КӨПВЕКТОРЛЫ ДИПЛОМАТИЯНЫҢ НӘТИЖЕСІ
Танымал саясаткерлер мен сарапшылар ЕҚЫҰ-ның Астанада өтетін жоғары деңгейдегі саммитінде діни және ұлттық кемсітушілікке қарсы өзекті мәселелер талқыланатындығын айтады. Ұйымның соңғы саммиті 1999 жылы Ыстамбұлда шақырылған еді. Содан бергі кезеңде ЕҚЫҰ кеңістігінде көптеген өзгерістер болды. Бүгінде сол өзгерістерді жан-жақты талқылап, қарастыратын мезгіл жетті. Бұған Астана Саммиті арқау болады деген үміт бар.
Еуропадағы мемлекеттерде мұсылмандардың үлесі тұрақты артып келеді. Сондықтан да дінаралық және этносаралық белсенділік проблемалары өзінің өзектілігін жоймақ емес. Осыған байланысты Қазақстан мұсылман әлеміндегі әріптестік қатынастарды нығайту мақсатында Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумын өткізгелі отыр. Өйткені, Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдердің саяси салмағы, сондай-ақ мұсылман мемлекеттерінің аумағында әлемдегі көмірсутегінің қоры аса мол.
Қазіргі кезде Қазақстан мен Ислам Конференциясы Ұйымына мүше 57 ел арасындағы тауар айналымы 5 миллиард доллардан астам соманы құрайды. Бұл қазақстандық тауарларды осы мемлекеттердің рыногына шығару екі жаққа да аса тиімді болмақ. Келесі жылы ресми Астана Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеді. Бұл Қазақстан мен ұйымға қатысушы елдер арасындағы тарихи және мәдени ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға қолайлы жағдай жасайтын болады.
* * *
АСТАНА САММИТІ ТАРИХИ ЖИЫН БОЛМАҚ
Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ға төраға ретінде әрі өңірлік көрші ретінде Ауғанстанға айтарлықтай көмек көрсетті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 1 000 ауғандық жастарды Қазақстанның жоғары оқу орындарына оқытады. Бұл мерзім төрт жылды қамтиды. Оған Қазақстан тарапынан 50 миллион доллар көлемінде қаржы бөліп отыр. Білім алған ауғандық мамандар өз елінде мемлекеттік басқару салаларында жұмыс істейді, Ауғанстанда бейбітшілік орнатуға үлес қосады.
Қазақстан, сондай-ақ көршісі Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға зор үлес қосты. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаевтың атап өткеніндей, Қазақстанның араласуымен Қырғызстандағы саяси жағдай тұрақтанды. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көпшілігі Қазақстанның Қырғызстандағы этносаралық қақтығыстардың әрі қарай өршімеуіне қосқан үлесін жоғары бағалады. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Қырғызстанға көршілес ел ретінде және Ұйымның Іс басындағы төрағасы ретінде қайтарымсыз қаржылай, азық-түлік, отын және құрылыс материалдарын берді. Бұл қаржы мен құрылыс материалдары сәуірдегі төңкеріс кезінде қиратылған, өртелген үйлерді қалпына келтіру үшін қажет еді.
Қазақстан, сондай-ақ өз көршісіне парламент сайлауын өткізуге де саяси қолдау көрсетті. Соның нәтижесінде парламент сайлауы дау-дамайсыз өтті. Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша елдің бұрынғы президенті Қ.Бакиев Қырғызстан аумағынан өзге елге кетті. Осылайша Қазақстан Қырғызстанды азамат соғысынан сақтап қалды.
* * *
ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТТЕРДІҢ БІРЛЕСКЕН МӘЛІМДЕМЕСІН ҚОЛДАЙДЫ
Қазақстан Республикасы Ресей, Армения және Әзірбайжан президенттері Дмитрий Медведевтің, Серж Саргсянның және Ильхам Әлиевтің осы жылдың 27 қазанында Армения мен Әзірбайжанның әскери тұтқындар алмасу және қаза тапқандардың мәйітін қайтару жөніндегі мәлімдемелерін қолдайды. Тараптар бұл уағдаластыққа ЕҚЫҰ-ның тең төрағалары Минск тобы мен Халықаралық Қызыл Крест комитетінің көмек көрсетуі арқылы қол жеткізді. Бұл жөнінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Euronews” телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атап өткеніндей, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында аса маңызды мәселелердің бірі ұзаққа созылған Оңтүстік Кавказ бен Приднестровье жанжалдарын реттеуге ықпал ету болып табылады. Осы жылдың қазанында соңғы бес жыл ішінде алғаш рет Ұйымның бастамашы болуымен Таулы Қарабақтағы гуманитарлық жағдайларға баға беру үшін халықаралық сарапшылар тобы Таулы Қарабақта болды. Президент Н.Ә.Назарбаевтың пікірінше, Таулы Қарабақ проблемасын бейбіт жолмен реттеудің маңызы, әсіресе, ондағы қарапайым халықтар үшін аса жоғары. Ұзаққа созылған жанжалдардың салдарынан ондағы тұрғындар бүгінгі күнге дейін зардап шегуде. Президенттердің жоғарыда аталған бірлескен мәлімдемелері Қазақстан тарапынан қолдау тауып отыр.
* * *
ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚТАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ БІРЕГЕЙ ҮЛГІСІ
Қазақстан Президенті “Euronews” телеарнасына берген сұхбатында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана Саммиті әлемде бейбітшілікті қамтамасыз етуге ықпал ететінін атап көрсетті. Оған Қазақстандағы саяси және этносаралық, конфессияаралық келісімнің нық орныққанын мысал ретінде алуға болады. Өйткені, Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар табысты жүзеге асырылды. Этносаралық, дінаралық келісімнің нәтижесінде Қазақстан осындай жетістіктерге жетіп отыр. Сонымен қатар, Қазақстанның Шығыс пен Батыс, Еуропа мен Мұсылман әлемі арасындағы үнқатысулар үшін ең оңтайлы алаң болуға толық мүмкіндігі бар.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев сұхбатында 2011 жылы Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ететініне де арнайы тоқталды. Себебі, қазіргі кезде әлемдік саясаттағы басты проблеманың бірі мұсылман әлемінің өзге әлеммен қатынасында қиындықтар көрініс беріп отырғаны жасырын емес. Ал Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы барысында мұсылман әлемі мен батыс арасында ашық және адал үнқатысулар жүргізуге мұрындық болады.