Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық спорт мектеп-интернатының аяқ алысы мақтауға тұрарлықтай.
Бүгінгі таңда спорт өнерінің даңқы дүрілдеп тұр. Кеше ғана Жазғы Азия ойындары аяқталды. Азия ғана емес әлемде алдына жан салмаған Қытай Халық Республикасының командасы бұл Азиада жарысында оқ бойы алда келді. Олардан соң Оңтүстік Корея, Жапония құрама командалары тұр. Өкінішке қарай, жалпыкомандалық төртінші орынды Иран Ислам Республикасының командасы канжығасына бөктеріп кетті де, біз тек бесінші орынды қанағат тұттық. Бұл жерде Қазақстан спортшыларының жеңіп алған бесінші орнына қанағаттанарлық сезіммен қараған да жөн деп есептейміз. Неге десеңіз, бүгінгі таңда Азия құрлығында спорттың өркендеуі аса жоғары дәрежеде. Бұрын спорттың әр түрінен Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Қазақстан ғана мол жүлде алып жүрсе, бүгінде Иран балуандары мен ауыр атлеттері, Үндістанның боксшылары мен балуандары, Тайваньның спорт ойындары мен жекпе-жек түрлері ерекше көзге түседі. Өзге елдер де спортын барынша дамытып жатыр. Оған осы Азия ойындарында отыздан аса мемлекеттің медальдар жеңіп алғаны куә бола алады. Жалпы, Азия құрлығында 5¬-8 орындарға ие болу үлкен жетістік боп саналатын кезең де алыс емес. Олай болса, ел спортына Азия ойындарынан осындай жүлделер әкелген атлеттеріміздің еңбегін азырқануымыз асылық болады деп ойлаймыз. Ел спортын дамытып жүрген бәріміздің міндетіміз – осы ойындар нәтижелерін терең талдап, тиісті қорытынды шығару және болашақтағы маңызды жарыстарға тас-түйін даярланып, жіберген кемшіліктер болса, тез арада түзеуге күш салу.
Осы жерде биылғы оқу жылында Қазақстан құрама командаларына 171 оқушысы мүше болып кірген Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатының тыныс-тіршілігіне тоқтала кеткенді жөн санаймыз. 2009-2010 оқу жылында қабырғасында спорттың 14 түрінен 280 бала білім алып жатқан бұл мектептің жоғарыдағы 171 оқушысының еліміздің ұлттық штаттағы бас командасына 12 оқушысы, жастар құрамасына 64 және жасөспірімдер құрамасына 95 оқушымыз кірді. Бұл бір ғана оқу орны үшін аз табыс емес. Республика Туризм және спорт министрлігінің үлкен қамқорлығын үзбей көріп отырған мектеп-интернат спорттағы табысын одан әрі еселей бермек. Бұған оқу орнындағы елуге тарта оқытушы-бапкерлердің бір адамдай жұмыла еңбек етулері куә бола алады. Оқытушылар құрамында 10 адам Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы атағына ие.
Енді Қажымұқан атындағы мектеп-интернаттың кеше ғана аяқталған Жазғы Азия ойындарына қосқан үлесін сөз етейік. Қытайдың Гуанчжоу қаласында болған бұл ойындарға мектебіміздің 3 оқушысы және 6 түлегі қатысты. Түлектердің ішінен екі спортшымыз ортақ қоржынға медаль салды. Олар грек-рим әдісі бойынша күрескен балуандар – Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Әсет Мәмбетов пен республикаға танымал балуан Дархан Баяхметов. Бұл екі балуан да Азия ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізді. Әрине, біз бұл екі балуаннан да алтын медаль күткеніміз жасырын емес. Бірақ спорттың аты спорт, балуандарымыздың маңдайына жазғандары осы болды.
Ал, мектеп-интернатта оқып жүрген оқушыларымыздың табысы қандай дегенге тоқталсақ, бұл жерде біздің ауыз толтырып айтарлық табысымыз баршылық. Мектебіміздің мақтанышы, мың бұралған көркем гимнасшымыз, Азия чемпионы, әлем чемпионатына қатысқан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Анна Алябьева ХVI Жазғы Азия ойындарының жекелей және топтық жарысында екі рет үздік болып, екі бірдей алтын медальға ие болды! Бұл табыс біз үшін, мектебіміздің басшылығы мен бүкіл оқытушы – тәрбиеші ұжымы үшін асқан қуанышты оқиға болып табылады.
