Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін сөз ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевқа берілді.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы сөзінің басында осыдан дәл 19 жыл бұрын, дәл осы күні ел Президентінің бүкілхалықтық сайлауы өткізіліп, еліміз өз тағдырын Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырғанын еске салып, Елбасын айтулы датамен құттықтап өтті. Міне, ел тәуелсіздігінің 19 жылдығы қарсаңында Қазақстан ЕҚЫҰ сынды халықаралық беделді ұйымның Саммитін Төраға сипатында қарсы алып отыр, мұның өзі Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік-экономикалық және демократиялық дамуда қол жеткізген тамаша табыстарының орынды мойындалуы, Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығының, оның өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесінің нанымды дәлелі, деп қадап айтты Қанат Саудабаев.
Іс басындағы төраға Саммитке қатысуы арқылы ЕҚЫҰ-ның құндылықтары мен қағидаттарына шынайы берілгендігін дәлелдеп отырғаны үшін жиналған жұртшылыққа, Қазақстан төрағалығының өне бойында көмек көрсеткен ЕҚЫҰ Бас хатшысына, Ұйым институттарының барлығының басшыларына және олардың қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
Өз төрағалығымыз барысында біз ЕҚЫҰ-ның арқа сүйерлік қағидаттары мен құндылықтарын, сондай-ақ өзіміз мәлім еткен стратегиялық көзқарас пен көкейкесті басымдықтарды қатаң ұстандық. Қазақстан дәйім Ұйымға мүше барлық елдердің пікірлері пен мүдделерін ескерумен келді, ЕҚЫҰ-ның үш өлшемінің үйлесімділігін қамтамасыз етті. Біз өзіміздің Траст, Традишн, Транспаренси, Толеранс, яғни сенім, дәстүр, ашықтық, төзімділік деп жариялаған ұрандай ұстанар ұғымдарымызға толық сәйкес болуға, Ұйымға мүше мемлекеттердің және ЕҚЫҰ қоғамдастығының сенімін ақтауға тырыстық. Қазақстан Ұйымның жақсы дәстүрлерін нығайтып, дамытуға ұмтылды. Қанат Саудабаев сонымен бірге, Қазақстан ЕҚЫҰ кеңістігіне жетіспей жүрген сенім мен мөлдірлікті күшейтуді қамдағанын да айтты. Мүше мемлекеттердің барлығының «Корфу үдерісі» бойынша сындарлы өзара іс-қимылы Ұйым жұмысына тың тыныс қосып, оның қауіпсіздік мәселелері бойынша түйінді үнқатысу алаңы ретіндегі маңызын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. 2010 жылдың ішінде созылмалы қақтығыстар жөніндегі келіссөз пішінінің аясында атқарылған жұмыс, проблемалардың соншалықты күрделілігіне және ұзақ мерзімдік сипатына қарамастан, абайлап үміт етуге негіз болады. Қырғызстандағы қанды қырғын алдағы кезде де осы елдің тұрақтылығына және ұдайы дамуына бейілді бола беретін ЕҚЫҰ-ның қажеттілігін нақтылап көрсетті.
Қанат Саудабаев Қазақстанның төрағалығы қару-жарақты бақылау режімі мен сенім шараларын жандандырып, нығайту жөніндегі жалпы күш-жігерге жаңаша серпін қосқанын айтып өтті.
Төраға елдің еуразиялық құрлықтық транзит пен көлік дәліздерін жылжытуға, экологиялық мәселелерге салмақ салған басымдықтары Ұйымның экономикалық-экологиялық өлшемі бойынша атқаратын жұмысын жандандыра түсті. Гуманитарлық өлшем бойынша Қазақстан азаматтық қоғам мен сындарлы өзара іс-қимыл жасауға барынша септесті және үкіметтік емес ұйымдардың Ұйым қызметіне, Саммит алдындағы, Саммит шеңберіндегі көптеген іс-шараларға кеңінен қатысуын қамтамасыз етті. Сонымен бірге, Кеңестің толыққанды Ұйымға қарай өзгеруі әлі аяқталмағанымен біз келісуге тиіспіз, деп атап өткен Қ.Саудабаев сөзінің соңында Қазақстан өзінің төрағалығынан кейін де ЕҚЫҰ-ның белсенді мүшесі болып қала беретініне сендірді.
ЕҚЫҰ Саммитінің ашылуындағы келесі сөзді БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун алды. Бас хатшы әлемде бейбітшілікті нығайтып, адам құқықтарын қорғау, жаһандық қауіп-қатерге қарсы күресте бірлесе әрекет ету қажеттігіне тоқталды. Пан Ги Мунның атап өтуінше, бұл мәселеде беделді халықаралық ұйымдардың атқарар рөлі ерекше. Ол Қырғызстандағы қайғылы оқиғалар кезінде айрықша байқалды. БҰҰ, ЕҚЫҰ және ҰҚШҰ өзара келісе отырып, ондағы саяси жағдайды тұрақтандырды. Қазақстан Ұйым төрағасы ретінде Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсетті.
Бас хатшы сөзінің барысында Ауғанстан проблемасына да назар аударды. Пан Ги Мунның айтуынша, Ауғанстанға өтпелі кезеңде халықаралық қоғамдастықтың көмегі аса қажет. Мұндай көмекті ЕҚЫҰ көрсете алады. Ал БҰҰ өз тарапынан өңірлік іс-қимыл бағдарламасын әзірлеуді жоспарлап отыр. Бағдарлама Ауғанстанда және оған көршілес елдерде жүзеге асырылады. ЕҚЫҰ-ның өңірлік ұйым ретінде адам саудасымен, есірткі тасымалымен күресте сенімді әріптес ретінде БҰҰ-ға сүйенуіне болады.
