Маңғыстау ауданының әкімі Қармыс БОҚАНОВПЕН әңгіме
– Облыстың малды өңірі Маңғыстау ауданы тарихы терең, табиғаты әсем іргелі аудан. Оның аумағын түгелге жуық жайылым жерлер алып жатыр. Соған орай аудандағы жүзден астам шаруа қожалықтарында төрт түлік түгел өсіріледі. Ендеше әңгімені ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігі, мал шаруашылығын одан әрі өркендете түсудің жай-жапсарынан бастаған дұрыс болар.
– Иә, тарихы терең ауданымыздың табиғаты да әсем жерлері бар. Елбасы саясатына сай ауылдық аймақтарды дамытуға айрықша көңіл бөлудің нәтижесінде ауданымыз жылдан-жылға көркейе түсуде. Оған біздегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіміз дәлел. Атап айтсақ, бізде қалаға емес, ауданға көшушілер саны артып, халық саны 31 мыңға өсті. Кәсіпкерлер саны артып, жаңа жұмыс орындарын ашу деңгейі 6,8 пайызға өсті. Соның нәтижесінде салық және басқа да төлемдерден жергілікті бюджетке түскен кірістер осы жылы 113,6 пайызға артып отыр.
Елбасының халыққа осы жылғы Жолдауындағы агроөнеркәсіпті дамыту елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі бағыты екендігін басшылыққа алған ауыл еңбеккерлері дәстүрлі мал шаруашылығы салаларымен бірге суармалы жерлерді пайдалану, жылыжайлар санын арттыруды да жоспарлап отыр. Төрт шаруа қожалығы мал тұқымын асылдандыруға бетбұрыс жасап, асыл тұқымды Адай жылқысы мен қаракөл қойын өсіруге ден қойды. Ауыл еңбеккерлерінің ізденістері мен игі істері “Маңғыстауагросервис” мемлекеттік қазыналық кәсіпорны тарапынан қолдау тауып, көмек алуда. Аталмыш кәсіпорын осы жылы ғана шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерге 22 млн. теңгеге түрлі техникалар мен құрал-жабдықтар алуға несие берді.
Сондай-ақ аудан халқын азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз ету және оның артық қорын жасап, инфляциялық үрдістерді тежеу мақсатында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі “Казагромаркетинг” АҚ өкілдерімен бірлескен жұмыстар жүргізіп келеді. Ауыл тұрғындарына бірінші кезекте керекті астық, өсімдік майы, қант, тұз сияқты тауар түрлерін жеткізуші ондаған жеке кәсіпкермен меморандумға, сондай-ақ арзан бағамен ұн алуға кәсіпкерлер Астық одағымен келісім-шартқа отырды. Сонымен қатар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жанынан құрылған “Берекет” МҚК аудан көлемінде жеті дүкен, екі сауда орталығы арқылы азық-түлікті арзан бағамен сатуымен халық көңілінен шығып отыр.
– Шалғайдағы елді мекендерді байланыспен, көгілдір отынмен, электр энергиясы және телехабарлармен қамту, сондай-ақ “Ауыз су” бағдарламасының аудан аумағында жүзеге асырылу барысы жайлы не айтасыз?
– Біздің шөлейт өңір үшін ауыз су тіршілік көзі. Сондықтан да біздер судың қадірін жақсы білеміз. Соған орай “Ауыз су” аймақтық бағдарламасын жүзеге асыруға белсенділік танытып келеміз. Бұл ретте атап айтарымыз Көгез-Шетпе су құбыры және Шетпе селосының кентішілік су құбыры құрылысы. Бұл іспен айналысушы “Альянс ЛТД” ЖШС нысанға осы жылы бөлінген қаржыны игерді. Құрылыс жұмыстары 2012 жылы аяқталады. Сондай-ақ Боздақ, 15-бекет елді мекендеріндегі су дайындау жүйелері, жел генераторының құрылысы және ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары аяқталып, мемлекеттік комиссияға ұсынылып отыр. Сонымен қатар Тұщықұдық, Ұштаған селолары мен Сазды, Жарма елді мекендерін суландыру жұмыстарының бірінші кезеңдері аяқталды. Жалпы, біздің облыс “көгілдір отын” игілігін толық көріп отырған еліміздегі бірден-бір аймақ. Ол өткен жылдары облыс әкімінің іс-жоспарында атап көрсетілгендей мерзімде жүзеге асып халықтың ризашылығына бөленуіміз үлкен абырой деп ойлаймын. Ұзындығы 334 шақырымға созылған “Өтес-Ақшымырау-Қызан-Шебір-Тұщықұдық” газ құбыры, сондай-ақ ұзындығы 25,5 шақырымдық Боздақ селоішілік газ желісі тартылды. Соның нәтижесінде ауданымыздың бес елді мекеніндегі 6-7 мың тұрғыны “көгілдір отынның” қызығын көруде. Жақында аудан орталығы Шетпедегі үш шағын ауданда жаңадан салынған үйлерге газ желісін тарту жұмысы аяқталды. Жалпы, бұл күндері ауыл тұрғындары электр қуатын пайдаланып, облыстық, республикалық телехабарларды толықтай дерлік көруде. Өткен аптада ғана аудан орталығынан облыстық “Қазақстан-Ақтау” телеарнасының өкілдігі ашылып тыныс-тіршілігімізді кең көлемде көрсетуді мақсат етіп отыр.
