Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана Саммиті қарсаңындағы Шолу конференциясының кеңейтілген қорытынды пленарлық отырысы болып өтті. Отырысқа ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының арнаулы өкілі – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов төрағалық етті. Кеңейтілген отырысқа ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы М.П. де Бришамбо қатысты.
Үш күнге созылған Шолу конференциясының аясында БАҚ бостандығы, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы, мигранттарға төзімсіздік көрсету мәселелері туралы, адам саудасы және басқа да келелі мәселелер талқыланды. Шолу конференциясының осы мәселелерге қатысты отырыстарында қаралған тақырыптарға қысқаша шолу жасай келіп, К.Жигалов БАҚ бостандығына қатысты айтылған кейбір мәселелерді атап көрсетті. Бұл ретте электоронды БАҚ-тың даму үрдісімен бірге, сөз бостандығы мен плюрализмнің дамуы қатар өрістеуі қажет. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 2004 жылы өткен отырысында интернет ашық және жалпыға бірдей қолжетімді болуы қажет екендігі атап көрсетілген болатын. Отырыс төрағасының мәлімдеуінше, осы мәселеге қатысты пікір білдірушілер ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өзінде барлық азаматтардың бірдей интернетке қолжетімділігі қамтамасыз етілмей отырғандығын атап көрсеткен.
– 2010 жылғы Шолу конференциясы Ұйымға мүше мемлекеттер үшін тәжірибе алмасу және шешім таппаған проблемаларға байланысты атқаратын нақты жұмыстарды белгілеу алаңы болды, деп атап көрсетті одан әрі К.Жигалов. Сол сияқты ол Астанада 26 қарашада өткен ҮЕҰ форумы үшінші сектор жұмысының маңызды екендігін тағы да дәлелдегенін қаперге салды. Форум ЕҚЫҰ жұмысының басты бағыты барлық белгілі өлшемдер бойынша адамдардың өмірін жақсарту және жауапкершілік жүктелген аумақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету екендігіне тағы да назар аударды. ЕҚЫҰ-ның ең маңызды құндылығы ҮЕҰ-ларға осы көкейкесті мәселелерде белсенділік танытып, үкіметтер мен азаматтық қоғамдар арасында үнқатысудың дамуына ықпал жасайды.
Баяндамашының айтуынша, әскери-саяси өлшем шеңберінде өткен пікір алысулар ұжымдық күш-жігер мен саяси ықпалдылықтың орын алған проблемаларды тиімді шешуіне жағдай жасайды. Мәселен, Ауғанстандағы трансұлттық қауіпті талқылау барысында мүше мемлекеттер басқа да халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып, белсенді, мақсатты әрі үйлесімді жұмыс жүргізу қажеттігін тағы да мойындады. Көңіл аударатын тағы да бір мәселе созылмалы жанжалдар болып отыр. Бұл бұрынғысынша ЕҚЫҰ-ның күн тәртібінде ерекше орын алады. Ұйымға мүше мемлекеттер орын алған осындай проблемаларды шешуде бұрынғыдан да белсенділік танытуы керек. Бұл ретте ЕҚЫҰ-ның дала миссиясына айрықша міндет жүктеледі. Сол сияқты пікір алысу барысында жалпы қырып-жою қаруларының таралуына қарсы күресті барынша күшейту мәселелері тілге тиек етілді.
Экономикалық-экологиялық өлшем шеңберінде мүше мемлекеттер алға қойған мақсатқа жету үшін стратегиялық бағыттарды қайта жаңғырту және нақты іс-қимылдарды күшейту қажеттігін атап көрсетті. Бұл өлшем аясында Маастрихт стратегиялық құжатына өзгерістер енгізілуі күн тәртібіне қойылды. Сонымен бірге, бұл орайда жергілікті құрылымдардың экономикалық-экологиялық комитеттерімен үйлесімді жұмыс жасауы қажет. Әсіресе, Ұйым БҰҰ-ның экономикалық-экологиялық комитетімен барынша тығыз байланыста болуы керек.
