02 Желтоқсан, 2010

Табиғат адам қатігездігін ешқашан кешпейді

902 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Осыдан біраз уақыт бұрын ел мен жердің өткені мен келешегін көп тол­ғайтын ел газеті «Егеменнің» кезекті бір санынан «Неге?» атты мақаланы оқығаным бар еді. Әңгіме авторы Пар­ламент Сенатының депутаты Өмір­бек Байгелди іссапармен әлемнің әр тара­бындағы елдерге барғанында көзбен көріп, ой-санадан өткізген адам мен жанды-жансыз табиғаттың арақатысы жайында таңғажайып жайлардан сыр толғаған екен. Иә, бүгінгі жетілген дүниеде аяқ бас­паған жер, көз көрмеген ғаламат қал­­ған жоқ десек те, мына кереметі таусыл­майтын дүниенің ашылмаған сыр, шешілмеген жұмбағы жетіп-ақ жатыр. Мұхиттар тұңғиығының шешілмеген ке­ре­меттерін айтпағанда, анау Оңтүстік Американың Амазонка, Ори­но­ко, Бран­ку дариялары алабын тұтас­тай көмкеріп жатқан ұшы-қиы­р­сыз ну тоғай­ла­рында осы бүгінге шейін өзде­рі­нен өзге адамзат әу­летінің бар екенін білмейтін тағы тайпалардың жүргенін және өз тәртібінде өмір сүріп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. «Италияның Аттика өңірінде Эгей теңізі жағалауының көрікті тауларына барғанымызда, – дейді автор, жақын маңда «қыт-қыттап» шулаған кекілік дауысын есіттік. Апыр-ау, жарықтық кекіліктер бұл жақта да бар екен-ау, деп ойладық. Ілгері барған сайын оның көптігі, кереметі сондай, бізде адам қарасын көрген бетте зыта жөнейтін тау сұлуы бұл жерде қорқу-үркуді білмейді, аяқ астында шымалдай өріп жүргенін көріп «бұл қалай, неге бұлай?» деп таңданып, қайран қалдық... Өзінше бейбіт, зорлықсыз, қор­лық­сыз емін-еркін өсіп жатқан мына өмір адам­ның жанын елжіретіп жібереді екен. Неге барлық жерде бұлай емес? Неге біздегі өмір жөнсіз толған тай­талас?! Бұл бір ғана мақала авторының өзі­не қойған, өзін ғана толғандырған кү­н­делкі өмірдің сұрағы емес. Ол бүгінгі ел мен жер, табиғат пен адам, келе­шек­тің тағдырына қатысты бүкіл қауымға, қазақ қауымына, біздің әрқайсымызға қойылған сұрақ. Оның жауабы да, шешімі де өзгеде емес, өзімізде. Мақала авторы бұдан сан ғасырлар бұрынғы ата-бабалар заманынан мирас­қа қалған ұшы-қиырсыз жеріміздің бейнесі – жан-жануарлар тіршілік әлемінің көз-көңілден көшпейтін керемет көрі­ністерін, ел жадында мәңгі-бақи қалған Шыңғысхан мен Кетбұға, Әмір Темір заманы тұсындағы «Ақсақ құлан» аңызын келтіреді. Аңыз-оқиғаның да, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген керемет дастан – күйдің де құдіретті қуаты сондай, оны қаншама заман беріле, егіле тыңдаған ұрпақ кемеңгерлік пен мәрттіктің ұлы дәстүріне бас иіп қай­ран қалумен келеді. Ұлы замандардан қалған бұл әңгі­меден біз туған өлкеміздің елі мен жері бір кездері қандай жомарт болса, оның тау мен тасын, ұлы даласын жай­лаған жер қайыстырған құба-құлан­дары, ар­қары мен ақбөкен, киіктерінің қанша­лықты көп болғанын елестетеміз. Табиғаттың ұшан-теңіз байлығы бір ғана біздің қазақ жерінде емес, шексіз әлемнің әр тарабында да кенеріне сый­май шалқып жатқаны бізге атадан қал­ған аманат әңгімелерден мәлім. Енді сол әңгімелерге