Бұдан кейін шешен әйелдер мен жастар проблемасына тоқталды. Сонымен бірге ол демократия, адам құқықтарын қорғау мәселелері, БАҚ бостандығы туралы айта келіп, осы жаңа мыңжылдық алдында тұрған ең басты мақсат тұрақты даму екендігін атады. Сондай-ақ бүгінде өзекті проблеманың бірі – климат ауытқушылығына алаңдаушылық білдірді. Бас хатшы сөзінде экологиялық мәселелерге де тоқталды. Бұған мысал ретінде Арал трагедиясын келтірді. Сөзінің соңында ол жаппай қырып-жоятын қаруды сынақтан өткізуге тыйым салу туралы шарттың аса маңызды екендігін атап, ядролық қаруы бар елдерді осы шартты тездетіп ратификациялауға шақырды.
Биыл мен бұрынғы Семей ядролық полигонында болдым, деді БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун осыған орай. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың орнықты саясатының арқасында кезінде ядролық жарылыстың эпицентрі болған полигон бүгінде ядросыз әлемнің орталығына айналған. Қазақстаннан өзге елдер үлгі алуы қажет.
Одан кейін сөз ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Президенті Петрос Эфтимиуға берілді.
– Ұйымның жоғары деңгейдегі Саммиті он бір жылдан кейін өтіп отыр, деп бастады сөзін Петрос Эфтимиу. ЕҚЫҰ жетпісінші жылдардың ортасында сол кездегі танымал саяси тұлғалардың келісімге келуімен құрылды. Ұйымның шынында да бірегей құрылым екенінде дау жоқ. Дегенмен бүгінде ЕҚЫҰ бірқатар проблемалармен бетпе-бет келіп отыр. Сол проблемалар ұжымдасып шешім қабылдауға кедергі келтіруде.
Ассамблея Президентінің атап өтуінше, Ұйымдағы өзгерістер саяси деңгейде шешілуі тиіс. Парламенттік Ассамблея өз тарапынан Ұйым қызметіне қатысты бірқатар ұсыныстармен шықты. Парламенттік Ассамблея ЕҚЫҰ-ның маңызды құрылымдарының бірі болып табылады. Ұйымның Тұрақты кеңесі есепті және ашық болуы керек. Бұдан соң шешен адам құқықтарының сақталуына, басқа да бірқатар проблемаларға тоқталды.
Саммитке төрағалық етуші Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келесі сөзді ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоға берді. – Құрметті Мемлекет басшылары, біз мұнда қауіпсіздіктің Ванкуверден Владивостокқа дейінгі біртекті, ұзақ мерзімге арналған кеңістігін жасауға жиналып отырмыз. Жиырма жыл бұрын Парижде, сол кезде жаңа тұрпаттағы көшбасшылар бейбітшілік пен демократиялық дамудың жобасын ұсынған еді. Бүгін, Астанада сіздер де тарихымыздың жаңа бетін ашу мүмкіндігіне ие болып отырсыздар, деді Ұйым Бас хатшысы.
ЕҚЫҰ – Еуропадағы қауіпсіздіктің қандай жағдайда екендігінің айнасы. Кейбір жылдарда біз бұл айнадан қауіпсіздікке төнген қатерлерді, көптеген қағидаттардың бұзылуына жол берілетінін де көріп қаламыз. Соның ішінде Ұйымға деген сенімсіздік көріністері де орын алып қалады. Мүше мемлекеттердің жалпыға ортақ мақсаттары болмаған соң да осы уақытқа дейін оның саммиті өткізілмей келген еді. Бүгінгі күні айнадағы ұқсастықтар барынша көбейгенін көріп отырмыз. Соның айғағындай болған оқиға – Грекия төрағалығы кезіндегі “Корфу үдерісі” деп айтар едік. Президент Н.Назарбаевтың бастауымен Қазақстанның 2010 жылға төраға боламыз деген ниеті мен оның сайлануы да Ұйымға жаңа леп берді. Одан кейін Астанада ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу туралы шешім де Ұйымға деген және оның көтеретін мәселелеріне деген қызығушылықты күрт арттырып жіберді. Сол қызығушылықты сіздер Ұйымның негізгі қағидаттарының орындалуы бойынша жаңа шешімдер қабылдау арқылы, атап айтқанда, Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздікті сақтау ісіне жаңа серпін бере отырып, тереңдете түсер едіңіздер. Бүгін сіздер Ұйымның кикілжіңдерді реттеу мүмкіндігін оның іргесін мықтау арқылы көтере аласыздар, деді М.Бришамбо.
ЕҚЫҰ – 56 елдің арасындағы өзара үнқатысудың жетілдірілген форумы. Сондай-ақ ол әлемнің басқа түкпірлеріндегі әріптестерімен де ынтымақтастық орната алады. Оның Ұлттық азшылық мәселелері жөніндегі Жоғарғы комиссар, Адам құқын сақтау мен демократия, БАҚ бостандығын бақылау жөніндегі бөлімдер сияқты институттары әлемнің өзге еш жерінде кездеспейтін бірегей қызметтер. Сонымен бірге, оның 18 далалық операциялары да сол аймақтардағы қауіпсіздікті сақтау ісі бойынша өзін ештеңеге теңгермейтін қызметтер екені даусыз. Бірақ ЕҚЫҰ-ның тиімді жұмыс істеуі сіздердің бірлесе қабылдаған шешімдеріңізге тәуелді. Енді біз Астана Саммитінде қабылданатын құжат біздің Ұйымға жаңа леп беріп, оның нақты стратегиялық бағдарын анықтар деген үміттеміз. Біз сіздерге алдағы уақыттағы жұмыс жоспарларымыздың жобасын ұсындық. Ол біздің алдағы уақыттағы әрекеттеріміздің жол картасы болады. Бұл бағдарлама біздің жобадағы әрекеттерімізді іске асыратын тетік болып табылады. Сондықтан мен сіздерді бүгінгі тарихи сәтті пайдаланып, тиімді әрекеттер жасауға мүмкіндік беретін құжат қабылдауға шақырамын. Егер құжатта тиімді тетіктер қабылданса, біз қару-жараққа бақылау орнату, өзара сенім кредитін арттыру және экономикалық-экологиялық әріптестіктерді арттыру мәселелеріне қол жеткізген болар едік, деп сөз сабақтаған М.Бришамбо НАТО-ның Португалияда болған форумын еске алды.
