“Егемен Қазақстанның” VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті
Азиадаға 67 күн қалды
ЖІГЕРЛІ ЖАСТАРЫМЫЗ ЖЕТКІЛІКТІ
Жуырда Астанада Азия ойындарына арналып жаңадан салынған республикалық велотректе ерлер мен әйелдер арасында шорт-тректен Қазақстанның ашық чемпионаты өтті. Сонда біз спорттың осы түрінен ұлттық құраманың бас бапкері Мәдіғали Қарсыбековпен кездесіп, спортшылардың Азиадаға дайындығы жөнінде пікірін білген едік.
– Алдымен Қазақстан чемпионаты жөнінде айтсаңыз. Сіздің пікіріңізше жарыс қалай өтті? Команданың дайындығы көңіліңізден шықты ма?
– Бұл жарыс жаңадан салынған велотректің сапасын тексеру үшін сынақ ретінде өтті. Чемпионатты өткізудегі басты мақсатымыз осы болды. Содан кейін біз жарысты төрешілердің, спортшылардың Азиадаға дайындығына баға беру үшін де өткізген жайымыз бар.
– Ескертулеріңіз бар ма? Мұз айдыны еріп жатыр дейді.
– Иә. Бір-екі көңілге түйген нәрсе бар. Біз оны Азиаданы ұйымдастыру комитетіне, спорт басшыларына, велотректің құрылысын жүргізіп жатқан австриялық компанияға айтатын боламыз. Бірақ ол әттеген-айлар өте көп те емес. Велотрек әлі толығымен біткен жоқ қой. Осы жағын ескере отырып, мұз айдынының кемшін тұстарына түсіністікпен қарауға болады. Оның бәрі уақытында түзеледі деп ойлаймын.
– Төрешілердің дайындығына көңіліңіз толды ма?
– Жақында елімізге халықаралық коньки одағының төрешісі, Олимпия ойындары мен әлем кубогы жарыстарының білгірі Янош Карнади деген азамат келіп кетті. Осы кісі бізге төрешілерді дайындауда қандай жұмыстың істелінуі керектігі жөнінде ойларымен бөлісті. Соларды іске асыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Я. Карнадидің айтқан кеңесін біз бейнетаспаға жазып алдық. Енді оны ұйымдастыру комитеті мен велотректі салған компанияға көрсетеміз.
– Өзіміздің ұлттық құрама туралы айтып берсеңіз. Спортшылардың дайындығы қалай?
– Біздің ұлттық құраманың денін Батыс Қазақстан облысының спортшылары құрап отыр. Олар Азиадаға жаздан бері дайындалып жатыр. Сол кезде Болгария мен Түркияның таулы жерлерінде оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Енді желтоқсан айында Қытайдың Чаньчунь қаласына барып, әлем кубогының 3-4 кезеңіне қатысатын боламыз. Осы жарыс Азиадаға ең соңғы басты дайындығымыз болады. Одан кейін дүбірлі оқиғаға бір ай қалғанда Астанада жасөспірімдер арасында ел чемпионатын өткізіп, дайындықты пысықтаймыз.
Қазір ұлттық құрама жарыстарға бұрынғыдан гөрі жақсы дайындалып жүр. Жақында біз Канадада өткен әлем кубогының 1-2 кезеңіне қатысып келдік. Осы бәсекеде төрт спортшымыз 50-60 адамның ішінде ең үздік 20 спортшының қатарына кірді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, шорт-тректен бір медальға 50-80 адам таласады. 80 адамның ішінде жүлде алу оңай емес. Сондықтан біздің төрт спортшымыздың 20 адамның қатарына қосылуы жақсы нәтиже деп ойлаймын. Оның үстіне әлем кубогына 30-40 елдің құрамалары қатысады.
– Біздің спортшылар арасында жүлдеге үміттілер бар ма?
– Біздің министр алдымызға жүлде алу туралы міндет қойып отырған жоқ. Өйткені, ол кісі Азия елдерінің шорт-тректен мықты екенін біледі. Қазір Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония елдері Азия құрлығында ғана емес, бүкіл әлемде үстемдік етіп жүр. Одан кейін Канада, АҚШ, Еуропаның бір-екі мемлекеті жақсы өнер көрсетуде. Сондықтан жүлде туралы айту қиын. Дегенмен, Азиада өз елімізде, өз жерімізде өтетіндіктен намысқа тырысамыз. Спортшыларымыздың ішінен мына қыз-жігіттерге үміт артуға болады. Олар Канадада өткен әлем кубогының 1-2 кезеңінде 11-ші орын алған Айдар Бекжанов, 14-ші орынға ие болған Нұрберген Жұмағазиев пен Артур Сұлтанғалиев, қыздар арасынан 17-ші орын алған Инна Симонова. Айтпақшы, осы жарыста біздің құрама эстафетада 9-шы орынға ие болды. артымызда Жапония қалды. Жалпы, бүгінде Қазақстан шорт-тректен Азияның үздік 8 елінің қатарына еніп отыр.
– Шорт-трек қай облыстарда жақсы дамып келеді?
– Батыс Қазақстан, Қостанай, Алматы облыстары мен Астана қаласында жақсы жолға қойылып отыр. Соңғы кездері Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан мен Ақмола облысы да көштен қалмауға тырысуда.
– Ұлттық құрамаға іріктеу қашан жүргізіледі?
Азиадаға 10 күн қалғанда.
* * *
БАСТЫ МАҚСАТ – БАС ЖҮЛДЕ
Допты хоккейден ұлттық құраманың негізін құрайтын “Ақжайық” (Орал) командасы Қысқы Азия ойындарына дайындалуда.
Жуырда команда Оралдағы жабық мұз айдыны сарайында жаттығып, Ресейдің Киров қаласында допты хоккей федерациясының кубогына сынға түсу үшін аттанып кетті. Содан кейін “Ақжайық” хоккейшілерінен құралған ел құрамасы желтоқсанның басында Ресей Үкіметінің кубогы үшін турнирге қатысады. Осы кезде Ресей чемпионатының бірінші лигасында өнер көрсететін “Ақжайық” командасы “Волга-2” (Ульяновск), “Черемшан” (Дмитровград), “Универсал” (Саратов), ЦСК ВВС (Самара) командаларымен екі топқа бөлінген бірінші лигада күш сынасады. Екі топтан үш үздік команда анықталған соң, олар жүлделі орындарға таласады. Содан кейін финалға шыққан қос команда чемпиондық атақ үшін кездеседі.
Қазір “Ақжайықты” елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы Алексей Никишов жаттықтырады. Команданың бастығы ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Сәулет Рафиков. Осы азаматтардың айтуынша, ел құрамасының негізін қалайтын команданың басты мақсаты – Азиадада тек қана бас жүлдені жеңіп алу. Ол үшін облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов барлық жағдайды жасап отыр.
* * *
Осы күндері мәнерлеп сырғанаудан Ресейдің бірнеше дүркін чемпионы Виктор Адоньев пен Виктория Кучеренко еліміз құрамасы сапында Қысқы Азиадаға дайындалып жатыр.
Виктор 1988 жылы, Виктория 1991 жылы туған. Бүгінде олар белгілі ресейлік бапкер, РФ еңбек сіңірген жаттықтырушысы Светлана Алексееваның қол астында жаттығуда. Бапкердің өзі атақты жаттықтырушы Татьяна Тарасовамен бірге 10 жыл жұмыс істеп, Олимпиада чемпиондары Сергей Пономаренко мен Марина Климованы тәрбиелеген. Қазір ол Батыс Қазақстан облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасымен келісім-шартқа отырып, жоғарыдағы жұпты Мәскеуде Азиадаға дайындауда. Оның айтуынша, бұлар Ресей спортшылары болғанымен, Қазақстан үшін өнер көрсетеді. Бұл әлемде бар тәжірибе. Алдағы кезде олардың Қазақстан азаматтығын алулары мүмкін. Бүгінде Ресейде көрші елдің азаматтығын алғысы келетіндер өте көп. Ал жалпы Қазақстанда Карина Узурова мен Әли Ілияс деген болашағынан үміт күттіретін жұп өсіп келеді. Жақында олар екі жарысқа қатысып, өздерін жақсы қырынан көрсетті.
