«ҚАРА КЕМПІРДІҢ ЗАРЫ»
немесе күл-қоқыстан көз ашпаған Меркі
Фельетон
Демалыс десе дегбірі кететіндерге – пай-пай Меркінің көз тоймас сұлу табиғаты мен ондағы радон суын айтсаңызшы! Жер бетінде бұдан өткен сұлу өлке жоқ-ау, сірә!
Әйтсе де, біздің айтпағымыз бұл емес. Демалып, ем алып, тыңайып тұрған пенденің көңілі демделіп, айналасына асықпай бажайлап көз жүгіртері болады. “Меркі” шипажайы маңайындағы көз сүйсіндірер сұлулықты тамашалап болған соң тынығушылар “таныстарыма тамаша тарту жоралғы ала кетейін” деп аудан орталығына іркес-тіркес болып тартып кетпей ме! Мұндай да, әрине, аудан орталығы деп аталатын үлкен селоның ұңғыл-шұңғылын түгел көруге асығады. Өйткені, демалушының тағы бір міндеті – ел көру, жер көру.
Алғашында сапырылысқан саяхатшылар ыстықтан пана іздеп орталық саябаққа бас сұғары сөзсіз. Күтімсіз саябаққа кіре берісте-ақ денеңіз суып сала береді. Босаған бөтелке, тасталған қоқыс тобығыңыздан қағады. Осыдан соң-ақ ілгері басқан аяғыңыз кері кетіп, саябақтан сая таппақ болған ниетіңізден айнып, аузы басыңызды тұмшалап кейін қайтуға асығарсыз. Бірақ сіз шыдамдылық танытып алға жүріңіз. Міне, мынау Кеңес өкіметі кезеңінен қалған ескерткіш. Құдай-ау, бұған не болған? Біреулер қасында отырып, бөтелке босатып кетіпті ғой. Оны алысырақ лақтырып жіберсе қайтеді! Ескерткіштің үстіне үйіп кеткені несі? Мына Кеңес өкіметінің “геройларын” қорлағандар кім? Мына “кісінің” екі қолы кесіліпті. Ана ескерткіштің артына сурет салып тастаған. Айналадағы лас көрініс – тұнық көңілді лайлап, аз-кем қуат алған денең түршігеді.
Саябақтағы ескі карусельдің де күйі кеткен. Қоқан арбадай қорбаңдап, майы түгесілген доңғалақтай шиық-шиық еткен карусельде төрт бес бала ойнап жүр. Олар қос қолдап айналдырған сайын “ойбайлап”, дене тітіркендіретін ащы дауыс шығарады. Егер осы жерде жазатайым бір бала құлап қалса, жауап беретін кім? Жалпы, саяжайдың қожасы бар ма? Ол неге мұншалықты жүдеу күйге түскен? Талай-талай аудандарда болып жүрміз, бірақ Меркідегідей құлазыған орталық көрсек көзіміз шықсын. Саябақтың сыртқы қоршау шарбақтарының да сыйқы мәз емес. Сылағы түскен, кірпіштері кертіліп, арса-арсасы шыққан. Оны көріп – бағзы бір заманда құм ішінде қалған көне кепе еске түседі.
Орталық саябақтың бір бұрышына дәмхана салыныпты. Айналасы тазалау деген тұс осы ғана. Сұрықсыз саябақтан самарқау шығып келе жатып көңіліңіз нілдей бұзылып, есіңізге қай-қайдағы “Қара кемпірдің зары” түседі.
“Қара кемпірдің зары” демекші, осы ауылда Алтынбек Қоразбаевтың мұңлы әнінің кейіпкеріне арналып ескерткіш қойылған. Соғысқа кеткен ұлын сарғайып күткен әже қолын көлегейлеп, батысқа қарап әлі телміріп тұр. Осынау тарихи ескерткіш демалушылардың жиі баратын киелі орыны. Бірақ, мұнда да көңіл шіркін қобалжып қалады. Себебі, ескерткіш жанындағы ағаштар суарылмағандықтан, мерзімінен бұрын қурай бастаған тап бір қара кемпірдің өзі секілді. Енді осыдан соң ойланбай көр, қорланбай көр. Егер мына ескерткішке тіл бітсе, зарлап қоя берер еді-ау! Онсыз да санамен сарғайған кемпірдің ащы дауысын естігің келмей, құлағыңды тығындап тұра қашқың келеді.
Меркіде иесіздікке ұшыраған ғимараттар әлі де баршылық. Соның бірі – үлкен трасса бойындағы кітап дүкені. Егер осы ғимаратты қолы ұсынықты біреуге берсе, жұтындырып қояр еді-ау, деп ойлайсың.
