18 Қараша, 2010

“Сөз тиегін ағытсам, тәкаппар соққан желдеймін...”

854 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
“Сөз тиегін ағытсам, тәкаппар соққан желдеймін...” деп жырлап өткен ежелгі жыраулық өнердің көрнекті өкілі, эпик ақын Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдық тойын өз дәрежесінде тойлай алдық па? Алматыдағы “Әуезов үйі” ғылыми-мәдени орталығында қазақ ақынының бір жарым ғасырлық мерейтойы аясында өткен “Нұрпейіс Байғанин және халықтық поэзия” атты дөңгелек үстелден осындай ой түйіп қайттық. Қазақ биыл да тойдан кенде болмады. Солардың арасында жас үлкендігі жағынан да, атадан балаға мирас болып келе жатқан жырау­лық өнерді жалғастырушы әрі ақ­ындығы жағынан да Нұрпейіс Бай­ғаниннің жөні бөлек. Әдеттегідей, той шайырдың кіндік кескен туған жерінде басталып, Темір ауданында ескерткіші ашылса, Ақтөбеде Бай­ға­нин атындағы конкурсқа қа­тыс­қан балаларды марапаттау рәсімі, мұражайында ақынның баласы Момынның қатысуымен салтанат­ты кеш өтті. “Нарқыз” атты альбом шығарды. Одан әрі мерейтойға ар­налған іс-шара Алматыда жалға­сып, “Хаят” қонақүйінде “Н.Бай­ғанин” атты 24 минөттік деректі фильмнің тұсауы кесілді. Онан кейінгі шара Алматыдағы “Әуезов үйі” ғылыми-мәдени орталығында “Нұрпейіс Байғанин және халық­тық поэзия” атты дөңгелек үстелге ұлас­ты. Мектептің оқу бағдарлама­сына еніп, өлеңдерін жаттап өскен ұр­пақтың өкілі ретінде жиынға келуге бізде де ықыласты болдық. Мұндай дөңгелек даталарды жо­ғары дәре­жеде салтанатпен өткізуге үйренген біздерге кішкене шағын ауди­то­рия­да шағын адаммен өт­кі­зілген жи­ын­ды көргенде көңіліміз қоңылтақ­сып қалғаны рас. Және де халық ауыз әдебиетін зерттеуші бел­гілі ға­лымдар мен бүгінгі әде­биет тар­лан­дарын бұл жиында көре алмадық. – Бұдан бес жыл бұрын Мә­ден­иет министрлігіне ақынның 145 жылдығын республика көлемінде атап өту жөнінде өтініш жасаға­ны­мызда: “145 жылдығын өз облыста­ры­ңызда өткізе беріңіздер, 150 жылдығын республика көлемінде міндетті түрде атап өтеміз” деген министрдің атынан хат алдық. 150 жыл да келді, бірақ, олар уәделе­рі­не берік болмай шықты. Бүгінде той көп, қалып қалмасын деп құ­лаққағыс ретінде Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының бастығы Назира Сәрсенбайқызы 2009 жыл­дың желтоқсан айында өткен министрлік мәжілісінде мерейтой өткізуді келесі жылдың жоспарына енгізу жөнінде ұсыныс та жасаған. Олар жоспарға енгізетінін айтып, уәде еткенмен, Премьер-Министр­ге биылғы мәдени шараларды өт­кізу жөнінде қол қоюға әкелгенде, Н.Бай­ғанин жоқ болып шығады. Неге алып тастады, ол жағы да бел­гісіз. Сондықтан бұл шараны Бай­ғанин атындағы қор хал-қаде­рі­мізше өткізуді шештік”, – дейді ақ­ын­ның немересі, қордың же­тек­шісі Ерболат Байғанин. Бір айта кетерлігі, Байғанин есі­мі тек қазақ үшін ғана емес, дү­ние ­жүзі бойынша дәстүрлі шығарма­шы­лықтың білгірлері мен олармен айналысатындар үшін де танымал тұлға болғанымен, оның шығарма­лары 50 жылдан бері қайта басыл­маған. Ендеше, Н.