіз ғой? Бояушыңыз оқиға орнынан тайып тұрғанымен шектелмей, қылмысын жасыру мақсатымен астындағы көлікті қала сыртына алып шығып, өртеп жібереді. Сөйтіп, аз ғана уақыт ішінде үшінші мәрте қылмыс жасап үлгереді. Бірақ мың асқанға бір тосқан дегендей көп ұзамай-ақ қолға түседі.
Ал екінші бір техстансада орын алған оқиға тіптен де сорақы. Онда клиенттің көлігін осындағы күзетшінің өзі рұқсатсыз айдап кетіпті. Әйтеуір, дес бергенде оны тәртіп сақшылары дер кезінде қолға түсіріп, мәшине иесіне көлігін қайтарып беріпті. Қойды қасқырға күзеткеннің кері осы да!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.