Осыдан он күн бұрын осы мәселелер жөнінде Лиссабонда болған форумда да айтылды. БҰҰ-ның да көздеген мақсаты осы. Демек, барлық ұйымдар мен елдердің мақсаты біртұтас әлемдік қауіпсіздікті сақтау екені белгілі. Сонымен бірге, ЕҚЫҰ мемлекетаралық ұйым болғанымен, ол әрқашанда мүше мемлекеттердегі Ұлттық азаматтық қоғамға да арқа сүйейді. Азаматтық қоғамға ашық арқа сүйеу арқылы халықпен тығыз байланысу – ЕҚЫҰ-ның айрықша ерекшеліктерінің бірі.
Қазақстан төрағалығының күшімен Ұйым жұмысына жаңа, соны серпін берілді. Ұйымның Бас хатшылығы мен атқарушы институттарының атынан Қазақстан төрағалығына табысты қызметі үшін алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Біз сіздердің жаңа тапсырмаларыңызды орындауға әрқашанда дайынбыз, қабылдаған шешімдеріңізді асыға күтеміз, деп сөзін аяқтады Марк Перрен де Бришамбо.
Осыдан әрі форумды жүргізіп отырған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ Бас хатшысына ризашылығын білдіріп, осымен саммиттің алғашқы, кіріспе бөлімі аяқталып, енді форумның ресми түрде ашылатынын жариялады. Ендігі сөздер мүше мемлекеттер делегацияларының басшыларына берілетінін хабарлай келіп, алғашқы сөз тізгінін Норвегия Сыртқы істер министрі Йонас Гар Стереге ұстатты.
– Мен өзімнің осындай форумға қатысып отырғаныма қуанышты екенімді білдіремін, сонымен бірге, астаналықтарға қонақжайлығы үшін алғысымды айтамын, деді Норвегия делегациясының басшысы. Хельсинкиде 35 жыл бұрын қол қойылған құжат “қырғи-қабақ” соғыстың аяқталуының бастауы болды. Бұл – тарих үшін көп уақыт емес. Бірақ осы уақытта адамның құқы мен бостандығын сақтау ісінде көп табыстарға қол жеткізілді. Бірақ әлі де шешілмеген мәселелердің бар екені рас. Біз Ұйымның осы мәселелерді шешудегі ықпалды әрекеттерін қолдап, оның іс-қимылына молырақ ерік беретін болсақ, аталмыш мәселелерді де еңсеруге қол жеткізер едік. ЕҚЫҰ – әлемде бейбітшілікті әскери күшсіз сақтауға ұмтылып жүрген ең мықты Ұйым. Ол өзара сенім, адам құқы мен бостандығын сақтауды талап ету сияқты адамзаттың аса керекті қажеттіліктеріне арқа сүйейді. Бұл тәжірибені әлемнің басқа аймақтарындағы мемлекеттер де үйренуіне болады. Олар бұл тәжірибеден ұтпаса ұтылмас еді. Соның ішінде Таяу Шығыс елдері арасында да осындай ұйымның болғаны керек-ақ. Біздің міндетіміз – осындай айрықша Ұйымның жұмысын сақтап қана қоймай, оны қазіргі әлемдік қатерлердің жағдайында күшейте түсу. Сондықтан Ұйым шеңберін арттыра түсу де есімізде болуы керек.
Норвегия сыртқы саясат ведомствосының басшысы осы орайда қазақ төрағалығының тиімді жұмыс істегеніне жиналғандардың назарын аударды. Ол өз жұмысын алғашқы күннен созылмалы сырқаттарды реттеуге ықпал етуден бастады және бұл өте дұрыс қадам болды деп санаймыз, деді Й.Стере. Ал ЕҚЫҰ-ның институттары өз жұмыстарын одан әрі жетілдіре түсулері керек. Біздің Ұйымымыз терроризмге қарсы күресті тиімді түрде ұйымдастыра алады. Сондай-ақ бүгінгі күннің есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымы сияқты қатерлерін де Ұйым институттары еңсере алады деп ойлаймыз. Қару-жараққа бақылау жасау ісінде де Ұйым жұмысына қосымша өкілеттіктер беру керек. Ал сөзімді өзінің мерзімін тиімді жұмысымен аяқтап келе жатқан Қазақстан төрағалығына ризашылығымды білдірумен, келесі төрағаның жұмысына табыс тілеумен аяқтаймын.
Осыдан кейін сөз Еуроодақ Кеңесінің Президенті Херман ван Ромпейге берілді.
– ЕҚЫҰ-ның Орталық Азияда саммитін өткізуі айта қаларлық оқиға болып отыр, деп бастады ол өзінің сөзін. ЕҚЫҰ 1975 жылы “қырғи-қабақ” соғыстың қызып тұрған кезінде өмірге келді. 80-90-жылдары ол осы соғыстық зардаптарын еңсерумен айналысты. Ұйымның Ыстамбұл саммитінен кейінгі уақытта да әлемде көп өзгерістер болды. Соның әлемдік қауіпсіздікке қатер тудыратын түрі терроризм болып отыр. Ұйым осы қасіретке қарсы қолданатын біздің негізгі құралымыздың бірі екені сөзсіз.
