Бүгінде Тұрар Рысқұлов атындағы ауданда көптеген оң өзгерістер бар. Ол, әсіресе, әлеуметтік нысандар мен ауылшаруашылық жұмыстарынан анық байқалады. Аудан орталығы – Құлан ауылының орталық көшесімен әрі-бері өткен жолаушылар жол бойындағы жаңа пайда болған ғимараттарға, спорт алаңдарына, саябақтарға сүйсіне көз тастайды. Түнгі жарықтары да ауыл келбетін ерекше нұрландыра түскен.
Жақында облыс әкімі Қ. Бозымбаев осы ауданға қарасты Әбжапар ауылындағы жаңадан салынған медициналық бөлімше ғимаратын барып көрді. Типтік жоба бойынша салынған бұл ғимараттың құрылысына 33 млн. теңге жұмсалыпты. Құрылыс жұмысын “Асыл-Найзатас” ЖШС атқарған. Сөздің тоқетері, ауыл дәрігерінің қуанышында шек жоқ. Өйткені, ол бұған дейін көне заманның көзіндей көрінетін ескі үйде жұмыс істеп келген болатын. Ондай жерде ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету, әлбетте, мүмкін емес.
Облыс әкімі Жарлысу ауылындағы жаңа орта мектептің ашылу рәсіміне де қатысты. “Артстроймаркет” ЖШС құрылысшылары білім ұясының бой көтеруіне 321 млн. теңге қаражат жұмсапты. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың сәуір айында басталған. Жалпы саны 300 оқушыға арналған мектепте бүгінде 231 оқушы білім алуда екен.
Құлан ауылындағы “Балауса” балабақшасында бүгінде 150 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балабақша етіп ыңғайластырылған ғимарат, негізі, 185 сәбиге арналған. Ата-аналар мен бөбектер қажеті үшін осы ғимаратты сатып алуға аудан бюджетінен 21,3 млн. теңге жұмсалған. Қазір балабақшада 29 адам еңбек етуде. Олардың 7-еуі жоғары білімді, 8-і арнаулы орта білімді мамандар. Аудан орталығындағы көп қабатты үйлердің маңындағы балалар спорт алаңы, негізінен, кіші футбол ойнауға арналған. Аудан әкімі А. Нұралиевтің айтуына қарағанда, жас жеткіншектердің игілігіне арналған бұл құрылысқа 2,5 млн. теңге қаражат жұмсалған. Қаржы демеушілер есебінен жиналыпты.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов атындағы аудан.