19 Қараша, 2010

Ешкім медициналық көмектен мұқтаждық көрмейді

443 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйы­мының Астана Саммитіне бір ап­та­дан сәл астам уақыт қалды. Сам­митке қаты­са­тын ресми тұлға­лар мен арнайы ша­қы­рыл­ған қо­нақ­тардың қатары аса ауқымды бол­ға­лы отыр. Ал оларды ме­дициналық жағынан қам­тамасыз етудегі дайын­дықтың барысы қа­лай? Осы­ған байланысты газет тілшісі Астана қа­ласы денсаулық сақтау басқармасының бас­тығы Дәулетхан ЕСІМОВПЕН әңгімелескен еді. – ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық аясында алдын ала әзірленген және бекітілген іс-шаралар жос­парына сәйкес Астана Сам­ми­тіне қатысушылар мен қонақтарды ме­ди­ци­налық қамтамасыз ету бой­ынша кең ау­қым­дағы жұмыстар жүзеге асырылды, – деді Дәу­лет­хан Серғазыұлы. – Бұл іс-шаралар 25 қа­раша мен 5 желтоқсан аралығын қамтиды. Ұйым Сам­миті­нің өтуі барысында бізге қа­тыс­ты сала бойынша жалпы саны 714 адам тар­тылып отыр. Олардың 659-ы медицина қыз­меткерлері. Таратып айтар болсақ, Астана қа­ласының медициналық мекеме­лерінен 566 адам, республикалық меди­циналық ұйым­дар­дан 93 адам бар. Бұл мамандар жедел жәрдем және медициналық пункттерде қызмет ат­қарады. Сонымен қатар, “Астана меди­ци­на­лық универ­ситеті” акционерлік қоғамынан ағыл­шын тілін меңгерген 55 сту­дент пен магис­трантты аудармашы ретінде қосып отыр­мыз. Жал­пылай алғанда, ЕҚЫҰ Сам­миті кезінде 44 медициналық ұйым жұмыс іс­тейтін болады. Олардың 29-ы қалалық, 8-і рес­публикалық, 6-уы жекеменшік, 1-уі Ақ­мола облысының медициналық ұйымы. – Саммит өтетін ғимараттарда және жиынға қатысушылар орнала­сатын қонақ үйлерде медициналық қамтамасыз ету мәселесі қалай болады? – Саммит өтетін орындарда Қазақстан Республикасы Прези­денті Іс басқармасының медици­налық орталығымен бірлескен түрде 6 медициналық пункт ұйым­дастырылды. Ал Саммитке қаты­су­шылар мен қонақтар орналаса­тын қонақ үйлерде жалпы саны 24 медициналық пункт жасақталып, қажетті ме­ди­циналық құралдармен толық жаб­дықталды. Бұл меди­циналық пункт­тердің 11-і ресми делегациялар орналасатын қонақ үйлерде, 13-і бұқаралық ақпарат құ­рал­да­рының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ ресми де­легацияларды алып жүру­шілер тоқтайтын қонақ үйлерде орна­ласқан. Жиын өтетін ғи­ма­раттар мен қонақ үйлердегі меди­циналық пункт­тердің барлығы тәулік бойы жұмыс істейді. Қонақ үйлердің әрқайсысына Астана қаласы медициналық мекемелерінің бірінші бас­шысы деңгейінде куратор бекітілді. Елу адам­нан аспайтын тұрғыны бар қонақ үйлерде медициналық кө­мек­ті қажет болған жағ­дайда медициналық ұйымдардың ма­ман­дары мен қалалық медициналық жедел жәрдем стансасының қыз­меткерлері жүзеге асы­рады. Сондай-ақ жедел жәрдем стансасы ма­мандарының және республи­калық дең­гей­дегі клиникалардың есебінен іс-шаралар өте­тін жер­лерде, ресми делегациялар орна­ласқан қо­нақ үйлерде медици­налық жедел жәрдем бригадалары ұйымдас­ты­рылып отыр. Мысалы, Тәуелсіздік сарайында, Бейбіт­шілік және келісім сарайында, Өнер уни­вер­си­те­тін­де екі-екіден алты бригада тәулік бойы қызмет етеді. Медициналық пункттер мен же­дел медициналық қызмет көрсететін бри­га­далардың барлығы қажетті дәрі-дәрмек түр­лерімен, медициналық құрал-жаб­дық­тармен, байланыс телефонда­ры­мен толық қам­тамасыз етілді. – Медициналық көлік түрлері­мен қамту жайы шешілді ме? – Саммит кезінде жалпы саны 83 ме­дици­налық-санитарлық авто­көлік жұмыс істейді. Оның ішінде жаңадан сатып алын­ған 23 реа­нимобиль бар. Сонымен қатар, тө­тен­ше жағдай бола қалған жағ­дайда, қаланың ме­дициналық ұйым­­дарынан 13 санитарлық кө­лікті резервке қою да қарас­ты­рылған. Бү­гінде көліктердің бар­лығы дайын тұр. Бұл мә­селе толықтай шешілген. – Жамандықтың