Еліміздің жыл басынан бері ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Еуропаның қазақ жұртына төрін ұсынуы оңайлықпен келген жоқ. Бұған біздің мемлекетіміздің ұстанған саясаты мен батыл қолға алған бастамаларының арқасында қол жеткіздік. Бұл төрағалық – Қазақстан үшін үлкен абырой әрі мәртебе. Төрағалыққа қол жеткізуіміз – біздің еліміздің күллі ТМД елдері мен Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы беделін айқындап қана қоймай, олардың арасында бұл мәртебені бірінші болып иеленгендігін көрсетеді. Яғни, бұл Қазақстанның осы елдердің арасынан суырылып шығып, “бірінші мемлекет” болғандығын айғақтайды. Ең бастысы, біз бұл табысқа еліміздің биік беделінің, Елбасымыздың мінсіз абыройының арқасында жетіп отырмыз. Міне, ең баянды бақыт – туған еліңнің бақыты екеніне, мемлекетіңнің мәртебесі екеніне көз жеткізіп отырмыз.
Бізді әлемге мойындатқан ұлы күш – ынтымақ пен бірлік. Себебі, татулық тетігі Қазақстанда берік сақталған. Біздің Қазақ елі жаһанға ынтымақтың ұясы ретінде танылды. Еліміздің Еуропа төріне шығуы – мемлекетіміздегі толеранттылықтың жоғары деңгейге көтерілуінің арқасы, елдегі тыныштық пен діндер арасындағы тату-тәттіліктің нәтижесі. Ынтымағы жарасқан ырысты елге құт қонады. “Бектер кетсе, ел қалар; бетеге кетсе, жер қалар; берекең кетсе, не қалар?” дейтін қазақтың керемет сөзі осындайда есіңе түседі.
Енді бірнеше күннен кейін Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының көптен күткен саммиті өтеді. Қазақ халқы бұл тарихи саммитте “төртеу түгел болғанда төбедегінің келеріне” әлем елдерінің көзін жеткізбек. Мәртебелі форумды Астанада өткізу туралы ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің шешімі – қазақстандық дипломатияның жеңісі ғана емес, Орталық Азия аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның орны мен маңызын бүкіл әлемнің мойындауы. Бұл – Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтың тең құқылы және беделді мүшесі болып отырғанының көрінісі. Саммит жұмысына 55 мемлекеттің жетекшілері, 65 халықаралық ұйым өкілдері, 6 мың шетелдік қонақ, 1500 шетелдік журналист қатысқалы отыр. ЕҚЫҰ-ның соңғы саммиті 1999 жылы Ыстамбұлда өткен. Регламентке сәйкес, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің саммиті екі-үш жылда бір рет өтуі керек еді, алайда, мүше мемлекеттердің ішкі қайшылықтары мен ұйымдағы ұйымдастырушылық дағдарыс салдарынан 11 жылға созылған үзіліс болды. Қазір өте орынды айтылып жүргендей-ақ, 11 жылдан кейін шақырылған саммит – Ұйымның өзі үшін де үлкен табыс. Осынша уақыт мұндай жиынның өткізілмеуі Ұйымның жұмысында алаңдатарлық жайлар бар екенін онсыз да аңғартып тұрған еді.
