Сіз не дейсіз?
Елбасы мемлекеттік бюджет пен Ұлттық банктің сметасынан қаржыландырылатын органдардың штаттық санын оңтайландыру туралы Жарлыққа қол қойды. Ол қараша айынан бастап күшіне енді. Мемлекеттік қызметкерлер осыған байланысты бір ай алдын ала хабарландырылған. Реформа нені көздейді және қалайша жүзеге асырылады?
“Егемен Қазақстанның” Ақмола облысы бойынша тілшісі Бақберген АМАЛБЕК Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі облыстық басқармасының бастығы, тәртіптік кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұловқа:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Мемлекеттік қызмет өзінің құрылымдық жүйесі мен логикасына сәйкес үнемі даму үстінде болуға тиісті. Уақыттың өзгеруі мен өскелең талаптары алдымызға жаңа міндеттер қоюда. Сондықтан, мемлекеттік қызметті реформалау немесе оның дамуы тұрақты сипаттағы үдеріс. Қазақстанда 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік аппарат қызметін жетілдіру арқылы адамдар өмірінің сапасын арттыруға негізделген кезеңдік әкімшілік реформа іске асырылуда. Оның негізгі бағыттары мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарттарын талдау және енгізу, мемлекеттік басқару құрылымдарын жетілдіру, оның тиімділігін арттыру, еңбекақы мен әлеуметтік төлемдердің кепілдігін қамтамасыз ету, сонымен бірге, мемлекеттік қызметкерлер санын оңтайландыру (қазіргі жағдайда 15 пайыз) болып табылады. Жарлықты орындау арқылы, құқық қорғау және сот органдарын қосып есептегенде, республикамызда 26 мың адам қысқартылып, 2011 жылы 18,6 миллиард теңге бюджет қаржысы үнемделеді.
Облыстағы мемлекеттік қызметкерлердің саны (құқық қорғау және сот органдарын қоспағанда) 6934 бірлікті құрайды. Оның ішінде 500-дейі ваканттық лауазымдар. 15 пайызы – шамада 1000 бірлік. Бірінші кезекте қысқартуға бос орындар тартылатынын ескерсек, онда қысқартуға ілінетіні – 500 қызметкер. Жарлық талаптары өзге бюджеттік мекемелердің қызметкерлерін қамтымайды.
Қысқарту қолданыстағы заңнамаларға сай жүргізілуде, яғни ешкімге артықшылық берілмейді. Мәселен, жас маманға жүктелген лауазым қысқартылатын болса, ол – қысқартылады. Үш жылдан кем емес жұмыс өтілі барларға төрт айлық еңбекақы көлемінде өтем төленеді, қалғандары жалпы негізде босатылады. Ал, жүкті және бала күтіміне байланысты демалыстағы әйелдер қысқартуға жатпайды. Бұған қосып айтарым, ауылдық әкімдік аппараттарын оңтайландыру қарастырылмаған. Есесіне, қалалық және аудандық әкімдіктердегі 2-4 адамнан тұратын дербес бөлімдердің тиімділігі туралы ойланып көрген жөн.
Әрине, кез келген оңтайландыру мемлекеттік қызметкердің мүддесіне әсер ететіні белгілі. Бірақ, еңсені түсірудің қажеті жоқ. Жағдайды мұқият талдап, жұмыс өтілі мен іскерлігін, мамандығын ескеріп, басқа мекемелерге жұмысқа тұруға, еңбекке орналастыру бөлімдеріне хабарласуға, өз ісін ашуға тырысу қажет. Облысымызда өзін-өзі танытудың барлық мүмкіндіктері бар деп есептеймін.
Ақмола облысы.