Бас прокуратура қылмысқа қарсы күрес саласында халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында елеулі іс-шаралар жүргізіп келеді.
Бұл жұмыстардың мақсаты – қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуын, түрлі елдердің юрисдикцияларын ескере отырып, жасалған қылмыс үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету болып табылады.
Атап айтқанда, атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде, осы жылдың 11 айының ішінде ғана Қазақстанға 24 азамат экстрадицияланған. Олардың ішінде 9-ы Украина, Грузия, Түркия, Испания және Швеция сияқты Еуропа мемлекеттерінен жеткізілді.
Мәселен, Н.Шакированы қасақана өлтірген қылмыскер Келес Мәмбетовті экстрадициялауға қатысты Бас прокуратураның сауалын Испанияның мемлекеттік соты толық қанағаттандырып, өз қолдауын тапты. Осы жылдың шілдесінде Түркия мемлекеті Қазақстанға лауазымын теріс пайдаланғаны үшін айыпталған ІІМ есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Асқар Исағалиевты қайтарды. Сонымен бірге, тамыз айында Бас прокуратураның сауалы бойынша Тбилиси қаласының соты ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық жасау арқылы, заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастырған В.Поклоновты Қазақстанға беру туралы шешім қабылдады. Швецияның құқық қорғау органдары Стокгольм қаласында, қарақшылық шабуыл жасағаны үшін іздеуде жүрген Қазақстанның тағы бір азаматы А.Ырысметовті экстрадициялау мақсатында қамауға алды. Тамыз айында Украинадан біздің елімізде қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 5 қазақстандық азамат әкелінді. Еуропа елдерінің аталған шешімдерді қабылдауына, Бас прокуратураның осы елдердің құзыретті органдарымен өзара байланысты қалыптастыруға бағытталған белсенді жұмысы үлкен септігін тигізді. Қылмыс жасаған қазақстандық азаматтарға қатысты экстрадиция процесіне тіпті Испания мен Швеция сияқты мемлекеттермен халықаралық келісімдердің жоқтығы да кедергі бола алмады. Қылмыстық қудалау саласындағы Еуропа елдерімен орнатылған мұндай ынтымақтастық халықаралық тәжірибеге айналып келеді.
Бұл шешімдер – халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, адамның құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ететін құқықтық негіздері қалыптасқан мемлекет ретінде Қазақстанның құқық қорғау жүйесіне деген сенімнің көрсеткіші болып табылады.
“Егемен-ақпарат”.