1995 жылғы бүкілхалықтық референдумда қабылданып, таяуда ғана 15 жылдығын атап өткен Қазақстан Республикасы Конституциясының еліміздің саяси жүйесіне енгізген түбегейлі жаңалығының бірі құрамында кәсіби негізде жұмыс істейтін қос палаталы Парламенттің өмірге келіп, парламентаризм институтының қалыптасуына нақты негіз қалануы болды. Ал парламентаризм тұрпатты іргелі институттың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жаңаруы үдерісіндегі орнын, қызмет жасау принциптерін түбегейлі, жан-жақты талдау – теориялық және практикалық тұрғыдан маңызды, ал ғылыми тұрғыдан кең ауқымды және перспективалы. Осынау маңызды тақырып таяуда мазмұнды еңбекпен толықты. Жақында ғана еліміздегі демократия, жаңа саяси институттардың қалыптасуы, дамуының түбегейлі мәселелерін ондаған жылдар бойы жемісті зерттеп жүрген саясаттанушы ғалым, саяси ғылымдар докторы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының комитет төрағасы Ақан Бижановтың “Парламентаризм – өкілді демократия институты” атты кітабы жарық көрді (“Парламентаризм – институт представительной демократии”, Астана, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, 2010 ж.).
Біздің елімізде “парламентаризм” түсінігі, теориясы мен практикасы шын мәнінде тәуелсіздікке ие болған кезден бастау алатыны белгілі. Тарих үшін қысқа мерзім саналатын осы уақыттың өзінде небір күрделі кезеңдер мен сындарлы сәттерді бастан өткерген Қазақстан парламентаризмі бүгінде қалыптасып, кемелденіп, сындарлы тәжірибе жинақтаған, қоғамдағы реформаларды табысты жүзеге асыруға үлкен үлесін қосып отырған маңызды саяси-демократиялық институтқа айналды. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев: “Жоғарғы Кеңестің орнына тұрақты жұмыс істейтін қос палаталы кәсіби Парламент келіп, осы жылдар ішінде еліміздің келбетін өзгерткен заңдар қабылдады”, деп атап көрсетті. Сол себепті, біздің елімізде парламентаризмнің қыр-сырын кеңірек танып-білуге деген жұртшылық қызығушылығының арта түсуі заңды болса керек. Ғалымның аталған еңбегін осы сұранысты қанағаттандыру мақсатында дер кезінде жасалған сәтті қадам дер едік.
Кітап авторы, жалпы, мемлекеттің саяси ұйымы, биліктің бір тармағының қызмет жасауы стилі ретінде парламентаризмнің тарихи терең тамырлары бар екендігіне мән береді. Сонау көне Грекия мен Римнің өзінде де өкілді органдар болып, мемлекеттік құрылымда маңызды рөл атқарған. Бүгінде барлық демократиялық жүйелердің әлемдік тәжірибесінің дамуы мемлекет пен қоғамды басқару құрылымындағы Парламенттің қызметімен тікелей байланысты.
Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізіп, демократиялық дербес даму жолына түсті. Егемендіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев саяси тәжірибемізге парламентаризм идеологиясын енгізуді мықтап қолға алды. Елбасының бұл бағыттағы ұмтылысы билік тармақтарының бөлінісі қағидатына негізделген тап осы өкілді билік өркениетті саяси үдерісті қамтамасыз етіп, қоғамдағы тұрақтылықтың маңызды құралына айналады деген берік сенімге сүйенген еді.
Қазақстандық парламентаризмнің қалыптасу жолы күрделі болды, бірақ ол өз бойына әлемдік және отандық тәжірибенің жақсы үлгілерін жинақтап, оларды қазіргі саясаттағы, экономикадағы және әлеуметтік салалардағы жағдайларға бейімдей алды.
Қажетті кітаптың жарық көргендігін хабардар ету мақсатында жазылған бұл шағын мақалада аталған еңбектің барлық қырларын жан-жақты сөз етуді мақсат тұтпадық. Ал, қысқаша ғана тоқталар болсақ, парламентаризм тақырыбына жазылған алғашқы отандық еңбектердің бірі ретінде ол ең алдымен осы өкілді билік институты мен идеологиясының қалыптасуы, әлемдегі парламенттік жүйенің қызметі, сондай-ақ оның біздің елімізде қалыптасуы мен дамуы мәселелерін талдап-таразылауға арналған.
Кітаптың бірінші бөлімінде “парламентаризм” ұғымының методологиялық астарлары мен мәндік сипаты баяндалып, парламенттік жүйелердің Еуропа, Америка және ТМД елдеріндегі даму тарихының қысқаша, жинақы да кең ақпаратты очеркі берілген.
Туындының екінші бөлімінде автор парламентаризмнің Қазақстандағы қалыптасуы мен дамуы мәселелеріне зер салып, оның келешегіне көз жібереді. Еліміздегі парламентаризмнің қалыптасу тарихы саралай талданып, оның конституциялық негіздеріне талдау жасалады, демократиялық үдерістердің дамуы мен экономикалық реформаларды жүзеге асырудағы Парламенттің рөлі ашылады.
Сондай-ақ кітап тарауларының бірі мемлекетаралық ынтымақтастықтың парламенттік дипломатия сияқты нысанының дамуына арналған. Кітап авторының аталған тақырыпты зерттеуші ғалым ретінде ғана емес, еліміздегі парламентаризм институтының қалыптасуы мен дамуы үдерістерінің қалың ортасында жүрген сенатор, халықаралық парламентаралық ассамблеялардың жұмысына белсене атсалысып жүрген қайраткер ретінде жетік білетіндігі де еңбектің мазмұнын арттырып тұр.
Бұл еңбек мемлекеттік қызметшілер, жоғары оқу орындарындағы магистратура, докторантура тәлімгерлері, сонымен бірге, қоғамдық-саяси дамуға зер салып жүретін қалың жұртшылық үшін қажет деп білеміз. Себебі, парламентаризмнің шет елдердегі және өз еліміздегі қалыптасуы мен дамуының мәнін зерттеу демократиялық құрылыстың ерекшелігі мен тетігін түсінуге мүмкіндік береді. Кітап осынысымен де құнды.
Нәубәт ҚАЛИЕВ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы.