19 Қараша, 2010

Альянс Банкі: Жаңа өнімдер, жоғары сапа басымдылыққа бастауда

371 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Көпшілікке белгілі, бүгінде “Аль­янс Банкі” АҚ қаржы на­ры­ғында тұтынушыларына бірқатар ұтымды әрі қолайлы қызметтерді ұсынумен бірге, бұл бағыттағы іс-шараларды одан әрі жетілдіре түсуде. Әрине, мұндай тиімді қыз­мет­тер арасында орта және шағын бизнес өкілдерін өз есе­бі­нен және мемлекеттік бағдар­ла­малар бой­ын­ша несиелеу, ақ­ша­ны ағымдағы шотқа орналастыру, депозитте сақ­тау, тендерлік ке­пілдемелер және өзге де көптеген жобалар бар. Сөз реті келгенде атап ай­тар­лық жәйт, қазақ­стан­дық “Альянс Банкі” алдағы 2011 жылы өз ак­тивтерін 13 пайызға дейін, яғни 546 миллиард теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Алматыда өткен баспасөз мәс­лихатында “Альянс Банкі” АҚ бас­қар­ма­сының төрағасы Мақсат Қа­башев, міне, осы және күн тәртібінде тұрған өзге де күрделі де маңызды мәселелер жөнінде жан-жақты  баяндап берді. Альянс Банкі басқарма төра­ғасы­ның айтуынша, активтер көлемі қазіргі 460 миллиард теңгеден 546 миллиард теңгеге дейін ұлғаймақ. –             Әрине, келешекте алға қой­ылған жос­парлар біршама, деген­мен дәл қазір ал­ды­мыздағы жаңа 2011 жылы түсетін пайданың нақ­ты көлемін дәл бүгін анықтау мүм­кін емес екені белгілі. Ал, жобалап айтқанның өзінде бұл төмендеу бағытында қаралатын тәрізді. Келер жылы, біздер, банк активтерінің шамамен он үш пай­ызға дейін өсуін күтіп отырмыз. Алайда, оның жартысына жуығы бөлшек саладағы несиелеуге жұм­сал­атын болады. Сонымен, Альянс Банкі 2011 жылдан бастап жаңа стратегия бойынша жұмыс істеуді ұйғарып отырғандығы жасырын емес. Соған орай, алдағы уақытта бөлшек бизнеске басты назар аударылып, банк портфеліндегі бөлшек бизнестің үлесі – 50 пай­ызға ұлғаймақ, – дейді “Альянс Банкі” АҚ басқарма төрағасы Мақсат Қабашев өз ойын ортаға салып. Шын мәнісінде де, еліміздегі қаржы инс­титуттары арасында өнімдері айтарлықтай басымдықтарға және артықшылықтарға ие Альянс Банкі өзі клиенттерінің дамуына қолайлы әрі тиімді жағдайлар жасап, оны одан әрі жетілдіре түсуде. Мәселен, қайта құрылымдау аяқталған соң, жаңа стратегия бойынша жұмыс істей бастаған банк өзінің жаңа портфелі есебінен жиырма бір мыңнан астам жеке тұлғаға несиелендіруі көп нәрседен хабар берсе керек. Сала басшыларының айтуынша, мұның өзіне жалпылай алғанда он үш миллиард теңге көлеміндегі қаражат жұмсалған. Басқарма басшысының пікірінше, “өзі жетекшілік етіп отырған қаржы институтының жұмысындағы ең басты мақсат – клиенттердің мүддесінің ескерілуі, яғни оның бірінші кезекте тұруы”. Бір құптарлығы, “Альянс Банкі” АҚ басқармасының төрағасы Мақсат Қабашевтің сөзі мен ісінің арасында алшақтық көрінбейді. Шағын және орта бизнес өкілдерінің бөлшек саладағы кепілдікті және кепілдіксіз түрде берілетін несие түрлерін 13 пайыздық жеңіл­дікпен алуға мүмкіндігі болуы оған толық дәлел бола алады. Сондай-ақ, Банк жеке тұлғалардың 70 миллиард теңге көлеміндегі 10 мыңнан астам несиелерін, ал ШОБ 254 несиесін қайта құрылымдаған, енді олардың барлығы дерлік стандартты борышкерлерге айналған. “Альянс Банкі” АҚ басшысының несие­лендіру бағытындағы ауқымды іс-шараларын банктің тәуелсіз директорлары Хуберт Пан­дза мен Томас Грассе де қолдайды. Мәселен, Хуберт Пандзаның пікірінше “банктің бұ­рынғы борышкерлерімен арасындағы байла­ныс жақсы, тіпті өте жоғары деңгейде қалыптасуда”. – Менің ойымша, мұның өзі банктің бас акционерімен болған бұрынғы келісімдерге ғана емес, сонымен қатар қаржы институ­ты­ның даму тәжірибесіне қарап және оның ке­лешекте де өркендей түсуіне көмек қолын со­зу­дың, оған ықпал етудің де нәтижесі екендігі сөзсіз. Соған орай, банк қорының депозиттік негіз арқылы да­муы – бұл жалғыз біздің банк­тің ғана емес, сондай-ақ бар­лық банк жүйесінің басты әрі негізгі тұжырымы. Сон­дықтан да, несиені шетелден іздеп, жү­гіріп, шаршап-шал­дық­қаннан гөрі еліміздегі қор­ландыру мүмкіндіктерін ке­ңі­рек пай­да­ланған жөн. Ал, енді өздеріңіз көріп отырғандай, бү­гінгі таң­да жергілікті қара­жат, яғни ақша мен депозит­тер арқылы қорландырудың жеткілікті мөлшерде болуы біздің көңі­лі­мізді қуанышқа толтыруда, – дейді Хуберт Пандза жи­нал­ғандармен өз тұжыры­мы­мен бөлісіп. Хуберт Пандза, сонымен бірге, өткендегі қателіктің енді қайталанбайтынын тілге тиек ете отырып, банктің жаңа кли­ент­тері жөнінде де өз пі­кірін ортаға салды. Оның айтуынша, бұл мәселедегі ең негізгі проблема мұнда тәуекел – менед­жменттің бол­ғанында. “Әрине, біздер, жаңа клиент­тер­дің келгенін қалаймыз, бірақ ол тәуе­кел ме­неджмент сапасының төмендеуі есебінен бол­мауы тиіс, – деп жалғастырды өз сөзін Хуберт Пандза. – Өйткені, ол бізді бұ­рын болған 1,5-2 жылға кері қарай апаратын­дығы ақиқат. Сондықтан да, тәуекел мене­джмент­ке деген талап өте жоғары деңгейде бо­ла­ды. Оның басты себебі – тәуекел менеджменті біздердің барлы­ғымыздың тұрақты әрі жүйелі түрде жұмыс істейтін басты мақсаттары­мыз­дың бірі. Сондай-ақ, банктің ең өзекті артық­шы­лық­та­рының бірі – кеңейтілген филиал­дық желісі мен жаңа ІТ-жобалары екендігін де атап көрсеткім келеді”, – дейді Хуберт Пандза. Баспасөз мәслихатында сөз алған Томас Грассе өз кезегінде күн тәртібінде көтерілген маңызды мәселелерге жалпылай түсініктеме берді. Томас Грассенің есептеуінше, банк бәсекелестікте басымдыққа ие болу үшін, ең алдымен инновациялық қызметтерді, жаңа өнімдерді ұсынуы тиіс. “Тұтынушыларға көр­се­тілетін қызметтің жоғары сапасы мен банк­тегі барлық бизнес-процестердің қарқынын арт­тыру жолындағы жұмыстар және несие беру туралы шешімнің шұғыл түрде қабыл­да­нуы, міне, осының барлығы Альянс Бан­кі­нің алдағы уақыттағы, айлардағы жұмысының басты бағыттары”. Халқымызда “ұйымдастыра білген ұтады” деген ұлағат бар, олай болса, банк ұжымы өз ісін шеберлікпен әрі тиянақты жүргізуді басты қағидаға айналдырып отыр. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.