Бірқатар көшелер жөндеуді қажет етеді. Ойдым-ойдым асфальт. Шұңқырға түсіп кетіп, доңғалағын майыстырып алған көліктерде есеп жоқ. Көшедегі көрнекіліктерге де көңіліміз тола қойған жоқ.
Енді осының бәрін аудан әкімі көрмей-білмей жүр деп айтуға ауыз бармайды. Төрт жолдың торабында жатқан аудан орталығындағы ахуалды жөндеуге шамасы жетпейді деп кесіп айтудан аулақпыз. Алайда, қазақта “Ауылын көріп, азаматын таны” деген ғибратты сөз бар. Осы нақылға сүйенсек, Меркіні мекен еткен азаматтардың деңгейлерінің, талап-талғамдарының таңдайға татымайтынын аңғарасыз.
Япыр-ай, бұл ауылдан күніне мыңдаған, миллиондаған жолаушылар әрі-бері ағылып өтіп жатады. Бір қарағанның өзінде тайға басқан таңбадай бақырайып көрініп тұратын кемшіліктерді зиялы қауым өкілдеріміз деп кеуде керетін азаматтардың көрмейтіні қалай?!.
“Қара кемпірдің зарына” қайта оралғымыз жоқ. Сонда да өзек өртер мұңлы бір зар соңымыздан қалмай-ақ қойғаны...
Сабырбек ОЛЖАБАЙ.
Жамбыл облысы.
_______________
ТІКЕНЕК
Иттің дос болғаны жақсы, ал досыңның ит болғаны жаман...
* * *
Өлгеннен соң атыңды ұмытпасын десең, қарыз болып кет.
* * *
Егер өткен өміріңді есіңе алмай, болашаққа бас қатырмасаң – өмір деген ғажап!
* * *
Толдым деген төгіледі,
Жеттім деген жығылады.
* * *
Дұрыс еркектер көшеде жатпайды, олар диванда жантайып жатады...
* * *
Бүкіләлемдік тартылыс күшін негізінде Исаак Ньютон емес, басқа біреулер ашқан екен. Тек бейшаралардың басына үнемі алма емес, өте ауыр заттар құлап, тіл тартпай кете берсе керек...
* * *
Отбасында тыныштық болуы үшін: шыдамдылық, сүйіспеншілік, түсінісу, тіпті болмағанда екі теледидар керек.
* * *
Жаңадан келген жас қызметкерлер әлі қайтіп жұмыс істеуді білмейді, ал бұрыннан келе жатқан тәжірибелі қызметкерлер қайтіп жұмыс істемеуді біледі.
_____________
БІРДЕ...
Қарыз сұрау
Белгілі сыншы, әдебиетші Баламер Сахариев сөзге шешен, тапқыр, әзілқой адам болған екен. Ол “Балдырған” журналының редакциясына жиі келіп тұратын болса керек. Бірде Мұзағаң түскі асқа барып келсе, бөлмесінде Баламер отыр екен, амандық-саулықтан соң ол:
– Мұзаға, сізге өлең жазып қойдым, – деп екі жол өлең жазылған қағазды ұсына береді. Мұзағаң оқып қараса:
“Ауылымның қонғаны КИЗ-де деймін,
Бір өзіңнен басқаны іздемеймін” – деп емеурінмен қарызға ақша сұрапты. Көктем айының кезі болса керек. Сонда Мұзағаң қуақылана жымиып:
“Бұл күнде қалтамыздың түбі тесік,
Айналып бір соғарсың күзге дейін” – деп әзілмен жауап беріпті.
Тоқшылықтың рахатын әбден көрсін!
Баламер Сахариевтің қозы қарын байлап, семіре бастаған кезі болса керек. Бірде Мұзағаң оған тиісе сөйлеп:
– Жан Бәке, мына қозы қарын қайда бара жатыр? Тамақты аздап тежемейсің бе? – дейді. Сонда Баламер:
– Бала болып бауырсақты тоя жей алмадым. Студент болып жүріп, қара нанға тоймадым. Қолым аузыма енді жеткенде бұл шіркіннің несін тежейін?! Тоқшылықтың зейнеті мен рахатын әбден көрсін! – деген екен.
Днем 50, ночью 25
Сатирик-жазушы Көпен Әмірбек шашын қысқартпақ болып шаштаразға келіп, жаратылысынан әзілге әзір жүретін Көпекең әңгімесінің әлқиссасын қалжыңмен бастайды. Шаштаразшы орыс келіншек те әзілге әзілмен, қалжыңға қалжыңмен жауап қайырып, әңгімелері жарасып қалады. Сөздің реті келген тұста әлгі келіншек Көпенге:
– Вам сколько лет? – деп сызылады.
Сонда аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін Көпекең ескі әдетіне басып:
– Днем 50, ночью 25, – деген екен.
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ.
Алматы.
_______
АРАҚ ДЕГЕН...
Кеше:
“Кім екен бұл арақты арам деген,
Аузын буып жүрмей ме адам деген!”
Ішіп жүрген кезімде,
Сөйтіп талай екіленгем.
Ашырқанып, құмар қанып,
Жұқпай өтер тамақтан
Арақты арам дегендерге,
Көзімді талай алартқам.
Айбатын айтсай шіркіннің
Екі жүз грамм жұтып алғанда –
Есігін жауып көршіңіз,
Қашады қатын, балаң да.
Бұ дүниеде ең мықты
Өзің ғана секілді.
Боқтадым, ұрдым, жыладым,
Жарасатын секілді.
Бүгін:
Тамаша бәрі ой тоба-ай,
Ішіп жүрген кезіңде.
Ойланам енді ойпырым-ай,
Іштім деп соны несіне?
Сол шіркіннің күйі де
Бәлеге талай шатылдым.
Жете алмай үйіне,
Далаға қонған батырмын.
Дос-жаранның ақылын,
Тыңдамадым ұғынып.
Теріс қарап жақыным,
Төркініне қашты қатыным.
Айта берем несіне
Әзәзіл екен арағың.
Аржағын өзің сезіне,
Ішпей-ақ қойшы, қарағым.
Оразалы МҰСАБЕКОВ.
Алматы.
________
Ауылдың айтқыштары
“НАҒЫЗ ТАҚЫР ЖЕРГЕ ЖАҢА БАРДЫҢ”
Бекеңнің ортаншы ұлы Қарпық институт бітіріп, 4-5 жыл ферма меңгерушісі болып жемісті қызмет істеген соң, оған Саржал ауылдық кеңесінің төрағалық қызметі ұсынылады. Соның жайын айтып өзімен ақылдасқан Қарпыққа Бекең:
– Осы жұмысың жаман емес қой, ал ауылдық кеңес дегеннің жан-жағы тақыр болушы еді, – дейді.
Бірақ Бекең солай дейді екен деп партия алды-артына қарата ма, Қарпық әлгі қызметті 3-4 жыл атқарады. Сонсоң мұны партия тағы бір саты жоғарылатып, Жданов атындағы шаруашылыққа партком хатшысы етіп жібереді. Сонда Қарпыққа Бекең:
– Бәлі, балам, нағыз тақыр жерге жаңа бардың, – деген екен.
“ҚЫЗЫЛ КЕЗЕҢНЕН АСЫРҒАН СОҢ, АР ЖАҒЫНА ЖАУАП БЕРМЕЙМІН”
Баяғы балуан Бекеңнің мықтылығы сол, жасы келгенмен “ет дегенде бет бар ма” дегендей, тамақтан қалмаған адам. Бірде алдыға ет келгенде, отырғандардың бірі одан тісіңіз түгел ме деп сұрайды. Сонда Бекең:
– Қарақтарым, мен тістен айырылғалы қашан, бірақ қызыл иегім әбден шыныққан. Сонымен кесек-кесек етіңізді толғап-толғап қызыл кезеңнен асырам, ал ар жағына жауап бермеймін, – деген екен.
“ШУЛАТА КЕЛГЕН КЕЛІННЕН НЕ КҮТЕСІҢ”
Бекең ұлттық салт-дәстүрді ардақ тұтқан соңғылардың тұяғы еді. Айталық, жастардың үйлену тойлары туралы сөз қозғалғанда, Бекең ертеде жаңадан түскен жас келіндердің ауыл іргесіне шымылдық құрылып, жаяулап келетінін, күтіп тұрған үлкендерге сәлем беріп, үйге солардың рұқсатынан соң ғана кіретінін айта келіп:
– Қазіргі жас келін мінген машина көшені шулатып, маған жол бер деп айғайлатып, үйдің жанына бұзып-жарып келіп тоқтайды. Осындай келіндерден қандай инабаттылық, кішіпейілдік күтуге болады, – деген екен.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.
______
Мысал-мысқал
Келеміз айыра алмай
Бүркіт бастық ойланып отырды да,
Қарғаны Қаз орнына әкеп қойды.
Қаз кетіп, қолда барда қадыры жоқ,
Қарға кеп талтаң-талтаң боққа тойды.
Бұлбұлға Қораз келіп ән үйретті,
Тұлпарға Есек бастық шөп сүйретті.
Ақсаңдап бір аяғы көпек Ит кеп,
Тырна мен Қоқиқазға би үйретті.
Асылды елемедік зат екен деп,
Жабыны жауға міндік ат екен деп.
Күнкөріс қамыменен тепеңдедік,
Есекті “аға”, ешкіні “тәтекем” деп.
Жібектің кірі кетпес шайып алмай,
Ескі аурудан келеміз айыға алмай.
Ау, ағайын, жүрміз-ау, шынын айтсақ,
Алтын менен қоланы айыра алмай.
