24 Қараша, 2010

Сыбайлас жемқорлық – партия бақылауында

414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
“Нұр Отан” ХДП облыстық фи­лиалында “Ақтөбе облысы бой­ынша сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес бағдарламасының жүзеге асырылуы және партияның 2011-2020 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа бағдар­ла­масының жобасына ұсыныстар” атты тақырыпта  дөңгелек үстел өт­ті. Оған партияның аудандық ұйым­дарының басшылары, партия­ның белсенді мүшелері, кәсіпорын­дар мен мекемелер, ардагерлер мен жастар ұйымдарының өкілдері және Парламент Сенатының де­пу­таты Иран Әміров қатысты. Дөң­гелек үстел  басталмас бұрын 2008-2010 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдар­ла­масын жүзеге асыруға белсене қатысқан бір топ партия мүшелері “Нұр Отан” ХДП-ның “Белсенді қызметі үшін” төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Шараға қатысушылар алдында хабарлама жасаған облыстық эко­номикалық қылмысқа және сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Ескендір Дентаевтың  мәлімдеуінше, үстіміз­де­гі  жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты 65 дерек тіркеліп, оның 58-і бойынша материал сотқа жол­данған. Ал пара алу бойынша 25 қылмыстық іс анықталыпты. Мем­лекетке келтірілген шығынның  жал­пы көлемі 44 миллион теңгені құ­раған. “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Ғалымжан Нұрышев өзі жетекшілік ететін комиссия жұмысына тоқталды. Ол бюджеттік қаржының жұмсалуын бақылаудың жүйелі жүргізіліп отырғанын тілге тиек ете келіп, “Жол картасы” бағдарламасы бойынша бөлінген 5 миллиардтан астам теңгенің орнымен жұмсалға­нын жеткізді, партиялық бақылау бекеттерінің жұмысын тарқатып айтты. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жастардың белсенділігін тиімді пайдалануды ұсынды. Дөңгелек үстелде сөйлеушілер еліміздің беделіне, демократия­сына, ұлттық қауіпсіздігіне, әлеу­мет­тік-экономикалық реформа­лар­ды жүзеге асыруға қауіп төндіретін сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту қажеттігін атап көрсетіп, жаңа бағдарлама жобасына қатысты ұсыныс-пікірлерін  ортаға салды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.