24 Қараша, 2010

Күріш сатудың өзі күрделі іс

633 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Сыр бойында биылғы жылдың алтын астығы – күріш дәнін жинап алу науқаны аяқталғалы да біршама уақыт болып қалды. Осы кезге дейін талай биік мінбелерден айтылып келгендей, қызыл­ордалық диқандар соңғы жиырма бес жылдан бері қол жетпеген рекордтық мол өнімге қол жеткізді. Оның үстіне соңғы 17 жылдан бері болмаған көрсет­кіш – 77 339 гектар алқапқа дария жағалаған елдің басты дақылы себілді. Әзірге толық көзіміз жет­песе де, әр түрлі жиындарда осы­нау берекелі атыраптардың гекта­рынан соңғы 25 жылдан бері қай­таланбаған табыс – 48,6 центнер­ден өнім алынып, жиынтығы 376 мың тонна күріш салысы жинал­ғаны жайында есеп беріліп жүр. Ал алынған өнімнің нақтылы мөлшері осы қара күріш диірменге түсіп, одан таза маржан дән алын­ғаннан кейін ғана белгілі болады. Дегенмен, қазіргі күні “қолға ұстап” отырған осы астықтың өзін өткізудің оңайға түспейтіні әлден байқалады. Мол өнімнің ылғи да аспаннан шұға жауғандай көп ақша болып қайта бермейтінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Біз был­тыр еліміздің астықты алқап­та­рында бидайдан бұрын-соңды бол­маған түсім түскенін білеміз. Бірақ ол қыруар қаржының көзі бола қоймады. Ал биыл сол жағ­дай күріштің басына түскелі тұр. Мұның үстіне Сыр маржанының жағдайы бидайдан гөрі басқаша­лау, одан да гөрі қиындау. Себебі, өзін­дік құны қашаннан жоғары біздің күріштің бәсекелестері де көбейіп келеді. Бұған қарағанда едәуір арзан Ресей мен Қытайдың күріші тұтынушылардың қолына тезірек жететін сияқты. Бұл мәселе жақында, қазан айы­ның соңында өткен Үкімет отырысында да арнайы сөз болды. Онда Премьер-Министрдің бірін­ші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Қазақстанда күрішті және мақ­таны сатып алатын мемлекеттік ком­паниялар құруды ұсынды. Ол бұл ұсынысты бүгін Үкіметтің Оң­түстік Қазақстан облысымен бейне форматта өткізген отырысында айтты. Оның айтуынша, аграршы­лар өнім көп шыққанда оны мем­лекеттің сатып алуын сұрайды. Ал аз шыққанда өнімді өздері сатуға тырысады. Осыған байланысты Ө.Шөкеев Қызылорда облысында күріш сатып алатын, ал Оңтүстік Қазақстан облысында мақта сатып алатын шағын корпорациялар құру керектігін білдірді. Мұндай корпорациялар алынған өнімді сатып алумен айналысатын бола­ды. Менің ойымша, бұл өте дұрыс. Егер сіз тапсырма берсеңіз, бұл мәселені Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия­ның қарауына шығарып, оның кес­тесін бекітуге болар еді. Бұған қажетті тиісті қаржы жергілікті бюджеттерде, “ҚазАгро” холдин­гінде бар деді Ө.Шөкеев  Үкімет басшысына. Өз кезегінде Пре­мьер-Министр бұл бастаманы қол­дай­тынын жеткізді. Мәселені мұ­қият зерттеп, оны қаралатын ұсы­ныс­тар қатарына енгізіңіздер, деді ол. Жасыратыны жоқ, Сыр бойы диқандарын бұл жаңалық қатты қуандыруда. Әйткенмен, Үкімет басшысының біз сөз етіп отырған тапсырмасы күрішшілер проблема­сы­ның бір бөлігін ғана шеше ала­ды. Ал күрішке қатысты өзге өзекті мәселелер дүре тимеген қалпында сол күйі тұр. Соның ең бастысы, Қызылорда күрішінің сыртқы ғана емес, ішкі рыноктың өзінде бә­се­ке­ге қабілетінің төмендігі болып қала береді. Мұны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағы мамандар да жасырып отырған жоқ. Біздің күріштің бағасы жоға­ры­да айтылған Ресей мен Қытай­дың дақылына қарағанда айтар­лық­тай қымбат. Ал Күріш өсірушілер мен өңдеушілер ассоциациясының былтырғы жылғы өнімнен қалған қорды қоса есепке алғандағы пайы­мы бойынша, қазақстандық күріш­тің қазіргі экспорттық әлеуеті 21 мың тоннаны құрайды. Биылғы жыл­ғы жалпы өнім былтырғыдан тура 70 мың тонна артық болатын түрі бар. Алайда, болжам іспеттес әлеует пен нақтылы сату арасындағы айырмашылық аспан мен жердей... Осы жерде айта кетуіміз керек, облыста бұл проблеманы шешудің жолдары біраз уақыттардан бері қарастырылып келеді. Мәселен, облыстың тарихында биыл тұңғыш рет өткізілген күріш жәрмеңкесін айтайық. Ол көптеген сенімді әріптестермен күріш саудасы қарым-қатынасын жасасуға жол ашып берді. Облыс әкімінің бастамасымен осы жылғы “Алтын дән” мерекесі күндері бірнеше ірі компаниямен келісімдерге қол қойылды. Сол сияқты “ҚазАгро” ұлттық холдингі арқылы 2 млрд. теңгеге күріш сату жолдары қарастырылуда. Бұл, біріншіден, өнім кепілділігін, екіншіден, баға тұрақтылығын, үшіншіден, салық түсімдерінің уақтылы түсірілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұның сондай-ақ басқа да қаржы төлемдерін дер кезінде төлеп тұру мен көктемгі егіске тыңғылықты дайындықты қамтамасыз етуге өзіндік үлес қосатыны тағы бар. – Былтырғы жылы облыс диқандары 97-98 мың тоннадай таза күріш жинады, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Талғат Дүйсебаев. – Ал биылғы мол өнім 120-130 мың тоннаға жетіп қалуы мүмкін. Қамбаға құйылған қара күрішті Сыр бойындағы зауыттар толық ақтап шыға алады. Қазіргі таңда еліміздің күріш тұтыну мөлшері 130 мың тонна болса, соның 90 пайызға жуығын Қызылорда облысының егіншілері өндіреді. Ал биылғы мол өнім осы тұтынымды толық қамтамасыз ете алатынын көрсетеді. Бірақ ішкі тұтынымды Сыр күрішінің өзі ғана толтыратынына тағы сенім жоқ. Себебі, көрші елдердің арзан күріштері рынокты басып қалуы ықтимал. Сондықтан ішкі рынокты қорғап қалудың осы бастан қолға алынатын шаралары керек-ақ. Ал жоғарыда аталған корпорация құрылып, осы жұмыстарды жүргізуді қолға алса, ауыр жүктің теңі біршама жеңілдеп қалар еді. Әмірхан ӘЛМАҒАНБЕТОВ.