“Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан НЫҒМАТУЛИНМЕН әңгіме
– Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін жалпыұлттық стратегиялық жоба деп бағалаған еді. Соның ішінде Ұйымның 11 жыл бойы өткізілмеген Саммитін өткізгелі отырғанымыз маңызы тіптен зор оқиға болып отыр. Елдегі ең жетекші саяси ұйым Төрағасының орынбасары ретінде осы оқиғаны өзіңіз қалай бағалар едіңіз?
– Елбасымыз ЕҚЫҰ Саммитін тәуелсіз Қазақстанды әлемге паш етудің бірегей мүмкіндігі деп бағалады. Шындығында, Қазақстан – жас мемлекет бола тұра, аз уақыт ішінде дүние жүзіне бірлігі жарасқан берекелі ел ретінде танылды. Сондықтан егемен еліміздің тағы бір биігін танытатын бұл елеулі оқиға кез келген азаматты бей-жай қалдырмай, әр қазақстандықтың жүрегіне ұлттық сүйіспеншілік пен патриоттық сезім ұялатады.
Астанада өтетін Саммит – ұйымның негізгі өлшемдері мен қағидаттарын жүзеге асыру барысында қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау, жаһандық мәселелерді бірлесіп шешу, түрлі қақтығыстарға тап болған мемлекеттерге қолұшын беру мақсатында мемлекет басшылары мен үкімет жетекшілерін ортақ іске шақыратын халықаралық форум.
ЕҚЫҰ-ның саммиттерінде қабылданған құжаттар Еуропа қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен рөл атқаратыны және ұзақ уақыттан кейінгі үзілістен соң қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың ең мұқтаж мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі үнқатысуды қалпына келтіретіні сөзсіз.
Осы жолда Қазақстанға жетекші күш болуға тура келеді. Әрине, біздің еліміздің ол үшін жеткілікті экономикалық ресурстары мен интеллектуалдық әлеуеті, күрделі әлеуметтік проблемаларды шеше алатын, азаматтық тұрақтылықты нығайта алатын тәжірибесі мол.
Бұл сөз жоқ, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының теңдессіз зор жетістігі. Сондықтан біз Саммиттің Астанада өткізілуі туралы шешімді тарихи шешім деп білеміз және ол бүкіл Еуразия кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болады деп санаймыз.
– Саммиттің күн тәртібін әзірлеуде “Нұр Отан” ХДП тарапынан ұсыныстар болды ма және олар қай “себеттерге” қатысты жасалды?
– “Нұр Отан” ХДП ұйымдастырған әртүрлі форумдарда айтарлықтай кең ауқымды мәселелерді талқылау нәтижелері бойынша қабылданған ұсыныстардың барлығы осы Ұйымның негізгі тақырыптарына қатысты болды. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ-ны жаңғыртудың басымдықтары, адами өлшемдер, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету және басқа мәселелер де кеңінен қамтылған. Яғни, біз Саммитке қатысты маңызды жұмыстардың, іс-жоспарлардың ешқайсынан тыс қалған жоқпыз. Өз үнімізді қосып, өз жобамызды ұсындық, өз көзқарасымызды білдірдік. Тиісті құжаттарды дайындау барысында олардың барлығы назарға алынады деп ойлаймыз.
– “Нұр Отан” ХДП-ның халықаралық істері, соның ішінде қандай беделді партиялармен ынтымақтастық орнатқаны туралы айтып берсеңіз. Әріптестеріңіздің Астана Саммитіне деген көзқарастары қандай?
– Біз Парламент депутаттарымен бірлесіп үнемі шетелдің жоғары өкілетті органдарының және саяси партияларының делегацияларын қабылдаймыз. Халықаралық деңгейде партияаралық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлеміз, өйткені, ол партиялық құрылыстың өзекті мәселелері бойынша ғана емес, сонымен бірге, мемлекетаралық қатынастарды дамытуға қатысты да пікір алмасуларға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда “Нұр Отан” партиясы тұтастай бір шетелдік саяси партияламен ынтымақтастық орнатты, оның ішінде Ресейдің “Единая Россия”, Түркияның “Әділет және даму партиясы”, Кореяның “Ханнара” және басқа да саяси ұйымдар бар. Партиямыздың Орталық аппаратында әртүрлі елдердің елшілері, белгілі саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері жиі қонақта болады.
“Нұр Отан” партиясы Азия саяси партиялары халықаралық конференциясының (АСПХК) мүшесі екені белгілі. Бұл 54 елдің 240 партиясын біріктіретін шығыс жартышарындағы ең беделді ұйымдардың бірі. Біздің партияның өкілдері АСПХК-нің басшы органы – Тұрақты кеңестің құрамына кіреді. Өткен жылы Астанада АСПХК Тұрақты кеңесінің 10-шы мәжілісі болды.