Байғаниннің шығармаларын тәуелсіз Қазақстан­ның мәдениетіне қайта әкелетін уақыт жеткендей. Өйткені, ақын­ның айрықша биографиясы, тарихи оқиғалардың куәгері болуы, ерекше дарындылығы, бай шығармашылық мұрасы соған лайық. Бүгінде қор мүшелері Н.Байғаниннің сан қырлы шығармашылығын, ол кісінің нағыз талант иесі, эпикалық жыршы екендігін, қазақ поэзия­сын­да ақындығын дәлелдейтін деректерді іздеу үстінде. Міне, осы бағытта М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, әдебиеттанушы ға­лым Серікқазы Қорабай жүр­гіз­ген дөңгелек үстел өз міндетін атқарған сияқты. Жиында алдымен Н.Байға­нин­нің қазақ поэзиясындағы алатын орны жөнінде Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универси­те­тінің про­фессоры, филология ғы­лы­мдары­ның докторы, белгілі әде­биет­­а­нушы ғалым Серік Негимов жан-жақты да терең талдау жасады. – Қазақтың халық поэзиясы тарихында импровизатор-ақын, даңқты эпикалық жырларды біздің заманымызға жеткізген жыршы Нұрпейіс Байғанин шығармашы­лығы деректілік, тарихилық, көр­кем­дік-рухани құндылықтармен қым­бат. Нұрпейістің әдеби орта­сы­ның сипаты, шеберлік мектебінің іргетасы, жыраулық, жыршылық эпи­калық дәстүрдің тамыры қан­ша­лықты жан-жақты, терең екен­дігін айтар болсақ, Н.Байғанин “Қа­­расай-Қази”, “Орақ-Мамай”, “Едіге”, “Ер Тарғын”, “Қобы­ланды”, “Алпамыс”, “Қыз Жібек”, “Айман-Шолпан”, “Құбығұл”, “Төрехан”, “Қырымның қырық батыры”, “Ақкенже”, “Нарқыз”, “Ақын”, “Ер туралы жыр”, “Күлше қыз”, “Жиырма бес”, т.б. күрделі сюжетке құрылған жырларды тол­қыта жырлады. Негізінде, “Қырым­ның қырық батырын” арғы заманда Сыпыра жырау жырлап, сонан соң Абыл, Қарасай, Қалнияз, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Қазақбай, Мұ­рын­­дар жаңғыртса, Нұрпейіс өнер­паздықпен жұтынтып жырлаған, – дей келе ғалым, шайырды жыр тұйғындарының жауһар мұрасы, тағылым мектебі, ақындық, дана­лық сабақтары екендігіне екпін түсіре жеткізді. Сондай-ақ, баян­да­машы Сәбит Мұқановтың “Есею жылдарындағы” Нұрпейіске қа­тыс­ты мына жайды еске сала кетті. Отан соғысы жылдарында орыс әде­биетінің марқасқалары Алма­ты­да болғанда Сәбит Мұқанов А.Н.Толс­той (әйелімен), Михаил Зо­щенко және Нұрпейіс Байғанин, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұста­финдерді үйіне шақырады. “Жасы сексенді алқымдағанмен, Нұрпейіс­тің денесі тік, беті қанды сұлу кісі еді. Қуатты дауысымен Нұрпейіс жырлап жібергенде үн екпініне, жыр ырғағына қайран қалған Алек­сей Николаевич: “Шын ақынды жаңа көрдім ғой! – деді шаттанған кескінмен, – қазақ тілін білмесем де, не айтқанына түсініп отырған­дай болдым. Бұл шынында да жыр­­дың пайғамбары екен!..” – деді”. Н.