24 Қараша, 2010

Қазақстан және Орталық Азия: ынтымақтастық жолымен

621 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алматыда саясаттанушылар мен әлеуметтанушылардың Орта­лық­азиялық бірінші конвенті бо­лып өтті. Білім және ғылым ми­нистрлігі Жастар саясаты депар­та­ментінің Қазақстан жастары Кон­гресімен бірлесіп өткізген екі күн­дік жиынының алғашқы күні “Қа­зақстан және Орталық Азия: бір­тұтас бастау және әртүрлі жолдар” атты пленарлық отырыс жұмы­сымен ашылды. Конвент жұмысы­на республиканың жеті облы­сы­нан және Астана мен Алматы қалаларынан ғылыми-зерттеу институттары мен сараптамалық құрылымдар өкілдері, ғалымдар, сондай-ақ студенттер қатысты. Орталықазиялық бірінші кон­вент­те негізінен Орталық Азия­дағы саяси үдерістер, отандық саясаттанудың мәселелері және Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма жылдығы төңірегінде кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, күн тәртібіне қойылған маңызды мә­селелер аясында, әсіресе, Қазақ­станның 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиясына баса назар аударылды. Мәселен, “Қа­зақ­стан портреті-2020: болашағы, болжамдар және сценарийлер” интерактивті ойыны өткізілуінің өзі бұл бағыттағы іс-шаралардың мазмұндылығымен ерекшеленетін­дігінен хабар берсе керек. Әрине, жас сарапшылардың үш топқа бөлініп, өздерінің туған елінің 2020 жылға дейінгі даму жолдары жөніндегі болжамдары мен көзқарастарын ортаға салуы көпшілік назарынан тыс қал­мады. Павлодар қаласындағы Сұл­тан­махмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің  әлеуметтану және саясаттану кафедрасының меңгерушісі Ғабит Иренов өз сөзінде бұл саладағы күрделіліктерге де тоқталып өтті. Ғалымның айтуынша, бүгінгі таңда жастар арасында саясат­керлер дайындау, анығырақ айтқанда, саясаттану ілімін дамыту және оны одан әрі жетілдіру бағытындағы іс-шаралардың дең­гейі талапқа сай емес. Мәселен, республикадағы кейбір жоғары оқу орындарында саясаттану маман­дығы бойынша мамандар даярлау мәселесі назардан тыс қалып отырғаны жасырын емес. Со­нымен қатар, жекелеген облыс ор­талықтарындағы оқу орындарында ғылым кандидаттары да болмауы көп нәрсені аңғартады. Сондықтан да, келешекте бұл саланы одан әрі жетілдірудің берері мол. Жал­пылай алғанда, отандық саясат­та­ну ілімінің дамуы, жас маман­дар­дың біліктілігін арттыру ғылыми мол тәжірибеге тәуелді екендігі айтпаса да түсінікті. Білім және ғылым ми­нистр­лігі философия және саясаттану институтының бөлім меңгерушісі Рүстем Қадыржанов, саясаткер Сырым Айдос және басқалар Орталық Азиядағы бүгінгі таңдағы саяси үдерістерді тілге тиек ете келіп, бұл елдерде саяси тұрақты­лық пен қауіпсіздіктің сақталуы ең басты әрі өзекті мәселе екендігін атап айтты. Қорыта айтқанда, Орталық Азия елдері арасында бүгін де және ертең де ынтымақ­тастық пен бірлікті одан әрі нығайтудың қажеттілігі мол. Бақыт БАЛҒАРИНА.