23 Қараша, 2010

Ауылдағы ғажап балабақша

837 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Облыс әкімі әлсін-әлсін жұмыс са­па­ры­мен алыс ауылдарға шығып, халық­пен бетпе-бет жүздесіп, елдің тұрмыс-тір­шілі­гімен тереңірек танысуды дәстүрге айнал­дырып келеді. Жақында осындай жұмыс сапарымен Ойыл ауданында бо­лып қайтты. Бұл жолы Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­стан­ның жа­ңа мүмкіндіктері” атты Қазақ­стан халқы­на Жолдауында айтылған “Балапан” бағ­дар­ламасы аясында осы ауданның Сар­бие ауылында салынған “Әсем” балабақ­ша­сының ашылу салтана­тына арнайы келді. Сарбие – облыс орталығынан 300 ша­қырым қашықта орналасқан шалғайдағы ауыл. Дегенмен, жүрдек көлікпен әп-сәтте-ақ жетіп келдік. Үлкен-кішісі ауыл орта­сын­дағы ақшаңқан “Әсем” балабақ­ша­ның алдына жиналыпты. Көңілдері кө­теріңкі, жүздерінен қуаныштың лебі еседі. Жаңа типтік үлгіде салынған бала­бақ­шаның құрылысына облыс­тық бюд­жеттен 162,5 млн. теңге қаржы бөлін­ген. Құ­рылыс жұ­мыс­тары бір жылда аяқта­лып­ты. Сырты силикат кірпішпен қапта­лып, төбесі осы заманғы жабындық ма­териал­мен жабылған ғимарат жұтынып-ақ тұр. Су жаңа жи­һаздар қойылып, кілем­дер төселген бала­бақшаның іші де көңілге қонымды. Бөлме­лері кең де жарық, ұядай жылы. Бір бү­йірде жатқан құбақан тірлікті шалғайдағы ауылға облыс әкімі Елеу­сін Сағын­дықов­тың өзі келіп, бұл шараға үлкен мән бер­геніне сарбиеліктер дән риза. Қашанда адам­дардың жағдайын бірінші кезекке қоюға дағдыланған әкім сар­биеліктермен емен-жарқын әңгімелесті. – Бұл Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев тапсырмасының орын­далып жатқандығы­ның бір көрінісі. Жылдың басында Ел­басы тарапы­нан барлық облыстағы ат­қару­шы билік алдына қадау-қадау міндет­тер қойыл­ған-ды. Соның бірі – кезінде жер-жерде жабылып қалған бала­бақ­ша­ларды қайта ашу, бала­бақ­шалар санын көбейту болатын. 2020 жылға қарай Қа­зақ­станда мектеп жасына дейінгі балалар­дың барлығы бала­бақшамен қамтылуы тиіс деген міндет қо­йылды. Жеке қолға өткен балабақша ғи­мара­ттарын қайтару жолын қарау қажеттігін Елбасы осыдан 5-6 жыл бұрын айтқан еді. 2004 жылы Ақтөбеге облыс әкімі бо­лып қыз­мет­ке кел­генімде осы мәселені бірден қолға алып, барлық аудан басшыларына тап­сыр­ма бергенмін. 2004 жылы мектепке дейінгі балалардың тек 21 пайызы ғана балабақ­шаларға баратын. Содан бергі алты жылда облыста жаңадан 150 бала­бақ­ша, мектеп жанынан 250 шағын орта­лық ашылып, қазір мектеп жасын дейінгі бала­лардың 85 пайызы балабақ­шамен қамта­масыз етілді. Бұл – респуб­лика­да­ғы ең жоғары көрсеткіш. Ал, мы­на сіздер­дің ауыл­дарыңызда пай­далануға беріліп отыр­ған “Әсем” балабақша­сы – биыл ашы­­лып тұрған отыз үшінші балабақ­ша. Облыста мектеп жасына дейін­г­і бала­ларды 2020 жылға қарай емес, 2012 жылға дейін бала­бақшамен толық қамтамасыз етудің ал­ғышарттары бар. Біз Елбасы тап­сыр­масын мерзімінен біраз бұрын орындау­ды көздеудеміз. Ал Ойыл ауданы әкімі Мұхтар Жұмағазиев­тің жоба-жоспары бо­йынша, 2011 жылы балабақша мәселесі то­лық ше­шілетін болады. Келесі жылы көр­­шілес Қараой ауылында да осын­дай бала­бақша ашы­ла­ды деп жоспарлап отыр­мыз. Оның жоба­лау-сме­талық құжаттары дайын­далуда, – деді Елеусін Наурыз­бай­ұлы жаңа бала­бақ­шаның салтанат­ты ашылу рәсіміне жинал­ғандар алдында. Жаңа ғи­ма­раттың құ­ры­лыс жұмыс­тарын жүр­­гіз­ген мер­дігерлік мекеме  “Хим­строй-Ақтөбе” ЖШС директорының міндетін ат­қару­шы Владимир Губанов ба­ла­­бақша мең­геру­шісі Раушан Ке­рей­ге балабақ­шаның символ­дық кілтін тап­сырды. Ата-ана­лар атынан сөз алған зейнет­кер-ұстаз, көп ба­ла­лы ана Рә­би­ға Жұмабаева осын­дай ер­тегі­дегідей балабақ­ша салып берген Елбасына