Камбоджада ұлттық мереке кезіндегі серуендеу барысында 349 адам қаза тауып, 410 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алды. Бұл қайғылы оқиға қаланың орталығын мереке өтіп жатқан аралмен байланыстыратын көпірдің үстінде адамдардың кептеліп қалуы салдарынан орын алды. Бұл Камбоджа тарихындағы ең қасіретті күн болып саналып отыр.
* * *
Үндістанның әскери-теңіз күштері грек кемесінің экипажын ұстады. Ал кеме құрамы Ресей мен Украина азаматтары болып шықты. Енді аталған елдер теңізшілері түрмеге жабылуы мүмкін. Үндістан әскери-теңіз күштері Грекия кемесін тоқтату үшін ескерту оғын атуға мәжбүр болыпты. Өйткені, ол Мумбаи портын рұқсатсыз тастап шыққан екен. Ал кемені іздеу мен жолын бөгеуге ұшақтар, тікұшақтар және әскери корабльдер пайдаланылыпты.
* * *
Ресейдің Вологда облысында екі жол инспекторы жүк көлігінің масаң жүргізушісін қоя беріп, соның салдарынан оның көлігі жолаушылар автобусына барып соғылған. Оқиға салдарынан 9 адам опат болса, 8-і жарақат алған. Енді қайғылы оқиғаға әлгі екі инспектор кінәлі деп табылып отыр. Себебі, олардың өз міндеттеріне жүрдім-бардым қарағандары анық.
* * *
Джон Леннон қолымен жазған өлең мәтіні аукционға қойылатын болып отыр. Алдын ала деректерге қарағанда, аты аңызға айналған “Битлз” тобы жетекшісінің өз қолымен жазған өлең мәтіні 350 мың еуроға сатылуы мүмкін делінуде. Бұл өлең мәтінін Леннон 1966 жылғы сәуір айында жазыпты.
* * *
Белгісіз біреулер Назрань қаласының орталығында автомобильге оқ жаудырған. Оқиға салдарынан бір адам қаза болған. Ингушетия астанасында ВАЗ-2106 автомобилін мінген белгісіздер ВАЗ-2114 автомәшинесін атқылаған. Оның ішінде жергілікті тұрғын отырса керек. Ал оқ атқандар жасырынып үлгерген.
* * *
Ресейдің федералды көші-қон қызметі Мәскеуде қазіргі кезде 340 мыңнан сәл астам мигрант бар деп есептейді. Жыл бойына Мәскеу аумағында 1,5 миллиондай шетел азаматы тұрып келсе керек. Олардың 1 миллион 350 мыңы есептен шығып, бүгінде Ресей аумағын тастап үлгерген. Сөйтіп, Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің ел астанасында 2 миллион заңсыз мигрант жұмыс істейді деген мәлімдемесі шындыққа сәйкеспейтін болып отыр.
* * *
Австралияның Qantas әуе компаниясы өз иелігіндегі алты А380 аэробусының екеуіне ұшуға рұқсат берді. Олардың алғашқысы Лос-Анджелестен Сиднейге ұшып шықса, екіншісі Австралияға аптаның аяғына қарай жетпек. Бортында 459 жолаушысы бар аталған үлгідегі ұшақтардың бірі үстіміздегі жылдың 4 қарашасында 4 қозғалтқышының біреуі жұмыс істемей қалғандықтан, Сингапурге қонуға мәжбүр болып, аталған аэробустарға ұшуға тыйым салынған болатын.
Ақпарат агенттіктерінің материалдары негізінде әзірленді.