Семей полигоны жабылуының адамзат үшін қаншалықты маңызды екендігін ашып көрсетті
Өткен жексенбі күні кешке Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған парламенттік делегация Жапония Өкілдер палатасының Төрағасы Т.Йокомичидің шақыруымен осы елге ресми сапармен келді. Астанадан көтерілген “Боинг” ұшағының доңғалағы араға алты жарым сағат уақыт өткенде барып Жапонияның атақты Хиросима қаласының әуежайына келіп тигенде сағат тілі Астана уақыты бойынша 15.30-дан, ал Токио уақыты бойынша 18.30-дан асып жығылған еді.
Жапония – Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың қатарында таныған елдердің бірі. Содан бергі тәуелсіздіктің он тоғыз жылы ішінде Қазақстанның әлемдік саясат дидарында қол жеткізген жетістіктері мен ішкі экономикалық өрлеуі нәтижесінде екі ел арасындағы қарым-қатынастар одан әрі бекіп, ынтымақтастық арнасы сан қырлы жолдар арқылы дамып келе жатыр.
Қазақстан мен Жапония арасындағы саяси қатынастар 1992 жылдың мамыр айында Жапония Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Ватанабэнің Қазақстанға жасаған сапарынан бастау алады.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылдың 6-7 сәуіріндегі және 1999 жылдың 5-8 желтоқсанындағы Жапонияға жасаған сапарлары екіжақты қатынастардың негізін қалады. Елбасының Жапонияға жасаған бірінші сапары барысында Кеңес Одағы мен Жапония арасындағы келісімдерді мойындау туралы ноталар алмасылып, Бірлескен мәлімдеме қабылданса, екінші сапар барысында Достастық, серіктестік және ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.
1997 жылы Жапония Премьер-министрі Р.Хашимото Қазақстан және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты тереңдету мақсатында “Жібек жолы дипломатиясы” атты Жапонияның сыртқы саясат тұжырымдамасын қабылдады.
Ал егер екі ел арасындағы парламентаралық байланыстар тарихына назар аударатын болсақ, Жапонияда осыдан он жыл бұрын Қазақстанмен парламенттік достық лигасы құрылып, жұмыс істеп келеді. Бұл қоғам қос палатаның 37 депутатынан тұрады.
Осыған сәйкес 2004 жылы Қазақстан Парламенті Сенатында Жапониямен ынтымақтастықты дамыту тобы құрылса, 2005 жылы осындай топ Парламент Мәжілісінде де құрылды. Оның құрамы 26 депутаттан тұрады. Жетекшісі – Сәт Тоқпақбаев.
Бұл Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың Жапонияға жасап отырған осымен екінші ресми сапары екен. 2006 жылы Орал Байғонысұлы парламентшілердің жыл сайын өтетін Токиодағы 28-інші жаһандық іс-қимыл форумына қатысу үшін Қазақстан парламенттік делегациясын бастап келген-тін. Осы жылы Қазақстан Парламенті Сенатының сол кездегі төрағасы Нұртай Әбіқаев та Жапонияда арнайы шақыртумен болып қайтқан еді.
Егер екі ел арасында қалыптасып отырған қарым-қатынастың өзекті қырларына назар аударатын болсақ, Қазақстан мен Жапонияның халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша ұстанымдары ортақ және жақын. Жапония Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқанын және Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылғанын қолдады және Астананың халықаралық және аймақтық ұйымдарға кіруге бағытталған интеграциялық ынтасын оң бағалады. Сондай-ақ, Жапония Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) сияқты өзара келісім мен бейбітшілікті сақтауға бағытталған бастамаларын жоғары бағалайды. Ал Қазақстан өзі тарапынан Жапонияның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты мүше болуына қолдау білдіруде.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігінен және басқа да мемлекеттік органдардан алынған осы қасаң ресми деректердің астарында үлкен мән бар екендігін айтуымыз керек. Жапония – атом қаруынан әлемде бірінші болып зардап шеккен ел. 1945 жылдың тамызында осы елдің Хиросима және Нагасаки қалаларында жарылған атом бомбасы адамзат қауымын қатты түршіктірген болатын. Бұл қасіреттің ешуақытта ұмытылмайтындығы анық. Ал Қазақстан – әлемде өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан бірінші ел. Осы жағдайдың өзі бұл екі елді бір-біріне жақындастыра түсуде.