көз жіберсек, Колумб жаңа дүниені ашқанға дейін, бүгінгі терістік Американың «прерий» атты шалқар даласында жергілікті үндістер егелік еткен жалпы есебі 20 миллионнан астам жабайы бизондар болғанын, ол сол жұрттың жейтін асы, киер киімі, өмір сүретін баспанасы болғанын дәйекті баяндайды. Сол телегей-теңіз ұшан байлықтың молдығы сондай, арғы ғасырда салынған Транс-Атлантикалық темір жол қыз­меті іске қосылғанда жол та­баны арқылы өріс ауыстыра қозғалып (миграция) өтіп жатқан ұшы-қиырсыз бизондар ағынын күтіп, жолаушы пой­ыздары бірнеше күн тұрып қалғанын айтады. Бұл заманда өзі түгілі ізі де қал­маған сол шексіз табиғат байлы­ғы­ның мұндайлық тағдыры өзге емес, өктем-зорлықшыл адамзат ісінің әсері. Естігенге ертегі сияқты ел жадының әңгімесін қоя тұрғанда, өзіміз бұдан 60-70 жыл бұрынғы, көз көрген бала кезіміздегі табиғат көріністері қандай еді? Шығыс Қаратаудың қалың орта­сында Аралтау мен Боралдайдың қалың шат­қалды сай-саласында таудың жабайы жеміс-жидегін тере барғанымызда ер­телі-кеш құз-қиялар биігінде топтанып, етектегі елді биіктен шолып жүретін Қа­­ратаудың ай мүйізді маңғаз құл­жа­лары бастаған қалың арқар үйі­рін көруші едік. Қанша қызық­қанмен көзге ыстық жануарлар қарусыз елге аспан­дағы ай, көктегі қол жетпес жұлдыздай көрінетін. Сол кездері ерінбей аңдып жүріп, ілуде бір ол­жа түсіретін мер­геннің ісін жұрт ерлік­тің, ептіліктің ісі деп бағалаушы еді. Қырқыншы жылдар әлемнің тас-талқанын шығарған алапат соғысты елге, тұл табиғатқа, жан-жануарға тажал болған қанды ауыз қаруын ала келді. Әскери мекемелерге берілген кешегі жауға атылған снайперлік бесатар­лардың ұңғысы енді ешкімге зияны жоқ хайуанаттар үйіріне бұрылды. Табиғат басына төнген осы зорлық жүре келе мүл­дем күшейді. Ажал оғын қардай бо­рататын автоматтарын сайлап, жер-көк­тің арасын жай түскендей күркіретіп тө­беңнен шүйілген тікұшақтар іске қосылды. Оның қандай сұмдық екенін кө­зі­мен көрген тау бағбаны Әбуәлі Көл­таев бұдан 20 жыл бұрынғы бір жай­ды жаны тебірене отырып былай әңгімелеген еді: – Қазанның қалың ортасы еді. Күн ашық. Кіші бесін мезгілі. Ертелеп, өріс­тегі жылқыны шолып қайтқалы Қыс­моса биігіне көтерілгенім сол еді, шы­ғыс­тан ызыңдап мотор дауысы жетіп, ізін­ше жон үстінде қалықтап келе жат­қан тікұшақтың қарасы көрінді. Атым­ды бұтаға байлап, дүрбіні қолға алдым. Бір кезде тікұшақтан қарулы төрт адам жерге түсті. Ал оның өзі шатқалды өр­лете сүзіп келе жатты. Осы тұста көк­темнен бері келісті қоңыр құлжасы бас­таған арқардың шағын үйірі байыр­қа­лап жүруші еді. Әй, сорлайтын болды-ау дегенімше төбеден төніп келе жатқан тажалдан естері шыға үркіп, өрге тарт­қан үйірді қақпалап, қырдағы мерген жендеттеріне айдап апарды. Әп-сәтте құлжа бастаған ірілердің төртеуі жайрап қалды. Қалған көктемгі қосылған үш төлі жартасты қияға жанталаса, ша­шырай қашып бет алған жағына кетті... Осындай жауыздық жайлаған жерде бір кездері сарқылмастай, таусылмас­тай көрінетін киелі жануарлардың тұ­қымын сақтап қалудың өзі ойланарлық жай еді. Табиғаттың төл баласы киелі жануарды