25 Қараша, 2010

«Қанатты металл»

2652 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
Барыс бейнелі болашаққа батыл бағыт ұстаған тәуелсіз Қазақстан экономикалық әлеуетін арттырудың серпілісті жаңа дәуіріне қадам басты. Еліміздің 2020 жылға дейінгі индус­трия­лық-инновациялық даму бағдарла­масы қарышты даму дәуірінің тұғырлы бастауына айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында “Индустриялық даму – бұл біздің жаңа онжылдықтағы мүмкіншілігіміз, ел да­муы үшін жаңа мүмкіндіктер. Қазақ­стан табысты индустриялық держава болады – мен бұған әбден сенімдімін”, деп атап көрсеткен болатын. Павлодар қаласында бой көтерген Қазақстан алюминий өндірісінің кластері – сол ба­рыс бейнелі индустриялық держа­ваның алғашқы қарлығашы. Қасиетіңнен айналайын, ұлы қазақ даласы! Талай-талай тарих зобалаң­да­рында батыр баба­ларымыздың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшы­мен қорғап қалған қымбат қазынасы, “мың өліп, мың тірілген” қазақтың атадан қалған мұрасы – осы Ұлы дала, Туған Жер! Қасиетті ата-баба, сен қан­дай көреген едің! Ұрпағыңды ғасыр­лардан кейінгі ғасырларда көрінгенге көз түрткі етіп телміртпейтін жалғыз тірек – ұлан-ғайыр туған жер екендігін түсіндің. Мәңгі мұра да – Жер! Түсіндің де ұрпағыңның ұрпағына сол қасиетті мұраң – ұлы далаңды мирас еттің. Осы қымбат қазына, ұлы мұра – қазақ жерінің бір ғана өңірі – Пав­лодар облысын алып қара­йықшы! “Түгін тартсаң, майы шығатын” бұл да­ланың асты тұнған қазына, үсті кілкіген ен бай­лық. Көмір де осында, темір де осында, кез келген өндірістің нәрі, экономиканың қайнар көзі – электр де осында. Барыс бейнелі болаша­ғы­мыздың тұғыры – индустриялық-инновациялық өрісті өндіріс те осында. Бүгінгі ел әлеуетінің айна­сы – түсті металлургия кластері де осында. Қазақ­стан алюминийінің негізі де осы Кере­ку өңірінде қаланып, бүгінде Лондон металл биржасына тіркелген ең жоғары са­палы алюминий шығаратын заманауи Қазақстан электролиз зауытына ұласты. Елбасының бастамасымен бар бол­ғаны екі жылға жетер-жетпес уақыт ішін­де ТМД елдерінде баламасы жоқ жаңа зауыт бой көтерді. Бұрын тек шикізат қоймасы ғана болып келген Қазақ­станда тұңғыш рет жер қой­на­уы­нан қазып алынған кеннен дайын өнім шығаратын өндіріс циклы құрылып, әлемдік рынокта жоғары сұранысқа ие болған Қазақстан алюминийі өмірге жолдама алды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы 12 желтоқсанда Павлодар қаласында салынған Қазақстан электролиз зауы­ты­ның бірін­ші кезегін іске қосу сал­т­анатында сөйлеген сөзін­де “Қазақ­стан­ның жеке өзінің алюминийін шығару менің арманым еді. Бұл сіздердің де армандарыңыз болатын. Міне, сол арман орындалды. Қазақстан өзінің жоғары сапалы дайын алюминийін шығаратын дәрежеге жетті”, деп шынайы тебіреніспен ағынан жарылған болатын. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, Павлодар алюминий зауыты сонау 1964 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Содан бергі өткен жарты ғасырға жуық уақыт­та бұл зауыт қазақ жерінен өндірілген бокситтен алюминий шикізатын ғана шығарып келген. Қазақ жерінің қырты­сын айырып алынған миллиондаған тонна бокситті өңдеп, одан алынған тау-тау металургиялық алюминий тоты­ғын (глино­зем) Ресейдің зауыттарына жөнелтіп отырды. Ал Ресей зауыттары осы мол шикізаттан дайын өнім шыға­рып, мыңдаған тонна алюминийді әлем­дік рынокта саудалап, пайданы күреп тауып келді. Мәселен, Қазақстан шет­ке шикізат күйінде шығаратын алюминий тотығының (глинозем) әрбір тоннасын 230 доллардан сатса, одан өндіріл­ген алюминийдің бағасы 10 есе жоғары болатын. Қазір Қазақстан өзінде шығарылатын 2 тонна алюми­ний тотығынан 1 тонна сапалы алю­ми­ний өндіреді. Ал әрбір тонна алюминийдің құны қазір халықаралық бир­жада 2400 АҚШ долларына баға­ланады. Айырма – жер мен көктей! Жарты ғасыр бойы Қазақстан бок­ситі сутегін бағамен шетелдерге қо­тары­лып, сұраусыз кетіп жатты. Ішің күйеді-ақ, сарқылмайтын ештеңе жоқ қой! Бір кезде таусылмайтындай көрін­ген Торғай өңіріндегі Арқалық бокситі де сарқылып бітіпті. Ондаған жылдар бойы Ресей оны сұраусыз шикізат күйінде сорып келді. Енді міне, “өз қолы өз аузына жетті” деген осы. Тә­уел­сіздігіміздің арқасында қазыналы Қазақ жерінен алынған табиғи шикі­заттан дайын өнім өндіретін дәрежеге жеттік. “Жақсыны көрмек үшін” деген аталы сөз бар. Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың баламасыз бастамасымен жүзеге асырылып жатқан еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы негізінде өмірге кел­ген Қазақстан түсті металлургия клас­терінің көшбасшысы – Қазақстан алюминий кешеніне атбасын тіредік. Қазақстандық Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының (ENRC) құрамына кіретін Қазақстан алюминий кешені – “Қазақстан алюминийі” АҚ және “Қазақстан электролиз зауыты” АҚ-тан тұрады. Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы ұйымдас­тыр­ған арнайы пресс-тур сапарымен келген журналистерді осы қос акционерлік қоғамның президенті Алмаз Ибрагимов қабылдап, осы екі алып кәсіпорынның қалыптасуы, бүгінгі тыныс тіршілігі және болашақ даму үрдістері хақында салиқалы әңгіме өткізді. ПАВЛОДАР АЛЮМИНИЙ ЗАУЫТЫ Осыдан қырық жылдан астам уақыт бұрын қазақ жеріндегі мол боксит шикізатын өндіруді жолға қою негізінде салынған “Павлодар алюми­ний зауы­ты” базасында құрылған “Қазақстан алюминийі” акционерлік қоғамы әлемдік алю­миний рыногындағы он индустриялық көшбас­шының бірінен саналады. Ол еліміздегі алюминий тотығын өндіретін бірден-бір кәсіпорын болып табылады. “Қазақстан алюминийі” АҚ-тың құрамына “Пав­лодар алюминий зауыты”, №1 ЖЭО, Қостанай облысындағы Краснооктябрь, Торғай кен басқармалары және Павлодар облысындағы әктас кеніші кіреді. “Қазақстан алюминийі” АҚ (бұдан әрі – ҚА ) төрт боксит кенішін игеруде, оның ішінде Қазақстан бойын­ша ең үлкені – Краснооктябрь боксит кеніші. Сонымен бірге ҚА құрамында электр қуатымен қамтамасыз ететін өзінің электр стансасы жұмыс істейді. Акцио­нерлік қоғамның құрамына кіретін кәсіпорындар біртұтас техноло­гия­лық кешенге жататындықтан минералды шикізат өндіру және қайта өңдеу жұмыстары экономикалық тұр­ғыдан барынша тиімді әдістермен жүзеге асырылады. Сәл шегініс жасап, кәсіпорын шежіре­сінен қысқаша