Көріп, көңіліңіз толған шығар, міне, 95 жастың төрінде Гүлнәр апамыз бақыт құшағында тербетіліп отыр екен! Осы кең құшаққа сыйып та, сыймай да кететін сиқырлы сәттері не сан? Жай бір, елеусіз тағдыр емес. Тосын да қатыгез тағдырмен 95 жыл тайталасқан мәрт тұлға. Кейде итжығыс түссе де түпкі ұпайын ұтысқа шығарған ұлағат иесі. Әкесі Міржақыптан 13 жасында көз жазып қалды. 60 жыл бойы “халық жауының” қызы атанып, өмірін өксітті. Іштей булығып, күңірену! Әділдік безбеніне жүгіну! Ақыры, ақиқат асқақтады. Әкесі ақталды! Қызы қайта туды өмірге. Содан бергі 21 жылдың жазумен өткен қарбаласы еш титықтатпапты. Қазына-кеуденің көмбесінен жақұт сырлар ақтарылыпты. “Шындық шырағы” атты қос кітапта алаш арыстарының өшпес ғибратын мол пішіп, әйгілепті. Көңілінде әлі түгесіліп бітпеген біртуар бейнелер белең қағатын.
Соның берекесіне осы тойда куә болдық. Меймандарға қос кітап сыйға тартылды. Бірі – Гүлнәр апайдың жұбайы Әбен Сатыбалдиевтің “Сөз қазынасының кеншісі” деген ғылыми еңбектер мен естеліктер жинағы. Онда ғалым, автор әдебиеттің көркем аударма саласын зерттеуші ретінде тың пайымдаулар жасаған.
Екіншісі – Гүлнәр Міржақыпқызының “Алаштың сөнбес жұлдыздары” деген естелік-эссесі. Алғы сөзін классик-жазушы М. Мағауин Прагадан жолдапты. Лебізінің бір легін үзілдірейік: “Осы орайда Гүлнәр Дулатованың естелік байып тұрғысындағы үш кітабы – қазақ руханиятындағы өзгеше бір қазына дер едім. Асырып айтылған сөз емес. Барыңыз да, нарыңыз да осы. Ахаңның маңдайына бітпеген, Мағжанның жастай кеткен, Әлекеңнің көктей қиылған балалары қайтып келіп әңгіме айта алмайды. Гүлнәр апамның қолынан шыққан аталмыш кітаптар – қаншама тарынса да, тамырымызды біржола құрта алмаған зұлмат заманнан өтіп, бізге жеткен күтпеген бір олжа”.
Үстел басында үлестірілген қос кітаптың қуанышына бөккен меймандарына құмарта қарап, Гүлнәр апам марқайып та, масаттанып отырған...
Сөз қасиеті шақпақ тастай жарқылдаған сирек те әдемі бір кеш-тұғын. Алаш арыстарының бейнелері зердеде жиылып, елестеп өтеді. Небір зиялылардың ұрпақтары отырғандықтан болар мұнда. Заманнан – заман алмасып жатқандай. Аманатқа – адалдық. Тұтас ұлттың өшіп кете жаздап, өршелене тіктелген теперішті кезеңдері бой шымырлатады, шошынтады. Аза бойың қаза болады. Қандай құқайды өткерсе де иілмепті шыңдағы шынар – Гүлнәр кейуана! Патшалық Ресейде туып, кеңес кезеңінде алмас кездігін амалсыз жасырған, міне, енді тәуелсіз елінің 19 жылын көзімен өткерген, жүрегімен жеткерген Г.Міржақыпқызына тәнті болмай көріңізші!
Мәжіліс депутаты, академик К.Сағадиевтің сөзіне сырық бойлаған ба, түп-тамырдан толғай келіп, Парламент Мәжілісінің Төрағасы О.Мұхамеджановтың құттықтау хатын тапсырды. Қазақтың басқа да көрнекті ғалымдары мен жазушылары ғасыр жасауға иек артқан Гүлнәр апайымыздың тұлғасын сөзбен сомдады.
... Байқайсыз ба, Гүлнәр апамыздың жүзі сәл-пәл сынықтау, ой меңдеген. Жадырап, жайраңдап, жарқылдап отырған сәтін де аңғарғанбыз. Әйткенмен, мына суретінде терең толғаныспен тербетілгені, сезім кіреукелеген сәті сезіледі. Өзі қорытынды сөзінде айтқандай, кеудесі толған тарих шежіресі, ұрпаққа мұра етіп кеткісі бар. Сол парыздың мұңы ма екен? 95 жастың сынағына сүрінбей жеткен сүйгүліктей, сынбаған сәмбі талдай қаздиып қалыпты. Міржақыптың тұяғы! Арыстардың аманатталған аяулысы! Асыл жаратылыс! Бар болыңыз!
Қайсар ӘЛІМ, Алматы.
Суретте: Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова.