Кеше Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан ЕҚЫҰ Саммиті аясында Ватиканның Мемлекеттік хатшысы кардинал Тарчизио Бертонемен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісімді қолдау жөніндегі маңызды құралдардың бірі – дінаралық үнқатысуды дамыту жөніндегі Қазақстан мен Ватиканның өзара іс-қимылы талқыланды.
Төраға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізуде жәрдемдескені үшін Киелі тақтың Мемлекеттік хатшысына алғыс айтты және 2012 жылы Астанада өткізілуі жоспарланып отырған дін лидерлерінің 4 конгресіне қазіргі кезде жұмыс тобы аясында әзірлік жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.
«Біздің еліміз дінаралық үнқатысу мен келісім тақырыбына ерекше маңыз береді», – деді Қ.Тоқаев және ол «толеранттылық саясаты мен дінге сыйластық біздің ортақ стратегиямыздың тұрақты сипаты болып отыр», – деп атап өтті.
2011 жылы Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына жетекшілік етеді. «Қазақстан бұл лауазымда исламның өркениетті идеяларын ілгерілетуге ниеттенуде және түрлі діндер арасында көпірлер салуды жалғастыра беретін болады», – деді Төраға.
Т.Бертоне дінаралық үнқатысуды дамытудағы Қазақстан бастамаларын жоғары бағалады және «Бейбітшілік пен келісім жолы арқылы біз тығыз ынтымақтастық пен бауырластық қатынастарға жете аламыз», – деп атап өтті.
Сол күні Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Украина Сыртқы істер министрі Константин Грищенконы қабылдады. Кездесу барысында екіжақты қатынастарды, оның ішінде өзара парламентаралық деңгейдегі іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.