Байғаниннің өмірбаяны өте бай. Басқасын айтпағанда, 1916 жыл­ғы көтеріліске де қатысқан. Жа­­ратылыс оған әншілік пен жыр­шылықты, ақындық пен кісілікті сыйлаған. Ол домбыра мен қобызда ойнаған. Алғырлығы, тапқырлы­ғынан жырдан дауыл тұрғызған, ті­лі мірдің оғындай, әрі төкпе айтыс ақыны болған. Ол Ақтан, Қазақбай, Нұрым сияқты ақында­р­мен айты­сып, жеңіске жеткен. Әсіресе, ақ­ын­ның өлеңдері сымға тарт­қан кү­містей сыңғырлап тұра­ды. Мәсе­лен, “Қарасай-Қази” жы­рындағы Тәтті көлді: “Шортаны қара ба­қандай, бақасы шөккен атан­дай, жапырақтың жалпағы, ер­лер киген шапандай” деп сипат­таса, еңсесі биік елдің болмысын: “Жас бүр­кіттей қайраттым, айда­һар­дай ай­баттым” деп бейнелейді. Ал өзінің ақындық тұлғасын: “Жар­­қырып атқан таңдаймын, асу­сыз биік таудаймын. Сөз тиегін ағыт­сам, тәкаппар соққан жел­дей­мін...”, – деп көрсетеді. Жиында жазушы Уақап Қыдыр­хан нұрпейістанушыларға мына бір деректің көзін көрсете кетті. Ол башқұрттың ғұлама ғалымы Зәки Тоғанның өмірбаяндық кітабында Жайықтың оң жағасында миллион­даған қазақтың жері болғанын, он­да негізінен қыпшақтар мекендеп, олар башқұрттармен ежелден қоян-қолтық араласып тұрғанын, сол жерде әкесінің Нұрпейіс қажымен жақын араласқанын жазады. Нұр­пей­іс қажы білімдар, өзі ақын, халық эпостарын көп білетіндігі, тіп­ті, сол аймаққа Қобыланды ба­тыр­ды, кейін ноғай мен қазаққа ор­тақ Ер Тар­ғынды ақынның ау­зы­нан естіп, жазып алғанын айтады. У.Қыдырхан ағамыз ол кісі қажы болды ма, болмады ма, соны да анық­тауды ұсынды. Н.Байғаниннің өзі бір үлкен жыршылық мек­тептің өкілі екенін жет­кізген Нұр-Мүбарак еги­пет-ислам уни­вер­си­те­тінің профессоры, ға­лым Керім Шамдәдин ол уақытта қа­зақтың киносы да, театры да жоқ кезде сол қызметтің бәрін жырау­лар атқарға­нын алға тарта келе, ол заманда қазақтың ұғы­мын­да отырықшылық болма­ғанын, елден елге көшіп арғы жағы Қарақ­ал­пақ­станға дейін жет­ке­нін, сон­дықтан ақынның кейбір өлеңдері жазыл­ғанмен, оның атын пайдаланып кеткендер де болуы мүм­кін­дігін ескер­тіп, со­ны зерт­теу қажет деді. “Бай­ға­нин­нің бағы, – деді ға­лым, – ол кеңес өкіметі кезінде баға­лан­ған адам. Жамбыл, Нұрпейіс сияқ­ты адам­дар­ды кеңес өкіметі өз сая­сатына пайдаланды. Біздің әдебиет пен өнеріміз одан ұтпаса ұтылған жоқ. Оларға арнайы хатшылар та­ғай­ындалды. Айт­қан­дары, шы­ғар­ма­лары хатқа түсті. Бірақ, бәрі қағазға түсті деп айта алмаймыз. Мә­селен, “Қырымның қырық ба­тыр­ының” бір варианты ғана хат­қа түсуі мүмкін. Біз жыр­шыларды жазба ақындай елесте­теміз. Жыршы жырлағанда оның әуені болады. Жыр екінші рет басқаша айтылуы да мүмкін. Оны түгел жазуға ол кез­де технология да жетпеген. Тіп­ті, хатшыларға қағаз­ға, түсіргенде ілесіп отырудың өзі оңай болмаған. Сондықтан бұ­рын­ғы жырлардың бізге түгел жет­кен­дей дей алмасақ керек”. Белгілі ақын Аян