Маңғыстаулықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен өмірге келген «Балапан» бағдарламасын келесі жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында толықтай жүзеге асырмақшы.
Соңғы жылдары қазыналы түбекте жүзеге асып жатқан небір игі істердің арасынан болашағымыз балаларға деген қамқорлық пен қолдау орны ерекше екендігін анық байқауға болады. Олай дейтініміз, осы салаға бөлініп отырған қаржы молая түсті. Оның қайтарымы мен жемісін көріп-ақ келеміз. Бес жыл бұрын ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде соңғы орындарда жүрген облыс оқушылары осы жылы алғашқы орынды иеленді. «Алтын белгі» иелерінің саны екі есе өсті. Бұл дегеніміз, қамқорлық пен осы сала қызметкерлерінің күш-жігер, тәлім-тәрбиесінің жемісі. Ал осынау жетістіктерге жетер жолдың бастау алатын жері мектепке дейінгі тәрбие екені сөзсіз. Осы орайда көпшілік көңілінен шыққан «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы бақытты балалыққа апаратын баспалдақ деуге болады. Оны Маңғыстау аймағының мысалынан анық көріп отырмыз. Осы жылдың маусым айында бағдарламаны облыс бойынша іске асыру жоспары жасалып, облыс әкімінің қаулысы шықты. Ол облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілді. Онда әлемдік тәжірибе дәлелдегендей, мектепке дейінгі оқуға дайындау үшін жас баланы дамытудың 3-6 жасқа дейінгі кезеңі аса қолайлы екені еске алынды. Жұмыс мынандай бағытта жүре бастады.
Сұранысқа орай балабақшалар құрылысын салу, басқа мақсатқа пайдаланылып отырған балабақша ғимараттарын кері қайтару, жеке меншік балабақшалар, тұрғын үйлердің төменгі қабаттарынан шағын орталықтар ашу қолға алынды. Сөйтіп, осы жылы ғана мектепке дейінгі 56 нысан ашып, оған 7000-нан астам баланы орналастыру көзделді. Облыс бойынша 12 балалар бақшасы кейін қайтарылып, 18 шағын орталық, 14 жеке меншік балабақша ашу және бұрын жұмыс жасап тұрған балалар бақшаларын 1500 орынға кеңейту жоспарланды. Осы аталған игі шаралар Ақтау, Жаңаөзен, Мұнайлы аудандарында жүйелі жүзеге асып келеді. Мысалы, Ақтауда осы жылы ғана «Балдәурен» атты балабақша және «Мейірбике», «Қайнар» медицина колледждері мен төрт орта мектептің жанынан шағын орталықтар ашылды. «Ақ қайың» деп аталған жеке меншік бақша өз жұмысын бастады. Жыл аяғына дейін әлі де төрт балалар бақшасы ашылмақшы. Жаңаөзенде де серпіліс бар. Онда биылға алты балабақша пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін тағы да үш бақша мен әрқайсысы 280 орындық кемтар және өкпе аурулары байқалған балалар бақшасының құрылысы аяқталғалы отыр. Сондай-ақ үш балабақша ғимараты кейін қайтарылмақшы. Ал жеке меншік балабақшалар санын алтыға жеткізіп, онда 500-600 бала тәрбиелемекші. Бұл істе қаладағы «Даму» қорының мектеп жасына дейінгі балалар нысандарын жөндеу, жаңарту, сондай-ақ жеке меншік бақшалар құрылысына қаржы бөлуге қолұшын берулері де құптарлық. Сондай-ақ ауылдық жерлерде де шағын орталықтар мен жеке меншік балалар бақшасын ашу өз жемісін беруі құптарлық жағдай деуге болады. Жоғарыдағыдай жүйелі де нәтижелі жұмыс нәтижесінде осы жылдың аяғында облыс бойынша 20090 жеткіншек балалар бақшасымен, ал 3-6 жастағы балалардың 70,3 пайызы оқыту және тәрбие ісімен қамтылатын болса, келесі жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына 3-6 жастағы балаларды балалар бақшасымен қамтуды 100 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық білім басқармасы бастығының міндетін атқарушы Есболат Өмірзақ. Қорыта айтсақ, осы уақытқа дейін болашағымыз балалар үшін жүйелі түрде жүргізілетін игі істер Елбасының осы жылғы халыққа Жолдауындағы елдіктің асыл мұратындай «Балапан» атты бағдарламасы қазыналы түбекте ойдағыдай жүзеге асуда екендігін көрсетеді.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Маңғыстау облысы.