Бұл жөнінде “Алматы-Тауэрс” бизнес орталығында қарашаның 11-13 күндері өткен “Заманауи онкология мен радиологияның жетістіктері мен даму болашағы” атты Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының (ҚазОРҒИИ) 50 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда атап өтілді.
Конференцияда Мәжіліс депутаты, “Нұр-Отан” ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің төрайымы Айткүл Самақова медицинаның ең күрделі онкология саласын таңдаған ғалымдар мен дәрігерлерге Мәжіліс скипері О.Мұхамеджановтың құттықтауын жеткізді. Онда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөліп отырғанын, ҚазОРҒИИ Қазақстандағы онкология қызметіндегі бас мекеме екендігін, ондағы ғылыми әлеуеттің, жоғары кәсіби дәрігерлер мен қазіргі медициналық менеджменттің арқасында отандық онкологтар бүгінде ТМД елдері арасында лайықты орын алып отырғанын, сондықтан да Қазақстан Еуропа онкология мектебінің алдағы бес жылда ТМД аумағындағы бірден-бір стратегиялық серіктесі ретінде таңдалғанын, ол дегеніңіз қазақстандық онокологтардың жоғары кәсібилігі халықаралық дәрежеде мойындалуы деп атап көрсетті. Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты әлемдік дағдарысқа қарамай соңғы бес жылда елімізде денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының төрт есеге ұлғайғанын, Қазақстан әзірге ТМД елдері арасында алғашқы және жалғыз әйелдерді скрининг бағдарламасымен маммографиялық тексеруден өткізген ел екенін, соның нәтижесінде жыл сайын 1 млн. әйел алдын-ала тексеру нәтижесінде науқасы анықталып, 90 пайызға дейін құлан-таза айығу мүмкіндігіне қол жеткізгенін атап өтті. Бұл іске заң шығарушы органдардың да өз үлестерін қосып отырғанын, оның айғағы былтыр қабылдаған “Халық денсаулығы туралы” кодексте тұтас бір бөлімнің онкологиялық ауруға арналғанын, Мәжіліс депутаттары қашанда Үкіметке халықтың денсаулығын жақсартуға қатысты нақты ұсыныстар қоятынын мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Садықов та Елбасы мен Үкіметтің әлеуметтік салаға жіті көңіл бөліп отырғанын, сондай-ақ еліміздің әр аймағынан 300-ге жуық маман жер шарының кез келген нүктесіндегі мықты деген клиникаларға барып, мамандықтарын жетілдіріп, тәжірибе алмасып қайтатынын, әлемдік дәрежедегі онкологтардың да бізге келіп шеберлік кластарын өткізетінінен хабардар етті. Сонымен қатар жаңа жылдан бастап енгізілетін 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының маңызына тоқталды.
ДДҰ-ның мәліметі бойынша жыл сайын жаңадан 12 млн. адам қатерлі ісікпен тіркелетінін, бұл қорқынышты жағдай біздің елімізге де таныс екенін жеткізген ҚР тұңғыш Президент қорының жетекшісі Дариға Назарбаева бұл қатерлі дертпен тек мемлекет пен медицина жалғыз күресе алмайтынын айта келе, былтыр “Асар-Береке” қоғамдық қайырымдылық қорын құрып, шалғай елді мекендегі ағайындарға арнайы жылжымалы медициналық диагностикалық кешен жасақтағанын жеткізді. Былтыр қыркүйек айынан аталмыш қордың қолдауымен Қазақстан-Ресей медициналық университеті мен аймақтық денсаулық сақтау департаменттерімен тығыз әріптестік жағдайда диагностикалық орталық алдымен балалар, мүгедектер үйін, пансионаттарда тұратын еңбек және соғыс ардагерлерін тексеруді бастап, кейіннен облыстардағы ең алыс ауылдарды тексеруге кіріскен. Олар бір жылда 40 мың шақырым жүріп, 15 мың адамды тегін тексеруден өткізіп, емдеген, сондай-ақ кеңес берген. Солардың ішінде 15 адамнан онкологиялық ауру тапқан.
“Біз бұл жеткен жетістігімізді әрі қарай жалғастырып, биыл одан да жетілдірілген әрі мүмкіндігі зор тағы бір арнайы көлік жабдықтап шығардық. Жаңа көлік ең соңғы сандық қондырғылармен жабдықталып, бір мезетте он адамды тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетеді, қажет деп тапса, операция да жасайды. Алдағы уақытта мемлекетіміз осындай 50 жылжымалы медициналық орталықты шығаруды жоспарлап отырған көрінеді. Ал мен ойлаймын, мұндай орталық әр ауылдық аудандарда болуы тиіс. Қазір мешіт салып жатқан ағайындар, меценаттар саны баршылық, олар да осындай көлікті ұйымдастыруға атсалысса”, – деді Дариға Нұрсұлтанқызы.