сыр шертер бол­сақ, осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын, яғни 1958 жылдың күзін­де Павлодар қаласының оңтүстік шетінде Кеңес одағының тағы бір бү­кіл­одақ­тық алып құрлысының алғашқы қазығы қағылды. Одақтың түкпір-түкпірінен келген жастар алып құры­лыс­ты алты жыл бойы тоқтаусыз жүргізді. Ақыры 1964 жылдың қараша айын­да жаңадан іске қосылған ірі зауыт­тың алғашқы өнімі – алюминий тотығын тиеген тұңғыш эшелон Ре­сей­дің Новокузнецк қаласына жөнелтілді. Павлодар алюминий зауыты жұмыс­қа кіріскен алғашқы күннен бастап-ақ сапасы төмен бокситтен алюминий тотығын өндіру мақсатына бейімделіп құрылған болатын. Ол үшін бұрын-соң­ды өндірісте қолданылмаған “Байер-жым­дас­тыру” тәсілі ойлап та­был­ды. Дүние жү­зіндегі алюминий тотығын өндіретін зауыттарда оған дейін “Байер” технологиясы ғана қол­да­нылып келген. “Байер-жым­дастыру” техноло­гия­сын тұңғыш рет Павлодар зауытының ғалымдары мен мамандары өндіріске енгізді. Міне, осындай озық технология әдісі­мен Павлодар алюминий зауы­тында өндірілген “Г-оо”, және “Г-о” маркалы алюминий тотығына 1976 жылы мемлекеттік сапа белгісі берілді. Зауыт мамандары ғылымды өндіріспен ұштастырған ізденісті жұмыстарын одан әрі сәтті жалғастыра берді. Сол заманғы озық технологияларды өндіріске енгізу нәти­жесінде зауытта қосымша ілеспе өнімдер шығару өндірісі жолға қойылды. Тынымсыз ізденіс пен тиімді тәжірибе өз жемісін берді. 1978 жылы Павлодар алюминий зауытында тұңғыш рет ілеспе жаңа өнім – металды галий шығару өндірісі іске қосылды. Ал 1993 жылы зауытта алюминий сульфаты өндіріле бастады. Әлемдік алюминий рыногындағы ең үздік он кәсіпорынның құрамына кіретін “Қазақстан алюминийі” АҚ ТМД елдері кеңістігіндегі тауарлы алю­миний тотығын шығаратын екінші ірі орталық болып табылады. Сонымен бірге, бүгінде қазақстандық зауыт тазалығы жағынан ең жоғары 6N және 7N маркалы металды галий, ГОСТ12966-85 маркалы алюминий суль­фатын, 1-ші сортты техникалық кү­кірт қышқылы алюминийін шығаратын бірден-бір ірі өндіріс кешені болып отыр. ҚА 2010 жылдың үшінші тоқсанында 1,355 миллион тонна боксит және 413 мың тонна алюминий тотығын өндірді. Алюминий шығару өндірісінде алюминий тотығы ең басты шикізат болып табылады. Сондай-ақ, алюминий тотығы абразивті материал ретінде пайдаланылады. Алюминий тотығын алудағы басты шикізат – боксит, әктас, каль­цийленген сода, каустик содасы және қалып­тау­шы-көмір пайдаланы­лады. Алюминий тотығын өндіру барысында қоршаған ортаға аса зиянды қалдық – қызыл боксит шламы пайда болады. ШЛАМ ЖИНАҚТАҒЫШ ҚОЙМА Қызыл боксит шламының қоршаған ортаға қаншалықты қауіпті екендігін нақты түсіну үшін жақында Венгрия елінде болған экологиялық апатты көз алды­мызға елестетіп көрелік. Венгрия­ның алюминий зауытында жылдар бойы жиналған қызыл боксит шламы жинақтағыш бөгетті бұзып кетіп, миллиондаған тонна улы қызыл қой­мал­жың су тасқынымен мыңдаған гектар жерге жайылып кетті. Мемлекет барлық күшін салып, әскер тарт­қа­нымен боксит шламына тосқауыл қоя ал­ма­ды. Бірнеше елді мекен қызыл боксит шламы­ның ас­тын­да қалып, бірнеше адам қаза тапты. Жүздеген