Астана Саммиті қарсаңындағы Шолу конференциясына қатысушылар бүгінгі отырыстардың 1999 жылы өткен Ыстамбұлдағы Шолу конференциясынан әлдеқайда прогрессивті екендігін тілге тиек етті. Сонымен бірге, мүше мемлекеттер бұл салаларда қалыптасқан қыр көрсетушіліктерге ұжымдық мүмкіндіктермен қарсы тұруы керек. Шолу конференциясы отырыстарында демократиялық институттарды дамыту мәселелері де кеңінен талқыланды. Бұл орайда ұлттық құқық қорғау институттары адам құқығын қорғауды нығайту барысында барынша белсенділік көрсетуі қажет. ДИАҚБ және жергілікті жердегі миссиялар халықаралық және өңірлік негіздерде адам құқығын қамтамасыз ету мақсатында мүше мемлекеттерге практикалық көмек көрсетуі керек. Қорытынды отырыста сондай-ақ ЕҚЫҰ аясында заңның үстемдігін нығайту, сөз және баспасөз бостандығын, гендерлік теңдікті, толеранттылықты және адамды кемсітудің барлық тәсілдеріне қарсы күресті күшейту күн тәртібіне қойылды.
Сонымен бірге, пікір алысулар барысында ЕҚЫҰ-ның құрылымы туралы да мәселе көтерілді. Бұл ретте адам және қаржы ресурстарын басқару салаларында бірқатар шешілмеген проблемалар орын алған. ЕҚЫҰ-ның бюджетін жоспарлау мәселелерін де жетілдіру қажеттігі айтылды. Осы орайда, Ұйымның Бас хатшысының рөлін арттыру қажет. Пікір білдірушілер мүше мемлекеттердегі ЕҚЫҰ институттарын күшейту, олардың функциялық автономия тәжірибесін сақтау мәселелері де айтылды.
– Бүгінгі отырыстарда Астанада өтіп жатқан үш күндік Шолу конференциясының ғана қорытындысы жасалып қойған жоқ, сонымен бірге, Варшава, Вена және Астана қаласында өткізілген отырыстардың да қорытындысы шығарылды, деді К.Жигалов. Орын алған проблемаларды ашық талқылау және одан шығу жолдарын көрсеткен ұсыныс-пікірлер өте маңызды болды. Бұл ашық пікір алысу алдағы саммиттің жемісті өтуіне жағдай жасайды. Астана Саммиті еуро-атлантикалық және еуразиялық кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында әлеуетті қоғамдастық қалыптастыру жолындағы тарихи кезең болатындығына сенімдімін, деп қорытындылады баяндамасын К.Жигалов.
Отырыста сөз алған Ресей делегациясының жетекшісі Владимир Воронков негізінен Шолу конференциясы өзіне жүктелген міндетті толық атқарғанын атап көрсетті. Біз барлық мемлекеттерде, атап айтқанда, жас мемлекеттерде, сондай-ақ демократиясы дамыған мемлекеттерде де негізгі үш өлшем бойынша проблемалар бар екендігіне көз жеткіздік, деді ол өз сөзінде. Кейбір міндеттемелер ұмыт қалған, оларды жандандыру керек. Жаңа күш көрсету оқиғалары орын ала бастады, оған қарсы ықпалды шаралар белгілеу қажет. Баяндамашы өз сөзінде ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті Ұйымның одан әрі дамуына серпін беретіндігіне сенім білдірді. Ең алдымен, Саммитте еуроатлантикалық кеңістікте жатқан мемлекеттердің қарым-қатынасында негізге алынған базалық үдерістерге мән беру керек. Бұл жерде қауіпсіздік мәселесінің бөлшектелмеуі және қабылданған міндеттемелердің нақты орындалуы маңызды болмақ. Өткен аптада Лиссабонда өткен саммитте Ресей және НАТО қабылдаған ортақ мәлімдеме де осы маңызды мәселені атап көрсетеді, деді баяндамашы. Осы орайда 2011 жылы Вена құжатының жаңа үлгісін қабылдау мүмкіндігінің туғандығына үміт артуға болады.
