20 Қараша, 2010

Уақыт үнемдеудің тиімді жолы

645 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дәлелдеуді қажет етпейтін бір ақиқат бар, ол, ең алдымен, уақытқа тікелей қатысты. Анығырақ айт­қан­да, өз уақытын үнемдей білген және ұтымды пайдаланған адам ғана бір­қатар шаруаны шұғыл түрде бітіре ала­ды. Сонымен, бұдан былай ал­тын­ға пара-пар уақытты үнемдеудің тиімді жолы – электронды сандық қолтаңба болмақ. Кеше Ақпарат және байланыс министрлігі Электронды сандық қолтаңбаны (ЭСҚ) жеделдетіп беру акциясын бастады. Бұл акцияның ашылу салтанаты оңтүстік астана­да­ғы “Мега-Алматы” сауда-ойын-сау­ық орталығында өтті. Республика­да­ғы алғашқы жаңа жоба – элек­трон­ды сандық қолтаңба акциясын   Бай­ланыс және ақ­парат министрі Ас­қар Жұмағалиев бейнеконферен­ция арқылы ашып, сөз сөйледі. – Атап айтарлығы, “NON-stop ЭКЦ” жаңа жобасы, яғни электрон­ды сандық қолтаңбасының өзінің уақытын бағалайтын әрі қадірлей білетін әрбір қазақстандық үшін маңыздылығы жоғары. Сондықтан да, еліміздегі тұрғындардың элек­трон­ды сандық қолтаңбаға ие болуы қажет, өйткені оның күнделікті тіршілікте көмегі мол екендігі сөзсіз. Мәселен, оның көмегімен интернет арқылы электронды мемлекеттік қызмет түрлеріне қол жеткізе аласыз, – деді министр . “Мега-Алматы” сауда-ойын-сау­ық орталығына келіп, жаңа жобаның ашылу салтанатына қатысқан өнер ше­берлері, шоу-бизнес және ІТ са­ла­сы өкілдеріне электронды сандық қолтаңба салтанатты түрде тапсы­рыл­ды. Олардың арасында Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген әртісі Ерлан Көкеев, шолушы Андрей Сьедин, актриса Ольга Ландина және басқа­лар бар. Қонақтар бұл акцияға қа­ты­су себептерін өздерінің жаңа тех­но­логияға қызығушылық таныту­лары­мен және келешекте электрон­ды сандық қолтаңбаны пайдалану арқылы жаңа мүмкіндіктерге қол жет­кізгісі келетіндіктерімен түсін­дірді. Шын мәнісінде де, “Электронды үкіметтің” ұсынып отырған қызмет­­тері қазақстандықтар үшін қолай­лы­лығымен ерекшеленуде. Сондай-ақ, бұл қызметті елімізде оған тілек біл­дірушілердің барлығы да пайдалана алады. Электронды сандық қол­таң­баны жеделдетіп беру акциясы “Мега-Алматы” және “Мега-Аста­на” сауда орталықтарында 19 қа­ра­шадан бастап, желтоқсан айының 16-сына дейін жалғасады. Төл­құ­жат­ты алып келіп, бес минөттің ішінде электронды қолтаңба алуға болады. Бүгінде “Электронды үкіметтің” www.egov.kz порталында Әділет, Қаржы, Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрліктері мен салық комитетінің алпыс түрлі қызметтері  ұсынылған. Ал, олардың ішінде жыл­жымайтын мүлікке қатысты анық­тама, әлеуметтік жеке кодтың көшірмесі, онлайн түрінде салық және айыппұл төлеу сияқты көпші­лік­тің жоғары сұранысына ие қыз­меттер бар. “Электронды үкіметтің”  http://egov.kz/wps/ portal/EDSR egіstratіon порталына өтініш жіберу арқылы ЭСҚ алуға болады. Жасы­ра­тыны жоқ, кез келген қызметте қиындықтар  кездесуі әбден мүмкін. Мәселен, электронды сандық қол­таңбаны алу және оны қолдану бой­ынша қандай да бір түсініспеушілік туындаса, азаматтардың 1414 теле­фонына қоңырау шалып, “egov” call орталығына хабарласуына болады. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы. Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.