19 Қараша, 2010

Көшбасшы компаниялар анықталды

419 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
“Эксперт РА Қазақстан” рейтингтік агенттігі мен “Эксперт Қазақстан” журналы Қазақстан Үкіметінің қолдауымен осымен екінші жыл қатарынан “Эксперт-100-Қазақстан” кешенді жобасын жүзеге асыру үстінде. Бұл жобаның мақсаты еліміздегі ірі компаниялардың рейтингтік көрсеткіштерін анықтау арқылы экономика көшбасшыларын айқындау болып табылады. Сонымен қатар, аталған жоба республиканың экономикалық дамуындағы негізгі ағымдарды талдау арқылы экономикалық саясатты жетілдіру үшін ұсыныстар әзірлеуге бағытталған. Зерттеу нәтижесінде әзірленген қорытындылар іскерлер мен қоғам өкілдерінің және биліктің қатысуымен талқыланатын болады. Жобаның ең бір тартымды тұсы – Қазақстан экономикасындағы жүз алдыңғы қатарлы компанияны анықтау. Осы жөніндегі рейтингті әзірлеу тәсілдері Ресейде осымен 15-ші жыл қатарынан өтіп келе жатқан “Эксперт-400” ресейлік рейтингін шығару тәсілдерімен сәйкес келеді. Оның қорытындысы осыдан кейін іле-шала өтетін экономикалық форумда әйгіленеді. Осындай форум кеше Астанадағы “Rіxos” қонақ үйінде болып өтті. Оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, “Самұрық-Қазына” қорының басшылығы мен еліміздегі ірі компаниялардың жетекшілері, экономикалық сарапшылар мен БАҚ өкілдері қатысты. Форумның күн тәртібіне қойыл­ған мәселелер үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасында алға қой­ылған міндеттерді бизнестің жүзеге асыруға қаншалықты қабілетті екендігін талқылауға арналды. Осы мәселедегі бизнестің артық­шы­лықтары мен олқылықтары сарапқа салынып, қай мәселеде мемлекет көмегі қа­жет болатындығын айқындауға ұмтылыстар жасалды. Форум қонақтарының алдында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қысқаша құттық­тау сөз сөйледі. Онда ол “Эксперт РА Қа­зақ­стан” агенттігі мен осы аттас журналға аталған бағытта жүргізген жұмыстарына алғысын білдіре келе қазіргі күні Қазақстан экономикасында оң өзгерістердің қалып­та­сып келе жатқандығын атап көрсетті. Үсті­міздегі жылдың он айының қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі 7 пайызды құраса, өнеркәсіп саласы 10 пайызға алға басқан. Осыған орай К.Мәсімов жағдайды одан әрі жақсарта түсу үшін келесі жылы жеке бизнестің экономикалық белсенділігі қажет болатындығын ескертті. Дағдарыс кезінде мемлекет бұл саланың жұмысына жан-жақ­ты көмектескен болатын. Енді жағдай тұ­рақталды. Экономика қарышты даму ар­насына қайта түсті. Осындай шақта іс тағ­дырын кәсіпкерлік қозғалыстың қарым­дылығы шешетіндігі түсінікті. Мұнан кейін сөз кезегі тиген Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Рау елімізде жүзеге асыру үстіндегі индустриялық-иннова­ция­лық жобалардың жағдайына тоқталды. Бұл жобаларға кәсіпкерлердің белсене қатысуы қажет. Жобаға қатысудың басты шарттары – еңбек өнімділігін арттыру, жаңа техно­ло­гияларды енгізу, осылардың нәтижесінде қуат үнемдеуге қол жеткізу болып та­былады. Еліміздің шикізат секторы едәуір дең­гейде дамыған. Қазіргі таңдағы басты мәселе осы шикізат секторынан алынған өнім­дерді заман талабына сай өңдеу ісіне қол жеткізу болып отыр. Түйінді мәсе­ле­лердің бірі мәшине жасау саласын дамытуға қатысты болып отыр. Өйткені, қазіргі күні Қазақстанға шеттен келетін өнімдердің жалпы көлемінің 41 пайызын мәшине жасау саласының өнімдері құрап отыр. Жұмысты дұрыс жолға қою үшін өнімдерді стандарттау мәселесіне көп көңіл бөлінуі қажет. Мәселен, Елбасының Қазақ­станда дәрі-дәрмек өндірісін дамыту ар­қылы осы саладағы импорттық өнімдерді ығыстыру, осы үшін елімізде саудаланатын дәрі-дәрмектің 50 пайызын отандық өндірісте шығару талабын алға қойғандығы белгілі. Әрине, ол үшін сапа мәселесі бі­рінші орынға шығатыны түсінікті. Отандық өнімдерді халықаралық талап деңгейінде стандарттау, міне, осы үшін қажет. Еліміздің индустрияландыру картасына 294 жоба енгізілген. Олардың жалпы құны 55 миллиард долларды құрайды. Бұл жоба­лар талапқа сәйкес жұмыс істеу үшін оның мониторингі ұйымдастырылатын болады. Үкімет, міне, осы істе бизнес-қауымдас­тық­тықтың бақылаушы болғандығын қалайды. Форум барысында еліміздегі 100 ірі компанияның түсім көлемінде 2009 жыл қорытындысында төмендеу болғандығы атап көрсетілді. Әрине, мұның әлемдік дағдарыстың салдары екендігі түсінікті. Осы мәселеге байланысты “Эксперт РА Қазақстан” рейтингтік агенттігінің бас директоры Игорь Нуждин шикізат сек­торындағы компаниялар бұдан да төмен құлдырауға тап болуы мүмкін екендігін атап көрсетті. Бірақ осы ретте Үкіметтің ұлттық валютаны девальвациялауы іске көп көмегін тигізген. Сарапшылардың келтірген деректері бойынша өткен жыл қорытындысында саудаланған өнім көлемі бойынша бірін­ші орынға “Теңізшевройл” ЖШС, екін­ші орынға “ҚазМұнайГаз” АҚ, үшінші орынға ENRC, төртінші орынға “Қазақ­мыс”, бесінші орынға “ПетроҚазақ­стан” АҚ, алтыншы орынға “Қазақстан темір жолы” АҚ ие болып отыр. Үкімет басшысы форумның пленар­лық отырысы қорытындыланар тұста осы­дан екі күн бұрын өткен “Самұрық-Қа­зына” әл-ауқат қоры” АҚ директорлар кеңесінің кеңейтілген отырысында қор құрамына кіретін компаниялар жағынан қазақстандық азаматтар мен зейнетақы қорлары үшін акцияларды орналастыру және оларды сатып алуға қолайлы жағ­дай туғызу жөнінде шешім қабылдан­ған­дығын жеткізді. Сөйтіп, қорға қарай­тын компаниялардың акцияларын қор рыногына орналастыру ісі 2011 жылдан бастап өріс алмақ. Премьер-Министрдің айтуынша, бұл шара дағдарыстан кейінгі экономиканы қайта жандандыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Астана Саммиті күн санап жа­қын­дап келеді. Әлем назар тігетін алқалы жиында қандай өзекті мәселелер көтерілуге тиісті екендігі жиі талқыға түсе бастады. Осыған орай кеше Қазақстан Республи­ка­сы­ның Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен  Философия және сая­сат­тану институтының жетекші сарапшылары дөңгелек үстел айналасында пікір алмасты. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.