Кеше “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясында ЕҚЫҰ-ның адами өлшемдері саласындағы Қазақстан саясатының негізгі нәтижелері туралы ақпараттық-анықтамалық материалдар жинағының тұсаукесеріне арналған брифинг өткізілді.
Жинақ “Нұр Отан” ХДП Парламентаризм институтының шығармашылық ұжымымен дайындалды және ол ЕҚЫҰ-ның адами өлшемдері саласындағы қызметінің негізгі қағидалары мен бағыттарын жүйелі түрде түсіндірудегі отандық алғашқы талпыныстардың бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының аталған салада ЕҚЫҰ-ның стандарттарын енгізу бойынша қызметі басты назарға алынған.
Қазақстан халықаралық қауымдастыққа өтуде, соның ішінде ЕҚЫҰ үшін негіз болатын әмбебап келісімдерді имплементациялау арқылы бірізді саясат жүргізуде. Осыған байланысты пайдаланушыға ЕҚЫҰ-ның қызметіндегі арнайы аспектілерін ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның осы халықаралық ұйым шеңберінде мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мәселесі бойынша бағдар беретін, пайдалануға қолайлы анықтама құралына деген сұраныс артып келеді.
Авторлардың пікірінше, жинақтың шығарылуы тиісті институттардың қызметі мен механизмдерді, сонымен қатар Қазақстанның аталған ұйыммен өзара іс-әрекетінің тәжірибесін суреттеу және түсіндіру арқылы ЕҚЫҰ-ның жүргізіп отырған процестерге мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың, азаматтардың кеңінен тартылуына ықпал етеді.
Сонымен бірге, осындай жарияланымдар Қазақстанның халықаралық міндеттерін қабылдауда біртұтас тұжырымдамалық және әдіснамалық ыңғайды қалыптастыруының қажетті шарты екендігінің маңызы зор.
Жинақ адами өлшемдер саласындағы саясатты жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік органдарға, қоғамдық ұйымдарға, гуманитарлық пәндерді оқытуда қолдану үшін жоғары оқу орындарының өкілдеріне, сонымен қатар ЕҚЫҰ-ның қызметіне қызығушылық білдіретін қалың оқырман қауымға арналған.
Тұсаукесерде “Нұр Отан” ХДП Парламентаризм институтының директоры Болат Байқадамов сөз сөйледі.
Онда ол Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Саммитінің қарсаңында “Нұр Отан” партиясы жұртшылықтың назарына аталған Ұйымға қатысты Қазақстанның саясатының негізгі нәтижелері туралы ақпараттық-анықтамалық материалдар ұсынып отырғанын, жинақты Парламентаризм институты әзірлегенін атап көрсетті.
– Анықтамалық жинақтың маңыздылығы – Қазақстанның биылғы жылы Ұйымда төрағалық етуіне байланысты, деді Б.Байқадамов. Осы төрағалықтың шарықтау шегі – Мемлекет және Үкімет басшыларының саммиті болып отыр. Оны “Нұр Отан” партиясының Төрағасы, еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2010 жылғы сыртқы саясаттың басты оқиғасы деп атады.
Осыған байланысты мынаны айту керек, қазақстандықтар үшін Ұйымға төрағалық ету үлкен мақтаныш болды. Бұл – еліміздің мемлекеттік-саяси жағынан кемелденуінің елеулі бір кезеңі. Оның жақсы көрінісі Қазақстанның теңгерімді мемлекеттік саясаты болып табылады. Онда елдің әлемдік қоғамдастыққа рет-ретімен ықпалдасуы кезінде ішкі және сыртқы ұлттық басымдықтары жақсы үйлесім тапқан. Соның ішінде Ұйымның халықаралық шарттарын пайдалану арқылы да.
Б.Байқадамов сондай-ақ жинақта жүйеленген құжаттар мен материалдар Ұйым қызметінің үш негізгі бағытының бірі – қауіпсіздіктің адами өлшемдерін сипаттайтынына назар аударып, мұнда халықаралық стандарттарды ұлттық жағдайда қолданудың жай-жапсарлары, Ұйым қызметінің жалпы ерекшеліктері көрініс тапқанын көлденең тартты. Еңбектің басқа да қырларына тоқталды.
“Егемен-ақпарат”.