Біздің еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі жеткен ең үлкен жетістіктерінің, шыққан ең үлкен биіктерінің бірі, менің ойымша, биылғы саммит болып табылады. Мен оның өтпей қалу ықтималдығы туралы қазір күмәнданбаймын, бірақ біздің қоғамымызда оның болғанын қаламайтын немесе дұрыс өтпегенін қалайтын күштердің бар екенін айтуға тиістімін. Аяқтан шалғысы келіп тұратын ондайлар еліміз бір жаман атаққа іліксе екен, әлемдік форум ойдағыдай өтпесе екен деп күпіршілікке барады. Мұндайлар біздің Отанымыздың дамып, әлемге танылғанынан билікке деген қара басының өкпесін жоғары қояды. Қазақстанның азаматы бола тұра сондай пікірлер айту жалпы елге жамандық тілегенмен бірдей емес пе. Мұндайда қандай өкпең болса да елің үшін ұмыту керек қой.
ЕҚЫҰ – дүниежүзілік үлкен ұйымдардың бірі, оның өзіндік тарихы бар. Қазақстан секілді жас елдің осындай Ұйымға төрағалық ету мүмкіндігін алудың өзі – үлкен жетістік. Ал енді оның 11 жыл бойы болмаған саммитін ұйымдастыру – әлем тарихының алдындағы үлкен ерлік. Бұл біздің халқымыз үшін мақтаныш ететін табыс деп есептеймін. Сондықтан біздің отандастарымыз барлық ой-пиғылдарымен осы саммиттің елімізде жоғары деңгейде өтуін тілеуі керек. Әркім өзінің отырған орнында, өзінің отбасында соған тілекші болып, үлес қосуға ұмтылулары керек.
Мұндай бақ бізге бекерден бекер келіп жатқан жоқ. Кейбіреулер бұл біздің мұнайымыздың және басқа да жер қойнауындағы байлықтарымыздың арқасы дегенді айтады. Әрине, олар да өзінің игі ықпалын тигізген шығар, бірақ дәл сондай мұнайы, жер асты байлығы мол мемлекеттер аз ба? Тіпті сол, Кеңес Одағының орнында пайда болған мемлекеттердің өзінде де байлық жеткілікті ғой. Мысалы, Ресейді алайықшы. Ендеше, неге сол Ресей төраға болмады, неге ол өзін ұсынбады?
Кейбіреулер біз ЕҚЫҰ төрағасы болуға дайын емеспіз, бізде демократиялық шарттарға сәйкес келмейтін мәселелер бар дейді. Мәселе онда емес. Осыдан екі жыл бұрын ЕҚЫҰ басшыларының бірі біздегі саяси партиялар жетекшілерімен кездескен еді. Сол кездесуде біздегі радикалды оппозиционерміз деп жүрген партиялардың бірінің төрағасы мынадай сұрақ қойды: “Бізде адам құқы мынадай-мынадай салаларда сақталмайды, жиі бұзылады. Фактілер жеткілікті. Билік өзінің Испанияда берген уәдесін орындамай отыр. Осыған қалай қарайсыз?” – деді. Сонда Ұйымның сол кездегі басшысы: “Егер Қазақстан Еуроодақ елдерінің бірі болса, онда мына мемлекет біздің ұстанымымызды толық орындамай отыр деп мәселе көтеруге болар еді. Ал мына тілге тиек етіп отырған құрылымыңыз – Еуропаның қауіпсіздігі мен өзара келісімпаздығын қамтамасыз етуге бағытталған құрылым. Ол өзінің қызметін қоғамдық негізде атқарады. Мұндағы негізгі шарт – құрлықтағы қауіпсіздік, экономика, экология және адам құқығын қорғау мәселелері. Соған бейімделіп келе жатқан елдерді біз қолдаймыз. Ал адам құқығын толық қорғау мәселесі бір күнде орындалмайтын мәселе”, – деген еді.
