16 Қараша, 2010

Дамуға үлес қосты

464 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеу­меттік-техникалық университеті­нің Эко­но­мика және құқық ғылыми-зерттеу инсти­тутында облыстық ішкі сая­сат басқармасы, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының ұйымдасты­руы­мен “ЕҚЫҰ төрағалық ету жағ­дай­ындағы Қазақстан­ның дамуы” атты дөң­гелек үстел мәжілісі өтті. Оған ға­лым­дар, “Нұр Отан” пар­тиясы фи­лиалы­ның жетек­шілері, студент­тер қатысты. Қазақстанның Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйымына төр­­аға­лық ету мәртебесі елімізді қазіргі әлем қабыл­да­уында жаңа деңгейге көтерді. Төраға­лықтың арқа­сында әлем Қазақ­станның демократиялық қоғам және нарықтық экономикалық-әл­еуметтік бағыт ұстанған мемлекет құ­ру­дағы рия­сыз жетістіктерін мойын­да­ды. “Дөңгелек үстелде” баяндама жа­саған, “Нұр Отан” ХДП облыстық фи­лиалы төрағасының бірінші орын­ба­са­ры И.Аронова, облыстық ішкі саясат бас­­қар­масы бастығы, философия ғы­лым­дарының кандидаты Т. Жақыпова, об­лыстық мәслихаттың аппарат жетек­ші­сі, заң ғылымдарының кандидаты Л.Мацупа, Қостанай мемлекеттік уни­вер­ситеті ректо­ры­ның кеңесшісі, генерал, профессор М.Дәу­енов, Әлеу­мет­тік-техникалық уни­вер­ситеттің сту­денті Ә.Қуантаева және тағы бас­қалар алдымен Қазақстанның қол жет­кізген осы жетістігіне тоқталды. Мұнан кей­ін төраға – мемлекеттің Еуропа қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымын­дағы бұрынғы қалыптасып қалған қасаң­дықты бұзып, әлемдегі даулы мәселелерді әскери күштеу емес, ашық диалог және сол елдегі әлеу­меттік-эко­номикалық мәсе­лелерді шешуге көмек беру арқылы бі­тім­гершілікке келтіруді ұсынып та, өз мы­салында көрсетіп те отыр. Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың бас­шы­­лы­ғымен төраға мем­лекеттің жүзеге асы­рып отырған толе­рант­тық моделі дүние­жү­зіндегі саясат­керлердің сүйінішін тудыруда. – Біздің көшбасшымыз ұсынған толе­ранттық-төзімділік бұл батыстағы еріннің ұшымен ғана айтып, қинала езу тартатын саясаттанып кеткен жа­сан­дылық емес, бұл – халқымызбен ға­сырлар бойы жасап келе жатқан ашық­тық, шынайылық, түсіністік, өз­гені сыйлау, – деді Тамара Жақы­пова. – Біздің елдегі түрлі ұлттардың тату-тәтті тұрып жатқаны осының дәлелі. Мәжіліске жиналғандар айналасы жи­ыр­ма жылдың ішінде еліміздің түрлі даму са­ты­сынан өтіп, халықаралық беделді ұй­ым­дарға мүше болып қана қоймай оның біріне төрағалық жасап отырғанын жоғары бағалады. – Енді аз күнде Астанада Еуро­па­да­ғы қау­іп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­­мы­ның Сам­миті өтеді. Бірақ Қазақ­станның төраға болған уақыттағы жұ­мы­сына осымен нүкте қойыл­майды. Еліміз­де ішкі демократиялық үрдіс­тер үздіксіз дамытыла береді, – деді Л.Ма­цупа. Ол осыған орай Қазақстандағы өзін өзі басқару туралы жан-жақты айтып өтті. Алқалы мәжілісті қорытындылаған бел­гілі заңгер, З.Алдамжар атындағы Қоста­най әлеуметтік-техникалық университе­тінің Эко­но­мика және құқық ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының директоры С.Жа­лыбин халық­ара­лық ұйымға басшылық жасау Қазақ­станның ішкі және сыртқы саяса­тын­дағы тәжірибесін одан сайын байыт­қанын да атап өтті. Елі­мізді тани түскен дамыған елдер инвестиция құю ту­ралы да оң пікірде болады. Ал бұл елі­міз­дің экономикалық және әлеу­меттік жағ­дай­ын жақсарта түседі. ЕҚЫҰ-ға төра­ға­лық Қазақстанның даму жолын бұрын­ғы­дан да кеңейтті. Дөңгелек үстелге қатыс­қан­дар да, тыңдаушылар да осындай пікірге тоқталды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.