Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде (ҚазХҚжӘТУ) Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты ғалымдарының қатысуымен “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы қызметіндегі жаңа серпін” атты дөңгелек үстел өтті. Онда Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалығындағы аймақтық қауіпсіздік мәселелері, саяси жаңару және тұрақты даму – Қазақстан жетістігінің айғағы, этносаралық және конфессияаралық келісіміндегі тәжірибесі, сондай-ақ мәдениет феномені және көпұлтты әлемде өзара әрекет ету тәсілі ретіндегі тіл мәселелері талқыланды.
Франция, Италия, Словакия елшіліктері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, белгілі саясаттанушылар, ҚазХҚжӘТУ профессор-оқытушылары мен студенттері қатысқан алқалы жиынды аталған оқу орнының ректоры Сәлима Құнанбаева ашып, мәслихаттың басты мақсаты Астана Саммитін қолдау екенін жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының саммит шақыру жөніндегі белсенділігі, ұйымның ұстанымындағы өте күрделі проблемалар – әскери-саяси, экономика-экология, гуманитарлық себеттердегі шешуін күтіп тұрған мәселелерде Қазақстан бастама көтеріп, тек осы жылдың ішінде бірқатар жұмыс атқарғаны, еліміздің осындай саяси дәрежеге көтерілуі Ұлт Көшбасшысы – Президентіміздің үлкен ұстанымы, көрегендік саясаты, сондай-ақ Н.Назарбаевтың Президент ретіндегі жұмысының халықаралық, әлемдік дәрежеде мойындаулы деп атап көрсетті.
Одан кейін сөз алған шетелдік сарапшылар – Франция елшілігінің француз тілі саласындағы ынтымақтастық жөніндегі атташесі Йоан Шиттерер, Италия Республикасының құрметті консулы Доменико Сермази, Словакия елшілігінің сауда-экономика жөніндегі кеңесшісі Виктор Броецки Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға болған уақытта атқарып жатқан жұмыстары жайында әңгіме қозғады. Мәселен, бейбітшілікті, қауіпсіздікті, экономиканы нығайту, экологияны сауықтыруда бірқатар ілкімді шараларды жүзеге асырғаны, сайып келгенде, Қазақ мемлекеті төрағалық міндетін лайықты атқарғаны ықыласпен жеткізілді.
– Қазақстанның төрағалық етуі арқасында ЕҚЫҰ-ның бүгінгі өзгеріп жатқан дүниеге икемделуі артты, әлемдегі беделі өсті, еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістіктерді біріктіретін жаңа үндесу алаңына айналды. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның қызметіне жаңа бір тыныс әкелді және Ұйымның іштей қайта құрылуын жылдамдатты, – деді өз сөзінде оқу орнының ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры С.Бөлекбаев.
Бұрынғы саммит кезінде дәл осындай көлемде, осындай құрылымда кездесулер болмағанын мақтанышпен атап өткен университеттің халықаралық экономика кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор М.Есқалиев осы форумға Қазақстанның сыртында 55 мемлекеттің, оған қоса 12 серіктес мемлекеттің басшылары, 69 халықаралық ұйымдардың жетекшілері, оның сыртында 500 мемлекеттік емес ұйымдар мен 1 мыңнан астам БАҚ өкілдері қатысуының өзі саммиттің ауқымдылығы мен саяси тұрғыдан мәнділігін, маңыздылығын көрсетіп отырғанын тілге тиек етті. “Биыл ЕҚЫҰ құрылғанына 35 жыл толды, – деді ғалым. – Қазақстан тәуелсіздігін алғалы осы Ұйымға мүше болғаны өз алдына, ЕҚЫҰ-ға төрағалық қызметінде бір жылда 80-ге жуық мәселе жобаланса, солардың көпшілігі осы 11 айдың ішінде орындалды деп айтуға әбден болады”.
Сондай-ақ дөңгелек үстелге қатысушылар ҚСЗИ-дің бөлім меңгерушісі, белгілі саясаттанушы Н.Сейдін, философия ғылымдарының докторы, профессор Р.Қадыржанов, ҚазХҚжӘТУ-дың магистранты Ү.Қазыбекова, т.б. ЕҚЫҰ-дағы төрағалық кезіндегі Қазақстанның әлемдік саясат сахнасындағы беделі, әсіресе Астана Саммиті ЕҚЫҰ-ның стратегиялық бағытын айқындайтынын, әлемдегі қақтығыс орын алған өңірлерді оңалтуға қатысты біраз күрмеуі қиын түйіндерді еңсеруде атқарған жұмыстары жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.
Бір айта кетерлік қуанышты жәйт, университеттің 15 студенті алдағы болатын саммитте өз қызметтерін көрсететін болса, 610 студент Қысқы Азия ойындарына аудармашы ретінде шақырылып отыр екен.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.