Шолу конференциясы және “корфу пікірталасы” жанжалдарды реттеуде жаңа мүмкіндіктердің пайда бола бастағандығын көрсетті. Сондықтан бұл көкейкесті мәселелерде ықпалды және өзара түсіністік негізіндегі жұмыстар жүргізілуі керек. Сонымен бірге, Ресей өкілі табиғи және техногендік апаттардың алдын алу мақсатында ықпалды тетіктер ойластыру қажет екендігін тілге тиек етті. Және де 2003 жылы қабылданған Маастрихт стратегиясына өзгерістер енгізу жөніндегі Қазақстан идеясын толық қуаттаймыз, деді В.Воронков.
Баяндамашы өзінің төрағалығы кезеңінде толеранттылық түсінікті қалыптастыруға, сонымен бірге, мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысуларды күшейтуге, нәсілшілдік және ксенофобиямен күресті жандандыруға, адам саудасына тосқауыл қоюға барынша басым күш-жігер жұмсаған қазақстандық бастамаларға қолдау көрсететіндігін атап көрсетті. Ол сөзінің соңында үлгілі Шолу конференциясын өткізуге жан-жақты жағдай жасаған Қазақстан тарапына алғысын білдірді. Астана рухы саммитті өткізу барысында да жемісті шешімдер қабылдауға ықпал етіп, Ұйым белсенділігін одан әрі арттыруға негіз қалайды деп сенемін, деді В.Воронков.
– Бұл өтіп отырған ЕҚЫҰ-ның Шолу конференциясы – Корфу үдерісі мен Астана Саммиті арасындағы ықпалды көпір, деді өзінің сөзінде ЕҚЫҰ жанындағы Белоруссия тұрақты өкілінің орынбасары Денис Сидоренко. – Конференция барысында көптеген маңызды пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Бұл өз кезегінде саммиттің қорытынды құжаттарын қабылдауға тиімді ықпал етеді. Егер саммит барысында саяси жігер және жоғары жауапкершілік көзқарас орын алатын болса, барлық мемлекеттер үшін маңызды құжат қабылданып, ЕҚЫҰ аумағында сенім мен өзара түсіністіктің барынша орнығуына негіз қаланбақ.
Отырыста Еуропалық Одақ өкілі ЕҚЫҰ-ның кейбір стратегиялық құжаттарын қайта қарау қажеттігі туралы пікір білдірді. Атап айтқанда, Ауғанстан мәселесіне қатысты қабылданған құжаттар қайтадан електен өткізілуі керек. Сонымен бірге, жаһандық қауіпсіздік, ұйымдасқан қылмысқа және есірткі бизнесімен күрес шаралары ауқымында жаңа стратегиялық құжаттар қабылданса, нұр үстіне нұр болмақ. Еуроодақ өкілі трансұлттық күш көрсетушілікке қарсы күрес барысында азиялық және ортатеңіздік әріптестермен байланысты одан әрі нығайтуға мүдделілік туындап отырғандығын да атап көрсетті.
Киелі тақ өкілі ЕҚЫҰ Саммитін өткізу мәселесі күн тәртібіне қойылған кезеңнен бергі және осы Шолу конференциясын өткізу барысындағы Қазақстанның мақсатты да табанды жұмысына алғыс сезімін білдірді. ЕҚЫҰ Саммитін өткізуге дайындық барысында орын алған осы бір ізгі қадамдар негізгі мақсаттың да жемісті болатындығының кепілі.
Шолу конференциясының қорытынды отырысында бірқатар елдердің делегацияларының өкілдері сөз алды. Талқыланған мәселелер барысында Таулы Қарабақ кикілжіңіне қатысты өткір пікір-таластар туындады. Әзірбайжан және Армения өкілдері өз сөздерінде бұл мәселеде екі мемлекет арасында әлі де ортақ түсіністік қалыптаспай отырғандығын атап көрсетті.