Тағы бір оқушымыз – ескек есу спортынан спорт шебері, Қазақстанның, спартакиаданың бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионы, І жасөспірімдер Олимпиадасына қатысушы Тимофей Емельянов осы Азия ойындарынан қола жүлдегер болып оралды. Міне, бұл жеңістер бізге, мектеп ұстаздарына Қазақстан спортын өркендете беру жолында жігер де береді, жаңа міндеттер де жүктейді.
Бүгінде мектебіміздегі баскетбол, қыздар футболы және ескек есушілер бөлімшелерінің оқушылары 100 пайызға республика құрама командаларына тартылған, велоспорт, жүзу, көркем гимнастика спорты бөлімшелері де негізінен толыққа жақын еліміздің әр жастағы құрама командаларына мүше. Мектебіміздің төрт оқушысы І жасөспірімдер Олимпиялық ойындарына қатысты. Сингапурда өткен бұл Олимпиадада грек-рим күресі бөлімшесінің түлегі Жәнібек Қандыбаев ел қоржынына бірінші алтын медальды жеңіп әперді. Биыл ғана 13 оқушымыз Азия чемпионаттарына, 5 оқушымыз әлем чемпионатына қатысып оралды. Бұларға тек биылғы оқу жылында мектебіміздің оқушылары республикалық, халықаралық жарыстарда 82 алтын, 73 күміс, 73 қола, барлығы 288 медаль ұтып алғанын қоса айтуға болады. Осы жерде құрғақ сөз болмауы үшін салыстыра сөйлеуге тура келеді. Егер жоғарыдағы ресми жарыстарда алған медальдар санын өткен оқу жылдарымен қатар қойып айтар болсақ, жыл сайынғы өсу көрсеткіші өз-өзінен алақандағыдай болып көрінеді. Мысалы, 2007 жылғы көрсеткіш 293 медальға тең болса, 2008 жылы бұл көрсеткіш 419-ға тең. Өткен жылы мектебіміздің оқушылары 455 медаль жеңіп алған екен. Енді, міне, 2010 жылы Қажымұқан атындағы спорт мектебінің оқушылары бір жылда 501 медаль жеңіп алды. Яғни, тұңғыш рет жарты мың медаль көрсеткішінен асты. Бұл оңай шаруа еместігін біз түгілі қарапайым жанкүйер де жақсы біледі. Неге десеңіз, жыл сайын өз елімізде де, шет елдерде де спорттың даму қарқыны аса жоғары, спорттық жабдықтар жаңарғанның үстіне жаңарып, спорт технологиясы, жаңа әдістер, фармакология жетістіктері шырқап барады. Мұндай жағдайда жеңіске жету өте қиын. Бұған бір ғана мысал, бұрын командалық кешенді жарыстарда біз түгілі өзге елдерге астар бола алмайтын Иран елінің құрама командасының Жазғы Азия ойындарында командалық төртінші орынға ие болуы.
Әрине, біз Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернаттың жоғарыдағы табыстарын тек өзіміздің жеке табысымыз деп отырған жоқпыз. Бұл ең әуелі республикамызда спортты өркендетуге деген Елбасының, Үкіметтің, Туризм және спорт министрлігі мен оның спорт комитетінің зор қамқорлығына байланысты. Оған қоса, мектебіміздің басшылығының жүйелі, заман талабына орай жұмыс жүйесін құрып, іске асыра алуынан қол жеткен табыстар бұлар. Мектеп директоры, спорттың үш түрінен спорт шебері, халықаралық қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев үнемі жас спортшылар ортасында. Жаттығу, оқу үдерістерінің бірде-біреуі мектеп басшысының қырағы көзінен таса қалмайды, оқушылар мен ұстаздарға деген қамқорлық өз дәрежесінде.
Әрине, қол жеткен табыстарды енді ешкім ала алмайды. Мектеп ұжымының басты назары алдағы өтетін дүбірлі жарыстарда. Оның шыңы – Лондон Олимпиадасы. Амандық болса, мектеп оқушылары мен түлектері осы бір төрт жылда өтетін дүбірлі сынға мол құраммен қатысып, егемен Қазақстан елі үшін жоғары нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізеді деп сеніммен айтуға болады. Өйткені, ұлы балуан ата атындағы оқу орнының бүкіл ұжымы өз алдарына биік белес қойып отыр.
Жанпейіс ҚОБЛАНОВ, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат директорының орынбасары.
Астана.