* * *
№ |
Елдер |
Спортшылар |
Ресми лауазым |
Экстра лауазым |
Барлығы |
|
|
|
|
иелері |
иелері |
|
|
1. |
Қазақстан |
167 |
84 |
- |
251 |
|
2. |
Жапония |
110 |
52 |
5 |
178 |
|
3. |
Кувейт |
23 |
12 |
- |
35 |
|
4. |
Таиланд |
26 |
7 |
- |
33 |
|
5. |
Түркіменстан |
14 |
5 |
- |
19 |
|
6. |
Иордания |
5 |
3 |
- |
8 |
|
7. |
Малайзия |
27 |
10 |
- |
37 |
|
8. |
Моңғолия |
110 |
38 |
- |
148 |
|
9. |
Гонконг |
35 |
14 |
- |
49 |
|
10. |
Филиппин |
6 |
3 |
2 |
11 |
|
11. |
Корея |
140 |
32 |
- |
172 |
|
12. |
Үндістан |
46 |
11 |
- |
57 |
|
13. |
Непал |
5 |
2 |
- |
7 |
|
14. |
Қытай |
148 |
89 |
- |
237 |
|
15. |
Ливан |
6 |
3 |
- |
9 |
|
16. |
Тәжікстан |
4 |
2 |
1 |
7 |
|
17. |
Сингапур |
2 |
2 |
- |
4 |
|
18. |
Катар |
25 |
8 |
- |
33 |
|
19. |
Өзбекстан |
19 |
12 |
- |
31 |
|
20. |
Солтүстік |
45 |
11 |
- |
56 |
|
|
Корея |
|
|
|
|
|
21. |
Тайвань |
43 |
16 |
- |
59 |
|
22. |
Индонезия |
4 |
3 |
2 |
9 |
|
23, |
Қырғызстан |
33 |
14 |
- |
47 |
|
24. |
БАӘ |
23 |
12 |
3 |
38 |
|
|
Барлығы |
1066 |
445 |
13 |
1524 |
|
* * *
ОЛАР ОСЫНДА ОРНАЛАСАДЫ (АЛМАТЫ)
АЛМАТЫ
Қабанбай батыр к-сі, 85
akіmzhanova@lіst.ru
Үш жұлдызды, 251 нөмірлі қонақ үй
Биатлон, шаңғы жарысы, шаңғымен қысқы спорттық бағдарлау бәйгелеріне қатысатын командалар орналасады
* * *
АЛАТАУ
Достық д-лы, 105
alatauhotel@maіl.ru
Үш жұлдызды, 53 нөмірлі қонақ үй
Шетел БАҚ өкілдеріне арналған
* * *
МЕДЕУ
Горная к-сі, 465
Gіm.leka05@maіl.ru
45 нөмірлі қонақ үй
Халықаралық және ұлттық дәрежедегі төрешілер орналасады
* * *
ТАБАҒАН
Саин к-сі, 1/6
іnfo@tabagan.kz
93 нөмірлі қонақ үй
Халықаралық және ұлттық дәрежедегі төрешілер мен шетел БАҚ өкілдеріне арналған
* * *
ТАРТУ
Таяуда Ұлттық банк Азия ойындарына арналған асыл металдан жасалған 100, 500 және 5 000 теңгелерді шығарды.
100 теңгенің салмағы 1,24 грамм, диаметрі – 13,92 мм. Ол 8 000 дана болып алтыннан шығарылып отыр. Теңгенің төменгі бөлігінде – шаңғы ізінің бейнесі мен теңгенің жасалған жылын білдіретін “2010” деген сан бар. Сол жақ бөлігінде Тянь-Шань шыршасы бейнеленген. Теңгенің екінші жағының (реверсінде) орталық бөлігінде Азиаданың логотипі суреттелген. Сурет қысқы спорт түрінің идеограммаларымен қоршалған.