гектар ауыл шаруа­шы­лығы жері ула­нып, зиянды боксит шламы ауыз суға ара­ласып, тас­қын­мен бірге Дунайға дейін жетті. Кәрі құр­лық­тың ең құ­нар­лы жерлері айна­лым­нан шығып, жа­рамсыз болып қал­ды. Улы қызыл шлам елдің фаунасы мен флорасына ор­ны толмас қасірет әкелді. Апат салда­рынан Венгрияның экологиясы бұрын-соңды болып көрме­ген зардапқа душар болды. Ел үкіметі миллиардтаған доллар шығын әкелген апаттың салдарымен әлі күнге дейін күресіп, экологиялық қасіреттің зала­лын жоя алмай отыр. “Қазақстан алюминийі” АҚ-тың өндірістік қалдықтарынан қоршаған ортаның қаншалықты қауіпсіз жағдайда қорғалғанын көзбен көру мақсатымен қызыл боксит шламы жинақ­тағы­шына жол тарттық. Павлодар алюминий зауы­тынан оншақты шақырым қашық­тықта орналасқан тау-тау үйінділер шлам жинақтағыш деп аталады екен. Шлам жинақтағыштың аумағы ондаған шақырым жерді алып жатыр. Өндіріс қалдықтары қордаланған аумақта басқа көлік жүре алмайтын болғандықтан біз арнайы жабдықталған Камаз авто­кө­лігіне отырып, шлам жинақта­ғыштың төбесіне шықтық. Биіктігі 27 метрден асатын тіп-тік дамбыға арнайы жаб­дықталған Камаз-дың өзі өкіріп-бақырып зорға көтерілді. Біз 1964 жылдан бергі Павлодар алюминий зауытының боксит қалдық­тары жинақталған № 1 карта деп атала­тын шлам жинақтағышының үстінде тұрмыз. Осында бізді бастап келген зауыт энергетикалық цехының бастығы Эльнұр Фазыл­бековтің айтуынша, біздің зауыттардан шы­ғары­латын боксит шламының Венгрия зауытта­рынан шығатын боксит қалдықтарынан түбірлі айырмашылығы бар екен. Пав­ло­дар зауытында қолданылатын озық технология нәтижесінде боксит қал­дықтары бірнеше рет қайта өңдеу­ден өткізіледі екен. Сондықтан ол майда құм сияқты сусығыш ұнтақ күйін­де шы­ғарылады. Оның шаң-тозаңы аз, борамайды. Осындай қара құм іспеттес шламнан жасалған, айналасы атшаптырымнан асатын бөгет-тоғанның ортасы келесі шетіне көз жеткісіз толқын атқан теңіз болып шықты. Эльнұр Фазылбековтің мәлімдеуінше, дәл қазір бұл тоғанда 2 миллион текше метр су жинақталып тұр­ған көрінеді. Бұл су неге қажет? Міне, барлық гәп те осында көріне­ді. Бұл күрең түсті жасанды көл суы алю­миний зауытынан боксит қалдығы – шламтасығыш рөлін атқарады екен. Яғни, көл суы қуатты насостармен жуандығы кісі бойлайтын құбырлармен зауытқа айдалады. Онда ұнтақталған боксит қалдықтары суға қосы­лып, қоймалжың сұйық насос арқылы қайтадан осы шлам жинақтағышқа айда­лады. Бұл жерде суға араласқан ұнтақ сүзгілерден өткізіліп, тау-тау шлам үйінділеріне қосылады. Ал су болса, қайта­дан жасанды көлге құйы­лып, келесі кезекте өн­діріс қалдық­та­рын айдауға пайдаланылады. Зауыт мамандарының айтуынша, бұл жасанды көлдің суының тазалығы сондай, мұнда аққулар мен үйректер мекендейтін кө­рі­неді. Біз келгенде қар ұшқындап, ауа райының күрт суып кеткеніне байла­нысты ма, бұл көлден біз ешқан­дай аққу көре алмадық. Шлам жинақтағыш №1 картада Павлодар алюминий зауытынан 1964 жылдан 1998 жылға дейін шыққан 51,9 млн. тонна шлам үйінділері қорда­лан­ған. Бұл карта 190 гектар аумақты алып жатыр. Тау-тау болып үйілген бұл өндіріс қал­дықтарын тіптен жарамсыз деп