бетін аулақ қылсын, дегенмен де төтенше жағ­дайлар орын ала қалса, ауруханалар адамдарды қабылдауға дайын ба? – Дайын. Бұған елорданың ауруха­налары мен клиникала­рын­да 51 палата қарас­­ты­ры­лып отыр. Оның 31-і респуб­ликалық кли­ни­каларда, 16-сы қа­лалық, 4-уі Це­линоград ай­мақ­тық клини­калық ауруханасында. Бұлар­дан бөлек Президент Іс басқармасының ме­ди­циналық орталығы аурухана­сында бір тө­сектен тұратын 12 па­лата жабдықталды. Сонымен бір­ге, тө­тенше жағ­дайлар бола қалған жағ­дайда, шұ­ғыл түрде қо­сымша 169 орын ұйым­д­ас­ты­рылады жә­не адам­дар­ды стацио­нар­ларда шұ­ғыл жат­қызу үшін ша­мамен 1,5 мың орын дайындалады. Егер жұқпалы аурулар тараған жағдайда қаладағы №2 ау­ру­ханадан жедел түрде 60 орын қосымша ұйым­дас­тырылады. Бұған жұқпалы аурулар ауру­ханасы дайын. Ал “Қан орталығы” мем­лекеттік кәсіпорнында 300 литр мұздатылған плаз­ма, 160 литр эритроцит, 100 литр аль­бу­мин қан және қан алмастырғыштар қоры жинақталды. Қаладағы барлық медициналық ұйымдар мен мекемелер орысша-ағылшынша дайын­дал­ған тілдес­кіш сөздіктермен қамтамасыз етілді. Саммитке қатысушылар мен қонақ­тар­ды медициналық қам­­тамасыз етуді ақ­па­рат­тан­дыруға байланысты 5 мың дана анық­­та­малық шығарылды. Онда елордадағы ме­ди­циналық мекеме-ұйымдардың басшылары мен жауапты тұлғалардың аты-жөндері, бай­ла­ныс телефондары, қонақ үйлердің мекен-жай­лары, теле­фондары көрсетілген. Ал қонақ үйлерге таяу маңдағы дәріханалар мен тіс емдейтін емханалардың орналасқан жері, телефондары, басшыларының аты-жөндері, жұ­мыс кестесі көрсетілген тізім қо­нақ үй­лердің рейсепшніне берілетін болады. – Дәулетхан Серғазыұлы, барлық меди­ци­налық күш Саммит меймандарына жұмыл­дырылып, жедел жәрдемнен, медициналық басқа да көмектерден елорда тұр­ғындары мұқтаждық көріп жүрмей ме? – Ешқандай мұқтаждық көр­мейді. Күн­де­лікті шығып жүрген жедел жәрдем мә­ши­не­лерінің саны қанша болса, Саммит күндері де соншалықты көлік жедел жәрдем қызметін ат­қарады. Бұған 37 жедел жәрдем мәшинесі бө­лініп отыр. Ал саммит кезінде қаланың сол жа­ғалауына жүретін көлік қа­тынасы уақытша шектелетін­діктен, онда алты жедел жәрдем мәшинесі сондағы тұрғындарға медициналық қызмет көрсету үшін жұмыс істейді. Осы тұс­та айта ке­тейін, елордадағы клиникалар мен ауруханаларға еліміздің өзге аймақтарынан жоспарлы түрде жатып, емделуге келетіндерді ауру­ханаларға қабылдау 20 қарашадан бастап уа­қытша доғарылады. Өйткені, олардың жататын орны Саммит жұмысын аяқтағанша бос ұсталынады. Егер қала тұрғын­дарын шұ­ғыл түрде ауруханаға жатқызу қажет болса, олар сол бос орындарға жатқызылады. Елор­да­лықтарға бұл жағынан да ешқан­дай про­бле­ма болмайды. Сондық­тан көпшілік ара­сында медици­налық барлық күш-мүмкіндік сам­митке қатысушыларға жұмылды­ры­лып отыр деген түсінік тумауы тиіс. – ЕҚЫҰ Саммиті өтетін 1-2 желтоқсан демалыс күндері деп жарияланды. Бұл күндері емханалар жұмыс істей ме? – Бұл екі күн Астана тұрғын­дары үшін демалыс болғанымен, қаладағы емханалар да, ауру­ханалар да жұмыс істейді. Өйткені, жиынға келгендер де, қала тұр­ғындары да ем қабылдауға келіп қалуы мүмкін. Сонымен қатар, Саммитке қатысушылар орна­ла­са­тын қонақ үйлерге, оған жақын маңдағы бір-бір­ден тіс емдейтін емханалар бекітілді. Олар да тәулік бойы жұмыс істейді. Себебі, тіс – аяқ ас­тынан қақсап, мазаңды алатын әрі айтпай ке­летін ауру. Қажет бола қалса, тіс ем­ха­на­ла­рының мекен-жайын, байланыс теле­фон­да­рын қонақ үй ресеп­шнінен алуларына бо­ла­ды. Тіс дәрігерін қонақ үйге шақыруға да мүмкіндік қарастырылған. Бұдан басқа қо­нақ­тар тамақтанатын мей­рамханаларға да ем­деу мекемеле­рінен бір-бірден қызметкер ку­ра­тор ретінде бекітілді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.