24 Қараша, 2010

Қос Корея бір-біріне оқ атты

370 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Солтүстік Корея Оңтүстік Кореяның Сары теңіздегі Үлкен Енпхендо аралын артиллерия­дан атқылады. Аталған аралға 200 снаряд түсті. Алпысқа жуық үй қирап, оңтүс­тік­ко­реялық екі әскери көз жұмса, 13-і жараланған. Бейбіт тұрғындар арасында да түрлі деңгейде дене жарақаттарын алғандар бар көрінеді. Оңтүстік Корея әскері де аса жоғары әскери дайындық сапына келтіріліп, елдің батыс жағалауларына Ғ-16 ұшақтары жіберілген. Және де жауап ретінде Солтүстік Корея жағына артиллериядан 80 мәрте оқ атылған. КХДР тарапынан атыс салдары туралы ешқандай мәлімет келтірілмейді. Оңтүстік Корея өкілдері артиллериялық оқ атуларды сол маңда жүргізілген жауынгерлік оқу-жаттығу үдерістері туындатуы мүмкін дегенді көлденең тартады. “Біз шын мәнінде зымырандарды ұшыру жаттығуларын жүргізген болатынбыз, алайда барлық зымырандар батысқа бағытталған болатын. Солтүстік бағытқа бірде-бір зымырандық ұшырылулар болған жоқ”, деп мәлімдеді Оңтүстік Корея өкілдері. ҚХДР-дің іс-әрекетін Ресей, АҚШ, ЕО елдері мен Ұлыбритания жазғырған мәлімдеме жасап үлгерді. Қытай тарапы да өзінің алаңдаушылығын білдіріп, жанжалдасушы жақтарды тыныштыққа шақырды. Француз дипломатиялық дерек көзінің хабарлауынша, Кореяаралық кикілжің мәселесіне байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл мәжілісі бір-екі күн ішінде шақырылып қалуы әбден мүмкін.