Біздің әріптестеріміз Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен Астанада болатын алдағы Саммиттің маңызын өте жоғары бағалайды. Мәселен, Ресей парламентінің төрағасы, “Единая Россия” партиясының жетекшісі Борис Грызлов аталған форумда ЕҚЫҰ-ның болашаққа арналған жұмысының негізгі бағыттары белгіленетініне сенім білдірсе, Француз Республикасы Парламенті Ұлттық ассамблеясының депутаты, “Халық қозғалысы үшін одақ” партиясының халықаралық істер жөніндегі уәкілі Тьерри Мариани Орталық Азиядағы саяси тұрақтылықты сақтауда, ЕҚЫҰ-ның жауапкершілігі аумағындағы қауіпсіздікті нығайтуда Қазақстанның орны мен маңызының ерекше екенін атап көрсетті.
– Саммиттен кейін ЕҚЫҰ жұмысында қандай оң өзгерістер болуы мүмкін?
– Алдағы болатын Саммиттің негізгі мақсаты айқын, ол еуразиялық қауіпсіздік санатын өзекті етумен қатар, ЕҚЫҰ-ны қазіргі заман талаптарына бейімдеуге жасалған тың қадам болып табылады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі Ұйым қызметіндегі осы жаңа басымдықты нығайтуға жәрдемдесетін болады.
Біз ЕҚЫҰ-ны нығайтуға, қауіпсіздіктің әртүрлі өлшемдерінің арасында орын алатын теңгерімсіздікті болдырмауға жәрдемдесетін шешімдер күтеміз. Мұның өзі ұйымның жаңа сынақтар мен қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысында өте маңызды.
Астанадағы Саммиттің оң нәтижелерінің бірі, әсіресе, этносаралық қатынастар саласындағы дағдарысты ахуалдарды реттеудің пәрменді тетіктерін әзірлеу болар еді. Қазақстанда бұл салада құнды тәжірибелер бар және бұл тәжірибе осындай тетікті жасау үшін негіз бола алады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінде төзімділік пен этносаралық келісімді нығайту мәселесінің ең маңызды басымдық болуы да кездейсоқтық емес.
– Адам құқы, сондай-ақ саяси институттардың жетілдірілуін қалайтын “үшінші себет” бүгінгі күні Ұйым шеңберінде көбірек талқыланып, еуропалық стандарттардан ауытқушылық қатты сынала беретінін көріп жүрміз. Бұл мәселеге сіздің пікіріңіз қандай?
– Қазақстандағы саяси реформа дәйектілікпен әрі тұрлаулы сипатта жүргізіліп келеді, ол демократияның нығаюына мүмкіндік береді және де ЕҚЫҰ-ның “үшінші себет” деп аталатын өлшемдеріне сай келеді. Қарап отырсақ, соңғы жылдары қаншама өзгерістер болды. 2007 жылғы конституциялық реформаның нәтижесінде Парламент Мәжілісіне сайлау партиялық негізде жүзеге асырылды. Жергілікті деңгейде биліктің өкілетті органдарының функциялары мен өкілеттіктері айтарлықтай кеңейтілген. Үкіметтік емес ұйымдар мен жеке меншік секторға елеулі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Былтырғы жылы ЕҚЫҰ-ның ұсыныстары ескеріле отырып, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін ырықтандыратын түзетулер енгізілді. Және мұның өзі біздің елімізде қолданылып жатқан шаралардың бір парасы ғана.
Құқық қорғау жүйесін реформалаудың байыпты жұмысы басталып кетті, оны жүзеге асырмай ешқандай саяси жаңғыртудың болуы да мүмкін емес еді. Құқықтық реформа заңнаманы елеулі түрде ізгілендіруге және құқық қорғау институттары мен оның тетіктерін нығайтуға алып келеді. Сонымен бірге, жоғарыда айтқанымыздай, ЕҚЫҰ-ның миссиясы оның саяси саладағы қағидаттарын ғана іске асырумен бітпейді. Ұйымның жаһандық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі қызметі мәселелердің неғұрлым кең ауқымын қамтиды.
Мәселен, осыған байланысты, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылғы сәуірде Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жария еткен бастамалары өте өзекті болып отыр. Оның жұмысына 47 елдің басшысы қатысқан еді. Баршаға белгілі болғандай, Қазақстан ірі уран өндіруші ел болып табылады және оны өңдеудің мүмкіндіктеріне де ие. Қазақстан Президенті ядролық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі өңірлік іс-қимыл жоспарын әзірлеу және ядролық материалдарды таратуды болдырмау ұсыныстарын жасаған болатын.
Мұндай мысалдар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде айтарлықтай көп жинақталды. Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи еңбегі, міне, осында. Сондықтан Қазақстанның ЕҚЫҰ дамуындағы үлес салмағы лайықты бағаланатынына сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.