Шынында да, кеше ғана тоталитарлық жүйеден, жалғыз партиялық коммунистік режімнің тәртібінен босаған елде сол кездерде өмір сүрген адамдардың психологиясын өзгерту деген бір күнде, бір жылда, тіпті он жылда да жүзеге аса қоятын оңай мәселе емес қой. Сұңғыла саясаткерлер осыны жақсы түсініп отыр. Сондықтан, мен ЕҚЫҰ сол кездегі төрағасының біздің мүмкіндіктерімізге әділ көзбен қарағанына риза болдым. Ол Қазақстанда ЕҚЫҰ шарттарын орындауға, оның мақсаттарын іске асыруға деген ұмтылыстың бар екенін жоғары бағалап тұр. “Қазақстан демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құрамыз деп Ата Заңына жазып қойған. Қазақстан сол Ата Заңдағы мақсаттарды орындауға негіз болатын заңдар қабылдап, соған сәйкес құрылымдар құрып, соған сәйкес келетін саяси өзгерістер жасап жатқан мемлекет”, – деп жауап берді.
Ал, біздегі кейбір саясаткерлердің Конституцияның 1-бабында жазылған талаптар бірден орындалмай қалды деген сындары тіптен орынсыз. Осы жақын арада біз адам құқықтарын қорғау жөніндегі еліміздегі жағдай туралы баяндаманы тыңдадық. Оған Еуроодақ елдерінің, соның ішінде Ұлыбританияның елшісі қатысты. Сол елші осындай құжаттың өзін дайындау кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейтінін ашық айтты. Ал біз осындай баяндаманы жасап жүргенімізге төрт жыл болыпты. Сол баяндамалардағы адам құқығын қорғау жөніндегі кемшіліктерді ешкімнен жасырмай айтып жүр екенбіз. Мәселен, бізде мынадай-мынадай заң бұзушылықтар бар, бірақ соған қарсы мынадай-мынадай іс-шаралар қолданылып жатыр деп ашық баяндап отырмыз.
Соның қатарында түрмедегілердің жағдайын жақсарту мақсатында оларды бақылау Ішкі істер министрлігінен Әділет министрлігіне берілді. Қазіргі кездегі құқық қорғау органдары саласында жасалып жатқан өзгерістерді, міне, осылардың барлығын біз саралап, халыққа ашық айтудамыз. Мен алдымыздағы саммитке сындар айтып, ЕҚЫҰ төрағалығына сәйкес емеспіз дегендерге осылай жауап берер едім.
Үшінші мәселе, ЕҚЫҰ-ға төраға болып отырған мемлекеттің қалдырған ізі, кейінгілердің одан алатын үлгісі болуы керек. Осы тұрғыда Қазақстан жасаған істерімізді ұялмай көрсетіп, басқаларға үлгі болуға әбден лайық деп айта аламыз. Бұл арада алдымен біздегі этносаралық, дінаралық қатынастардағы ауызбірлік, татулық, тыныштық мәселесі алдымен ауызға оралады. Мұндай іс барлық көпэтносты, көпконфессиялы мемлекеттердің қолынан келіп жатқан жоқ. Біз осы мәселе бойынша күннен-күнге дүние жүзінің бір орталығы болып бара жатырмыз. Ләйім солай болсын.
Қазір дүние жүзіндегі ішкі ісінде де, өзара да бір-бірімен алауыз болған мемлекеттер бізге қарайтын болды. Өйткені, біздегі ауызбіршіліктің үлгісін ЕҚЫҰ төрағасы ретінде біз әлемге таратып жатырмыз. Әлі көресіздер, көптеген мемлекеттер кейін біздің осы үлгімізді өздеріне енгізе бастайды. Оған менің ешқандай күмәнім жоқ, өйткені, көптеген мемлекеттерде дінаралық, ұлтаралық шиеленістердің салдарынан әлі күнге қырғындар болып жатыр. Мысал үшін біздің көршіміз – Қырғызстанды алсақ та жеткілікті ғой деп ойлаймын.
