Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Семей гарнизонының құрамалары мен бөлімдерінде жұмыс сапарымен болды. Мұнда аталмыш ведомство басшысы қару-жарақ пен әскери техниканың күтіміне, оларға жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына, сақтау қоймаларының әзірлігіне, жалпы “Шығыс” өңірлік қолбасшылығының қысқа дайындығына айрықша назар аударды.
Бірнеше бөлімдердің әскери-техникалық паркінде болған Әділбек Жақсыбеков 30217, 44793 әскери бөлімдері жеке құрамының жұмыстарына оң баға беріп, командирлеріне алғыс жариялады. Содан кейін әлеуметтік нысандарға да назар аударды. 2011 жылы Семейде әскери қызметшілер үшін 60 пәтерлі екі тұрғын үй мен шағын отбасылық екі жатақхана пайдалануға берілмек. Осы құрылыстардың жағдайын талдап сұрады.
Жұмыс сапары барысында Қорғаныс министрінің жетекшілігімен 2010 жылдың қорытындысы шығарылды. Ондағы жиын соңында ведомство басшысы Қарулы Күштер үшін “Шығыс” өңірлік қолбасшылығының маңыздылығын атап өтті.
– Бұл жерде кез келген уақытта елімізді қорғауға әзір тұрған ұрысқа қабілетті бөлімшелер орналасқан. Өңірлік басшылығы мен бөлім командирлері тарапынан көп жұмыстар атқарылғаны көрініп тұр, – деді.
Қорғаныс министрі әскери құрамалар мен бөлімдерде жауынгерлік дайындықты арттырғаны үшін “Шығыс” өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Василий Рысбаевқа ризашылығын білдірді.
Оксана Парпура, Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің өкілі.