Одан әрі шешен ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздікті сақтауға бағытталған жан-жақты үш сатылы әрекеттерін ауызға алып өтті. Бүгінгі күні біз қауіпсіздік мәселесін айтқанда, Еуропамен шектеле алмаймыз. Сондықтан біз қазір біртұтас дауыспен сөйлейтін ахуалға жеттік. Ал біздің Одақтың қауіпсіздікті сақтауға деген мақсаттары өзгерген емес. Еуроодақ ЕҚЫҰ бюджетінің үштен екісін толтырып отыр. Бүгінгі күні мен Еуроодақтың 27 мүшесінің атынан сөйлей отырып, Лиссабон келісімінің бір жылдығын атап отырғанымызды жеткіземін. Бұл оқиға біздің бұрынғы жетістіктерімізді атап мақтануды ғана емес, алдағы уақыттағы алар межелерімізді белгілеуді талап етеді. Ресей Федерациясының Президенті Д. Медведевтің еуропалық қауіпсіздік туралы жаңа бастамасынан кейін алдымызда ЕҚЫҰ-ның жаңа перспективаларын белгілеу міндеті тұр. Біз қазір осы заманғы қатерлерге қалай қарсы тұра алатынымызды белгілеуіміз керек. Еуроодақ үшін ЕҚЫҰ-ның ең басты басымдығы аймақтық кикілжіңдерді реттей алуы болып табылады. Ұйымның Қырғызстандағы кикілжіңді реттеуге белсене қатысқан әрекетінің тәжірибесін одан әрі жалғастыру керек. Созылмалы сырқаттарды еңсерумен айналыспасақ, оның зардабы аймақтық шектен асып кетері сөзсіз, деп бір қайырды Х.Ромпей.
Осы мәселелерге байланысты ол Еуроодақтың Ұйымға арналған өзінің үш түрлі ұсынысын жасағанын атап өтті. Оның біріншісі – ЕҚЫҰ кикілжіңдерді шектеудің жаңа баламаларын ұсынған бастамамен шығып, ресми келісімдердің басталуына мұрындық болуы тиіс. Екіншіден, Минск тобының ұсынысын Таулы Қарабақ созылмалы сырқатын еңсерудегі ең үздік нұсқа деп бағалау керек. Үшіншіден, қауіпсіздік ісі мен гуманитарлық себеттің талаптарын жетілдіруді күн тәртібінен түсірмеу қажет. Осы орайда Грузияның өзіндегі кикілжіңді қару қолданбай, келісім жолымен реттеуге ұмтылу керектігі туралы шешімін жақтаған жөн, деді Еуроодақ Кеңесінің Президенті.
Келесі сөз Бельгия Премьер-министрі Ив Летермге берілді.
– Өзімнің сөзімді мен қазақстандық төрағалыққа осындай форумды өткізуге бел байлағаны және жылы жүзді қарсы алғаны үшін алғыс айтудан бастағым келіп тұр. Бұл саммит Ыстамбұлдағы форумнан кейін он бір жыл өткен соң болып отыр. Бельгия Ұйымның төрт маңызды міндетін де қолдайды. Соның ішінде созылмалы сырқаттарды шешу, дағдарыстарды еңсеру, кикілжіңдерді реттеу, қару-жараққа шектеу қою сияқты Ұйым мүшелерінің бәріне ортақ проблемалар бар. Бұларды толығымен еңсеру ұзақ уақытты қажет ететін жұмыстар екенін біз түсінеміз. ЕҚЫҰ өз аумағындағы тұрақсыздықты еңсеру жұмыстарын атқара алатын ең үздік Ұйым екенін естеріңізге саламын. Бірақ оның жұмысының тиімді атқарылуы үшін барлық мүше мемлекеттердің адал ниеті керек. Бельгияға келетін болсақ, ол қауіпсіздікті сақтаудың барлық жақтарын да қарастыруға әзір. Біз әріптестерімізді ортақ қауіпсіздікті сақтау ісіне үлес қосуда қосымша саяси күш-жігер танытуға шақырамыз. Сонда ғана біз өз арамызда байланыс көпірін орната аламыз, деді Ив Летерм.
Саммиттің қорытындысы бойынша қол қойылатын декларацияның келісім деп аталатындығы бізді қуантады, деді сөзінің соңында Бельгия Премьер-министрі. Өйткені, ол қауіпсіздіктің болашақ қатерлеріне қарсы тиімді әрекеттерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мен Астана Саммиті Ұйымның өзгеріс кезеңі болатынынан үміттімін. Ол Ұйым аумағына тұрақтылық пен тыныштық орнатуға тиімді үлес қосуға тиісті. Сөзімнің соңында қазақстандық төрағалықты жемісті еңбегі үшін тағы да құттықтағым келеді.
Келесі кезекте сөз алған Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев сөзін 11 жыл үзілістен кейін өткізіліп отырған осы халықаралық құрылтайды ұйымдастыруда айрықша қарымдылық танытқан Қазақстан мемлекетіне, сарабдал саясаткер, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шынайы алғысын жеткізуден бастады. Одан әрі шешен Ванкуверден Владивостокқа дейін созылған кеңістіктің белді мемлекеттерінің басын біріктіріп келе жатқан халықаралық мәртебелі ұйымның жаһандық саясат пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі соңғы 35 жыл ауқымындағы өлшеусіз қызметіне тоқталып өтті.