ризашылығын біл­дірді. Бүл­дір­шін­дер өлең ай­тып, би биледі. Ақ жаулықты әже­­­лер шашу шаш­­­­­­ты. Екі бірдей немересі осы балабақ­шада тәрбие­леніп жат­қан ауыл ақсақа­лы Мұхит Керей­ұлы өлеңдетіп бата берді. Сарбие ауыл­дық округінің әкімі Рыс­бай Есмұхановтың айтуынша, бұрынғы ескі балабақша апатты жағдайда тұрған. Ол балабақша 25 орындық болып­ты. Соның негізін­де ашылған жаңа “Әсем” бала­бақшасында  төрт топта 50 бала тәр­­биеленуде. Бұрынғы ескі бала­бақшада 14 адам жұмыс жасаса, жаңа балабақшада барлығы 25 адам еңбек етеді, тағы да қосымша он бір жұмыс орны ашылыпты. Сапақкөл мектеп-балбақша­сында 50 мұ­ғалім жұмыс істейді. Бұл мектеп-бала­бақша 1988 жылы пай­да­лануға берілген екен. Биыл “Жол картасы” бағдарламасы бо­йын­ша ғимаратына 30 млн. 472,2 мың тең­геге бөлініп, күрделі жөндеу жүргізі­ліпті. Ауылға келген ресми өкілдер мектепке де атбасын тіреді. Мектеп директоры Дана Жолды­баеваның мәлімдеуінше, мұнда ин­терактивті тақтамен жарақтан­ды­рылған физика бөл­месі, спорт зал, асхана, ше­бер­хана, мәжіліс залы бар. Қазір мұнда 271 оқушы білім алуда. Осы мек­тептің өзінен ғана 84 оқушы “Ауыл­дың гүлденуі – Қа­зақ­станның гүл­денуі” мара­фон-акциясына қаты­сып, туған ауыл­­дарын көріктен­діруге атсалысып­ты. Сарбиеде қазір 232 үй тұрады. Мұнда 29 шаруа қожалығы, 2 өн­діріс­тік коо­ператив бар. Өткен жы­лы осында фелдь­шерлік амбула­тория пайда­лануға берілсе, биыл су құбыры іске қо­сылды. Ауылдан үдере көшу тоқтады. Аудан және облыс ор­та­лығына жеке көліктер кідіріссіз қаты­нап тұр. Алыс-жақындағы ағайын-туыспен теле­фон арқылы байланыс жақсы, ұялы те­лефон да қабылдайды. Ауыл­дықтар биыл­ғы қуаңшылықты да онша сезініп отырған жоқ. Барлық тұрғындар қысқа түсетін малына жетерлік пішенін түсіріп алған. Әр үйдің ауласынан кемінде он-он бес ірі қара, 20-30 қой-ешкі өреді. Ша­руа­сын жүр­гізіп, тұрмысын түзеп алғандары отарлап қой, табындап ірі қара өсіріп отыр. Бұл сапар барысында күзгі жауын-шашынға ұрындырмай шөптерін түсіріп, жемдерін құйып алған ауылдық­тардың шаруақорлығына тәнті болдық. Алыс ауылдағы іскерлік ахуалдың өзгелерге өнеге боларлық екеніне көз жетті. Тірке­мелерге тиеп, сатуға әкеліп тұрған пішен мен жем­нің бағасына қызығушы­лық таныт­тық. Олар ұсынып тұрған баға ауыл­дықтар үшін қолжетімді болып шық­ты. Әкім фельд­шерлік амбулатория­ны да аралап көрді. Бұдан кейін облыстан келген ресми өкілдер аудан орталығына келіп, тағы бір­неше нысанды ара­лады. Елдің жағ­дайымен танысты. Ойылдағы қазақ орта мектебіне 2008 жылы күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп, жаңадан құрал-жабдықтар алынған. Мұнда 457 оқушы білім алады. Мектептің ин­терактивті тақтамен жабдық­талған физика, биология, мульти­медиялық лингофондық бөлмелері, жаттығу залы, кітапхана, осы заманғы құ­рал­дармен толық жабдықталған ас­хана, шеберхана, медици­налық бөл­месі, спорт залы, 150 орындық мә­жіліс залы бар. Об­лыс басшысы “Дип­ломмен – ауылға” бағ­дарла­масы аясында жұмыс жасап жатқан жас мамандармен, оқушылармен кездесіп, біраз сұхбаттасты. Ауыл­дарда да өмірдің жақсарып, тұр­мыс­­тың түзеліп келе жатқанын жет­к­ізді. Елба­сы Нұрсұл­тан Назар­баев­тың ақтөбе­лік­тер бастаған “Ауыл­дың гүлденуі – Қазақ­стан­ның гүл­денуі” марафонын алда­ғы жылы рес­пуб­лика деңгейінде өт­кізуге тапсырма беріп отырғанын мақ­танышпен айтты, бұған жас­тар­дың өздері бастамашы болып, же­місті еңбек еткендерін тілге тиек етті. Бұдан соң қонақтар Ойыл аг­рар­лық колледжінде болып, колледж жанынан салынып жатқан жаңа жатақхана мен оқу ғи­маратының құрылыс жұмыс­тарының барысымен танысты. Ғимараттың құры­лыс жұмыстары алдағы жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.