Қазірдің өзінде Қазақстан төрағалығы кезеңінде Ұйым Саммитінің Астанада өткізілуіне орай бүкіл әлем біздің елімізге ерекше құрметпен қарайды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның үш себетін қатар, бірдей етіп толтыру талабы бар тараптан қолдау тауып отыр. Бұрын еуропалық елдер Ұйымға төраға болған кезде кейбір даулы мәселелерге біржақты көзқарас байқатса, қазір Қазақстанның қандай жағдайға да алаламай қарайтынын барлық мемлекеттер атап айтуда. Осы жерде дана қазағымыздың “Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды” деген мәтелінің дөп кеп тұрғанын айтқанымыз абзал. ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы – Қазақстан Республикасының саяси ерік-жігері мен беделінің арқасында саммитті тұрақты түрде өткізу тәжірибесі қайта қолға алынуда. Қазіргі әлемдік саяси элитаның пікірінше, саммитті тұрақты түрде өткізу Ұйымдағы жүйелі дағдарысты еңсеруге және оның халықаралық қатынастағы рөлі мен беделін арттыруға ықпал етеді. Оның үстіне ЕҚЫҰ-ның идеясы мен міндеттері әлі де болса мүше елдер арасында маңызды ресурсқа ие және ұлттық дипломатия құралы болып қала береді.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен өткен айлар ішінде әлемнің назарын аударар іргелі мәселелерді оңтайлы шеше білді. Мұны әлемнің сарапшылары да мойындады. Төрағалық тапсырылған жыл басынан бері Қазақстан елдер арасындағы шиеленістерді шешуге, тыныштықты қалыптастыруға елеулі үлес қосып, ерен еңбек етті. Білгірлер тарихында бір тыншу көрмеген, үнемі дүмпудің үстінде ғұмыр кешкен Ауғанстандағы ахуалды біршама жеңілдеткен төраға – Қазақстанның қызметін ерекше атайды. Сондай-ақ, Таулы Қарабақтағы ахуалдардың күрмеуі қиын шешімін тарқатуға тың талпыныстар жасалғанына Ұйымға мүше елдер сыртқы істер министрлері қатысқан Алматыдағы бейресми саммитте орынды баға берілді. Көрші қырғыздағы саяси жағдайды тыныштандырудағы Елбасының еңбегі жоғары бағаланды. Саммиттің маңызы Ұйым үшін айрықша атаулы даталармен күшейтілген. Хельсинки Қорытынды актісіне – 35 жыл, Париж Хартиясына – 20 жыл және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына – 65 жыл.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының басты ұстанымы – төрт “Т”. Яғни, сенім (траст), дәстүр (традишн), ашықтық (транспаренси) және төзімділік (толеранс). Осы төрт “Т” Қазақстанда әрдайым қоғамдық өмірдің негізі болып келеді. Сондықтан, бұл – мемлекеттің формальді ұстанымдарын жариялау ғана емес, өмір шындығы және саяси тәжірибенің нәтижесі.
2001 жылдың өзінде-ақ Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұлттық идеяның негізгі ұстанымдарын атап, оны іс жүзінде қалыптастырған болатын. Елбасы атап өткендердің қатарында көпэтносты мемлекет халқының теңдігі, мемлекет құраушы ұлт саналатын қазақ ұлтының жауапкершілігі, діни сенім бостандығы, азаматтардың заңға бағынуы және қоғам мен өзінің отбасы үшін еңбек етуге қабілетті әр адамның өз-өзін қамтамасыз етуі секілді бес ұстаным бар еді. Сайып келгенде, бұл ұстанымдардың барлығы Қазақстанда өмір сүретін этностық топтардың тарихи тағдырымен үйлеседі.
Ел Президентінің тікелей басшылығымен Қазақстан Орталық Азияда экономикалық доминантқа айналып, тұрақты ортаңғы буын қалыптасты, мыңдаған заманауи өндіріс орындары ашылып, өзінің сұлулығымен тамсандыратын жаңа елорда – Астана қаласы салынды. Қазақстан әлемдік демократиялық стандарттарды қабылдап қана қоймай, Еуропа мен әлемдік қоғамдастыққа өзінің халықтар мен мәдениеттерді олардың ұлттық дәстүрі мен құндылықтарын сақтай отырып жақындатудың озық тәжірибесін ұсынуда.
Осы орайда, алдағы саммитте көп мәселе жан-жақты талқыланады деген сенімдеміз. Талқылаулардың болашақты түйткілді жәйттердің оң шешілуіне септесетіні сөзсіз. Ал проблемаларды еңсерудің бір тетігі – төзімділік дер едім. Себебі, төзімділік – Қазақ елінің беделді Ұйымға төрағалық етуі кезінде ұстанатын басты ұрандарының бірі болып табылады. Толеранттылық, яғни төзімділік өз тамырын Қазақстанда кеңінен жайған деуге болады. Себебі, дәл қазіргі таңда еліміз түрлі конфессиялар мен түрлі этностар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, дінаралық татулық бағытында батыл бастамалар көтеріп жүрген жас мемлекет ретінде айдай әлемге танылды. Бүгінде елімізде 130 этнос өмір сүріп, 40-тан астам конфессия өз жұмыстарын еш кедергісіз жүргізуде. Бұл ненің белгісі? Бұл, ең алдымен, мемлекет саясатында төзімділік ұстанымының берік орнағандығының, түрлі этнос арасындағы мамыражай, тату-тәтті тіршілік көрінісінің бір белгісі. Төзімділік мәселесінде басқа мемлекеттерге ұқсамайтын Қазақстанның өз жолы, өз тәжірибесі бар. Астанада үш мәрте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерінде рухани қалыпты, адам бойындағы моральдық құндылықтарды, ұлттар арасындағы бірлік пен өзара сенімді сақтау үшін не қажет деген өзекті сауалдар төңірегінде қаншама пікір алмасылды. Мұны халықты төзімділікке жетелейтін батыл бастама ретінде әлемнің жетекші мемлекеттері қазірдің өзінде мойындап үлгерді.