Жапония 47 әкімшілік-аумақтық бірліктен тұрады. Оларды префектура деп атайды. Солардың бірі – Хиросима. Оның орталығы Хиросима қаласы болып табылады. Парламент Мәжілісі Төрағасының Жапонияға ресми сапары осы префектураның басшысы Масао Хаяшидің қабылдауынан басталды. Кездесу барысында Масао Хаяши Қазақстанның аз жылда жеткен жетістіктеріне, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп келе жатқан саясатына, соның ішінде, әсіресе, әлемде бірінші болып, ядролық полигонды жауып, атом қаруынан бас тартқандығына тәнті екендігін жеткізді. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті жасаған дәл осы қадамның адамзат қоғамы үшін қаншалықты маңызды екендігін басқалардан гөрі оның ауыр зардаптарын бастан кешірген хиросималықтар жақсы түсінеді.
Шамасы, осы жағдайға байланысты болар, Хиросима қаласының халқы Қазақстанды жақсы біледі екен. Бұл қалада сөзін қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулетов жазған сазгер Төлеген Мұхамеджановтың Семей полигонының трагедиясын ашына жеткізетін “Заман-ай” әні жапонның танымал әншісі Томоконың жапон және ағылшын тілдеріндегі орындауында сан мәрте шырқалып, халықтың құлағына сіңісті болып кетіпті.
Қазақстандық делегация Бейбітшілік мемориалдық паркін аралап, осындағы мұражайдың экспонаттарымен танысты. Мұнда осыдан 65 жыл бұрын болған атом қаруының жарылысынан зардап шеккен қала мен оның халқының сол кездегі бейнесі адам жанын түршіктіреді екен. Бүкіл бір үлкен қала жер бетінен түгелдей жойылып кеткен. Жарылыстың қызуы адамдарды қойып қара тас пен құрыш темірдің өзін балқытып жіберген. Осыған қарап, Қазақстандағы Семей полигонының жабылуы адамзат қауымының алдында қаншалықты батыл саяси шешім болғандығын айқын сезіне түстік. Атом қаруы құрбандарына арналып тұрғызылған ескерткішке гүл шоқтарын қойдық. Қазақстандық делегация басшысы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына шағын сұхбат берді.
Еліміздің халықаралық деңгейде асқақтай түскен беделінің дәлелі болар, Хиросима жеріндегі Халықаралық конференциялар орталығында қазақстандық парламентшілер делегациясына ерекше құрмет көрсетілді. Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановқа әлемге әйгілі білім ордаларының бірі – Хиросима университетінің Құрметті докторы атағы мен мантиясы салтанатты жағдайда тапсырылды. Осы атақты тапсыру салтанатында университет ректоры Орал Байғонысұлының Парламент Мәжілісінің Төрағасы ретінде екі ел арасындағы парламентаралық қатынастар мен Хиросима және Семей университеттері арасында қалыптасқан ынтымақтастықты дамыту ісіне қосқан үлесін де атап көрсетті. Осы құрметке байланысты жауап сөзінде Орал Мұхамеджанов университет басшылығына алғысын білдіре келе, негізін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қалаған екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың кең мүмкіндіктеріне тоқтала кетті. Өзіне Құрметті доктор атағы берілуін ең алдымен Қазақстан халқына, оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатына көрсетілген құрмет деп түсінетіндігін айтты.
“Біздің халықтарымыздың тағдырында ұқсастықтар бар. Бұл екі мемлекет ядролық қарулану мен оның сынағынан ең көп зардап шеккен ел болып табылады. Қазақстандағы Семей полигоны жабылғанға дейін онда атом қаруын сынау мақсатында 500 жарылыс жасалды. Бұдан сан мыңдаған адам зардап шекті”, деді Орал Мұхамеджанов.
Осы оқиғадан кейін Орал Мұхамеджанов Хиросима университеті студенттерінің алдында лекция оқыды.
Сонымен, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған қазақстандық парламенттік делегацияның ресми сапарының бірінші күні Хиросима қаласынан басталуының өзіндік нышандық мәні болды. Бұл сапар бүгін Жапонияның тағы бір үлкен қаласы – Киотода одан әрі жалғасады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, “Егемен Қазақстан” – Хиросимадан.