18 Қараша, 2010

Көпшілік түйіні көңілге қонды

417 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Алматыда “Үкіметтік емес ұйымдар мен билік арасындағы өзара бірлескен іс-әрекеттер саласындағы озық жетістік­тер­мен және тәжірибемен бөлісу” атты аймақтық дөңгелек үстел болып өтті. ЕҚЫҰ-ның Демо­кра­тиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы жанындағы Халықаралық коммерциялық емес құқық орталығымен бірлесіп ұйымдастырған жиынның жұмысы екі күнге созылды. Дөңгелек үстелге Орталық Аз­ия­­ның бес елінен парламенттің, мем­­ле­кеттік органдар мен аза­мат­тық қо­ғамдардың жалпы саны 80-ге жуық өкілдері қатысты. Ау­қым­ды форумда сондай-ақ Қа­зақстан Пар­ламентінің депутат­тары, ҚР Пре­зи­денті жанындағы Адам құ­қығы жөніндегі комис­сияның хат­шысы, ҚР Сыртқы істер ми­нис­трлігінің Ерекше тапсыр­малар жө­ніндегі елшісі, ҚР Бай­ланыс және ақпарат  министрінің орынбасары, Қазақ­стан халқы Ас­самблеясы, ҚР  Мә­де­ниет ми­нис­трлігі, т.б. бас­шылары  болды. “Үкіметтік емес ұйымдар мен билік арасындағы өзара бірлескен іс-әрекеттер саласындағы озық жетістіктермен және тәжірибемен бөлісу” атты аймақтық жиында күн тәртібіндегі мәселе жөнінде өз ойын ортаға салғандар негізінен Үкіметтік емес ұйымдардың, ең алдымен, олардың қоғамдағы күрделіліктер мен қиындықтарды шешудегі ауқымды көмегі туралы атап айтты. Мұның өзі біздің еліміздегі әлеуметтік жағдайларға, яғни қалыптасып отырған ахуалға тікелей қатысты екендігі  ақиқат. Сөз реті келгенде атап айтар­лығы, әлемдік дағдарыс жағдай­ында да Қазақстан Республикасы Үкіметі қоғамдық бірлестіктерге қаржылай көмек көрсету бағдар­ламасының жұмысын тоқтатпай, одан әрі жалғастыруы көп нәрседен хабар берсе керек. Мәселен, тек биылғы 2010 жылы ғана еліміздегі Үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға және олармен өзара іс-әрекеттер саласындағы байланыстарды ны­ғайтуға  1,5 миллиард теңге бөлінді. Аймақтық жиынның жұмысын­да сөз алған Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы бастығының орынбасары Жаннет Клетцер “Қазақстанның халықаралық Ұйымдағы төраға­лығы – елдің демократия жолын­дағы өзекті сәтін дәлелдейтін ма­ңыз­ды кезең”, деп атап көрсетті. Жан­нет Клетцердің пайымынша, мұның өзі, сонымен қатар, Қа­зақ­стан төрағалығы ЕҚЫҰ-ның бар­лық кеңістігіндегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты одан әрі нығай­туға қосылған айтарлықтай қо­мақ­ты үлес болып табылады. Бір құп­тарлығы, аймақтық форумның қонақтары Қазақстанның және өзге де елдердің жинақтаған тәжіри­бе­сі­не сүйене отырып, билік пен Үкі­меттік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастықтың, сенім мен әріптестіктің тиімділігін артты­ру­дың нақты әдістерін де ұсынды. Аймақтық форумда өзара пікір алмасқан сарапшылар билік пен Үкі­меттік емес ұйымдар өкілдері бұл бағыттағы атқарылған іс-ша­ралар­дың ықпалдылығы, сондай-ақ өз шешімін таппаған мәселелер төңі­ре­гінде де ой қозғады. Аны­ғы­рақ айт­қанда, өз мемлекеттеріндегі билік құрылымы мен қоғам ара­сындағы қарым-қатынастың дамуы, қоғамдық бірлестіктерді мемле­кет­тік қаржы­ландыру, заң жобаларына дайындық және өзге де жәйттер кеңінен тал­қы­ланды. Әсіресе, шет­ел­дік қонақ­тардың Қазақстанның іс басындағы төраға ретінде ЕҚЫҰ кеңістігіндегі және өз елінің ішін­дегі белсенді рөлі туралы атап ай­туы көпшілік қол­дауы­на ие болды. Ал, енді сарап­шы­лардың пікірінше, мұның, анығырақ айтқанда, ос­ын­дай үлкен әрі маз­мұн­ды жұмыстың жоғары талапқа сай келуі респуб­ликада азаматтық қо­ғаммен ашық үнқатысу саяса­ты­ның одан әрі жал­ғаса түсуінде жатса керек. Мәселен, биылғы 2010 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі ж­а­ны­нан ЕҚЫҰ-ның адам өлшемі бой­ын­ша кон­сультативтік кеңес құрыл­ды және қа­зірде белсенді түрде жұ­мыс істеу­де. Консультативтік кеңес­тің құ­рамына мемлекеттік органдар мен үшінші сектордың, сондай-ақ АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Ни­дерланды және басқа елдердің халықаралық сарапшылары енген. Сонымен, Үкіметтік емес ұй­ым­дар мен билік арасындағы өзара іс-әрекеттер жұмысындағы тәжіри­бе­мен және озық жетістіктермен ал­масудың берері мол екендігін көп­шілік жоққа шығармайды. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ мен билік арасындағы өзара іс-әрекет “институттық құры­лымның одан әрі нығаюына және биліктің қоғамның сұранысына жауап беруіне қалай ықпалдаса алмақ” деген сауал төңірегіндегі тұжырымдар да көпшілік назарын аударарлықтай болды. ТМД-дағы Коммерциялық емес құқық орталығының вице-прези­денті Наталья Боржелли “Үкіметтік емес ұйымдарға және оларды қол­дайтын тұлғаларға салықтық жеңіл­діктер берудің қажеттілігі бар ма” деген мәселе төңірегінде өз ойын білдірді. “Жасыратыны жоқ, Еуропа мем­лекеттері өз алдарында Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығының кей­бір елдеріндегі күрделі де қиын проб­лемалар тұрғанына қарамас­тан, Үкіметтік емес ұйымдарды ті­ке­лей және жанама түрде қолдау жө­нінде шешімдер қабылдауда”, де­ді Наталья Боржелли. ҚР Сырт­қы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі М­ә­дина Жарбосынованың пікірінше, аймақтық форумдағы талқыланған тақырыптар – ЕҚЫҰ барлық елдері үшін өте маңызды әрі өзекті тақы­рыптар. Мұның өзі, түптеп келгенде, қоғамның шарықтап дамуындағы оның демократиялану деңгейін, сонымен қатар, азаматтар құқы мен бостандығын айқын­дай­тын фактор­лар екендігі айтпаса да түсінікті. Қорыта айтқанда, Үкіметтік емес ұйымдар мен билік арасын­да­ғы ынтымақтастықты, түсіністік пен әріптестікті одан әрі нығайту – тәжірибе мен біліктілікке тәу­ел­ді. Көпшілік түйіні осындай. Бақыт БАЛҒАРИНА, Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.