Екіншіден, біздегі Қазақстан халқы Ассамблеясын алып қарайықшы. Бұл – әлемде баламасы болмаған қазақстандық жоба. Міне, сол себепті біз “Әртүрлі этносты бір тудың астына біріктіру” деген ұстанымды дүние жүзіне танытуымыз қажет. Танытып қана қоймай, таратуымыз қажет. Бұл, ең алдымен, бүкіл әлемдегі еларалық ынтымақты, бірлікті, татулықты көздегендіктен туып отыр. Қазақстан өзінің еңбегі, жүргізген ішкі-сыртқы саясаты, дінаралық, конфессияаралық, этносаралық татулықты сақтаудағы көзқарасы негізінде өз тәжірибесімен бөлісіп, өз үлгісін танытуға лайық. Себебі, мемлекеттік саясатымыз, заңдарымыз осы ынтымақ пен бірлікті сақтауға бағытталған. Ең бірінші құндылығымыз – адамның өмірі мен бостандығы. Біздің өмір танымымыз, конституциялық құрылымымыз – барлығы төзімділік идеясына негізделген. Қазір Қазақстанда дәл осындай қоғам қалыптасуда. Ынтымақ пен бірлікті қуаттайтын, барлық этнос өкілдерін бір тудың астына біріктіретін қоғам қалыптасып отыр. Ал осы идеяны неге өзгелерге танытпасқа?! Адамзатқа қасірет әкелетін соғыс, ел ішіндегі шиеленіске ұрындыратын қақтығыстар ешкімге абырой емес. Ал бұл тұрғыда келіспеушіліктің барлығын білектің күшімен емес, ақылмен шешуге, осындай үнқатысулар арқылы оңтайландыруға болады. Қазақстан – бүгінде тұрақты және серпінді дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Жалпы, әлемдік геосаясатта Шығыс пен Батыстың өзара табысты үнқатысуындағы тепе-теңдіктің сақталуы және Орталық Азия аумағындағы тұрақтылықтың салтанат құруы біздің елімізге байланысты. ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Қазақстанның Батыс елдері мен посткеңестік мемлекеттер арасындағы қауіпсіздікке және өзара үнқатысуларға дәнекер болуы кездейсоқтық емес.
ЕҚЫҰ-ның стратегиялық бағыттарының бірі – жаһандық ауқымдағы тұрақтылықты қолдау. Осы орайда көпвекторлы стратегия арқасында Қазақстан халықаралық қатынастарға беделді және белсенді қатысушы ретінде кеңінен танылды әрі Ұйымның жаңа тынысын ашқандай болды.
Ауғанстандағы ахуалдың ушығуы, Қырғызстандағы қақтығыс, халқы тым көп Азиядағы проблемалар, тағы да басқа көптеген жағымсыз ахуалдар қазіргі ұжымдық қауіпсіздік жүйесін қайта қарауды талап етіп отыр.
Қазақстанның АӨСШК, ШЫҰ, ИКҰ, Түркі тілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясында көтерген бастамалары әлем елдерін тыныштық пен бейбіт өмірге үндейді және оны әлемдік тәжірибеге енгізуге шақырады.
Сарапшылардың болжауынша, алдағы саммит әлемдік қауіпсіздік жүйесін қайта құрылымдауға ғана емес, оны қамтамасыз ететін халықаралық ұйымдарды қайта тірілтуге ықпал етуі керек.
Саммитті өткізу – Орталық Азияның ғана емес, жаһандық қауіпсіздіктің ұйытқысына, татулық пен тұрақтылықтың кепіліне, бейбітшіліктің берекелі белдеуіне айналған Қазақстанның еуразиялық держава ретінде танылуының тамаша мүмкіндігі деген сөз.
Қорыта айтқанда, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, “ЕҚЫҰ жауапкершілігі аймағындағы қауіпсіздіктің өзекті проблемалары, Ауғанстандағы жағдай мен толеранттылық мәселелері саммиттің негізгі тақырыбына айналады”.
Алайда, қазірдің өзінде бір нәрсені анық айтуға болады, алдағы іс-шара бір жағынан мемлекетіміздің төрағалық мінберінде бір жыл ішінде атқарған жұмыстарын түйіндесе, екінші жағынан Қазақстан мен оның халқына даму мен өркендеудің тамаша жолын ашады.
Әли БЕКТАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.