“Сөз тиегін ағытсам, тәкаппар соққан желдеймін...”
деп жырлап өткен ежелгі жыраулық өнердің көрнекті өкілі, эпик ақын Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдық тойын өз дәрежесінде тойлай алдық па? Алматыдағы “Әуезов үйі” ғылыми-мәдени орталығында қазақ ақынының бір жарым ғасырлық мерейтойы аясында өткен “Нұрпейіс Байғанин және халықтық поэзия” атты дөңгелек үстелден осындай ой түйіп қайттық.
Қазақ биыл да тойдан кенде болмады. Солардың арасында жас үлкендігі жағынан да, атадан балаға мирас болып келе жатқан жыраулық өнерді жалғастырушы әрі ақындығы жағынан да Нұрпейіс Байғаниннің жөні бөлек. Әдеттегідей, той шайырдың кіндік кескен туған жерінде басталып, Темір ауданында ескерткіші ашылса, Ақтөбеде Байғанин атындағы конкурсқа қатысқан балаларды марапаттау рәсімі, мұражайында ақынның баласы Момынның қатысуымен салтанатты кеш өтті. “Нарқыз” атты альбом шығарды. Одан әрі мерейтойға арналған іс-шара Алматыда жалғасып, “Хаят” қонақүйінде “Н.Байғанин” атты 24 минөттік деректі фильмнің тұсауы кесілді. Онан кейінгі шара Алматыдағы “Әуезов үйі” ғылыми-мәдени орталығында “Нұрпейіс Байғанин және халықтық поэзия” атты дөңгелек үстелге ұласты. Мектептің оқу бағдарламасына еніп, өлеңдерін жаттап өскен ұрпақтың өкілі ретінде жиынға келуге бізде де ықыласты болдық. Мұндай дөңгелек даталарды жоғары дәрежеде салтанатпен өткізуге үйренген біздерге кішкене шағын аудиторияда шағын адаммен өткізілген жиынды көргенде көңіліміз қоңылтақсып қалғаны рас. Және де халық ауыз әдебиетін зерттеуші белгілі ғалымдар мен бүгінгі әдебиет тарландарын бұл жиында көре алмадық.
– Бұдан бес жыл бұрын Мәдениет министрлігіне ақынның 145 жылдығын республика көлемінде атап өту жөнінде өтініш жасағанымызда: “145 жылдығын өз облыстарыңызда өткізе беріңіздер, 150 жылдығын республика көлемінде міндетті түрде атап өтеміз” деген министрдің атынан хат алдық. 150 жыл да келді, бірақ, олар уәделеріне берік болмай шықты. Бүгінде той көп, қалып қалмасын деп құлаққағыс ретінде Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының бастығы Назира Сәрсенбайқызы 2009 жылдың желтоқсан айында өткен министрлік мәжілісінде мерейтой өткізуді келесі жылдың жоспарына енгізу жөнінде ұсыныс та жасаған. Олар жоспарға енгізетінін айтып, уәде еткенмен, Премьер-Министрге биылғы мәдени шараларды өткізу жөнінде қол қоюға әкелгенде, Н.Байғанин жоқ болып шығады. Неге алып тастады, ол жағы да белгісіз. Сондықтан бұл шараны Байғанин атындағы қор хал-қадерімізше өткізуді шештік”, – дейді ақынның немересі, қордың жетекшісі Ерболат Байғанин.
Бір айта кетерлігі, Байғанин есімі тек қазақ үшін ғана емес, дүние жүзі бойынша дәстүрлі шығармашылықтың білгірлері мен олармен айналысатындар үшін де танымал тұлға болғанымен, оның шығармалары 50 жылдан бері қайта басылмаған. Ендеше, Н.Байғаниннің шығармаларын тәуелсіз Қазақстанның мәдениетіне қайта әкелетін уақыт жеткендей. Өйткені, ақынның айрықша биографиясы, тарихи оқиғалардың куәгері болуы, ерекше дарындылығы, бай шығармашылық мұрасы соған лайық. Бүгінде қор мүшелері Н.Байғаниннің сан қырлы шығармашылығын, ол кісінің нағыз талант иесі, эпикалық жыршы екендігін, қазақ поэзиясында ақындығын дәлелдейтін деректерді іздеу үстінде. Міне, осы бағытта М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, әдебиеттанушы ғалым Серікқазы Қорабай жүргізген дөңгелек үстел өз міндетін атқарған сияқты.
Жиында алдымен Н.Байғаниннің қазақ поэзиясындағы алатын орны жөнінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, белгілі әдебиетанушы ғалым Серік Негимов жан-жақты да терең талдау жасады.