Қазіргі күні ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығы қарулы қақтығыстарды болдырмау үшін құрылған бөлу сызықтарының келмеске кетуі керек екенін мойындайды, адамдардың барлығы, олардың қай жерде өмір сүріп отырғанына қарамастан, қауіпсіздік үшін бірдей құқығы бар. Әртүрлі әскери блоктарға кіретін кез келген мемлекет өзінің сол блоктағы іс-қимылының осы топқа кірмейтін басқа бір мемлекеттің мүддесіне нұқсан келтірмейтініне кепілдік беруі қажет. ЕҚЫҰ кеңістігінде қауіпсіздікті орнықтыруға негізделген Саммит қабылдайтын саяси құжат жобасы да нақ осындай арнада болуы керек. Мен осы басқосу қорытындысында біздің де осындай тиянақты да үйлесімді тарихи құжат қабылдайтынымызға сенімдімін, деп жалғастырды сөзін Д.Медведев одан әрі. Сонау жетпісінші жылдардың ортасында саяси сахнаға шыққан ел басшылары осыдан 35 жыл бұрын саяси текетірестің әскери жанжалдарға айналып кетпеуі үшін ортақ шешім жолын тауып, өздеріне жүктелген тарихи міндеттерін ойдағыдай орындағанын айта келіп, Ресей Президенті Ұйымға мүше мемлекеттердің бүгінгі саяси басшыларының мемлекеттер арасында тұрақты бейбіт қатынастар қалыптастырып отырған ЕҚЫҰ-ның бүгінгі үрдістерінен ауытқымауы қажет екендігін атап көрсетті. Одан әрі ол қарулану үдерісіне бақылау қою қажеттігі жөніндегі идеяға қолдау көрсетіп отырған мемлекеттер басшыларына алғысын білдіре келіп, Вена құжатына жаңғырту жасалатынына сенім білдірді. 2011 жылы болатын Сыртқы істер министрлерінің басқосуында бұл құжаттың жаңа редакциясы қабылданады деп үміттенеміз, деді ол. Сондай-ақ шешен алдағы уақытта қарапайым қару түрлеріне бақылау қою мәселесінің де тығырықтан шығатынына сенім артып, бұл мәселені алға жылжытуда Ресейдің алдағы уақытта да белсенділік танытатынын айтты.
Гуманитарлық өлшемдер қауіпсіздігі шеңберінде Ұйым алдында үлкен міндеттер тұр. Біз көптен бері ортақ ақпараттық кеңістікте өмір сүріп келеміз. Өкінішке орай, бұл ақпараттық кеңістік көп ретте көңілден шыға бермейді. Сондықтан халықаралық дәрежеде ұлттық мүдделерден жоғары тұратын ақпараттық кеңістік қалыптастыру керек. Біртұтас демократиялық еуроатлантикалық кеңістік құру еркін қозғалу жөніндегі міндеттемелер орындалмайынша ешбір мүмкін емес. Сондықтан 1975 жылы тарихта орын алған оқиға сияқты бірлікке бастайтын бір серпілісті қозғалыс қажет. Сол уақыттары 1989 жылға қарай елдерге кіру визасын жою туралы алғаш сөз қозғалған болатын. Өкінішке орай, ол сөз жүзінде қалды. Шын мағынасында Еуроодақ аясында жиі-жиі көтеріліп келе жатқан бұл мәселе өте келелі міндет. Біз бұл мәселені алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз, деді Ресей басшысы.
Ресей Президенті аймақтық қарулы қақтығыстар мәселесіне тоқтала келіп, 2008 жылы Грузия тарапынан Оңтүстік Осетияға қарсы жасалған қарулы оқиғаға тоқталды. Ресей Хельсинки рухына жаңа леп қосуға ұдайы көмек көрсетіп келеді. Осы көкейкесті мәселенің жемісті болуы үшін ЕҚЫҰ-ны одан әрі модернизациялау керек, шындығында Ұйым қызметі соңғы жылдары өзінің әлеуетін жоғалтып алды, оны ашық айтуға тиіспіз, деді шешен. Біз бұл орайда нақты құқықтық база қалыптастырып, тиімді ресурстар жинақтауымыз керек. Ресей өзінің әріптестерімен біріккен авторлық негізде ЕҚЫҰ-ның жаңа жарғысын дайындап, ұсынды. Мен Ұйымның болашақта НАТО, Еуроодақ, ТМД және ҰҚШҰ құрылымдары арасында байланыс көпірі болатынына сенімдімін. Бұл аталған ұйымдарға кіретін мемлекеттердің барлығы ЕҚЫҰ мүшелері. Сондықтан келелі мақсатқа жету жолында ЕҚЫҰ таптырмайтын ұтымды құрылым. Бүгінде ол үшін ешқандай идеологиялық кедергі жоқ, ірі әскери қақтығыс оқиғалары да артта қалған. Ендеше біздің ЕҚЫҰ аясында алда тұрған келелі мақсаттарды жүзеге асыру жолында бірігуіміз керек және бірігуге тиіспіз, деп қорытындылады сөзін Ресей Президенті.
Украина Президенті Виктор Янукович қонақжайлық қабылдау көрсеткені үшін қазақ жеріне шынайы алғысын білдірді. Жаһандық экономикалық әлемде жаңа дәуір басталды. Мемлекеттер арасындағы экономикалық түсінбеушілік текетірестері жойылды. Қазір біздің алдымызда халықаралық лаңкестік қоқан-лоқысы тұр. Ақиқатын айтар болсақ, халықаралық лаңкестік бүгінгі таңда жаһандық қауіпке айналды. Бүгінгі Саммит осындай жаһандық ауқымды мәселелерді шешу жолдарын қарастыратын айрықша мүмкіндік. Біз осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдалануымыз қажет, деп жалғастырды ол сөзін одан әрі. Әскери блоктарға кірмейтін, өз еркімен ядролық қаруларынан бас тартқан мемлекеттер мынау болашағы болжаусыз заманда халықаралық қауымдастық тарапынан қауіпсіздігі жөнінде толық кепілдік алуы керек. ЕҚЫҰ бұл ретте мейлінше ықпалды жұмыс жүргізуі қажет-ақ. 2013 жылы Украина ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін болады. Осы төрағалық кезеңінде Украина Ұйымның жұмысын бірлікке бастайтын үрдісін одан әрі жалғастырады.