Екінші, 500 теңге 13 000 данамен күмістен шығарылып отыр. Оның бір ерекшелігі – күміс тиындар он екі қырлы пішінде орындалған. Теңгенің салмағы 31,1 грамм. Оның бет жағындағы сол жақ бөлігінде қар ұшқындарымен қоршалған “Көк тәңірі” петроглифінің бейнесі салынған. Төменгі бөлігінде 100 теңгелік сияқты шаңғының ізі мен теңгенің жасалған жылын білдіретін “2010” деген сан бейнеленген. Теңгенің периметрі бойымен күңгірт жалпақ жиек жүргізілген, онда айналдыра мемлекеттік тілде “Қазақстан Республикасы” және оның ағылшын тіліндегі жазуы ойып жазылған. Сырт жағында Азиаданың логотипі голографиялық орындаумен суреттелген. Сол жерде теңгенің периметрі бойымен күңгірт жалпақ жиек жүргізілген, онда айналдыра мемлекеттік тілде “7-ші Қысқы Азия ойындары” және оның ағылшын тіліндегі жазуы бар.
Ал 5 000 теңгелікке келер болсақ, оның салмағы 1 кг. диаметрі – 100 мм, таралымы небәрі 225 дана. Теңгенің бет жағының төменгі бөлігінде шаңғы ізінің стильдендірілген бейнесімен жасалған жылын көрсететін “2010” деген сан бар. Сол жақ бөлігінде Тянь-Шань шыршасы бейнеленген. Бұл шырша Іле Алатауының нышан-айғағы, бейнесі. Ал Іле Алатауының бөктері Азиаданы қабылдайтыны белгілі. Теңгенің сырт жағында орталық бөлігінде күңгірттелген мұз үстінде Азиада логотипі орналастырылған. Сурет қысқы спорт түрінің идеограммаларымен қоршалған.
Ұлттық банктің деректеріне қарағанда 100 теңге 10 100 теңгеге, 500 теңге 6 600 теңгеге, ал 5 000 теңге 158 000 теңгеге бағаланып отыр.
* * *
Ақжолтай!
Қазақтың ұлттық биі “Қаражорғаны” “Жезбұйда” қоғамдық бірлестігі мен “Қаражорға” өнер ұжымы Қысқы Азиаданың ашылу салтанатына ұсынып отыр.
Өнер ұжымының жетекшісі Талапбек Тынысбектің айтуынша, олар ұлттық биімізді жеке таныстырып, оны кеңінен насихаттау мақсатында ұсынуда. “Біз Туризм және спорт министрлігі мен ұйымдастыру комитетіне ұсыныс-хат жібердік. Егер өтініші мақұлданып жатса, “Қаражорғаны” жоғары деңгейде ұйымдастыруға болады. Ал кәсіпқой бишілерді табу бізге қиын емес”, – дейді ол. Сонымен бірге оның айтуынша, қазір бұл биді Түркия, Австрияда медицина саласында, ал Қытайда оны орта мектептерде жаттығу ретінде қолданады. “Қаражорға” – буын биі. Оның денсаулыққа пайдасы өте көп”, – дейді ұжым жетекшісі.
* * *
Азиада айшықтары
Жуырда Nokіa компаниясы Қысқы Азия ойындарының ресми серіктесі болуға әзір екендіктерін және тегін навигациялы Ovі карталарын Қазақстанда іске қосатындарын хабарлады.
ТМД-ның оңтүстік елдеріндегі Nokіa компаниясының бас менеджері Карел Голубтың айтуынша, компания Қазақстан Қысқы Азиаданы өткізу құқығына алғаш рет ие болып отырғандықтан, ауқымды шараны өткізуге қолдан келгенше көмектеседі. Ол үшін Nokіa алдымен Ovі карталарын Азиада кезінде іске қоспақшы. Қазір Қазақстанда әртүрлі ұялы байланыс қызметтері артып келеді. Енді Nokіa компаниясы жарыс кезінде Ovі желілік карталарын, кейбір смартфондардың жаңа модельдерінде кездесетін “Азиада” мобильді қосымшасын енгізетін болады. Соңғысы жарыстар мен Азиаданың басқа да жаңалықтарын білуге, жарыстың кестесін алуға мүмкіндік береді. Бұл қосымша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жасалған.
Қазір дүние жүзі бойынша күн сайын 1,3 млрд.-тан астам адам Nokіa компаниясының қондырғылары арқылы қарапайым ұялы телефоннан смартфондар мен жоғары өндірістік мобильді компьютерлер арқылы байланысқа шығып жүргенін атап өту жөн.
Астанада “Азия ойындары балалар көзімен” атты республикалық шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Елордадағы М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында өткен конкурсқа Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан келіп түскен 200-ден астам жұмыс ұсынылды. Осы жұмыстардың авторларының ішінен жеңімпаздар “Ең үздік сурет”, “Ең үздік коллаж” және “Ең үздік кәдесый” аталымдары бойынша таңдап алынды. Соның нәтижесінде бірінші, екінші және үшінші орындар бойынша 24 жүлделі орын мен түрлі аталымдар бойынша 16 жеңімпаз анықталды. Мұнда “Ең үздік сурет” аталымында бірінші орынды Ясмина Иштаева (Тараз) мен Тамила Хамидова (Павлодар) бөліссе, “Ең үздік коллаж” аталымында Қостанай облысының ұжымы мен астаналық Әмина Разаева жеңімпаз атанды. Ал “Ең үздік кәдесый” аталымының бас жүлдесіне Бибіфатима Тасымова (Ақмола облысы) мен Михаил Лензинский (Астана) ие болды.
Байқауға бисер, саз балшық, былғары, қағаз, мата, табиғи және басқа да материалдардан жасалған шығармашылық жұмыстар келіп түскен. Осылардың ішіндегі ең үздік жұмыстар Азиада кезінде ұйымдастырылатын көрмеге қойылатын болады.
Алматыда Қысқы Азия ойындарын халық арасында насихаттау аясында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде “Біз Азиаданы қолдаймыз” атты спорттық-мәдени іс-шаралар өтті.
Онда арқан тартыс, бұқа тартыс, қол күрес, эстафета мен басқа да жарыстар өткізіліп, Азия ойындарының тарихы мен оның Қазақстанда өтетін кезегіне дайындық барысы туралы деректі фильм көрсетілді.
Осындай спорттық шараның университет қабырғасында өтуі тегін емес. Өйткені, қазіргі күні оқу орны елімізде студенттер арасында спортты дамытуға өзіндік үлесін қосып келе жатқаны белгілі. Былтыр білім ордасы Қазақстанның атынан Универсиада ойындарына қатысқан студенттердің ішінде 35 медаль алып, 70 жоғары оқу орындарының арасынан алғашқы ондыққа кірген болатын. Бұл жерде екі дүркін әлем чемпионы, жақында ғана Азия ойындарының жеңімпазы атанған Майя Манеза оқиды. Ол дене тәрбиесі және спорт мамандығының 1-курс студенті.
“Кар-Тел” ЖШС ЕҚЫҰ Саммиті мен Қысқы Азия ойындарын өткізу кезінде үшінші және төртінші буын байланысын ұсынатын болады.
Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады. ЖШС бас директоры Анатолий Поповтың айтуынша, ЕҚЫҰ Саммиті кезінде 3 G желілерімен Астана мен Алматының бірнеше аумағы, оның ішінде спорттық нысандары қамтылады. Сонымен бірге, үшінші буын байланысымен Астанада 25, ал Алматыда 40-қа жуық базалық станса іске қосылады.
Бетті дайындаған Дастан КЕНЖАЛИН.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.