Қалай десек те, біреуге жақсылық жасау, ізгілік көрсету тұрғысынан дәрігерлік мамандыққа ештеңе жетпесі анық. Жанды алқымға тіреген ауыр дертпен науқаспен бірге арпалысып, бірге көз ілмей түнқату дәрігер үшін әшейін үйреншікті іс, әдепкі жағдай. “Бір қарын майды шірітетін бір құмалақтың” баршасын күйелеп кететіні болмаса, бұл қалып, бұл қасиет біздің қазақстандық шипагерлерге де әбден етсіңді. Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Талапқали Ізмұханбетов сынды дәрігер-абыздар қатары бүгінде небір талантты кейінгі толқын өкілдерімен толығып келеді. Солардың бірі, бірі ғана емес бірегейі десек те болар, жоғары санатты дәрігер, Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институты нейрохирургия кафедрасы мен Алматы қалалық 7-ауруханасы 4-нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты нейрохирург Ермек Қаптайұлы ДҮЙСЕМБЕКОВ. Нейрохирургияның мидағы ісік сияқты аса шетін саласында қырыққа жетпей-ақ күллі Қазақстан көлемінде жетекші маман саналған жанмен жүздесіп, тілдесу көптен көкейімізде жүрген. Бірақ соның сәті жуырда ғана түсті. Оған басты себеп – тағы да сол басшы һәм оқытушы ғалым-дәрігердің өрт сөндіруге бара-бар қауырт жұмысы. Басқа шаруадан босамағанмен әйтеуір операциядан мойыны бос дүйсенбі күнге орайластырған сұхбатымыз сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Енді сол әңгімені ізі суымай, әсері қайтпай тұрғанда жарияға шығарғанды жөн көрдік.
– Ермек Қаптайұлы, адам тәніндегі ең бір нәзік, ең бір күрделі ағза ми десек, ақиқаттан алшақ кетпейтін шығармыз. Осы миға операция жасау өзіміздің отандық клиникаларда да сәтті жүзеге асырылып жүргені кейінгі жылдары ауызға жиі алына бастады. Мұның, әрине, бастауында Көжеков, Ысқақов, Гофман, Дрогунов, Ақшолақов сынды майталман оташылар тұрған қазақстандық нейрохирургияның зор жетістігі екені даусыз. Айтарымызды бұлай алыстан орағытып жатқанымыз – бүгінде осы жұлдыздар шоғырына Ермек Дүйсембеков есімінің де еркін іліккені. Мидағы мейлінше жайылып, тереңдеп кеткен ісікке кезіккенде Ақшолақов пен Дүйсембековтің біріне барыңыз, – дегенді нейрохирургтерге ісі түскендер мен олардың жақын-жуықтарының бәрі айтады. Қырыққа жетер-жетпестен әйгілі профессормен қосарласа ауызға алыну, екінің біріне айналу, біздіңше, Дүйсембеков өткен мектеп, асқан асулардың осал емесін көрсететіндей...
– Мақтауымды асырып жіберген секілдісіз. Мен мұны нейрохирург ретінде қалай қалыптасқаныңыздан бастасаңыз деген ойдан туындап отыр деп білемін. 1987 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын, қазіргі Ұлттық медицина университетін бітірдім. Одан кейін осы күнгі Атырау облыстық ауруханасында жалпы бағыттағы хирург, балалар хирургы болдым. 1995 жылы Мәскеудің Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтының клиникалық ординатурасына бардым. Оны бітіріп, 1997 жылы сол Бурденкода аспирантураға түстім. Оқып жүріп, сол ғылыми-зерттеу орталығының өзінде нейрохирург болып жұмыс істедім.
– Жалпы хирургиядан нейрохирургияға, Бурденкоға қалай ауыстыңыз?
– Нейрохирургияға бет бұруым Атырауға барғаннан кейін басталды. Облыстық ауруханада жалпы хирургиялық операцияларды жасап жүріп, нейрохирургтарға қарамаймын ба? Сөйтсем, бұлар операцияны кәдімгідей орындықта отырып, әбден байыптап, ойланып-толғанып жасайды. Жалпы хирургиядағыдай “бәлен жерге операцияға бәлен минут” деген норматив, соған үлгіремін деген жанпида жанталас жоқ. Ал мен болсам, әубастан бәрін безбендеп, ауаныммен әрекет етуге бейім адаммын. Бірден: “Нейрохирургия менің қолым”, – деген ой түйдім. Сөйтіп, миға операция жасауға машықтандым. Әлгінде айтқанымдай, кейін осы сала бойынша Мәскеуде оқыдым, Бурденкода 2000 жылы медицина ғылымының кандидаттығына диссертация қорғадым.
– Ресейдің ғылыми орталығындағы екінің бірінің қолына түспейтін жұмысты тастап елге оралуға “ер туған жеріне” деген перзенттік парыз түрткі болған болар.
