Жақында Вашингтонда Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов пен АҚШ Мемлекеттік хатшысының әскери-саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Эндрю Дж. Шапиро қазақстандық-америкалық әуе транзиті туралы келісімге қол қойды.
Бұл құжат АҚШ-тың Қазақстан әуе кеңістігі арқылы Ауғанстандағы америкалық және коалициялық күштерге қолдау көрсету үшін персоналдар мен жабдықтарды тасымалдауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталған келісімге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Барак Обаманың 2010 жылғы 11 сәуірде Вашингтондағы кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес қол қойылып отыр. Оның түп негізінде екі елдің өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан мен АҚШ-тың стратегиялық әріптестігі жатыр.
Осы келісім АҚШ және оның халықаралық күштер бойынша әріптестеріне Ауғанстан халқы мен үкіметіне қажетті тауарларды, персоналдар мен жабдықтарды жеткізуде уақытты қысқартуға, сондай-ақ негізгі көлік маршруттарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Қазақстан Ауғанстандағы радикалды экстремизмді жоюға бағытталған халықаралық күштерге қолдау көрсетеді, Ауғанстандағы және өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосады. Өйткені, Ауғанстандағы соғыс пен тұрақсыздық бүгінде өңірлік және жаһандық көлемде қатер туғызып отыр.
“Егемен-ақпарат”.