– Қазақтың халық поэзиясы тарихында импровизатор-ақын, даңқты эпикалық жырларды біздің заманымызға жеткізген жыршы Нұрпейіс Байғанин шығармашылығы деректілік, тарихилық, көркемдік-рухани құндылықтармен қымбат. Нұрпейістің әдеби ортасының сипаты, шеберлік мектебінің іргетасы, жыраулық, жыршылық эпикалық дәстүрдің тамыры қаншалықты жан-жақты, терең екендігін айтар болсақ, Н.Байғанин “Қарасай-Қази”, “Орақ-Мамай”, “Едіге”, “Ер Тарғын”, “Қобыланды”, “Алпамыс”, “Қыз Жібек”, “Айман-Шолпан”, “Құбығұл”, “Төрехан”, “Қырымның қырық батыры”, “Ақкенже”, “Нарқыз”, “Ақын”, “Ер туралы жыр”, “Күлше қыз”, “Жиырма бес”, т.б. күрделі сюжетке құрылған жырларды толқыта жырлады. Негізінде, “Қырымның қырық батырын” арғы заманда Сыпыра жырау жырлап, сонан соң Абыл, Қарасай, Қалнияз, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Қазақбай, Мұрындар жаңғыртса, Нұрпейіс өнерпаздықпен жұтынтып жырлаған, – дей келе ғалым, шайырды жыр тұйғындарының жауһар мұрасы, тағылым мектебі, ақындық, даналық сабақтары екендігіне екпін түсіре жеткізді. Сондай-ақ, баяндамашы Сәбит Мұқановтың “Есею жылдарындағы” Нұрпейіске қатысты мына жайды еске сала кетті. Отан соғысы жылдарында орыс әдебиетінің марқасқалары Алматыда болғанда Сәбит Мұқанов А.Н.Толстой (әйелімен), Михаил Зощенко және Нұрпейіс Байғанин, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндерді үйіне шақырады. “Жасы сексенді алқымдағанмен, Нұрпейістің денесі тік, беті қанды сұлу кісі еді. Қуатты дауысымен Нұрпейіс жырлап жібергенде үн екпініне, жыр ырғағына қайран қалған Алексей Николаевич: “Шын ақынды жаңа көрдім ғой! – деді шаттанған кескінмен, – қазақ тілін білмесем де, не айтқанына түсініп отырғандай болдым. Бұл шынында да жырдың пайғамбары екен!..” – деді”.
Н.Байғаниннің өмірбаяны өте бай. Басқасын айтпағанда, 1916 жылғы көтеріліске де қатысқан. Жаратылыс оған әншілік пен жыршылықты, ақындық пен кісілікті сыйлаған. Ол домбыра мен қобызда ойнаған. Алғырлығы, тапқырлығынан жырдан дауыл тұрғызған, тілі мірдің оғындай, әрі төкпе айтыс ақыны болған. Ол Ақтан, Қазақбай, Нұрым сияқты ақындармен айтысып, жеңіске жеткен. Әсіресе, ақынның өлеңдері сымға тартқан күмістей сыңғырлап тұрады. Мәселен, “Қарасай-Қази” жырындағы Тәтті көлді: “Шортаны қара бақандай, бақасы шөккен атандай, жапырақтың жалпағы, ерлер киген шапандай” деп сипаттаса, еңсесі биік елдің болмысын: “Жас бүркіттей қайраттым, айдаһардай айбаттым” деп бейнелейді. Ал өзінің ақындық тұлғасын: “Жарқырып атқан таңдаймын, асусыз биік таудаймын. Сөз тиегін ағытсам, тәкаппар соққан желдеймін...”, – деп көрсетеді.
Жиында жазушы Уақап Қыдырхан нұрпейістанушыларға мына бір деректің көзін көрсете кетті. Ол башқұрттың ғұлама ғалымы Зәки Тоғанның өмірбаяндық кітабында Жайықтың оң жағасында миллиондаған қазақтың жері болғанын, онда негізінен қыпшақтар мекендеп, олар башқұрттармен ежелден қоян-қолтық араласып тұрғанын, сол жерде әкесінің Нұрпейіс қажымен жақын араласқанын жазады. Нұрпейіс қажы білімдар, өзі ақын, халық эпостарын көп білетіндігі, тіпті, сол аймаққа Қобыланды батырды, кейін ноғай мен қазаққа ортақ Ер Тарғынды ақынның аузынан естіп, жазып алғанын айтады. У.Қыдырхан ағамыз ол кісі қажы болды ма, болмады ма, соны да анықтауды ұсынды.
