18 Қараша, 2010

Дария қария

851 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
“Ассалаумағалейкүм, қа­риялар! Ақылға қиын істе дариялар”. Ақтаңгер, аймүйіз ақын, жауһар жырау Қо­жа­бергеннің “Елім-ай” дастаны басталар тұста осындай қа­рат­па қағида бар. Кейде ке­мел­дер мен кенендер ха­қын­да ой кешесің. Қария да­рия­ларды көрмегелі, әңгімелерін тыңдамағалы, тіпті “Асса­лау­мағалейкүм, аға!” деп сәлем бермегелі біраз айлар өтіп кетіпті-ау деп те ыңғай­сыз­данасың. Сондай-сондай сәт­терде тағы да Қожаберген жы­раудың жырлары тіл ұшы­на оралар: “Аңғарып тұр­са әр жайды; Білгір де­мей, не дейміз. Бусанбай оз­ған жүйрікті; Дүлдүл демей, не дейміз”. “Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік” аталатын аймағыңызда абыз ақса­қалдар, дария қариялар аз емес. Әлгіндейін, сәлем бермедім-ау деп өзіңді-өзің жазғырың­қы­райтын жағдайда ең әуелім көз алдыңа келіп, көңіліңді баурайтындар болады. Сондай-сондай оншақты қарияңыздың қатарында жадырай жымиып, көлгірсіз күлімсіреп Бо­ран­бек көкеңіз көрінер-ау. Боранбек Шүкірбеков. Өткен ғасы­ры­ңыз­да­ғы отызыншы жылдың төлі. Оңтүстіктегі ай­тулы Арыс қаласында, Арыс өзенінің арнасы кеңейер, иірімдері тереңдер, жазира жағасында дүниеге келген. Еңбек жолын 1945 жылы Арыс ауданының “Задария” қаракөл қой шаруа­шы­лығында аға шопанның көмекшісі болып бас­таған. Аға шопанның көмекшісі, қарадомалақ бозбала сол бір жылдары дерменесі, изені мен теріскені тұтаса өскен далада қой бағып жүріп, жылдардың жылында, күндердің күнінде күллі КСРО-ңызға белгілі “Задария” сапқозына директор боламын деп онша ойламапты-ау. Мүмкін бала қиялмен армандаған да шығар. Онша есінде жоқ. Көмекші шопан көп ұзамай-ақ механиза­тор­лықты меңгерген. Сонсоң төрт-бес жылдай шо­фер болған. Қайран туған жердің төсінде зау­лап жүріп, талай нәрсені түйген. Қарап жүрмей, көп оқыған. Көп тоқыған. Институт тәмәмдап, зоотехник мамандығын алған. Шым­кент ет комбинаты Арыс бөлімшесін бас­қар­ған. Жетпісінші жылдарыңыздың бастапқы тұсында депутат боп, Бөген аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына сай­лан­ған. Ауатком төрағасының орынбасары де­геніңіз ол кездері әжептеуір-ақ әйдік саналар, жоғары қызмет қой. Кейбіреулеріңіз сондай лауазымның өзіне “талтаңдаңқырап” қалатын. Білетінбіз. Біз-дағы. Көретінбіз. Көзбенен. Ал, бұ Боранбек көкеңіз өйтпеді. Қырықтан жаңа асса да, асқақтамады. Ізденбектен, үйрен­бек­тен, оқымақтан жалықпады. Жаңылмады. Қарапайымдылығынан танбаған. 