30 Қараша, 2010

Ұйымның Минск тобымен кездесу

425 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Астанада ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңын­да Ұйымның Іс басындағы төрағасы, Қа­зақ­стан Рес­публикасының Мемлекеттік хатшысы – Сырт­қы істер министрі Қанат Саудабаев Таулы Қарабақ жанжалының ағымдағы жағдайы мен реттеу перспективаларын тал­қы­лау мақсатында ЕҚЫҰ Минск тобының тең төрағаларын қа­был­дады. Кездесуге сондай-ақ ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының созылмалы жанжалдар жөніндегі Жеке өкілі елші Анджей Каспжик қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі. Ресей Федерациясының елшісі Игорь Попов пен АҚШ елшісі Роберт Брадтке ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасын жанжалды реттеу жөніндегі жұмыс нәтижелері туралы, оның ішінде өздерінің өткен аптада Әзірбайжан мен Арменияға сапарларының қорытындылары туралы хабардар етті. Қ.Саудабаев Қазақстанда және тұтастай алғанда ЕҚЫҰ-да Ұйымның алда болатын Астана Саммиті болашақ реттеуді ілгері жылжытуға жеделдік қосып, проблемаларды бейбіт жолмен шешуге көмектесетініне шын көңілден сенетіндерін атап көрсетті. *  *  * Сол күні Қазақстан Республикасы сыртқы саясат ведомствосының басшысы Әзірбайжан сыртқы істер министрі Эльмар Мамедьяровпен телефон арқылы сөйлесті. Сұхбаттастар алдағы ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық барысы мен оны мазмұндық жағынан толықтыру жайын талқылады. Қ.Саудабаев пен Э.Мамедьяров алдағы жоғары деңгейдегі кездесуде нақты шешімдер қабылдаудың маңызы жоғары екендігін атап көрсетті. Өйткені, ол ЕҚЫҰ-ны одан әрі дамытудың перспективаларын айқындап қана қоймай, сонымен қатар, Ұйым жауапкершілігі аумағындағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай үлес қосатын болады.