17 қарашада Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының, сондай-ақ ресейлік “Соллерс” компаниясы өкілдерінің қатысуымен Қазақстанда автомобиль өндірісін дамыту мәселелері бойынша жұмыс бабындағы кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Жұмыс тобының Қостанай қаласында автозауыт өндірісін ұйымдастыру жөніндегі ұсынысы талқыланды. Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Камалиев жоба егжей-тегжейлі талқыланғаннан кейін Қостанай қаласында өндіріс қуатын орналастыру туралы ұсыныс әзірленгенін атап өтті. Таңдау логистикалық шығындарды айтарлықтай қысқартуға ықпал ететін Қостанай қаласының орналасқан жеріне, қаланың Ресей рыногына жақын тұрғандығына, сондай-ақ “Агромашхолдинг” компаниясының базасында автомобиль жинау және өндіріске қажетті инфрақұрылымның болуына негізделген.
Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Қостанай қаласында өндіріс қуатын орналастыруға қажетті алаңды және жеңіл автомобилдердің модельдік үлгілерін анықтау бойынша, сондай-ақ салық салу және мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеуге қатысты нақты тапсырмалар берді.