Одан әрі шешен халықаралық лаңкестік, ұйымдасқан қылмыс, есірткі трафигі, адам саудасы сияқты жаһандық қауіптердің алдын алу, олармен күрес шараларын кеңейту бағытында барынша тиімді жұмыстар жүргізу, әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысының салдарларын жою, экологиялық және техногендік апаттарға қарсы күш біріктіру мәселелерін ұйымдастыру мақсатында ЕҚЫҰ қызметін әртараптандырудың уақыты жеткендігін атап көрсетті. Шешен бұдан кейін энергетикалық қауіпсіздік шараларының Ұйым шеңберінде атқарылатын кейбір мәселелеріне тоқтала келіп, адам құқықтары мен демократияны басты бағдар тұтқан ЕҚЫҰ сияқты маңызды Ұйымға балама жоқ екенін атап көрсетті.
Еуроатлантикалық кеңістікте қоныстанған мемлекеттерді біріктіріп отырған ЕҚЫҰ біздің өңіріміздегі ірілі-ұсақты мемлекеттердің басшыларын бір үстел басына жинайтын бірден-бір ықпалды бірлестік, деп бастады сөзін Швейцария Сыртқы істер министрлігі федералды кеңесінің вице-президенті Мишлин Кальмий-Ре. Сөз жоқ, ЕҚЫҰ біздің континентіміздегі қауіпсіздікті сақтау мәселесінде үлкен рөл атқарады. Швейцария Ұйым құрылған алғашқы күннен бастап оның қызметіне қомақты үлес қосып келеді және бұл дәстүріне адалдықтан тайған емес. Біздің мемлекетіміздің бейтарап саясаты Ұйым жұмысына ешбір кедергі келтірмейді, қайта кәрі құрлықта қауіпсіздік нормаларының орнығуына тиімді ықпал етеді. Біз мемлекетаралық мәселелер күш көрсету тұрғысында емес, тек құқықтық негізде ғана шешілуге тиіс деп есептейміз.
Одан әрі шешен қарулану мәселесін қатаң бақылауға алу адамзаттық көкейкесті мәселе екеніне тоқталды. Қару түрлерін шектеу және қысқарту бүгінгі өркениет заманындағы басты мақсат. Швейцария қарулану ең төмен дәрежеде, әскери қызмет шектеулі шеңберде жүргізілуге тиіс деп есептейді. Шешен Хельсинкиде қабылданған құжаттың баламасыз екенін, енді оны жетілдіретін уақыт келгенін ескертті. Оның айтуынша, бүгінгі Саммит өте маңызды кезеңде өткізіліп отыр. Ресей еуропалық қауіпсіздік архитектурасын құру мәселесін талқылай бастады. НАТО қауіпсіздіктің жаңа тұжырымдамасын қабылдады. Швейцария бұл игі қадамдарды қолдайды. Сол сияқты шешен өз елін Қап тауында болған қақтығыстар мен Қырғызстандағы кикілжің оқиғалардың алаңдатып отырғандығын жеткізді. Оның айтуынша, ЕҚЫҰ-ның осындай өңірлік кикілжіңдерді болдырмауда зор әлеуеті бар.
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хилл???? ???????ари Клинтон өз сөзінде осындай зор халықаралық басқосуды өткізуге бастамашы болған Қазақстан ??????????????Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне зор баға берді. Сондай-ақ, ол Қазақстан халқын және Үкіметін үлкен қонақжайлық көрсетіп, төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келген қонақтарға қалтқысыз қызмет көрсеткендеріне шексіз ризалығын білдірді.
Астана саммиті ЕҚЫҰ тарихындағы ерекше есте қалатын оқиға. Бұл – 1999 жылдан кейін өткізіліп отырған бірінші саммит қана емес, сонымен бірге Ыстамбұлдан кейін Шығыста өткізіліп отырған бірінші саммит. Сондықтан, біз тарихтың өзі алдымызға тартып отырған осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдалануға тиіспіз. Астана Саммиті арқылы Хельсинки рухын біз ХХІ ғасырға ұластыруымыз керек, деді Х. Клинтон. Хельсинки қорытынды актісі, сөз жоқ, маңызды құжат. Онда демократия, адам құқықтары туралы революциялық идеяларға алғаш рет басымдық берілді. 1975 жылдан бергі өткен кезеңде адамзаттың талай буын өкілдері осы құжаттың адами құндылықтарын басшылыққа алды. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер аумағындағы кез келген жердегі тұрақсыздық біздің барлығымыз үшін айрықша алаңдаушылық туғызады.