айтудың да реті кел­­мейді. Маман­дар­дың пікірінше, бұл шлам­дар­дың құрамында көп мөлшерде темір, 18 пайыз көлемінде алюминий бар екен. Қалдық­тардың құрамында ешқандай радиоактивті эле­менттер жоқ. Шлам­дар­дың тағы бір тиімді қасиеті ол цемент сияқты тез жымдасатын көрінеді. Сондықтан оны құрылыс материалдары немесе жол жамылғылары ретінде пай­даланудың тиімділігі үлкен. Акцио­нерлік қоғам бұл шламдарды өзінің құрылыс жұмыстарына және жаңа зауыт салған кезде жол салу үшін кеңі­нен пайдаланыпты. Ал дайынға мәз біз­дің еліміздің құрылыс компания­лары бұл пай­далы шикізатты тасып алуға ауырсы­натын көрі­неді. Тіпті, болашақта тиімді озық технология­лар ойлап та­был­са, бұл тау-тау шлам­дардан әлі талай темір де, алюминий де өндіруге болады. Осы орайда шіркін, Жапония ин­весторларына берер ме еді, деген ойға да қалдық. 1998 жылдан бері алюминий зауытынан шыққан өндіріс қалдық­та­рын жинайтын №2 карта деп аталатын шлам жинақтағыш пайдаланылып келеді. Оның аумағы 155,6 гектар жерді алыпты. Қазір мұнда 35 млн. тоннаға дейін шлам жинақ­талған. Кезекте 250 гектар аумақты алатын №3 картаның құрылысы салынып жатыр. Бізді шлам жинақтағыштарға бастап келген зауыт мамандары бұл өндіріс қал­дық­тарының қоршаған ортаға зия­ны жоқ екенін, мына биік бөгеттердің мызғы­майтын мықты­лығын айтып, бұл шлам жин­ағыш­тарда Венгриядағыдай экология­лық апаттың еш­қашан болмайтын­ды­ғын дәлелдеп-ақ бақты. Осы орайда менің ойыма, тағы да ұлан-ғайыр қазақ даласының баламасыз қасие­ті оралды. Мына шеті мен шегіне жету үшін ұшқан құстың қанаты талар кең жазықта енінің өзі тайшаптырым қалыңдық­пен үйілген жасанды таулар шын мә­нінде қолдан жасалған көлдер­дің суына мызғымайтын тосқауыл болып-ақ тұр. Біздің бір ауданның аумағындай аймаққа бірнеше облысы орналасқан Венгрияда мұндай мүмкіндік қайдан болсын... ҚАЗАҚСТАН ЭЛЕКТРОЛИЗ ЗАУЫТЫ Егемен елдің ертеңі қуатты эконо­мика екенін мағыналы өмірінің басты нысанасы етіп алған Елбасы тәуелсіз­дігіміздің алғашқы таңы атқан күннен бастап, экономикамызды әртараптан­дыру бағдарламасын даму үрдісінің темір­қазы­ғына айналдырды. Тұңғыш Президен­тіміз Нұр­сұл­тан Назарбаев барыс бейнелі болашақтың бас­­ты тұғыры Қазақстанда ғасырлар бойы қа­лып­­­тасқын шикізат қана шығаратын аграрлық елден жоғары технологиялы өндірістік державаға айналдыруды мақсат етті. Дарабоз басшының дана саяса­тының арқасында бұл көкейкесті мақсат жылдан-жылға лайықты шешімін тауып та келеді. 2007 жылдың 12 желтоқсаны тәуел­сіз Қазақ­станның даму тарихын­дағы айтулы күндердің бірегейі болып табы­лады. Бұл күні еліміздің түсті метал­лургия саласында алғаш рет жоғары сапалы өнім – Қазақстан алюминийі шығарылып, еліміз жылдар бойы тек алюминий шикізатын шығарып келген елден дайын өнім шығаратын экономи­касы дамыған өркениетті елдер шоғырынан лайықты орнын ойып алды. Мемлекет басшысының тікелей тапсыр­масымен 2005 жылы ел шежі­ресінде тұң­ғыш рет Қазақстан электро­лиз зауытының құрылы­сы басталды. Алып зауыттың құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүргізіліп, бар бол­ғаны 27 айдың ішінде құры­лыстың алғашқы кезегі пайдала­нуға берілді. 