1973-1985 жылдары сол аудандағы “Задария” қаракөл қой зауытының директоры болды емес пе?! Он екі жыл бойы. Міне, Шүкірбековіңіздің шын шеберлігі шарықтаған кезең – осы. Шырқаған шағы. Білімін, білгірлігін, біліктілігін көрсеткен тұсы. Шаруашылық жүргізу, мал тұқымын ас­ылдандыру, қаракөл елтірісінің сапасын көтеру, мал жайылымын жақсарту, табиғат-ананы ая­лау, мал өсірмекте аянбайтын адамдарға жағдай жасау жөнінде талант-дарынын танытты, күш-қайратын еселеп жұмсады. Басшы ретіндегі ұйымдастыру қабілеті, талапшылдығы, қара­пайым жұмысшыларға қамқорлығы сияқты қасиеттері жан-жақты мойындалды. Сол кездері “Задария” десе, Боранбек Шү­кірбеков көз алдыңызға келетін. Боранбек Шү­кір­беков десе, бүгінге дейін “Задария” қаракөл қой зауыты жадыңызда жаңғырар. Сол жыл­дар­да қаракөл қой зауыты аталған алып ша­руа­шы­лықта барлық негізгі-негізгі көрсеткіштер үш-үшжарым есе артқанын ордабасылықтар осы күнге дейін аңыз етіп айтады-ай. Мәселенки, Борекең директор боп іске кіріскенде 40 мың қой болса, бірте-бірте 120 мыңнан асқан. Бүкіл зауыт бойынша еңбек өнімділігі үшжарым есе, жұмысшылардың айлық жалақысы да үшжарым есе көбейген. Осындай-осындай жеңістерге жеткен соң Социалистік Еңбек Ері атағына Шүкірбеков Боранбек ұсынылмағанда, кім ұсынылады? Ұсынылғаны сол екен, Борекеңнің үстінен біраз-біраз арыздар борай­ды. Тү-у Мәскеуіңіз жақтан келгендер бір емес, екі мәрте тексереді. Шаруашылық шырқауы­ның шынайылығына көз жеткізеді. Шү­кір­бековіңіз Еңбек Ері атанады. Мәдени жайылым жөнінде, Арыс аймағына, Сыр-ана дариясы мен Арыс өзені арасындағы сарғайып жатар сай­ын далаға еркелей желкілдейтін өсімдіктерді ны­ғайту мақсатында қаншама тер төгілді де­сеңізші. Шымкенттегі арна­йы ғылыми-тәжірибелік инс­ти­тут­пен, ғылыми-өндірістік бір­лестікпен бірлесіп, әсіресе, изен мен теріскен көбейт­пек­ке өзгеше назар аударылған. Шүкірбеков “Задария” зауы­тының қаракөл қой шаруа­шылығы үшін 38 мың гектар мәдени жайылым жасап беріп кетіп еді. Изеніңіз бен теріс­ке­ніңіздің, басқа да біраз жа­байы шөптің құнары, мик­ро­элементтері кейде кәдуілгі жо­ңышқаңыздан әлдеқайда ба­сымырақ түседі. Әттең-ай, де­сеңізші, сол жайылымдар бер­тініректе біржолата жү­деу­леніп, тоз-тозы шығып кетті. Қиындау, кезенейлі кезең­дер­де отындыққа жұмсалды ғой. Борекең 1985-1987 жыл­да­ры облыстық ауыл шаруа­шы­лық басқармасының бастығы – облагро­өнер­кәсіптік комитет төрағасының бірінші ор­ын­басары қызметін атқарды. 1987-1995 жылдары ОҚО тәжірибе стансасының бас директоры әрі аграрлық-ғылыми орталықтың төрағасы болды. Оқымысты. Ғалым. Экономика ғылымдарының кандидаты. Отыз жыл бойы депутаттыққа сай­ланды. Ауданнан, облыстан бастап, республика және КСРО Жоғарғы Кеңестеріне дейін. Қа­зақстан Компартиясының XVІ съезіне делегат болып қатысқан. Әрине, әркім әртүрлі түсінер. Соның бәрінен дерлік сабақ алмаққа, салмақты да салиқалы тағылым түймекке, кей реттердегі даңғазалықтың өзінен қорытындылар шығар­маққа тырысатын. Екі мәрте Ленин ордені, “Ең­бек Қызыл