Одан әрі АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы аймақтық дағдарыстар және трансұлттық қоқанлоқылар сол өңірлердің ғана емес, мұхиттың арғы жағындағы халықтардың да тыныштығына нұқсан келтіретінін айтты. Созылмалы өңірлік кикілжіңдер де шешімін таппай отыр. Сондықтан да бүгін Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары бас қосып, осы тығырықтан шығу жолын іздеуде. Одан әрі Мемлекеттік хатшы өзінің мемлекеті мән беріп отырған үш басымдыққа тоқталды. Біріншіден, деді ол, бүгінде Ауғанстанда болып жатқан оң өзгерістерге түсінік танытқан мемлекет басшыларына алғысымды білдіремін. Ауғанстанда орын алған оқиғалар тек Орталық Азияға ғана қауіп төндіріп қоймайды, сонымен бірге бүкіл аймақтың тұрақсыздығына кері ықпал етеді. Бірқатар елдер Ауғанстандағы қауіпсіздікті орнықтыруға байланысты маңызды рөл атқарды, бізге көмек көрсетті. Бұл маңызды мәселеге ЕҚЫҰ-ға мүше 40 мемлекет өзінің үлесін қосты. Қазақстан да жақында осы мемлекеттер қауымдастығының құрамына кіреді. Екіншіден, Ауғанстан мәселесінде ЕҚЫҰ барынша басым рөл атқаруы керек. Өйткені, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Ауғанстанмен шекарасы 1800 шақырымға созылады. Сондықтан біз бұл мәселені реттеуге ортақ күш-жігер жұмсауымыз керек. Сонымен бірге Ұйым есірткі трафигіне тосқауыл қоюға да күш салуы керек.
Х. Клинтон бұл мәселеде соңғы кезде біршама түсіністік танытып отырған Ресей тарапына да ризалық білдірді. Екі мемлекет арасында соңғы кездері қалыптасқан жылылық қатынастарды нығайту мақсатында шаралар белгіленіп отырғанын атап көрсетті. Ол Грузия мен Қырғызстан елдерінде орын алған оқиғаларды ашық, бірақ ешқандай қитұрқы астарсыз көрсетуге бетбұрыс басталғанын мәлімдеді. Мемлекеттік хатшы АҚШ-тың Грузияның территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігін мойындайтындығын тағы да мәлімдеді. Өз сөзінде Мемлекеттік хатшы Қырғызстанда орын алған мемлекеттік төңкеріс кезінде Қазақстанның өте шебер дипломатия танытып, елде азамат соғысының орын алмауына бірден-бір ықпал еткендігін атап көрсетті. Одан әрі шешен өңірлік тұрақсыздықтарды реттеудегі ЕҚЫҰ-ның рөліне жоғары баға берді. Осы орайда, ол Кавказ аймағында орын алған оқиғаларға байланысты ЕҚЫҰ тарапынан әлі де белсенділік танытылуы қажет екенін ескертті. Сондай-ақ, Х. Клинтон ЕҚЫҰ тарапынан Таулы Қарабақ мәселесін шешу тұрғысында да белсенділік таныту қажет екендігін атап көрсетті. Мемлекеттік хатшы кез келген қарулы қақтығыстан кейінгі бейбітшілік шараларына Хельсинки үдерісі және 2009 жылы шілдеде үш президент – Медведев, Саркози, Обама белгілеген алты элемент негіз болуы керек екендігін атап айтты.
Одан әрі шешен ЕҚЫҰ шеңберінде адам құқығы, демократиялық құндылықтарды барынша нығайту мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Азаматтық қоғамдардың жұмысын жандандырып, үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне жан-жақты қолдау көрсету де Ұйым жұмысының өзекті негізі болуға тиіс. Адам құқықтарын қорғау – Ұйымның басты парызы, деп түйіндеді сөзін АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы.
Келесі сөз кезегін алған Франция Премьер-министрі Франсуа Фийон саммитті тамаша ұйымдастырғаны және жылы қабылдауы үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен алғысы мен ыстық ықыласын білдіре келе “әлем қазір жиырма бірінші ғасырдың проблемаларын жиырмасыншы ғасырдың әдістерімен шешуге болмайтындай жағдайға жеткендігін” мәлімдеді. Әлем үлкен өзгерістердің үстінде. Жиырмасыншы ғасырда артта қалған деп саналатын кейбір елдер қазір қарышты дамуларының нәтижесінде кедейлік шырмауын үзіп шығып, әлемдік қауымдастықтың белсенді өкілдерінің қатарына қосылып отыр. Дегенмен, соған қарамастан адамзат қауымына төніп отырған қатерлер аз емес. Оның түрлері де көбейіп келеді. Жаппай қырып-жоятын қатерлі қарулардан бастап, лаңкестік, адам саудасы, есірткі саудасы белең ала түсуде. Міне, осының барлығы жаңа және көп қырлы күрес тәсілдерін белгілеуді қажет етеді.
Франция Премьер-министрі осыған орай жиырма бірінші ғасырдың жаңа қоғамдастығын құрып, қалыптастыру үшін жаңа әдіс-тәсілдердің жаһандық деңгейде екшелуі қажет болатындығын айта келе, бүгінгі Астана саммиті осы жолдағы нақты қадам болады деген сенімін білдірді. Сонымен қатар жуықта НАТО-ға мүше елдердің қауіпсіздіктің жаңа тұжырымдамасын қабылдағанын еске сала келе, үлкен жиырмалық елдері осындай ұмтылыстарды қолдауы қажеттігін айтты.
Франсуа Фийон ЕҚЫҰ деңгейінде қаралатын мәселелерге Францияның көзқарасын да білдіре кетті. Оның айтуынша, Приднестровье мәселесінде жүріп жатқан үнқатысу мен келіссөздерге неғұрлым белсенді сипат бере отырып, Еуроодақтың ЕҚЫҰ-ның осы мәселеде қазіргі ұстанып отырған ұстанымы мен тәсілдеріне қолдау білдіргені жөн болар еді. Сондай-ақ ол Грузияның тәуелсіздігі мен біртұтастығын, ел президенті Саакашвилидің күш қолданбау жөніндегі ұсынысын қолдайтындықтарын айтты. Қырғызстан мәселесінде халықаралық қауымдастықтың жүргізген жұмыстары нәтиже бергендігін еске салды. ЕҚЫҰ-ны біздің тағдырымыздың символы деп атай келе, ұйым аясындағы демократиялық институттарды қолдайтындығын, осыған орай өтіп жатқан Астана саммитін ұжымдық қауіпсіздіктің жаңа кезеңіне көшудің өзіндік қадамы болады деп бағалайтындығын жеткізді.