2008 жылдың екінші тоқсанында зауыт құрылысының бірінші кезегі толық аяқталып, зауыт жылына 125 мың тонна жоғары сапалы алю­миний шығаратын өндірістік қуатқа қол жет­кізді. Ақиқатында бұл алып өндіріс орта­лығының тарихы қарышты қадам­дармен өрнек­теліп келеді. Бар болғаны төрт жыл ішінде зауыт құрылысының алғашқы қазығы қағылғаннан, шығарған өнімі халықаралық дәрежеде жоғары бағаға ие болған ірі өндіріс кеше­нінің даму жолынан жүріп өтті. 2009 жылы Қазақстан электролиз зауы­тында өндірілген алюминий халық­аралық лабораторияда арнайы сынақ­тан өткізіліп, Лондон металл биржа­сында тіркелді. Зауыттың екінші кезегінің құры­лы­сы да қар­қынды жүргізілді. Құрылыс жұмыстарының кестесі жоспарда көр­се­тілген мерзімнен біршама бұрын аяқталып, 2010 жылдың маусым айын­да зауыттың екінші кезегі толық іске қосылды. Зауыттың екін­ші кезе­гінің ашылу салтанатына да Мемлекет бас­шы­сының өзі қатысып, еліміздің алюминий өн­діру­шілерінің қажырлы еңбектері мен толымды та­быс­тарына сәттілік тіледі. Сөйтіп, ежелгі Кереку өңі­рін­де қырық жылдан астам уақыттан бері шикізат қана шығарып келген ірі өндірісті кешен дайын өнім өндіретін озық технологиялық кешен­ге айнал­ды. Қазақстан электролиз зауытының екін­ші кезегі іске қосылған сәттен бұл өндірістік кешен жылына 250 мың тон­на жоғары сапалы алюминий шыға­ратын жобалық қуатында жұмыс істей бастады. Арқа төсінде кеңінен көсіліп, 190 гектар ал­қапты алып жатқан алып зауыт алыстан көз тарта­ды. Бүгінгі за­ман­ның озық құрылыс материал­да­ры­нан салынған жаңа өндіріс ғимарат­тары күн нұрына шағылысады. Еліміз­дің үдемелі идустрия­лық-инновация­лық даму бағдарламасы ауқымында бой көтерген зауыттың сыртқы көрінісі қан­дай көрікті болса, іші де қыз жасауын­дай жып-жинақы екен. Бейсауат жат­қан ешқандай басы артық қоқыс көр­мейсіз. Зауыт аумағында шылым шеге­тін орынның өзі арнайы жабдық­талған. Сонықтан атшаптырым өндіріс ауласынан темекі тұқылын да тап­пайсыз. Қазақстан электролиз зауыты екі ірі өндірістік цехтан және бірнеше қосал­қы цехтардан тұрады. Негізгі өнім шығаратын электорлиз цехында жоғары кәсіби дәрежелі 400- ден астам жұмысшы еңбек етеді. Жалпы жаңа зауытта бүгінде 2200 жергілікті жұмысшылар еңбекпен қамтылған. Дайын алю­миний құймаларын шы­ға­ра­тын өндіріс кешені негізінен үш кезең бойынша жұмыс істейді. Ең алдымен дайын өнім шы­ғаруға қажетті шикізат – боксит өндіріледі, Содан кейін осы өнді­рістік кешенде шикізат кені хи­миялық өңдеуден өткізіліп, алю­миний тотығы алынады. Сол алюминий тотығын “балқыту ванналары” деп аталатын ар­нау­лы пештерде жоғары темпера­ту­рамен қыздыру арқылы алынған металл балқымасын арнайы қалыптарға құйып, суыту нәтижесінде жоғары сапалы алюминий құймалары шығарылады. Зауыт цехында қызуы өте жоғары осындай 288 балқыту ванна­лары жұмыс істеп тұр. Электролиз зауытының негізгі өнімі            – Лондон биржасының халық­аралық сертифи­ка­тын алған сапасы жоғары А85 және А8 маркалы, әрқай­сысы 20 кило салмақтағы алюминий құй­малары. Үлкен цехтың ортасында қалыптан жаңа ғана шыққан ыстық алю­миний құймалары төрт бұрышты тұғырларға қаланып, бір тоннаға жет­кенде, арнаулы темір ленталармен буылып, да­йын өнім қоймаларына жөнелтіледі. Зауыт тәу­лігіне 700 тонна­дан астам дайын алюминий құй­­ма­­ларын шығарады. 