24 Қараша, 2010

Бітімгершілік

585 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бүгінгі күннің заң шеңберіндегі не­гіз­гі бір мүддесі – бітімгершілік болып отыр. Қуана, құптарлық дүние. Зер­де­леп, ой елегінен өткізсек, дала демо­крат­тары аталған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бабаларымыздың қара қылды қақ жара айтқан биліктеріндегі басты мүдде бітімгершілікпен ел бірлігін, тұтастығын сақтау болғаны тарихнамадан мәлім. Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ағымдағы жылдың тоғыз айында Қазақстан Респуб­ли­касының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 9-1 тарауында, нақ­ты­лай түссем, 79-1, 79-3, 79-4, 79-5-бапта­рын­да көрсетілген заң бұзушылықтар бой­ынша 271 әкімшілік істерді қарап, заңна­ма шеңберінде шешімдер шығарды. Со­ның ішінде тараптардың бітімгершілікке келуіне байланысты әкімшілік жауапты­лық­тан босату туралы 126 әкімшілік іске қаулы шығарылды. ҚР ӘҚБтК 79-1-бабында “Тән ауруына ұшырататын, бірақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабында көзделген зардаптарға әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау – айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейін қамауға әкеліп соғады” деп анық жа­зыл­ған. Негізі заңнамада көрсетілгендей әкім­шілік құқық бұзушылық туралы іс­тер жәбірленушінің өтініші бойынша ға­на қозғалады. Және арыз иесі әкімшілік құқық бұзған адаммен бітімгершілікке келгеннен кейін тоқтатылуға жатады. Бітімгершілікке келу жәбірленуші мен әкім­шілік құқық бұзушы адамның ара­сын­да заңнама талабына сай жазбаша келі­сім жасалып, жеке қолдары қойылып рас­талғаннан кейін жүзеге асырылады. Ал жәбір­ленуші кешірім бермеген жағдайда заң талабы бойынша әкімшілік құқық бұзған адамды он тәулікке дейінгі қамауға алуға әкімшілік қаулы шығарылады немесе үш айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерінде айыппұл салынады. Осы жылдың тоғыз айында әкімшік істер бойынша 120 адам әкімшілік қамауға алынып, 25 адамға мемлекет пайдасына айыппұл салынды. Дерекке дәйектеме келтірсек, ағым­дағы жылдың 31 шілдесінде түнгі сағат 24 шамасында Көксу ауданы, Балпық би кентінің түрғыны С.Керім­беков деген азамат алкаголь өнімін пай­даланып алып, тұрмыстық келіспеуші­лік­пен қа­рын­дасын балағаттап, арына, намысына тиетін ауыр сөздер айтқан. Сот залына келгенде С.Керімбеков өзіне тағылған айыпты толығымен мойындап, ендігәрі қайталамауға уәде беріп, кешірім сұрады. Талдықорған қаласы, Д.Қонаев кө­ше­сі 21 үйдің тұрғыны С.Исаев спирттік ішімдік ішіп, мас болып азаматтық некеде тұратын әйелі Г.Байбатшаевамен ағымдағы жылдың 7 қыркүйегінде қатты ұрсысып, балағаттап, арына, намысына тие­тін ауыр сөздер айтып, ҚР ӘҚБТК 79-5 бабы 1-тармағын өрескел бұзған. Жәбірленушінің арызына сәйкес, әкімшілік іс заң талабына орай сот мә­жі­лісінде қаралды. Тағылған айыпты мойындап, елдің алдында кешірім сұрады. Жәбірленуші тарапынан кешірім беріліп, әкімшілік жаза қолданбауын өтіне сұрады. Сондықтан мұндай әкім­шілік істер жақтардың татуласқанды­ғы ескеріліп сот өндірісінен қысқартылады. ҚР ӘҚБТК 111-бабы бойынша ата-ананың немесе заңды өкілдің балаларды дұрыс тәрбиелеу жөніндегі төл міндетін өз мәнінде орындамауларына байланыс­ты биыл 59 әкімшілік іс қаралып, 34 адамға ескерту беріліп, 24 адамға әкім­ші­лік айыппұл салынды. Негізі көп жағ­дайда әкімшілік құқық бұзушы ата-анаға сот алғашқы ретте ескерту қолданады. Бұл дегеніміз, судьялар тарапынан ата-анаға алғашқы жолы түсіністікпен қа­рап, материалдық тұрғыдан шығын әкел­мей заңнама шеңберінде жасалын­ған кешірім болып саналады. Егер де ата-ана өз баласының тәрбиесіне ден қой­май, қалай болса солай жіберіп, са­ба­ғына қатыспай, түрлі дәрежедегі қыл­мыстар жасауға аяқ басып, яғни ұрлық жасау секілді заң бұзушылықтарға ба­руы­на жол бергендігі заңнама шеңбе­рін­де дәлелденіп жатса ондай ата-аналарға айыппұл салу заң талабы болып табы­ла­ды. Сондай-ақ, түрлі сауда орын­да­рында он сегіз жасқа толмаған балаларға алкаголь және табак өнімдерін сатуға тыйым салынған. Нұржан ҚАРАБАЕВ, Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы. Алматы облысы.