Ту” ордені, әлденеше медаль­дар. Со­циалистік Еңбек Ерінің Алтын жұл­ды­зы... Осы­нау қария дарияңыздың қара ша­ңы­рағында Әшіркүл Бекмырзақызы Шүкір­бе­ко­ваның алтын-күміс алқалары да ақ сәуле ша­ша­ды. Ақ шу­ақ шашып жүретін қараторы кө­ке­міз Бо­ранбек пен Әшіркүл жеңгеміздің үлгілі ұл-қыз­дары үлкен-үлкен азаматтар боп үлгерген, жиырма­шақты немере-шөберелері шүпірлеп өсіп келеді. “Ассалаумағалейкум, аға!” – деп аманда­сып, Борекеңмен әңгіме-дүкен құрып оты­рып­пыз. Әдетінше бұ кісі Күлтегіннің тасқа бә­діз­делген байыптамаларынан бастайды ғой. “Ай­на­лайын, – дейді Борекең алғысқа толы ақжа­рыл­қап пейілмен. – Күлтегін бабамыз бедер­легендей, аз халқымыз көп болар, бірте-бірте бай болар. Алла тағала елімізге, Елбасымызға бақ қондырып, береке дарытып келеді. Қазақ­станның, біздің Президентіміздің абырой-бе­делі барған сайын биіктеп барады. Мен, ай­на­лайын қарағым, мына көршілес Өзбекстанның елу жылдығына Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге қатысу бақытына ие болған адаммын. Сонда Нұрекең жаңадан ғана Министрлер Кеңесінің Төрағасы лауазымын атқара бастаған еді. Жап-жас. Жастығына қарамастан, сол кездің өзінде өзбектерді де, өзгелерді де өзгеше таңғал­дыр­ған. Одақтың барлық республикаларынан келгендер Назарбаевқа ерекше ілтипат білдіріп, не айтса да бастарын шұлғып, ықыласпен тыңдайтынын байқап, мақтаныш сезіміне бөленгенбіз. Қатты қуанып, шүкіршілік еткен­біз. Сексен үшінші жылы одақтық Орталық сайлау комиссиясына мүше болуымды, келесі жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайлануымды қолдады. Сексен бесінші жылы ол кісі “Задария” сапқозына арнайы атбасын бұрған. “Қаракөл” қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында Сейфолла Әбдірайымов деген мықты ғалым бар. Солармен бірлесіп, “Задарияда” мәдени жайылымдар жасағанбыз. Әдетте мәдени жайылым негізінен сулы, нулы дейтіндей жерлерде болады. Ал біздегідей, деградацияға ұшыраған, шөлді, шөлейтті, құм-құмшауытқа айналып үлгерген өңірлерде мәдени жайылым жоқ. Жел азынап, аптап ыстық қуырып жататын аймақта изен, теріскен, қырықбуыннан бастап, сексеуілге дейін егіп, алқап-алқаптарды қорғап-қоршалап, шын мәніндегі мәдени жайылымдар жасақтағанбыз. Мақтанғанымыз емес, сол мәдени жайылым­да­рымыздың негізінде ЮНЕСКО мектеп аш­қан. “Известия”, “Правда” газеттері зерттеп жаз­ған. Әсіресе, сол кездегі кең тарайтын ба­сы­лымдардың бірі “Сельская жизнь” газеті апта сайын, ай сайын материалдар жариялап тұратын. Нұрсұлтан Әбішұлы сол газеттерді мұқият оқып, бәрін біліп жүреді екен. Облыс басшысы Рысбек Мырзашевпен бірге мәдени жайылымдарымызды көрді. Шөп шауып жатқан жұмысшылармен сөйлесті. Дала қо­сы­нан шай ішті. Тірлігімізге тәнтілік танытты. Айналайын шырағым, мен “Қазақстан-2030” Стратегиялық бағдарламасын газетке шыққан күні қиып алып, кітапша етіп қойғам, үнемі қарап, пайдаланып келемін. Жыл сайын талдау жасаймын. Таразылаймын. Барлық бағыттар мен бағдарлар бойынша көрсеткіштерді жазып шығамын. Есептеймін. Салыстырамын. Әр жыл сайын, әрбір бес жыл сайын барлық бағдар­ла­малардың, межелердің артығымен орын­дал­ғанына көз жеткіземін. Алғашқы онжылдықтың барлық міндеттері ойдағыдай жүзеге асты. Ауыл шаруашылығындағы, оның ішінде мал ша­руа­шылығындағы жетістіктерді зерттеймін. Өзім­нің Оңтүстік Қазақстанымның орта­лы­ғында, көптеген аудандары мен қалаларында, болған және жүрген жерлерімнің бәрінде ой-пікір­лерімді ортаға саламын, шамамның жет­ке­нінше айтамын, жазамын. Барлық әңг­і­ме­ле­ріме сол Стратегиялық бас бағдарламаны арқау етемін, айналайын. Қазір қарасаңыз, дүние жүзіндегі небір беделді, абыройлы, алпауыт мемлекет­тер­дің басшылары Қазақстанды Назарбаев арқылы біледі. Қазақстанды Назарбаевсыз, Назарбаевты Қазақстансыз елестете алмайды. Ең үлкен мәселе – елдің еңсесі биіктей түсті. Ең ма­ңызды мәселе – елдің экономикасы. Барлық саланың, оның ішінде мәдениет пен руханият­тың өркендеуі үшін де халықтың тамағы тоқ, көйлегі көк болмағы ләзім. Ешқандай елде жоқ “Мәдени мұра” бағдарламасының өзі біздің мемлекетіміздің көркейе бастағанына айқын айғақ қой, айналайын. Ниеті түзу адамдар бәрін бағалайды. Көпшілік болғаннан кейін керітартпалар, “көрмес – түйені де көрместер” табылатыны түсінікті. “Оңып жатқан іс жоқ, қымбатшылық қаулап барады” дейтіндер бар. Бағаның қымбаттауы бізге байланысты жағдай емес. Әлемдік үдеріске, дағдарысқа қатысты. Бірақ сол қымбатшылықтың өзін Елбасымыз­дың ерен еңбегімен, көрегендігімен, тынымсыз ізденісімен, бастамашылдығымен және талап­шылдығымен әлемнің өзге елдеріне қарағанда, әлдеқайда жұмсартып жатыр емеспіз бе? Бірлік пен ынтымақ, татулық пен тұрақтылық дейтін ұлы ұғымдардың айналасында талай-талай нәрселер бар ғой. Бұл ұғымдарды көздің қара­шығымен, жүректің дүрсілімен, тыныс алып, дем жұтатын кәусар таза ауамен салыстыр­ғанды өте дұрыс деп есептеймін...” Дария қарияңыз осылайша сыр шертеді. Оң­түстік Қазақстан облысында екі жылдан бер­­мен қарата тұп-тура әз Наурыз мейрамы кү­нін­де “Ырыс алды – ынтымақ” атты ай­рық­шалау басқосу ұйымдастырылып жүр. Әуелгісі түркі дүниесінің текті төрі, қара шаңырағы, рухани алтын бесігі Түркістанда өткен. Ұғар құлаққа ұғынарлықтай, жұғар жүрекке жұ­ғы­нарлықтай, саналарға сапа сіңірерліктей сөздер айтылған. Ой-пікірлер ортаға салынған. Бірлік пен ынтымақтың, татулықтың жемістері де, орын алып жүрген олқылықтар мен кесапатты кеселдер де сарапталған. Ауру-сырқаулардан арыл­мақтың амалдары сараланған. Екінші жиын биылғы Наурыз мерекесі күні адам­зат­тың