Арқалықтық мазмұндағы пәтерлер 56 отбасы бір күнде баспаналы болды
Арқалық қаласының тұрғыны Болат Жармағанбетов “Өз үйім – өлең төсегім” дегенді дәл өзі секілді баспананың зарын көрген аталарымыздың бірі айтқанына шүбә келтірмейтін. Құйын жүргендей еткен 90-шы жылдарғы аласапыран уақыттан кейін Болат пен Батира Жармағанбетовтер баспанаға жарымады. Шиеттей бес баланы көшіп-қонып, көрпе-төсегін тасып жүріп, жалдаған пәтерлерінде өсірді. Ал бұл қалада иесіз қалып, есік-терезесі үңірейіп тұратын үйлерден аяқ сүрінетін. Тұрғындар үдере көшкенде тұтас шағын аудан қаңырап бос қалды. Қирату оңай да, оны жинаудың қиын екенін арқалықтықтар жақсы біледі. Тұралап қалған Арқалық қаласы 2000-шы жылдары бауырын қайта көтере бастағанда пәтер кезегі қайта көбейді. Жармағанбетовтер де қала әкімдігіне барып пәтер кезегіне тұрды. Әйтеуір үміт дүниесі, әйтпесе кезегім биыл келе қояды деген ой Болаттың үш ұйықтаса ойына кірген жоқ. Үйді салып ала салатын қаржы жағы тағы тапшы. Сонымен жасы келіп қалған жандар баспананы армандап жүріп жатқан. Жақында қала әкімі Теміржан Төлеубаев тұрғындарға жаңа пәтердің кілтін тапсырғанда бақытты жандардың қатарында Болат та болды. Қуанышын айтып жеткізе алмайды. Мектепте оқып жүрген екі баласына сабақ бөлмесі, баспана болмаған соң Астанаға барып күнін көріп жүрген балалары келгенде жататын қонақ бөлмесі, асхана, жатын бөлме – бәрі бар.Міне, Болат пен Батира мұнан артық кең сарай көрмегендей.
Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша республика қазынасынан артық-кемі жоқ 200 миллион теңге бөлінген болатын. Осы үйді тапсырған “Алюминстрой” ЖШС директоры Абай Мұқановтың айтуынша, үйдің бір шаршы метрінің өзіндік құны 300 АҚШ доллары болыпты. Қаңқиып қабырғасы ғана қалған жатақхананы жертөлесінен бастап, қайта жөндегенде адам танымастай су жаңа үй болып шыға келді. Үйдің асханасы мен ваннасы кафель, заманауи санитарлық техника, кең лоджия, герметикалық есік-терезесі де тұрғындардың ойынан шығып тұрды.
Сонда үйді салған мердігерге оның құрылысы неге осыншама арзанға түсті? Өйткені “Алюминстрой” ЖШС дайын асқа тік қасық емес, бюджеттің қаржысын тисе – терекке, тимесе – бұтаққа” деп оңды-солды жарататын мердігер емес, кең профильді құрылыс мекемесі болып табылады. Олар құрылыс жұмысының сыртында жол салады, су құбырларын жүргізеді және темір-бетон, асфальт-бетон бұйымдарын шығаратын зауыттары, қиыршық тас шығаратын карьері жұмыс істеп тұр. Оның сыртында жиһаз дайындайтын, пластикалық терезе, есік салатын цехтары және көлікке, тасымалға қатысты шаруашылық салалары да жеткілікті. Білікті басшы Абай Құспанұлы осының барлығын да үйдің құрылыс жұмыстарына пайдаланғанда, үйдің өзіндік құны арзандап шыға келді. Серіктестік үйдің су құбырыларын да, жолды да, оның ауласын да, есік-терезесін де өздеріндегі материалмен жасады. Әншейінде тез тапсырылған үйлерге кіргенде тұрғындар қуанарын да, қуанбасын да білмей дал болатын. Себебі, арзанқол материалдардан жасаған үйлердің кірмей жатып төбесінен су ағып, терезесінен жел улейтін еді. Ал Абай Құспанұлы басқарған мердігерлер құрылысқа қажетті бұйымдарды негізінен өздері жасап, өздері қойғаннан кейін арзандығын былай қойғанда, оның сапасы да көңілді орнықтырды. Құрылысшылардың мақтанарлығындай бар, олар Арқалық қаласында жаңадан бой түзеген үйге тек қазақстандық қана емес, жергілікті, арқалықтық мазмұн берді. Арқалықта қоныс тойлардың көбейетініне құрылысшылар да, тұрғындар да сенімді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Арқалық.
Суретте: Арқалық қаласының әкімі Т.Төлебаев тұрғындарға пәтер кілтін тапсырды.