Дүйсенбіге дейін Қазақстан медальдарының жиынтығымен 5-6-шы орында болғанымен, командалық есепте 10-шы орында тұр.
Ауыр атлеттердің соңғы жарысында көрсеткіштерінің өз тобындағылардан жоғарылығына әрі жеке өзінің намысына сеніп алтын алады деп барған Сергей Истоминнің қолаға қолы әзер жеткенде көңіліміз қоңылтақсып қалған. “Қазақтар, қызықсыңдар-әй, деп еді ауыр атлеттер федерациясының президенті Қайрат Тұрлыханов. – Бара-бара қола медальды медальға санамайтын болдыңдар ғой”. Санағымыз келеді. Сапасы болса. 10 емес, 100 қола медаль жабылып 1 алтынның салмағын баса алмай жатқанда алтын іздеген біздікі де әбестік емес шығар. Қазақстанның көздеп келгені 10-орын емес, 4-ші еді ғой. Қазір ол орынды Иран меншіктеп алған. Жексенбі күні грек-рим күресінен бәске түскен 3 салмақтағы 2 алтынды Иранның каһарман жігіттері олжалап кетті. Қазір 12 алтын медалі бар Иран қалған 4 салмақта да алтынсыз қалмайды. Ал, еркін күрес олардың ұлттық күресімен пара-пар. Сонда дабылды біз ұрмағанда кім ұрады?! Табалағанымыз емес, қазақ спортының бұған дейін де тұлыпқа мөңіреген сиырдай халін талай рет жазғанбыз. Егер Азия ойындарының әр кезеңін есепке алатын болсақ, өсіп келе жатқан жоқпыз, төмендеп келе жатырмыз. Бұрыңғыдан қаржыны 5-6 есе артық жаратсақ та. Сүйегін сықырлатып онсайысқа салған Карповтан, триатлонда Гаагтан, мылтық атуда Довгуннан, алпысты алқымдаған Беляевадан әлі күнге дейін алтын күтеміз. Ізбасарлар қайда?
Туризм және спорт министрі Т. Досмұхамбетовке рахмет. Буыны босаған, шегесі қисық қағылған спорт түрлеріне талдау жасап, қордаланған проблемаларды су бетіне шығарып жатыр. Оған “Егемен Қазақстандағы” еркін күрес, дзюдо түрлерін байыппен талдағаны дәлел. Бізде облыстарда спорт басшыларын облыс әкімдері тағайындайды. Кімді болса соны. Шегенің қисық қағылғанын осы жерден бастап іздеу керек. Бір сөзбен айтқанда, үлкен спортқа үлкен реформа қажет. Бұған қорытынды мақалада арнайы оралармыз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, елден шыққанда діттеген 23 алтынды енді толық ала алмайтынымыз белгілі болды. Қалған 5 күнде алынуға тиісті несібемізді ойлағанда әлі де 4 орыннан үміттіміз. Бір әттеген-айы, медальға таласады деген боксшыларымыздың қатары күн сайын сиреп келеді. М.Жақыпов, А.Серімов, Д.Төлегенов, В.Левиттің қатарына жексенбі күні С.Башенов қосылды. Біржан Жақыпов алғашқы жекпе-жегінде әлем чемпионы, Олимпия ойындарының күміс жүлдегері моңғол Пуревордж Серданбаны 9:0 есебімен әдемі жеңді. Ежелгі қарсыласы Зу Шимингпен, құдай қаласа, финалда кездеседі. Екеуі екі топта. Серік Сәпиев қарсыластарын 3 раундқа жеткізбей шаруасын тындырып жатыр. Таэквондошы Феруза Ергешеваның ерлігін атап өтуге болады. Иран және Филиппин таэквондошыларын жолда қалдырған қызымыз финалда Олимпия ойындарының чемпионы, Азия мен әлем біріншіліктерінде 1-3 орындардан төмендемейтін қытай Ли Веймен айқасты. Бір ұпайға ғана ұтылды. Есеп 3:4. Жексенбі күні А. Бектұрғанова бастаған төрттігіміз семсерлесу спортында алдына Қытай, Корея командасын салып, үшінші орынға іліксе, шпагадан С.Шабалин бастаған жігіттеріміз Үндістан, Қырғызстан, Қытай төрттігін әдемі жеңіп, финалға өтті. Корейлерге есе жіберіп, күміс медаль олжалады. Бұл да жақсы жетістік. Құрамында қазақ самбосын дамытуға өлшеусіз еңбек сіңірген бапкер Керей Қойшыбектің қызы Айнұр Керей бастаған мәнерлеп жүзушілеріміз қола медальға ие болды. Бірінші орын алған Қытай – 97,125 ұпай, Корея – 94,00 ұпай, Қазақстан 85,375 ұпай жинаған. Гандболшы қыздарымыз жақсы келеді. Жағажай волейболында да жағдай жаман емес.
Грек-рим күресі басталды.
