20 Қараша, 2010

Әке парызы оңай ма?

1262 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Әкенің парызы оңай деп еш­кім айта қоймас. Өз ұрпағының болашағын ойлаған “әкенің жақ­сылығы жездедей-ақ” деген бекер. Халқымыз “әке –асқар тау” деп оның бағасын орынды берген. Қазір балаларын анасыз өзі ғана тәрбиелеп отырған әкелер бар. Оның есесіне әр әйелге бір-екі баладан тастап, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен секеңдеп жүр­гендер де жетерлік. Сонымен қатар, әке мен баланың арасын­дағы түсініспестік қай заманда да өзекті болған мәселе. А.Байтұр­сынов атындағы Қостанай мем­лекеттік университетінің базасын­да құрылған “Әкелер мектебі” енді әкелердің түйінді мәселе­леріне жауап беретін болады және әке тәрбиесімен де айналысады. Бұл аяқ астынан басталған іс емес. Негізі осы оқу ордасындағы “Пси­хология және педагогика” ка­федра­сы 2007 жылдан бастап тұр­ғындардың денсаулығы тақы­ры­бына кешенді ғылыми жұмыстар жүргізіп келеді. Өткен жылы бұл кафедра жұмысына Қостанай қалалық білім басқармасы қосыл­ды, бірлесе отырып “Отбасы пси­хи­калық денсаулығының актуаль­ды проблемалары” атты халықара­лық конференция, мектеп пси­хологтарының “Суицид, мектеп, отбасы” атты бір күндік семинар-тренингін өткізді.Үстіміздегі жылы Қостанай қаласындағы мектептер­дің сынып жетекшілері мен ата-аналар “Отбасы мен мектептің бірлесе жұмыс істеуі – оқушы­лардың психикалық денсаулығы­ның алғышарты” атты ғылыми-практикалық семинарға шақы­рыл­ды. Осы күзде облыс әкімі жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы, мемлекеттік және банк мекемелері қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитетімен бірігіп, “Менің әкем–ең жақсы әке” атты жобасы жұмыс істей бастады және “Әкелер мектебі” жобасын құру жөнінде шешім қабылданды. – Конфуций айтқан “Отба­сы–шағын мемлекет” деген қанат­ты сөздің актуальдылығы ешқашан кемімейді. Біздің елі­мізде де от­басы өте күрделі кезең­ді бастан ке­шіп тұр. Олай дейті­нім, отбасын­дағы, бала тәрбие­сіндегі әкенің үлесі тым кеміп кетті. Әкенің ай­бынын жоғалтып алдық. Ер-аза­мат­тың отбасылық өмірде, ұрпақ тәр­биесінде белсен­ділігін арттыру басты міндет болып табылады,–дейді осы жобаның авторы, пси­хология ғылымдарының канди­даты, профессор Лилия Саркисян. “Әкелер мектебіне” келуші­лерге психологтар, әлеуметтік пе­да­гогтар дәрістер оқиды. Оған же­текшілік жасайтын медицина ғы­лымдарының кандидаты Игорь Василенконың айтуынша, сабақ­тарда тек әкелермен ғана әңгіме болып қоймайды, олардың бала­ларымен бірге тренингтер өтеді. Ал бір қызығы, мектепке келіп дәріс тыңдауға тілек білдіргендер қатары күннен күнге көбейіп отыр. – “Әкелер мектебінің” алғаш­қы сабағының өзіне жүзден аса әке жиналды. Сабақ өте қызықты өтті. Біз келушілерге айына бір рет бас қосып тұрайық деген ұсыныс айтып едік, әкелер сабақтың апта сайын өткенін қалап отыр,–дейді Игорь Василенко. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.