Террор – алуан түрлі кейіпте көрініс беретін, халықаралық ауқымда қатер төндіретін аса қауіпті және алдын ала болжауы қиынға соғатын күрделі құбылыстардың біріне айналып бара жатқаны жасырын емес. Уақыт өткен сайын террорлық әрекеттердің де түрлері көбейе түсуде. Сарапшылардың пікірінше, террор негізінен әлеуметтік мәселелерден басталатын жанжалдардан, ұлтаралық және діни шиеленістерден, есірткі трафигі мен ұйымдасқан қылмыстардан, заңсыз қару-жарақ саудасынан туындайды. Сонымен қатар, адам құқықтарының сақталмауы, кедейшілік, тағы басқа да проблемалар террорлық идеологияның таралуына қолайлы жағдай туғызады.
Қазақстан басшылығының дінаралық, конфессияаралық және этносаралық қатынастарда жүргізіп келе жатқан салмақты да салиқалы саясатының нәтижесінде елімізде терроршылдықтың жайылуына түрткі болатындай ішкі алғышарттар жоқ. Дегенмен, қазіргі кезде өзге мемлекеттермен қатар, Қазақстан үшін де терроршылдықтан төнетін қатердің өзектілігі күн тәртібінен түспек емес.
Халықаралық қоғамдастық пен өңірлердегі саяси-экономикалық және әлеуметтік мәселелердің өзара тәуелділігінен туындап жатқан терроршылдықтың жаһандану үрдісін назарға алатын болсақ, бұл қауіп-қатерлер нақты және шынайы түрде көрініс табатыны байқалады. Өйткені, бұл қатерлер негізінен сыртқы факторлардың ықпал етуінен қалыптасуда. Олардың ішіндегі ең бастысы – Орталық Азияның бірқатар елдері мен Ауғанстандағы саяси жағдайдың тұрақсыздығы. Екіншіден, “әл-Каида” жетекшілік ететін кейбір шетелдік терроршыл ұйымдардың Орталық Азия өңірімен бірге, Қазақстанға да көз тігулерінің көрініс бере бастағандығы.
Себебі, соңғы жылдары еліміздің азаматтарын терроршылдық іс-қимылдарға тарту әрекеттері, сондай-ақ терроршылардың ел аумағын қылмыстық қуғындаудан бой тасалау мақсатында пайдалану оқиғалары орын алуда. Сонымен қатар, конфессиялық төзімсіздік пен зорлық-зомбылыққа үндейтін радикалды діни идеологияның, оның ішінде олардың интернет желісі арқылы кеңінен таралуы үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Осындай өзекті проблемаларға байланысты еліміздің ұстанымы айқын: ол – саяси, экономикалық, діни және басқа себептерге қарамастан, кез келген сипаттағы, кез келген көріністегі терроршылдық әрекеттерді айыптайды, оған қарсы күрес жүргізуді елдің басым бағыттарының бірі деп есептейді.
Қазақстан аталған қауіп-қатерлерге қарсы күрес мәселелерін ұжымдасқан негізде шешудің дәйекті де сенімді жақтаушысы әрі қатысушысы болып келеді. Осыған орай еліміз терроршылдықтың жолына тосқауыл қоюды ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды басымдықтарының қатарына қойып отыр. Бұл бағытта қолға алған және жүзеге асырған іс-шаралары да аз емес. Мысалы, Қазақстан соңғы жылдары терроршылдықтан келетін қауіпті бейтараптандыру және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған мақсатты да жүйелі құқықтық, ұйымдастырушылық, сондай-ақ практикалық шаралар қабылдады.
Қазіргі кезде елімізде біртұтас антитеррорлық саясат жан-жақты талдаудан өткізіліп, бүгінде ол жүзеге асырылуда. Соның негізінде ішкі саяси тұрақтылық, этносаралық және конфессияаралық келісім қамтамасыз етілді. Терроршылдыққа қарсы күрестің құқықтық тетіктері жетілдіріліп, терроршылдықтың кез келген көріністерін бастапқы сатысында-ақ анықтау және оны жою, осылайша өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қарастырылды. Оның ішінде, сондай-ақ қауіп-қатерді мүмкіндігінше болдыртпау және оның алдын алу мәселелері де бар.