2010 жылдың үшін­ші тоқ­­санында зауыттан 62 мың тонна алюминий құй­­­малары шығарылып, тұтынушы­ларына жөнел­­тілген. Бұл 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстыр­ған­дағы көрсеткіштен екі есе артық. “Қазақ­стан электролиз зауыты” АҚ-тың өнім­дері негізінен экспортқа шы­ғарылады. Елі­міз­дің экспорттық әлеуе­тін арттыруға өлшеусіз үлес қосқан зауыт өнімдері негізінен Ресей, Қытай, Түркия және Еуропалық одақ құра­мы­на кіретін мем­лекеттерге жөнел­тіледі. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Қазақстан алюминий кешені Еуразия­лық табиғи ресурстар корпорация­сының құрамына кіреді. ENRC тобы Қазақстандағы кәсіпорындарының өндірістік базасын нығайтуға барынша көңіл бөледі. Мәселен, 2010 жылдың бірінші жартыжылдығында ENRC-дің негізгі капиталға құйған қаржысы 483 миллион доллар болды. ENRC тобы­ның ұзақ мер­зімге арналған негізгі капиталға салатын шығыны 5,9 мил­лиард доллар болса, оның 5,3 миллиард доллары Қазақстан аумағындағы жоба­лар­ға бөлінеді. Осы қаржының қомақты бөлігі Қазақстан алюминий кластері өндірісін дамытуға жұм­салады. Қазір Қазақстан электролиз зауы­ты­ның базасында күйдірілген анод шығаруға арнал­ған зауыт құры­лысы жүргізіліп жатыр. Жал­пы құны 240 миллион доллар болатын бұл инно­вация­лық өндіріс орны 2011 жылы пайдалануға беріл­мек. Бұл жаңа зауыт толық іске қосылған кез­де жылына 150 мың тонна күйді­рілген анод шы­ға­рылады деп күтілуде. Бүгінге дейін “Қазақстан электролиз зауыты” АҚ дайын алюминий құйма­ларын шығару үшін шетел­дерден тек күйдірілген анод қана импорт­тайды. Ал жаңа зауыт іске қо­сыл­ғаннан кейін Қазақстан алюми­нийін шығаруға қажетті барлық өнді­ріс­тік құрылымдар да, шикізат та елі­міздің өзінде өндірілетін болады. Алю­миний құймаларын өндіруге қажетті шикізат, электр энергиясы, су және бас­қа қажетті құрылымдар Қазақстан алю­миний кешеніне қарасты серіктес кәсіпорындарда шығарылады. Бұл ретте ENRC құрамындағы Еуразиялық энер­ге­тикалық корпорациясының жұмысын ерекше атап өту керек. Қазақстан алю­миний кешені өндірістік құрылым­да­рының бәрін арзан электр қуатымен қамтамасыз ететін бұл корпорация Ақсу электр стансасы, “Восточный” көмір кеніші және бірнеше өндірістік жөндеу бөлімшелерін біріктіріп отыр. Негізінен электр энергиясын және көмір өнді­румен, сол сияқты энергетикалық және тау-кен жабдықтарын күрделі жөндеу­ден өткізетін бұл корпорацияның құра­мында 7 мыңға жуық адам еңбек етеді. 2010 жыл­дың үшінші тоқсанында Еуразиялық энергети­ка­лық корпора­ция­сы 3,156 мың ГВт электр энер­гия­сын өндіріп, 4,286 миллион тонна көмір шығарды. Сонымен бірге ENRC тобы алюми­ний тотығын шығару өндірісін ұлғай­туға да күрделі қаржы салып отыр. Алю­миний тотығын өндіруді жылына 1,7 миллион тоннаға жеткізу мақса­тын­да өндірістік қуатты арттыру үшін негіз­гі капиталға тағы да 305 миллион дол­лар қаржы жұмсалған. Өн­дірістік кәсіп­орындарды электр энергиясымен жаб­­дық­тауды одан әрі арттыру мақсатында Ақсу электр стансасының №2 энергети­калық блогын қалпына келтіру және қуатын арттыру үшін 230 миллион дол­лар қаржы құйылды. Қайта жабдық­тал­ған энергоблоктың қуаты 325 МВт электр энер­гиясын өндіруге лайық­тал­ған. Жоспар бойынша 2011 жылы пайдалануға берілуге тиіс №2 энерго­блок қазірдің өзінде тұтынушыларға электр қуатын бере бастады. 