Әлемнің ең белгілі мамандарымен өткен баспасөз мәслихатында “Қатерлі ісікті қашан жеңеміз?” деген сауалымызға, Халықаралық ракпен күрес одағының президенті (UІCC) Франко Кавалли: “Бұрынғы буын өкілдеріне қарағанда соңғы 20 жыл көлемінде медициналық ғылым мен практикада онкологиялық аурулар хақында біраз жайттарды білуге мүмкіндік туды. Дегенмен, бүгінде қатерлі ісік туралы жалпы айтуға болмайды. Өйткені, оның жүзден астам түрі бар. Мәселен, қатерлі ісіктің кейбірінде бізде үдеріс байқалады. Егер осыдан отыз жыл бұрын сүт безі кеселінен тек 30 пайыз әйел жазылса, бүгінде 75 пайызы құлан-таза айыға алады. Қатерлі ісіктің кейбір түрінен жүз пайыздық ем жөнінде айтуға болады. Мәселен, лимфаның кейбір түрі, ұйқы безі. Ал рактың басқа түрлері, соны ішінде өкпе рагында соңғы 20 жылда айтарлықтай жетістік жоқ. Рас, ілгерілеу болғанмен, бірақ ол өте баяу жүруде. Белгілі болғанындай, бүгінгі күнге айтарымыз, рактың бірқатар түрі үшін тиімді жағдай – ол кеселдің алдын алу мен ауруды ерте анықтау әдістері болып табылып отыр. Сондықтан бұл үлкен проблеманың толығынан шешілетіні жөнінде әзірге ешкім ештеңе айта алмайды” деп жауап берді.
ҚазОРҒИИ директоры, РМҒА академигі Жеткерген Арзықұлов Қазақстанда соңғы бес жылда ауру санының тұрақтанып келе жатқандығы байқалғанымен, сырқаттану өкпе рагінде – 12,3, сүт безі – 11,3, тері – 10,6, асқазан – 9,2, жатыр мойын қатерлі ісігі – 4,65 пайызға жетіп, алдыңғы қатарға шыққаны жөнінде мәлімет бере кетті. Директордың айтуынша, Қазақстан жаңа жылдан бастап ТМД елдері арасында алғашқы болып тоқ ішек пен қуық асты безінің қатерлі ісігін анықтау жөнінде скринингтік бағдарлама енгізбек. Ондағы мақсат – қатерлі ісік ауруын клиникалық көрініс бермей тұрып анықтау. Сондай-ақ, ҚазОРҒИИ-дің алдағы міндеті – акушер-гинекологтар мен цитологтарды үздіксіз оқыту және жаңа технологияларды енгізу есебінен скрининг, яғни, жасырын кеселді анықтау сапасын арттыру болып табылады. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін еліміздің барлық облыстарында арнайы скрининг орталықтарын құру жоспарланып отыр. Ол орталық ҚазОРҒИИ-дің негізінде құрылып, олардың жұмысын үйлестіріп, басшылық жасайды.
Мерекелік конференцияда “Әлемдік ғылым мен практиканың көшбасшылары” номинациясы бойынша академиктер Т.Шарманов, С.Балмұханов, Халықаралық ракпен күрес одағының президенті (UІCC) Франко Кавалли (Швейцария), онкогемотологияның нөмір бірінші маманы, профессор Дитер Хельцер (Германия), белгілі онколог, профессор Маргарет Россели (Италия) марапатталса, денсаулық күзетінде тұрған бірқатар дәрігерлердің еңбегі Денсаулық сақтау ісінің үздігі белгісімен атап өтілді.
Сонымен, Алматыда әлемдік онкологияның білгірлері бас қосып, үш күн бойы бүгінде адамзаттың өміріне қатер әкеліп отырған қатерлі ісіктің бүгінгі ахуалы мен емдеуде, диагностикадағы жаңа әдіс-тәсілдер, Қазақстандағы онкологиялық қызметтің жетістіктері мен проблемасы кеңінен сөз болып, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, бірнеше мастер-кластар өткізді. Жиын соңында қатысушылар жұмыстарын қорытындылап, қарар қабылдады.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.