– Ауыл – алтын бесігіміз. Ауылды өркендету – Тәуелсіздігімізді тұлғаландыра түсудің бір белгісі. Әлеуметтік нысандардың қатарын көбейту – әлеуеттілігіміздің айғағы. Сол нысандар және де олардың қысқа дайындығы қандай дәрежеде?
– Алтын бесігіміз ауылды, ауылдық елді мекендерде әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту Елбасының халыққа Жолдауының алтын арқауы болып келеді. Осы ретте Маңғыстау облысының республика бойынша бірінші болып елді мекендерді газ, су, электр энергиясы, байланыс және теледидар хабарларын таратумен толықтай қамтамасыз етуі зор жетістік, үлкен абырой. Халыққа жасалып отырған қамқорлықтың бір көрінісі. Сондай қамқорлыққа біздің аудан тұрғындары да дән риза. Аудан бойынша 21 мектеп пен 9 балабақшаның жылу қазандықтарын газбен жылыту жүйесіне қосу аяқталды. Селоның мәдениет үйлері, аудандық мұражай күрделі жөнделді. Шалғайдағы Қызан селосында 80 орындық балабақша пайдалануға берілді. “Балапан” бағдарламасына сәйкес келесі жылы ғана аудан орталығында 140 орындық балабақша пайдалануға беріліп, оған қосымша бес елді мекенде балабақша ашу жоспарлануда. Шетпеде “100 мектеп, 100 аурухана” жобасы бойынша 140 орындық аурухана құрылысы жүріп жатыр. Аудандағы әлеуметтік нысандардың қаһарлы қысқа дайындықтары да жақсы деуге болады.
– Қай жерде де, қандай кезде де тіршіліктің тамырындай көлік жолдарын күтіп ұстап, уақтылы жөндеп, дұрыс пайдалана білудің берері мол. Бұл жұмыс әсіресе, жер көлемі ауқымды, елді-мекендері сирек орналасқан сіздің мал шаруашылықты аудан үшін маңызы зор ғой...
– Шындығында да басқа аудандармен салыстырғанда аудандық дәрежедегі көлік жолдарымыздың көлемі көп. Яғни, 298 шақырымды құрайды. Көлік жолысыз ауыл тұрғындарының жағдайы қиын. Сондықтан бұл мәселе күнделікті бақылауымызда тұрады. Яғни, көктемгі және күзгі байқаудың қорытындысымен нақты шаралар аламыз. Биыл да солай. Жұртшылықтың талап-тілектеріне орай жолдарды жөндеу қанағаттанарлық жағдайға келді. Аудан көлеміндегі төрт көпірдің жағдайы қауіпті екені ескеріліп қаражат жағы қарастырылып отыр. Қысқы қатты боран, көктайғақ, мұзғалақ күндері жүруге қиындық туғызатын жерлерге төгілетін құм, басқа да құрылыс материалдары дайындалу үстінде. Ал көршілес екі ауданды жалғастыратын Шетпе-Бейнеу автокөлік жолының мәселесі күрделі. Ол жоғары орындар құзырындағы шаруа. Оның да оң шешілуде екендігі көңілге демеу болуда.
– Ел экономикасын көтеруге игі ықпал ететін кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамтудағы “Жол картасы” жобасының тиімділігі туралы да айтарыңыз бар шығар.
– Ауданымызда орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысушыларға қажетті көмек те, жағдай да жасалған. Кәсіпкерлікті дамытып, барынша қолдау көрсету және оған кедергілерді азайту басты назарда. Ал бұл жұмысымыз кәсіпкерлер тарапынан қолдау тапты. Соның нәтижесінде осы жылдың он айында кәсіпкерлер саны 6,2 пайызға өсті. Сондай-ақ осы саладағы оң өзгерісті ресейлік “Лукойл” компаниясының еліміздегі әлеуметтік жобасы “Арай” бағдарламасы бойынша шағын отбасылық бизнесті дамытудағы конкурста біздің ауданнан 15 адамның компания грантын жеңіп алуынан да байқауға болады. Ынта-жігер ұштала түсуі үшін “Аудандық микрокредиттік ұйым” серіктестігі 50-ге тарта кәсіпкерге 43 млн. теңге көлемінде несие беріп, соның нәтижесінде 80-ге тарта жаңа жұмыс орны ашылды. “Жол картасы” бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетті деуге болады. 2010 жылы ғана осы бағдарлама аясында 174 жаңа жұмыс орны ашылды. 60-қа жуық адам кәсіптік мамандық алу үшін оқытылды. Бұл бір ғана тиімді жағы десек, екінші жағынан ондаған әлеуметтік нысандар жөнделіп, елді мекендерді абаттандыру, көріктендіріп, көгалдандыру қарқын алды. Ауданда аталмыш бағдарлама келесі жылы да жалғасады. Жоспардағы 9 жоба бойынша шамамен 200-дей адам үшін жаңа жұмыс орны ашылады.
– Әңгімеңіз үшін рахмет.
Әңгімелескен Жоламан БОШАЛАҚ.
Маңғыстау облысы.