Өткенде боксшымыз Д. Төлегенов аумағы Қазақстанның бір ауданындай ғана Бутан мемлекетінің боксшысынан жеңіліп еді. Бұл жолы алтын медаль алады деп сенген балуанымыз Нұрбақыт Теңізбаев үнді Шингтан сүрінді. Марат Кәрішалов (55 кг) азамат екен. Кейіннен 1-ші орын алған жапон балуанынан алғашқы белдесуінде жеңілгенімен, жапон финалға шыққандықтан 3-ші орынға күресуге мүмкіндік алды. Таиланд балуанын 4:0 есебімен ұтқан Марат қола жүлде үшін әлемнің 5 дүркін жеңімпазы ирандық Сурианмен белдесті. Партерде Сурианды солқылдатып жұлып алған ол екінші кезегінде жерге желімдеп тастағандай жатып алды. Есеп біздің жігітте. 3:0. Әлемде 5 рет, Азияда 2 дүркін алдына ешкімді салмаған иран балуанына Марат Кәрішалов 1 ұпайды да ұстатпады. Дархан Баяхметов (66 кг) жақсы бастаған. Өзбекстандық Бесики Салдадзені 3:0, ирандық Иша Хусейнді 3:0, жапон Фужимураны 3:0 есебімен жеңген балуанымыздың финалда иран Абдували Шаедке күші жетпеді. Үш кезең бойынша 3:1 есебімен жеңілді. Иран қара күшке мықты екен.
Сырт көз – сыншы. Бейжің Олимпиадасында шиыршық атып орында тұра алмаған, өршеленіп күрескен Нұрбақыт Теңізбаев пен Дархан Баяхметовті көре алмадық. Екеуі де шаршаулы шықты. Денелерінен қуат сыртқа теппейді. Сылбырлау күресті. Даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов ешқайсын қазылардың қараулығына берген жоқ. Жақсы күресетін реттері еді. 22 қараша күні Әсет Мәмбетов (96 кг) финалға өтті. Қырғыз балуанынан ұтылған Роман Мелешин қола медаль үшін белдеседі. Велошабандоздардан ағайынды Иглинскийлер 180 шақырымдық жарыста жүлдеге іліге алмады. Қылыштасуда Ж.Тұрлыбеков, Е.Фролов және Е.Тіленшиев жартылай финалда Корея үштігіне 45:33 есебімен жеңіліп қола медаль жеңіп алды. Айта кетерлігі, Корея құрамасы семсерлесуде қазақстандықтар үшін Абылай аспас сары бел болып тұр…
Бет қатталып жақтанда Азия ойындарынан тағы бір алтын жүлденің сыңғыры естілді. Жеңіл атлетикадан 400 метрге жүгіруде Ольга Терешкова мәреге бірінші келіп, алтын медальды мойнына тақты. Ал онымен бірге сынға түскен Марина Масленко осы қашықтықта қола жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, семсерлесуде ерлер құрамасы күміс жүлдені, ал синхронды жүзуде қыздарымыз қола медальді жеңіп алды.
Грек-рим күресінен Әсет Мәмбетов пен Дархан Баяхметов қарсыластарына есе жіберіп алды. Сөйтіп, олар күміс жүлдеге ие болса, тағы бір балуанымыз Алзахор Өздиев қола медальды қанағат тұтты. Кешегі белдесулер еліміз үшін осындай нотамен аяқталар тұста 74 кило салмақта сынға түскен қырғыз балуаны Данияр Кобонов өз еліне екі күміс, бір қола жүлдеден кейін көптен күткен алғашқы алтын жүлдені сыйлады. Осыдан кейін Қырғызстан 17-ші сатыға көтерілді. Сонымен бірге, Тәжікстанның өкілі Дилшод Назаров та жеңіл атлетикадан алғашқы алтын медальды мойынына тақты. Тәжіктер алтын алқа алғаннан кейін 23-ші орынға шықты. Көршілеріміздің қуанышында шек жоқ. Ал турнир кестесінде 14 орында жайғасқан өзбектер әлі сол 3 алтынды қанағат тұтып тұр. Олардың қоржынында бұдан басқа 11 күміс және 16 қола бар.
Ал Қазақстан 5 алтын, 13 күміс, 23 қола медальмен 10-шы орында тұрса, оның алдында Малайзия, Үндістан, Таиланд, Қытайлық Тайпей, Гонконг, Иран елдері келеді. Турнир кестесінің үштігін Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония құрап отыр. Алаң иелерінде 154 алтын, 77 күміс, 73 қола жүлде болса, Оңтүстік Кореяда 61 алтын, 51 күміс, 66 қола медаль, ал Күншығыс елінде 31 алтын, 59 күміс және 67 қола жүлде бар.
Бақтияр ТАЙЖАН, “Егемен Қазақстан” – Гуанчжоудан (Қытай).
_________________
Суреттерді түсірген Ерзат СЕРҒАЗИН.