– Әрине сырттан көріп-біліп, үйренгеніңді еліңе жеткізуге асығатының анық. Маған оның сәті 2001 жылдың қаңтар айында түсті. Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты нейрохирургия кафедрасының сол кездегі меңгерушісі профессор Серік Ақшолақов өзінің қарамағына жұмысқа шақырды. Алғашында ассистент, кейін балалар нейрохирургиясы, 2007 жылы жалпы нейроонкология бойынша бөлім меңгерушісі болдым. Профессор Ақшолақов Астанадан ашылған Нейрохирургия ғылыми-зерттеу орталығына директор болып кеткеннен кейін дәрігерлер білімін жетілдіру институтының осы нейрохирургия кафедрасына меңгерушілікке тағайындалдым. Оның үстіне кафедраның базасы болып табылатын Алматы қалалық №7 ауруханасы 4-ші нейрохирургия бөлімінің меңгерушісімін. Ал бұл бөлімді маған дейін 30 жыл бойы Қазақстан нейрохирургиясының негізін қалаушылардың бірі, жоғары санатты нейрохирург, “Алтын қандауыр” белгісінің иегері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген дәрігері Мейман Көжеков ағамыздың өзі басқарған. Айта кету керек, ол кісі қазір де осы өзі керегесін құрып, уығын шанышқан №4 бөлім дәрігерлеріне тәлімгерлік етеді. Небір күрделі операцияларды осы күні де таңдай қағардай тамаша орындайды.
– Кафедра мен бөлім жұмысын қатар басқару ғылым мен тәжірибені ұштастыруға, жаңа тәсілдерді қолданысқа енгізуге көмектесетін болар?..
– Бәрінен бұрын бұл зор жауапкершілік жүктейді. Екеуі де уақыт бөлуді, мұқият айналысуды керек етеді. Кафедра меңгерушілігіне тағайындалғаннан кейін, бөлімді басқарудан бас тартқанмын. Аурухана басшылығы тәжірибеңіз бар, – деп табан тіреп отырып алды.
– Жиған тәжірибе, өткен мектебіңіз шынында таңдай қағарлық екен. Осыған байланысты және бір сауал тілге оралады. Мейман Көжекұлындай, Серік Ақшолақовтай, кейінгі мына өздеріңіздей өзіміз де, өзгелер де мойындаған мамандары бар Қазақ елінің бас пен мидың сырқаттарын емдеудегі бүгінгі мүмкіндігі қандай?
– Мүмкіндік деген қолда бар база, техника, құрал-жабдық қой. Біздің нейрохирургиялық №4 бөлім еліміздегі осы саладағы ең байырғы емдеу орталығы. Бұл сонау 1958 жылы қалалық клиникалық 2 аурухана негізінде құрылған. Сол уақытынан бастап осындағы басқа да нейрохирургиялық бөлімдермен бірге Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының нейрохирургия кафедрасына клиникалық база болып келеді. Еліміз бойынша нейроонкологиялық сырқаттарды емдеудің жаңа әдістерін әзірлеп, қолданысқа енгізетін негізгі орталықтардың бірі. Техника, құрал-жабдық та соған сәйкес. Операциялық екі бөлімше керек-жарақтың небір түрлерімен жабдықталған, “OPTON” және “САRL ZEІSS” маркалы нейрохирургиялық 2 микроскобымыз, “SONOCA” ультра-дыбыстық дезинтегратор-аспираторымыз, нейрохирургиялық операцияға лайықталған үстеліміз, жоғары шапшаңдықты краниотомымыз бен “AESCULAP” микрохирургиялық аспаптар құрамымыз “SORІNG” биполярлық коагуляторымыз бар. Трансназальдық және транскраниальдық хирургия үшін жаңа эндоскоптық жабдықтар алу жоспарда тұр.
– Шамасы жететін науқастың көбі басқа, миға операцияны әлі де болса Еуропа, Қытай елдеріне барып жасатып жатады. Өзімізде бәрі дұрыс болса, олар неге сыртқа ұмтылады? Әлде біздің санамызға жұрттыкінің бәрі жақсы деген жаңсақ пікір әбден сіңіп қалған ба?
– Расында елдегіні менсінбеушілік жоқ емес. Әйтпесе, біздің ауруханалардың да, дәрігерлердің де шамасы ешкімнен кем деп айта алмаймыз. Операция жасаудың техникасы бірдей, микроскоп батыста қандай болса, бізде де сондай. Дегенмен, мына жағдайды атап өтуге тиіспіз – Қазақстанда науқасқа операцияға дейінгі де, кейінгі де күтім көңіл көншітпейді. Штаттық кестеде медбикелер де, медсанитарлар да жетіспейді. Айталық, Германияда әр 5 науқасқа 1 медбике, 2 санитар қызмет көрсетеді. Ал бізде әр 30 науқасқа 1 медбике, 1 санитар. Олардың бір палатасында 1-2 адам, бізде бірнеше адам жатады. Науқастың жағдайы, шамасы жетіп тұрса, қайда күтім жақсы болса, соған барады.