Марат КӨПТІЛЕУОВ.
Қызылорда облысы.
_________________
ӘСКЕРИ ӘЗІЛ
Командир бөлімге жаңа келген жауынгерлерден:
– Қалай, қарындарың аш емес пе? – деп сұрайды.
– Тіптен артылып та қалады!
– Қалатын не нәрсе?
– “Лавровый лист” деген жапырақ...
* * *
Майор сержантқа:
– “Біздің командир ақымақ” деп лақап таратып жүрген сен бе? – деп дүрсе қоя бергенде:
– Ондай әскери құпияны таратуға болмайтынын мен жақсы білемін, жолдас майор, – деген екен анау.
* * *
Баласын әскерге шығарып салып тұрып шешесі:
– Ондағы шындықты айтып хат жаз, – дегенде:
– Е, онда жазылған хатты тексереді, – деп қалады атасы.
– Онда егер жағдайың жақсы болса – көк сиямен жаз да, ал қиындық боп қиналып жүрсең – қызыл сиямен анау-мынауды сүйкеп жіберсең, мен барып бір жағына шығамын! – дейді шешесі.
Содан біраз өткенде балаларынан: “Бізде бәрі жақсы. Тек нашары – бұнда қызыл сия емге табылмай қор қылуда...” деп хат келген екен.
* * *
Шашын тықырлатып алғызып, әскерге кетуге дайын жүрген жігіт досына:
– Денсаулығың да мықты, өзің де зіңгіттейсің, сені неғып әскерге шақырмайды-ей? – деп қалғанда, уайым-қайғысыз досы:
Шақыру келсе болды, әкем ондағы полковник біреумен “менің балам осы жолы кетеді” деп 300 долларға бәстеседі де, үнемі жеңіліп қала береді, – деген екен.
________________
НАҚТЫЛАЙ ТҮССЕК...
Орыс әдебиетінің мұғалімі Мария сыныпқа кіріп жайғасып, көзәйнегін алдына тастады да, шаршаңқы жүзбен оқушыларына барлай қарап:
– Петренко! Иә сен, Петренко, парта астындағы ойыныңды доғар да, ана алған сынып журналын бәрі әкел. Оны директорға апаруым керек, – деді бұйыра сөйлеп.
– Директор журналды көріп шыққан, – деді Петренко.
Петренконың бұл жауабын жақтырмай апайы:
– Сен, Петренко, жазып келген шығармаңды ал да, алдыға шығып дауыстап оқы, бәріміз тыңдап “тамашалайық”, – деді кекесінмен.
Петренко амалсыз ілбіп басып алдыға шығып шығармасын оқи бастады.
– Шығарманың тақырыбы – “Күзгі таң”. Таңертең күзгі күн сәулесі бағасы 500 долларлық терезеден бөлмеме еніп, шаршы метрі 20 долларлық паркет еденге шағылысып жатты. Мен “Жиһаздар әлемінен” алған құны 600 долларлық диванымда оянған болып, жұқа экранды 1500 долларлық “Сони” теледидарды қостым. Онда айына 4 мың теңге төлегендіктен бағдарламалар жыртылып айырылады, қалағаныңды қосып шалқалай жатып көресің кеп! Жата беру қайда, 7 мың теңгеге базардан алған мектеп формасын амалсыз киіп, мың теңгеге такси шақырып, ой-һой тегін мектебіме бір мезетте-ақ келіп жетемін... – дегенінде апайы шыдамай:
– Доғар! Мынауың көркем шығарма емес, кілең саннан құралған сандалбай! – деп тыйып тастады.
– Апай, өзіңіз емес пе, шығарма өмірден алынып, оқиғадағы әр деталь нақтылануы керек деген , – деп Петренко күмілжіген болды.
– Мен саған шығарманың өне бойы ақшадан құралсын деп пе едім!? Ақшаны араластырмасаң болмас па еді?! Өзгеше өскен ұрпақ-ай, біздердің кезімізде бәрі басқаша еді! Біз есеп-қисапқа жоқ едік, айтатынымыз – арман, жазатынымыз – табиғат, аспан, жер-су еді-ау! Біздің кезімізде мынандай ғажап мектептің өзі түсімізге де енбейтін... – деп апайы біраз айтып барып, – айтпақшы, уақыт та бітіпті, ертең мың теңгеден әкелуді ұмытпаңдар! – деп сөзін нығырлай бітірді.
– Әкелетін мың теңгемізді нақтылай түссеңіз? – деп қалды Петренко.
– Нақтыласам, бояу – 200 теңге, клей – 150, сынған дүние – 400... – деп апайы мың теңгені нақтылап айтып шықты.
Сергей ШИНКАРУК.
Аударған Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН.
__________________________________
Мүйісті жүргізген Берік САДЫР.