2013 жылға дейін Ақсу электр стан­сасының №6 энергоблогын да қайта жабдықтап, қуатын 325 МВт электр энергиясын өндіру дең­гейіне жеткізу үшін тағы да 230 миллион доллар қаржы бөлініп, қайта құру жұмыстары басталып кеткен. Қазақстан алюминий кешені өнім сапасын арттыру және менеджментті жетілдірумен бірге өндіріс қауіпсіздігін арттыру және экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында да бірқатар кешенді шаралар­ды жүзеге асырған. Өндіріске интегра­ция­лан­ған ІSO 9001: 2008, OHSAS 18001-2007, ІSO 14001-2005 сапа белгілері енгізілген. 2007 жылдан бері Қазақстан алюминий кешені қоршаған орта­ны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті арттыру шараларына жыл сайын 1,5 миллиард теңгеден 2 миллиард теңгеге дейін қаржы жұмсап келеді. Қазақстан алюминий кешеніне қарасты кәсіпорын­дарда бүгінгі таңда 16 мыңға жуық отандастарымыз тұрақты жұмыспен қамтылған. Корпо­рация басшылығы қазақстан­дық алюминий өндірушілер­дің әл-ауқатын арттыру және тұрмыстық жағдайларын жақсартуға барынша көңіл бөліп, жан-жақты қамқорлық жасап келеді. Сонымен бірге, корпора­ция Павлодар облысының әлеуметтік жобаларына да қомақты қаржы бөліп отырады. Мәселен, 2010 жылы Павло­дар облысы әкімдігі мен “Қазақстан алюминийі” АҚ арасында жасалған меморандум бойынша бұл мақсатқа 2 миллиард теңге қаржы бөлінді. “Қазақстан алюминийі” АҚ 2006 жыл­дан бері өндірісте еңбек ететін жұмысшыларға арналған тұрғын үй бағдарламасын қабылдап, жүзеге асы­рып келеді. Бұл бағдарлама бойын­ша кәсіби білік­тілігі жоғары және сирек мамандық иелері болып табылатын жұмысшыларға, жас мамандарға 10-15 жыл мерзімге 1 пайыз сыйақы ставкасы бойын­ша тұрғын үй несиесін береді. Осы бағдарлама ая­сында 2009 жылы 125 пәтерлі тұрғын үй пайда­лануға берілсе, үстіміздегі жылдың жазында зауыт еңбеккерлеріне тағы да 125 пәтерлі тұрғын үйдің пәтер кілттері тапсырылды. Қазір осы шағын ауданда кезекті 125 пәтерлі тұрғын үй ғимараты бой көтеріп келеді. Акционерлік қоғам биылғы жылы 240 орындық заманауи балалар бақшасын салып, қалалық білім басқармасына сыйға тартты. Кәсіпорында бүгінгі заман талап­тарына сай жабдықталған медициналық орталық жұмыс іс­тейді. Жер жәннаты саналатын Баянауыл бау­ра­йында кәсіп­орынның арнайы салынған сауық­тыру орталығы бар. Жыл сайын бұл “Крис­талл” атты сауықтыру орталы­ғын­да 2 мыңға жуық адам дема­лады. Зауыт жұмысшыларының балалары кәсіп­орын есебінен қаржылан­ды­ры­латын “Вос­ход” балалардың демалыс лагер­ле­ріне жіберіледі. Соны­мен бірге, кәсіпорын спорт ба­засын нығай­тып, еңбек­кер­лердің арасында саламатты өмір салтын орнықтыруға да барынша көңіл бөліп келеді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.