Германияның Федералдық Канцлері Ангела Меркель де өз сөзін осы саммитті өткізу мен ұйымдастырудағы белсенділігі үшін Қазақстан басшысына алғыс айтудан бастады және еуропалық, халықаралық деңгейдегі мұндай маңызды басқосудың Орталық Азия өңірінде бірінші рет өтіп отырғандығын еске сала келе, осы жағдайдың өзі бұл өңірде не болып жатқандығын, қандай өзгерістер жүріп жатқандығын халықаралық қауымдастықтың біліп, назар аударуына жақсы мүмкіндік беретіндігін жеткізді.
“Біз бүгін Батыс пен Шығысты жақындастырудағы маңызды қадам болған Хельсинки актісінен кейін 35 жыл өткенде барып бірінші рет бас қосып отырмыз. Заман содан бері көп өзгерді”, деген Ангела Меркель КСРО құлауға шақ тұрған кезде қабылданған Париж хартиясына да жуықта 20 жыл толғандығын ауызға алды. Оның айтуынша, содан бері кейбір үдерістер осыдан 20 жыл бұрын күткендегіден жедел жүрсе, кейбіреуі баяулай түсті. Демек, ұстанымдар мен көзқарастарды қайта бір екшейтін сәт туды. Осы орайда Германия Канцлері “әлем бөлінбейді” деген қағидатты алға тарта отырып, адамзат қауымында орын алып отырған қазіргі проблемалар мен кикілжіңдерге де осындай көзқарас тұрғысынан келу жөн болатындығын жеткізді. Өйткені, қазіргі кезеңде адамзат қауымы үшін өңірлік проблемалардың жалпыға ортақ сипаты мен әсері барған сайын күшейе түсіп келеді.
Мұнан кейін Ангела Меркель Германияның түрлі кикілжіңдер мен жалпыға ортақ мәселелер жөніндегі көзқарасы мен ұстанымын білдіре келе, Грузияның бүтіндігі мен тәуелсіздігін қолдайтындықтарын, Таулы Қарабақ жанжалын шешуде алға басушылық бар деп есептейтіндіктерін, үнқатысуды жалғастыру қажеттігін, қару-жарақ пен қарулануға бақылауды күшейте отырып, лаңкестіктің алдын алуға ұмтылушылықты жақтайтындықтарын, осыдан 11 жыл бұрын Ыстамбұл саммитінде қабылданған еуропалық қауіпсіздік хартиясын жаңа заман талаптарына бейімдеу қажеттігін, заңның үстемдігі мен баспасөз бостандығын жақтайтындығын білдірді. ЕҚЫҰ жұмысы мен қағидаттары өзара сенімге негізделетіндігін айта отырып, бұл ұйымда ондай әлеуеттің бар екендігін, бүгінгі Астана саммиті осының бір дәлелі екендігін жеткізді. Саммитті әзірлеген Қазақстан мен оның басшысына деген ыстық ықыласын білдірді.
Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедов өз сөзінде ЕҚЫҰ секілді көпжақты диалогты жақтайтын халықаралық беделді ұйымның осы жолғы саммиті тұңғыш рет Орталық Азияда өтіп отыруына аса риза екендігін білдіре келе, оны ұйымдастыруда бастамашы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа түркімен делегациясының атынан алғысын жеткізді. Түркіменстанның діни экстремизм, есірткі саудасы секілді халықаралық мәні бар мәселелерде ұйымның мүшесі ретінде ЕҚЫҰ аясында өтетін іс-шараларға қатысатындығын атап көрсетті.
“Біз жуықта Біріккен Ұлттар Ұйымында Орталық Азия мен Каспий маңы елдерінің қауіпсіздігі мәселесін көтердік. Өйткені, біздің ойымызша, энергия тасымалдаушылардың қауіпсіздік мәселесі бүгінгі таңда халықаралық қауымдастықты толғандыруға тиісті маңызды проблемалардың бірі болып отыр”, деген Гурбангулы Бердымұхамедов ЕҚЫҰ аясында энергия мәселесіне қатысты үнқатысу жүргізудің қажеттігін, өздерінің құбырлы тасымалдағыштардың көп нұсқалығын жақтайтындықтарын, бұл істі саясатқа айналдырмау керектігін жеткізді. Егер көпшілік қолдаса, Ашхабадта энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне арнап халықаралық форум өткізуге Түркіменстанның әзір екендігін білдірді. Оның айтуынша, Түркіменстан үшін Ауғанстандағы проблемалардың өз шешімін тауып, жағдайдың тұрақтануының маңызы зор. Бұл мәселенің бүкіл әлемді толғандырып отырғаны да айқын. Сондықтан Түркіменстан өз тарапынан Ауғанстан мәселесінің шешімін табуына көмек көрсететін болады.
Түркіменстан басшысы қазіргі күні осы елде демократиялық институттар мен заң шығару қызметін дамытуға бағытталған, ел экономикасын әртараптандыруды, адамның шығармашылық қызметіне еркіндік беруді көздейтін үлкен реформалардың басталғандығын, ол реформалар түркімен халқының ұлттық ерекшеліктерін, тарихи жолы мен халықтық менталитетін ескере отырып жүргізілетіндігін, міне, осы мәселедегі ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруда ЕҚЫҰ мен басқа да халықаралық ұйымдардың техникалық көмегі қажет болатындығын мәлімдеді.
Сөзінің соңында Түркіменстан үшін ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастық сыртқы саясаттағы