Біздің тәуелсіздік алған 19 жылымыздың 7-8 жылы жығылып қалған жерімізден тізерлеп тұруға ғана кетті. Сол кездерде тоталитарлық жүйеден нарықтық экономикаға көшу тетіктерін жасайтын жаңа заңдар қабылдау керек болды. Оны жасай алатын, іске асыра алатын білікті азаматтар табу керек болды. Қалыптасып қалған жүйені бұзу қиын жолмен іске асты. Соның салдарынан тұрмыстық ахуал қиындап кетті, жұмыссыздық артты, экономикамыз быт-шыт болды. Астығымыз, мал шаруашылығы өнімдері, жер қойнауындағы байлығымыз ешкімге керек болмай қалды. Көршілес Өзбекстанның өзі бұрын 90 пайыз етін, 100 пайыз астығын Қазақстаннан алатын болса, енді Кеңес Одағы күйрегеннен кейін етті Голландиядан, астықты Канададан ала бастады. Ана жақтан алса кәсіпкерлеріне пайда көбірек түсетін болды. Міне, осындай қиындықтармен жүріп 7-8 жылымыз, жоғарыда айтқанымдай, таза аяқтан тұруға ғана кетті. Тек содан кейін ғана біз саяси жүйені жаңалауға кірістік. Соған қарамай, қазір дүние жүзі таңқалатындай жағдайға жеттік. Әлеуметтік тұрғыдан алға шықтық. Міне, осы жетістіктер басқаларға үлгі емес пе? Тіпті кейбір мәселелерде біз еуропалық елдердің өзін артта қалдырдық.
Мәселен, Елбасы жуырда Парижде сөйлеген сөзінде Францияда жасалып жатқан зейнетақы реформасын біз олардан әлдеқайда бұрын жасап кеткенімізді айтты. Ал біз болсақ, енді соның өзін жетілдіре түсуді ойлап отырмыз. Өткенде “Нұр Отан” мен “Әділет” партиялары бірігіп, осы тақырыпта үлкен кеңес өткіздік. Яғни, бүгінгі таңдағы кемістігімізді ашып айтып, соны еңсеруді ақылдастық. “Ауруын жасырған өледі” дейді халқымыздың даналығы. Қоғамда шындықты айтатын, соны түзетуді талап ететін партиялар болмаса, ондай аурулар бітеу жараларға айналып, бір күні бәрібір жарылады. Ал бізде оны айта алатын партиялар бар.
Жалпы, бізде демократиялық институттардың бәрі бар. Тек соларды жөнімен қолдана білу керек. Кейде барлық нәрсені біржақты “қара” немесе біржақты “ақ” деп қана қабылдайтындар бар. Біздің “Әділет” партиясы өзімізді “ақты” да көре білетін және оны оң дейтін, “қараны” да теріс дейтін партиямыз деп есептейміз. Біз өзімізді билікке де, басқа партияларға да оппонентпіз дейміз. Біздің көксегеніміз – заңдылық арқылы әділеттікке жету. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, құдайға шүкір, қазіргі кездегі өсу жолымызда демократиялық қоғам құру мақсатында жасаған жұмыстарымыз аз емес. Кемістігіміз де жеткілікті. Кейбіреулер бәрі бір күнде бола қалса екен деп ойлайды, ондай мүмкін емес қой. Сондықтан да алдағы саммит – біздің мемлекетіміздің, Елбасы Н.Назарбаевтың дұрыс саясатының бірден-бір дәлелі деп есептеймін. Және бүкіл халық болып оның жақсы өтуіне атсалысуымыз керек.
Осы іске байланысты біздің партия не істеп жатыр дегенге келсек, осы ЕҚЫҰ жөнінде төрағалыққа өтердің алдында арнайы үндеу қабылдадық, онда еліміздің ниетіне қолдау білдірдік. Бұл өте дұрыс мәселе, оған жетуіміз керек дегенді айттық. Кейбір партиялар қарсылық білдіріп, сынап жатқанда біздің қолдағанымыз дұрыс болды деп ойлаймын. Кез келген мемлекетте әлеуметтік салада, адам құқығын қорғау мәселесінде әділетсіздікке апаратын әрекеттер болып тұрады. Мысалы, өткенде ғана Францияда зейнетақы мәселесіне қарсылық акциясы болды, оны күшпен басты. Күшпен баспаса, қырғыздардағы сияқты бәрін қиратып бүлдіреді емес пе, сондықтан мемлекеттің мықты болғандығы да керек. Бірақ, барлық мәселені күшке тіреп қоюға да болмайды, ондай мемлекеттің де күні шектеулі екендігін ұмытпауымыз керек.
Мақсұт НӘРІКБАЕВ, “Әділет” демократиялық партиясының төрағасы.