Н.Байғаниннің өзі бір үлкен жыршылық мектептің өкілі екенін жеткізген Нұр-Мүбарак египет-ислам университетінің профессоры, ғалым Керім Шамдәдин ол уақытта қазақтың киносы да, театры да жоқ кезде сол қызметтің бәрін жыраулар атқарғанын алға тарта келе, ол заманда қазақтың ұғымында отырықшылық болмағанын, елден елге көшіп арғы жағы Қарақалпақстанға дейін жеткенін, сондықтан ақынның кейбір өлеңдері жазылғанмен, оның атын пайдаланып кеткендер де болуы мүмкіндігін ескертіп, соны зерттеу қажет деді. “Байғаниннің бағы, – деді ғалым, – ол кеңес өкіметі кезінде бағаланған адам. Жамбыл, Нұрпейіс сияқты адамдарды кеңес өкіметі өз саясатына пайдаланды. Біздің әдебиет пен өнеріміз одан ұтпаса ұтылған жоқ. Оларға арнайы хатшылар тағайындалды. Айтқандары, шығармалары хатқа түсті. Бірақ, бәрі қағазға түсті деп айта алмаймыз. Мәселен, “Қырымның қырық батырының” бір варианты ғана хатқа түсуі мүмкін. Біз жыршыларды жазба ақындай елестетеміз. Жыршы жырлағанда оның әуені болады. Жыр екінші рет басқаша айтылуы да мүмкін. Оны түгел жазуға ол кезде технология да жетпеген. Тіпті, хатшыларға қағазға, түсіргенде ілесіп отырудың өзі оңай болмаған. Сондықтан бұрынғы жырлардың бізге түгел жеткендей дей алмасақ керек”.
Белгілі ақын Аян Нысаналы Байғанинді керемет жыраулықты жалғастырушы ретінде бағалай келе, 1958 жылы ағылшын саяхатшысы Джексон қатар-қатар жырауларды тыңдағанда, өмірінде дәл мұндай ықыласқа бөленбеген естелігін еске сала кетті. Оның айтуынша, кеңес өкіметі болмағанда Сыр өңіріндегі Нартайды, Ақтөбедегі Байғанинді, Жетісудағы Жамбылды, Балқаштың бойындағы Шашубайды таппаған болар едік. Тәуелсіздік алғалы 20 жыл болды, кімді таптық? Қазір кәсіби әдебиетті көп айтамыз да, Жамбылдың, Байғаниннің дәстүрін үзіп алғандаймыз. Ұлттық Ғылым академиясы осындай шығармашылық адамдарды тереңнен зерттеуі керек. Мәселен, Байғанин ширек ғасырдан бері зерттелмеген, деп өкініш білдірді.
Қоғамдық қордың осынша жұмысқа ұйытқы болып отырғанына таңданысын жасырмаған жазушы Сара Латиева кеңес өкіметі кезінде халық ақындарымен жұмыс жасаған Мәриям Хакімжанованың 2006 жылы шыққан 3 томдығында 1938 жылы Жамбылдың шығармашылығының 75 жылдығын тойлауға Ақтөбеден тізе бүкпеген балуан, таңды таңға ұратын жыршы Нұрпейістің де келгені жайында жазған естелігін еске салса Шөмішбай Сариев ақынның тойына жырдан шашу шашты. Ал Әдебиет пен өнер институтының ежелгі әдебиет бөлімінің қызметкері, ақын, жыраулар поэзиясын зерттеуші Серікбай Қосан шайырдың қажылығы, палуандығы, ақындығы, жыршылығы жеке-жеке зерттелетін дүние екендігін айтып, 1938 жылы астанаға шақырылып, Мәскеуге барған, бірінші болып Қазақстан Жазушылар одағына өткен лайықты тұлғаның 150 жылдығын республика көлемінде атап өтуге жарамай отырғанымыз бүгінгі ұрпақ үшін ұят. Бұл зиялыларға да үлкен сын, – дей келе, ол кісіні жазып алғандардың өзі қолжазбаларын мұрағатқа өткізбей, қолында қалу мүмкін екеніне, оның үстіне қазір жырауларға сұраныс жоқтығына тоқталды. Жыршылар бүгінде Сыр бойында, Қарақалпақстанда, Ақтөбеде ақшасы бар жерлерді ғана жырлап жүргенін, оны да жазып алуға болатынын ескерте кетті. Тағы бір әттегенайды алға тартты. Ол әдебиет институтына әкелетін сондай мұраларға бұрынғыдай ақша төленбейтіндігі. Құлаққағыстан соң атақты жыраудың толық шығармалар жинағын шығаратын уақыттың жеткенін алға тартты.
Сондай-ақ, жазушы Мағира Қожахметова, профессор Төреғали Қаратаев, аталмыш институттың ежелгі және орта ғасырлық әдебиет бөлімінің меңгерушісі, ғалым Ислам Жеменей, тағы басқа шешендер халықтың даналыққа толы тұнық ойлары мен сөздерін көкірегіне тоқыған ұлы жыршының рухына, парасатты тұлғасына, ой-толғаныстарына ілтипат көрсету, шығармашылығын түгендеп, ол бастап кеткен істі аяқтау – бүгінгі ұрпақтың еншісінде әрі адамшылық парыз екенін жеткізді. Біз де сол ойға қосыламыз.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, Алматы.
Суретте: Н.Байғанин (сол жақтан екінші) және Ш.Берсиев (оң жақта бірінші) жерлестері арасында.