алтын бесігі, Нұх пайғамбардың кемесі тоқ­­тап, кемел көкжиектерге көз тігілген қа­сиетті Қазығұрт тауының баурайында болған. Биылғы басқосу негізінен жастар тәрбиесіне арналған. “Жастардың өмір сүру үдеріс-үрдіс­теріне тегеурінді рухани мағына беру керектігі” сынды қазақ БАҚ-тарында көтеріліп, зиялылар қаттырақ алаңдап жүрген жағдаяттарға нақты-нақты назар аударылған. Осынау екі жиыннан кейін де біраз-біраз абыз ақсақалдар айрық­ша­лау белсенділік танытқан. Ел ішіне шыққан. Жер-жерді аралаған. “Ырыс алды – ынтымақ” бас­қосуларының мақсат-мұратын ұғ­ындыр­мақ­қа, тереңірек түсіндірмекке атсалысқан. Солар­дың бірі – біздің Боранбек көкеміз. Жасыратыны жоқ, ақсақалдарға аздап-аздап өткір-өткір сындар да сілтенетіні рас. Талай-та­лай тұстарда тәлім көрсетіп, тәрбие таны­ту­дың орнына ақсақалдықтың аяғын ақсатып ала­тын ағаларымыз да аз емес-ау. Әсіресе, әкім­дерді орынды-орынсыз мақтап, жарты са­ғат­тан астам уақыт бойына “жырлап”, жұртты мезілендіретін көкелеріміз де жоқ емес. Осы мәселені мәністей келе, алдымызда ойланып отырған Боранбек Шүкірбековке сауал таста­ған­быз. “Жаңағы өзің мысалға алған Қо­жа­бер­ген жырау: “Тұлпарларың жарысар; Баптауы келген күйімен. Іс тетігі табылар; Ерлердің дилы миымен” деген ғой, айналайын. Іскер, із­демпаз, халық үшін тынымсыз тірлік жасайтын әкімдерді мақтау, көтермелеу жөн емес деген­нің өзі жөн емес. Көтермелеу керек. Қолдау ке­рек. Нұрын тасыту керек. Мәселе әлгі әкімнің мақтауды қалай қабылдауында. Көтермелеп, қолдауға лайықтылығында. Парасат-пайым биік­тігінде. Кейбір әкімдер тірлігі, іскерлігі, ұм­тылысы лайықты болмаса да, тайыздығы бар­ша­ға белгілі бола тұрса да, мақтағанды, ма­дақ­тағанды ерекше қалап тұрады. Мақтамағандар, жағымпазданбағандар бәлеге қалады. Ол – жаман мінез, жат қылық. Жалпы, біздің қазақта Абай айтқан күншілдік, міншілдік, іштарлық, бақастық бар ғой. Жоғары қызметтерді былай қойғанда, бригадирліктің айнала-төңірегінде де бақастық, күншілдік кездесетінін көп байқадық қой. Неге ол бригадир болады? Неліктен мен болмаймын? Ол кім еді соншалықты?! Деген­дей. Бәрібір, біздің халқымыз – кең халық. Ұлтымыз – ұлағатты ұлт. Бақ қонған, қыдыр дарыған Қазақстанбыз. Президентіміз парасат биігінде. Күллі дүние жүзі қызығады. Бақыт­тымыз, айналайын. Ақсақалдар да бірте-бірте заманға сайланып, сәйкестеніп бағуда. Кейбір-кейбір кемшіліктерімізді түзетіп, кесел­де­рі­мізден арыла білсек, ел келешегі кемелдене берер”. “Ер айтса – ел айтқаны; Елдің қамын жеп айтқаны”, демей ме Қожаберген жырауыңыз. Біз жұлдызы жарқыраған, жарқын жүзді Боранбек көкемізге қызыға қараймыз. Ол кісі батыр тұлғасы биіктеп, байсалды адымдап кетіп барады. Мархабат БАЙҒҰТ, Оңтүстік Қазақстан облысы. Суретте: Боранбек ШҮКІРБЕКОВ.