Сөз және баспасөз бостандығына байланысты сөз сөйлеген Словения өкілі Анна Петрич пен БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі ЕҚЫҰ-ның өкілі Дунья Миятович Ұйым аясында бұл көкейкесті мәселенің ерекше маңызды орын алатындығын тілге тиек етті. Мәселен, Дунья Миятович өз сөзінде ЕҚЫҰ Саммитінен кейін Ұйымға мүше мемлекеттер БАҚ бостандығы шеңберінде қабылдаған өз міндеттемелерін қайта жандандырып, жаңа серпіліс жасаулары қажет екендігін мәлімдеді. Осы ретте ол сөз және баспасөз бостандығын одан әрі жаңғырту мақсатында 10 негізгі бағыттардан тұратын басты тұжырымдарды атап көрсетті.
Мигранттар мәселесі бойынша конференцияда айтылған пікірлерді Грекия өкілдігінің тұрақты кеңесшісі Кристос Софианопулос қорытындылады. Бұл мәселе бойынша ЕҚЫҰ тарапына айтылған бірқатар ұсыныстарды айта келіп, ол адами өлшемдер аясында келесі жылы нәсілшілдік және ксенофобия бойынша көмекші кеңес өткізу жоспарланып отырғандығын мәлімдеді. Сонымен бірге, ЕҚЫҰ шеңберінде “исламофобия” мәселесіне нақты анықтама беру қажеттігі, мұсылмандар тарапына жасалатын кемсітушілік бойынша конференция өткізу, миграция мәселесі бойынша далалық миссия құрылымдарын құру, Ұйымға мүше мемлекеттерде миграциялық қызметтер үшін басшылыққа алынатын үдерістерді белгілеу мәселелері бойынша нақты ұсыныстар белгіленді.
Ресей Федерациясының миграциялық зерттеулер орталығының директоры Елена Тюрюканова өз еліндегі мигранттар мәселесінде орын алып отырған проблемаларды тілге тиек етті. Мәселен, бүгінде АҚШ-та 12 миллионға жуық мигрант болса, Ресейде олардың саны 6,7 миллионға жеткен. Мигранттар тасқынының күшеюі көп ретте олардың құқықтарын қорғауға кедергі келтіреді. Осыдан барып бұл ортада криминалдық оқиғалар көбейіп, адам саудасы асқынады.
ЕҚЫҰ-ның адам саудасымен күрес жөніндегі өкілі Мария Грация Джаммаринаро бүгінгі таңда өршіп отырған балалар трафигі адам саудасының ең бір имансыздыққа бұрылған қауіпті түрі екендігін атап көрсетті. Ол бұл мәселенің адам ресурстарының дамуына нақты қауіп төндіріп отырғандығын, балалар тарапына жасалатын құлдық қатынастардың жас жеткіншектер болашағына қауіп төндірумен бірге, олардың жанына жазылмас жара салатындығын ескертті. Бүгінде дүние жүзінде 250 миллионнан астап бала еріксіз түрде жұмысқа тартылады. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, бұл адам саудасынан зардап шеккендердің 40-50 пайызын құрайды. Ақиқатын айтар болсақ, бұл балаларға жасалып отырған қиянаттың ресми деректері ғана. Ал зорлық-зомбылық қамытын киген, саудаға салынған балалар саны әлем бойынша әлдеқайда көп.
Шолу конференциясының қорытынды отырысында сөз алған шешендер орын алған осындай үлкен проблемалардың алдын алу мақсатындағы өздерінің нақты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Шешендер Астанада өткізілген Шолу конференциясының бүгінгі таңда орын алған келелі мәселелерді ашық жарыққа шығарған ықпалды пікір алысу алаңы болғандығын бірауыздан атап көрсетті. Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан жиналған өкілдер Астана Саммиті аясында еуро-атлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік терминінің алғаш қатар қолданылып, жаһанның кеңістігінде жаңа бетбұрыстар мен серпінді бастамалардың басталғандығын айқын паш етті.