қолға үйретсе қалай болар еді деп жүрген жолсапардың бірінде кіші Шаянның орман қорығының қыз­меткері соғыс ардагері Қырқымбай аға­мыздың үйіне барғанбыз. Сол жерде енесінен ажырап қалған жас құралайға кез болдық. – Арқардың қодықасы қой қозысы­нан әсте айырмасы жоқ. Тек ерекшелігі алғаш көз көріп, бауыр басқан адамына бауыр басады. Содан кейін мүлдем со­ңыңнан қалмайды екен. Мұның қазіргі қо­регі жаңа төлдеген қойдың уыз-сүті мен тәтті. Осыны ескеріңдер, – деді Қырекең. Солай, Шаянның шаңдақ көшесін алты жыл шаңдатып еркін-ерке өмір сүр­ген Бөрте құлжа мен оған бір жыл­дан кейін қосылған Зөре атты туша кей кездергі тентектікке басатын ерке мінезімен көрген жұртты таң-тамашаға батырар еді. Сол жылдары Шаянның қалың жұр­ты орталық көшеде емін-еркін сайрандап, қайсыбір мекеме, азық-түлік дү­кен­деріне кіріп, сатушы қыздар қолы­нан қант кәмпиттерді рахаттана жеп, зәуіде сол қыздардың бірінен жеку сөз ести қалғанда екі көзінен от шашып, сес көрсетіп, жұмыс орнынан далаға қуып шығып, дүкен ішін еркін шарлап болғасын ешнәрсе болмағандай маңғаз аяңдап бара жатқан тайыншадай сері құлжаны жиі көруші еді. Жұрт жабайы деп қарайтын сол Бөр­те құлжаның бір кереметі, оқушы ба­­ла­лармен арадан қыл өтпейтін дос еді. Ол мектептің сыртындағы спорт ала­­ңына барып, волейбол ойынын сырт­­тан бақылап, кейде допты жерге тү­сірмей дағара мүйізімен қағып ала қашып, өзен жағасына апарып тастаушы еді. Бөрте мен Зөренің араға жыл салып төлдеген егіз құралайы буыны бекіп қатарға енді қосылған алғашқы ақша қарда жануарлар алыстағы тауын аңсайтын шығар, үйдің биік шатырына шығып шығыстағы тау тарабына ұзақ-ұзақ қарайтын еді. Сондай кезекті серуеннің бірінде табан асты арс ете түскен бөтен иттің дауы­сынан үріккен Зөре мұздақ шатыр­дан тайғанап жазатайым мерт болды. Жұбынан айырылған Бөрте оны күндіз-түні мекірене іздеп, екі апта нәр татпай, аштан бүгіліп көз жұмды. Мұның ар­тын­ша жатырлас серігі ерте шетінеп, жал­ғыз қалған кіші Бөрте ауланың ай­бар­лы күзетшісі Жолбарыс атты итті паналап, соның бауырында жетілді. Ол мінез-құлқымен айна-қатесіз үлкен Бөртенің өзі еді. Бірақ, жалғыздық мұңы енді Кіші Бөртенің арылмас жан қайғысына ай­нал­ды. Кейде ол өзімен-өзі бау ішінде ұзақ сандалып жүрсе, енді бірде ма­шық­танып үйренген сатылы жолымен үйдің ұшар төбесіне шығып, тау са­малымен тыныстап тұрушы еді. Осыны көргесін біз көп ойланып, бұны тұқымдастарынан айы­рып, оба­лына қалмайық деп ерте көктемде Талды­бұлақ тауы бауы­райындағы Қырқымбай кар­донына жеткіздік. – Бұларың жөн. Жүрсін осын­да. Мұның жейтін нәрлі азығы, жалайтын тас қынасы, ішер тұнық суаты бәрі-бәрі осында бар. Қайда барса да еркін өзіне берейік, – деп ақыл айтты Қырекең. Араға бірер ай салып қайтып барсақ, Бөрте жайлы мекенде танығысыз өзгер­ген. Тұлғасы биіктеп, жұнттай түлеп жетілген. Дағарадай мүйіздері күнге ша­ғыла жарқырап текше тастар биігінде самалдайды екен. Бұлақтан өтіп жа­қын барғанымызда, ақыл­ды жануар орнынан маңғаз көте­ріліп, алшаң басып қасымызға келді. Өзін бағып өсірген Нұр­жанның қолын