Нысаналы Байғанинді керемет жыраулықты жалғастырушы ретінде бағалай келе, 1958 жылы ағылшын саяхат­шы­сы Джексон қатар-қатар жырау­ларды тыңдағанда, өмірінде дәл мұндай ықыласқа бөленбеген есте­лігін еске сала кетті. Оның ай­ту­ынша, кеңес өкіметі болмағанда Сыр өңіріндегі Нартайды, Ақтө­бе­де­гі Байғанинді, Жетісудағы Жам­былды, Балқаштың бойындағы Шашубайды таппаған болар едік. Тәуелсіздік алғалы 20 жыл болды, кімді таптық? Қазір кәсіби әде­биет­ті көп айтамыз да, Жамбылдың, Байғаниннің дәстүрін үзіп алған­дай­мыз. Ұлттық Ғылым акаде­мия­­сы осындай шығармашылық адам­дарды тереңнен зерттеуі керек. Мә­селен, Байғанин ширек ғасырдан бері зерттелмеген, деп өкініш білдірді. Қоғамдық қордың осынша жұ­мысқа ұйытқы болып отырғанына таңданысын жасырмаған жазушы Сара Латиева кеңес өкіметі кезінде халық ақындарымен жұмыс жаса­ған Мәриям Хакімжанованың 2006 жылы шыққан 3 томдығында 1938 жылы Жамбылдың шығармашы­лы­ғы­ның 75 жылдығын тойлауға Ақ­төбеден тізе бүкпеген балуан, таң­ды таңға ұратын жыршы Нұр­пейіс­тің де келгені жайында жаз­ған есте­лігін еске салса Шөмішбай Сариев ақынның тойына жырдан шашу шаш­ты. Ал Әдебиет пен өнер инс­ти­тутының ежелгі әдебиет бөлі­мі­нің қызметкері, ақын, жы­раулар поэзиясын зерттеуші Се­рікбай Қо­сан шайырдың қажы­лығы, па­луан­дығы, ақындығы, жыршылығы жеке-жеке зерттеле­тін дүние екен­дігін айтып, 1938 жылы астанаға шақырылып, Мәс­кеуге барған, бі­рінші болып Қа­зақстан Жазушылар одағына өткен лайықты тұлғаның 150 жылдығын республика көле­мін­де атап өтуге жарамай отыр­ғанымыз бүгінгі ұрпақ үшін ұят. Бұл зиялыларға да үлкен сын, – дей келе, ол кісіні жазып алған­дар­дың өзі қолжаз­ба­ларын мұрағатқа өткізбей, қо­лында қалу мүмкін еке­ні­не, оның үстіне қазір жырауларға сұраныс жоқтығына тоқталды. Жыр­шылар бүгінде Сыр бойында, Қара­қал­пақстанда, Ақтөбеде ақшасы бар жерлерді ғана жырлап жүргенін, оны да жазып алуға болатынын ескерте кетті. Тағы бір әттеге­най­ды алға тартты. Ол әде­биет инс­ти­тутына әкелетін сондай мұ­ра­ларға бұрынғыдай ақша тө­лен­бейтіндігі. Құлаққағыстан соң атақ­­ты жыраудың толық шығар­ма­лар жинағын шығаратын уақыттың жет­кенін алға тартты. Сондай-ақ, жазушы Мағира Қожахметова, профессор Төреғали Қаратаев, аталмыш институттың ежелгі және орта ғасырлық әдебиет бөлімінің меңгерушісі, ғалым Ис­лам Жеменей, тағы басқа шешен­дер халықтың даналыққа толы тұ­нық ойлары мен сөздерін көкіре­гі­не тоқыған ұлы жыршының ру­хына, парасатты тұлғасына, ой-тол­ғаныстарына ілтипат көрсету, шы­ғармашылығын түгендеп, ол бастап кеткен істі аяқтау – бүгінгі ұрпақ­тың еншісінде әрі адамшылық парыз екенін жеткізді. Біз де сол ойға қосыламыз. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, Алматы. Суретте: Н.Байғанин (сол жақ­тан екінші) және Ш.Берсиев (оң жақта бірінші) жерлестері арасында.