Дер кезінде қабылданған осындай шаралардың нәтижесінде Қазақстан аумағына террорлық күштердің енуіне жол берілмеді. Мысалы, соңғы екі жылдың ішінде шекаралас мемлекеттердің құзырлы органдарымен бірлесіп әрекет етудің арқасында “Әл-Каида” ұйымына кіретін “Ислам жихат одағы” мен “Түркістан ислам партиясы” терроршыл ұйымдары бөлімдерінің қызметі тоқтатылды. Сонымен қатар, еліміз терроршылдыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық міндеттемелерін ойдағыдай орындап келеді. Өткен кезең ішінде сот органдарының шешімдерімен Қазақстан аумағында 14 шетелдік ұйым терроршыл деп танылып, олардың қызметіне тыйым салынды. Сондай-ақ “Хизб-ут-Тахрир” партиясының қызметі де экстремистік бағытта екендігі анықталып, жұмыстары тоқтатылды. Ал 2006 жылы Қазақстан бастамасымен “Орталық Азия моджахедтерінің жамааты” атты ұйым терроршы ретінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ортақ тізіміне енгізілген болатын.
Жалпы, 2004-2008 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен Астана қаласы сотының шешімдерімен “Әл-Каида”, “Асбат әл-Ансар”, “Мұсылман- ағайындылар”, “Боз гурд”, “Талибан” қозғалысы, “Орталық Азия моджахедтерінің жамааты”, “Шығыс Түркістанның ислам партиясы”, “Өзбекстан ислам қозғалысы”, “Түркістан ислам партиясы”, “Конгра-Гел”, “Лашкар-и-Тайба”, “Әлеуметтік реформалар қоғамы”, “Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы” және “АУМ Синрике” ұйымдары терроршыл ұйымдар деп танылды.
Әлемдік қоғамдастықты алаңдатып отырған терроршылдықты ауыздықтауға қажетті құқықтық талаптарды орындаудың маңызы ерекше. Осыны ескере отырып, біздің еліміз бүгінде БҰҰ-ның терроршылдыққа қарсы күрес жөніндегі 13 әмбебап конвенцияларының барлығына қосылған. Ал 2008 жылғы мамыр айында Қазақстан Ядролық терроршылдықтың көріністерімен күрес туралы халықаралық конвенцияны ратификациялады. Бұдан бөлек еліміз өңірдегі қауіпсіздікті нығайту мақсатында ШЫҰ және ТМД ауқымында қабылданған бірқатар келісімдерді де ратификациялады. Сонымен бірге, 2009 жылы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясында Жедел әрекет етудің ұжымдық күштері туралы келісімге қол қойған болатын. Аталған құрылымның міндетінің қатарына терроршылдыққа қарсы күрес те кіреді. Қазіргі кезде Жедел әрекет етудің ұжымдық күштерін құруға қатысты ұйымдастырушылық аспектілерінің барлығы тиісті нормативтік құқықтық актілермен реттелген.
Бүгінде Қазақстанның терроршылдықпен күрес саласындағы ұлттық заңнамалары біртіндеп жетілдірілу үстінде. Террорлық қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың барлық аспектілері дерлік заңнамалық сипатта бекітілген. Террорлық іс-әрекеттерге бару, лаңкестік пен экстремизмді қаржыландыру және насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған. Бұл іс-әрекеттердің құқықтық негіздері “Терроризмге қарсы күрес туралы” (1999 жылғы) және “Экстремизмге қарсы күрес туралы” (2005 жылғы) заңдарда нақты көрсетілген. Сонымен қатар, өткен жылы “Заңсыз жолмен табылған табыстарды заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес туралы” Заң қабылданды. Осы заңға сәкес арнайы уәкілетті орган – Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитеті құрылды. Комитеттің тікелей міндеті – “лас” ақшаны заңдастыруға қарсы күресумен қатар, бұл құрылым террорлық іс-әрекеттерді қаржыландырудың ықтимал арналарын анықтау жұмыстарымен де айналысады.
Қазақстан террорлық әрекеттердің таралуын тежеу мақсатында ұлттық, діни және этностық қайшылықтардан арылуға, әлемдік қоғамдастықтың бірлігін нығайтуға бағытталған іс-әрекеттердің стратегиясын әзірлеу ортақ міндетке айналуы қажет деп есептейді. Себебі, халықаралық терроризмге қарсы күрес барысындағы жетістіктерге біртұтас әлемдік қоғамдастықтың келісілген кешенді талпыныстарының нәтижесінде ғана қол жеткізуге болады. Оны ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев осы жылдың 14 қазанында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның терроризмнің алдын алуға қатысты халықаралық конференциясында сөйлеген сөзінде де атап өткен еді.
“Халықаралық террор ұлтты, дінді және шекараны таңдамайды, – деген болатын сонда ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы. – Терроризмге қарсы саясатты тиімді жүзеге асыру кешенді шаралар қолдануды қажет етеді. Онда әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық аспектілер қамтылуы тиіс”. Ал біздің еліміз ауыр зардаптарға соқтыратын террорлық сипаттағы қылмыстардың кез келген түрімен күресті өрістетеді және қолданыстағы заңнамалар аясында оған қатысты тиісті шаралар қабылдауды жалғастыра беретін болады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.