– Бастың, мидың кеселдерінің емі де барлық жерде бірдей болар?
– Ем қай-қайда да бірдей, бір стандарт. Бірақ аурудың таралуы, ауыртпалығы әркелкі. Ол – әр елдің экологиясына, ас-суына, жай-күйіне қарай болады. Мәселен, Қазақстанда ит пен қойдан тарайтын “ми эхинококкы” деген кесел бар. Мұндай ауру Еуропа елдерінде жоқ. Себебі олар гигиена сақтайды, иті мен қойының “жай-күйі” бөлек. Біздің саладағы кеселдердің Еуропаға тән және бір ерекшелігі – тереңдеп, жайылып кететін кезі сирек. Өйткені, оларда ауру ерте анықталады, ерте ем алады. Науқас ауруханаға біздегідей ісік ұлғайып, ауруы әбден асқынғанда бір-ақ келмейді.
– Қазақстандық дәрігерлер неге бастағы ауруды ерте анықтап, ерте емдеуге ұмтылмайды?!
– Бұл енді невропатолог-дәрігерлерге тиісті шаруа. Нейрохирургқа науқас тек операция жасату үшін келеді.
– Тегінде әркім өзіне өзі көңіл бөлуі, сырқат байқала салысымен дәрігерге көрінуі керек қой...
– Оған талас бар ма!?
– 4-ші нейрохирургиялық бөлім негізінен оңтүстік өңірге қызмет көрсете ме?
– Биылға дейін солай болып келді. Денсаулық сақтаудың Ұлттық бірыңғай жүйесі енгелі қалалық 7-ауруханаға да, оның ішінде біздің бөлімге келем дегендерге есік ашық.
– Жылына қанша операция жасайсыздар?
– 300-ден астам.
– Бас пен миға қатысты болғасын оның бәрі күрделі шығар?
– Иә. Бәрі микрохирургиялық операциялар. Мидың өзін айтпағанда, тамырларындағы ақауға, орталық жүйке жүйесіндегі туа біткен, жүре пайда болған кеселдерге, бас сүйек пен ми жарақатының зардаптарына байланысты хирургиялық көмек көрсетеміз.
– Жаңылысып кетсеңіздер қайта түзейтіндей мүмкіндік бар ма?
– Жалпы хирургияда аз да болса ондай-ондай кездеседі. Ал біз жаңылсақ, адам өміріне қауіп төнеді. Ендеше бізге жаңылысуға болмайды.
– Ел көлемінде мидың қатерлі ісігіне жылына қанша кісі шалдығады? Дерттің таралуы өсіп бара ма, әлде кеміп келе ме?
– Эпидемиологиялық зерттеу деректеріне қарағанда, республикада мидың қатерлі ісігіне жылына 400-500-дей адам ұшырайды. Алдағы 10 жылда бұл сан екі есе өседі деген болжам бар.
– Қай аймақтарда өте-мөте басым таралып отыр?
– Ми қатерлі ісігі әсіресе Алматы, Қызылорда облыстарында көп. Әрі жылдан жылға үнемі өсіп келеді. Себебі қоршаған ортаның ластана түсуі, тұрмыс-тіршіліктегі жағдайлар болар...
– Бас пен мидағы кеселге қарсы дәрігерлер, өзіңіз басқаратын кафедра қандай жұмыстарға ұйытқы болуда?
– Кафедра қызметкерлерінің күшімен 4-ші бөлімде мидағы тереңдеп кеткен, алып тастау аса қиынға түсетін ісіктерді хирургиялық емдеуді жетілдіруге айырықша көңіл бөлініп отыр. Мұндай кесел қатарында – краниофарингиом, мидағы ІІІ қарынша хиазмасы мен түбінің глиомасы, ІІІ қарынша ісіктері бар.
Келесі басым бағыт – кадр даярлау. Яғни нейрохирургтарды, неврологтарды, рентгенологтарды, онкологтарды, офтальмологтарды, реаниматологтарды, басқа да мамандарды мидағы ісікті диагностикалау мен емдеуге бейімдеп, қайта әзірлейміз.
– Сіздер дәрігер болуды армандап жүрген студентке емес, кәдімгі дәрігерге, “іс үстіндегі” маманға ұстаздық етесіздер ғой.
– Солай. Білім жетілдіру институтының мамандары шет елдерге іссапарға шығып, жаңа техника-технологияларды меңгереді, халықаралық жиын-жиналыстарға қатысады. Сондағы көрген-білген, игергендерін мамандық жетілдіруге келген өзіміздің дәрігерлерге үйретеді. Дәрігерлердің ғылым мен тәжірибені ұштастыруына, шеберлік жетілдіруіне көмектесеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сырымбет КӘРІМҰЛЫ, журналист.