иіскеп, қалтадан шы­ғарған бір түйір тәттіні қа­тырлата азуға салып, Шаянда өткен күндерін еске алғандай жұмсақ сүзгілеп наз көрсетіп тұрды. Арада жаз өтіп, арқарлар үйір құрай­тын сары күздің самалды шағында осында Бөртенің бар екенін сезгендей ша­ғын арқар үйірі кеш әлетінде ыл­дыйға көз тігіп, ұзақ тұрыпты. Олар әр күні таң сазында, кеш алдында әлгі биіктен ауылға көз жіберіп қарауыл қарауынан танбапты. Бір күні дейді – бүгінгі тау бағбаны Қырекеңнің үлкен ұлы Шымырбек – әлгі үйір Бөрте тұрған текшенің сыр­тына тым жақын келді. Сол кезде самалдап жатқан бөрте керіліп орнынан тұрды да кенет зор тұлғасын жиып ап, қол ұсыным текше тастың биігіне бір-ақ қарғыды. Сөйтіп, құлжаны жас үйір бауырға тарта адам қауымынан алшақ әкете беріпті. Талдының зау биігіне шық­қан тағы арқарлар ортасында түнеп қалған Бөрте ертеңіне, одан кейін де бірер күн әлгі үйірді бастап ертелі-кеш Талды­ның биігінен бой көрсетіп, тіпті бір жолы текше сыртынан төмендегі қыстауға тым жақындап келіпті. Бірақ жабайы үйір ауыл қарасынан сескеніп кері серпілгенде ел жаққа қарап, ұзақ аң­тарылған жас құлжа жаңа табысқан үйі­рінің соңынан кете барыпты. Сол қыр­күйектің соңғы күні соңғы рет тау биігінен асқаннан кейін Бөрте қайтып оралмапты. Мінеки, адамдар қауымын қас жауы емес, ізгіліктің ұясы деп таныған тау та­ғы­сының біздерге қалдырған ой­ла­нар­­лық, толғанарлық бір тәлімі осылай. Ол өзіміз тек атуға, азық етуге жаралған тау тағысы дейтін бірбеткей эгоистік көз­­қараспен ата жауымыздай қырып-жою­мен өзімізден тым алшақтатып ал­ған, көргенде оққа көзің қимайтын, бү­гінде көз алдымыздан біртіндеп құрып бара жатқан арқар атты киелі жануар­дың өзімен жарық дүниеге бірге келген адамзатына берген естен кетпес тәлімі. *  *  * Бұдан небәрі бір ғасырдай бұрын Сыр мен Балқаштың, Шу мен Іле, Арыстың ит тұмсығы батпайтын тоғай­ларында күндей күркіреген әйгілі Тұран жолбарыстары қайда кетті? Сол кербез шерімен қат-қабат аралас өсіп-өнген, көр­геннің көз-көңілінен кетпейтін маң­ғаз марал, бұғылар қалайша көзден ұшты? Қалай десек те оның бір ғана жауа­бы өзгеде емес, өзімізде. Жақсылықты да, ізгілікті де жасайтын, сонымен бірге, жауыздықтың да не түрлерін ойлайтын адам екенін мойындаған жөн. *  *  * Негізгі әңгімеде Өмекең тебірене жазғандай, сонау Грекия мен өзіміздің Қаратаудың адамды көрген жерде жан­ұшыра зыта жөнелетін кекілігі бір кекілік, «жау» шымшығымыз бен жанына жан жуытпайтын үйрек-қаз бен аққу­лардың Алла жаратқан барлық жердегі тегі бір. Арқарымыз бен ақбөкен, бір заманда құла далада жортқан қисапсыз құландарымыздың да өткен жол адам қауымынан алған үлес-сабағы осындай. Ел болып есімізді жиып: жетер енді, құдайдың бергеніне, шүкір, қалғанына береке, қолдағы барға егелік етейік дейтін болсақ, әлі де кештік етпес. Халқы­мыздың дархан көңіліне сәйкес біткен ұлы даламыз бен биік тауларымызда берекелі бейнесімен ата-бабаларымыздан қалған баға жетпес аманатқа адал болғанымыз жөн, ағайын! Еркінбек ТҰРЫСОВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты. Оңтүстік Қазақстан облысы.