Жапония Парламенті Өкілдер палатасының төрағасы Такахиро Йокомичидің арнайы шақыруымен осы елде жүрген қазақстандық парламенттік делегация кеше осы ел астанасы Токиода Жапонияның негізгі билік өкілдерімен ең үлкен кездесулерін өткізді. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған бұл делегация осының алдында аталған елдің Хиросима, Киото, Нагоя қалаларында болып, бірқатар сәтті кездесулер өткізгендігін газеттің бұрынғы нөмірлерінде хабарлаған болатынбыз.
Жапония – жиыны 6852 аралдан тұратын Жапон архипелагында орналасқан ел. Бұл аралдардың төртеуі – Хонсю, Хоккайдо, Кюсю, Сикоку көлемі жағынан алғанда, елдің жалпы аумағының 97 пайызын құрайтын үлкен аралдар. Көптеген шағын аралдар таулы болып келеді және оларда жиі-жиі вулкандар атқылап жататындықтан, тұрмысқа қолайсыз болып табылады.
Жапония халқының жалпы саны – 127 миллион адам. Ел астанасы Токиода оған іргелес жатқандықтан, қарқынды даму нәтижесінде қазір қаламен қосылып кеткен префектуралардың халқын қоса есептегенде, 30 миллион адам тұрады. Сөйтіп, Токио қазір әлем бойынша алғанда ең үлкен агломерациялық қала болып есептеледі.
Міне, осы қалада қазақстандық парламенттік делегацияның алғашқы кездесуі Жапония Парламенті Өкілдер палатасының төрағасы Такахиро Йокомичимен болып өтті. Қазақстандық әріптесі Орал Мұхамеджанов бастаған делегацияны жылы шыраймен қарсы алған Т. Йокомичи өзінің алғашқы сөзінен-ақ біздің еліміздің жағдайына жетік екендігін аңғартты. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық гүлденуі, саяси салмағының артуы, Семей полигонының жабылуы жайлы әңгіме қозғай кетті.
Орал Байғонысұлы шақырулары мен жылы шырайлы қабылдауларына алғысын білдіре келе, екі жақты қарым-қатынастардың жақсы жағдайда дамып келе жатқандығына, алайда ынтымақтастық әлеуеті әлі зор екендігіне мән бере сөйледі.
Мұнан кейін дәл осындай кездесу Жапония Парламенті Кеңесшілер палатасының төрағасы Такео Нишиокамен де болып өтті. Мұндағы кездесу де жылы шырайлы жағдайда өтті.
Осы арада Жапония Парламенті мен оның қазіргі жағдайы туралы қысқаша түсінік бере кеткеніміз жөн секілді. Жапонияда алғашқы парламент 1889 жылы құрылған екен. Елді император билеп тұрған кезде құрылған бұл парламент соның мүддесі жолында жұмыс істепті. 1947 жылы Жапонияның жаңа конституциясы қабылданған тұста парламент те көп өзгеріске ұшыраған. Жаңа конституция бойынша император билігі шектеліп, жоғары мемлекеттік орган әрі бірден-бір заң қабылдаушы орган құзыреті екі палатадан – Өкілдер (біздіңше Мәжіліс) және Кеңесшілер (біздіңше Сенат) палаталарынан тұратын парламентке беріліпті.
Осы 1947 жылдан бастап парламенттегі билік ұзақ жылдар бойы либерал-демократиялық партияның қолында болып келгендіктен, соғыстан өте ауыр жағдайда қалжырап шыққан Жапонияны қазіргі дамудың жоғары сатысына жеткізген осы партия деп есептеледі екен. Парламенттің Өкілдер палатасындағы билік тек 2009 жылдың қыркүйек айындағы кезекті сайлаудан кейін ғана бірінші рет демократиялық партияның қолына көшкен. Себебі, бұл партия халықтың алдында әлеуметтік жағдайды жақсарту жөнінде көбірек уәде берген. Бірақ, өкінішке қарай, әлемдік дағдарыс салдарынан ол уәделердің бәрін орындау қиын тиіп, елдің қазіргі Премьер-министрін тағайындап отырған партияның сын тезіне алынып жатқаны байқалады. Оның үстіне Кеңесшілер палатасында либерал-демократиялық партия бұрынғысынша көпшілік болып қалып, парламенттік биліктің өз ішінде бірауыздылық болмай, заңдардың қабылдануы да кешігіп жатқан көрінеді.
Осы күні Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған парламенттік делегация Жапонияның қазіргі билік басындағы Демократиялық партияның төрағасы К. Окаданың, Экономика, сауда және индустрия министрі А. Охатаның, осы күннің кешінде елдің Премьер-министрі Наото Канның қабылдауларында болды. Адамзат дамуының жеткен жетістігі жағынан бүкіл әлемде ең алдыңғы орындардың бірін еншілейтін елде қазақстандық делегацияны мемлекеттік биліктің барлық өкілдерінің қабылдауы біздің жас тәуелсіз мемлекетімізге деген үлкен құрметтің белгісі екендігі анық.
Орал Мұхамеджанов пен жекелеген депутаттар кездесулерден кейін қазақстандық журналистердің алдында қысқаша сұхбат берді. Бұл кездесулер жайлы сапардың қорытындысында кеңірек баяндайтын боламыз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, “Егемен Қазақстан” – Токиодан.